ТАЙҚАР ТАС ПЕН ТАСЫРҚАЙ АРАСЫНДА
ТАЙҚАР ТАС ПЕН ТАСЫРҚАЙ АРАСЫНДА
Монғолия ғылыми-зерттеу экспедициясының толықтырылған құрамына Астанадағы Еуразия ұлттық университетiнiң түркiтану орталығының меңгерушiсi, филология ғылымдарының докторы Қаржаубай Сартқожаұлы мен аға ғылыми қызметкер Жантегiн Қаржаубайұлы, Тарих институтының аға ғылыми қызметкерi, тарих ғылымдарының кандидаты Жұмаш Жетiбаев, “Алаш” тарихи-зерттеу орталығының президентi, профессор Хайролла Қабжалелов және ғылыми қызметкерлерi Меңдiгүл мен Нұржан, режиссер Әсемғазы, оператор Еркебұлан, “Отырар кiтапханасы” ғылыми орталығының директоры, профессор Т.Жұртбай кiрдi. Алдыңғы жылы осы бағыттағы ғылыми-iздестiру экспедицияның күнделiгi жарияланғанда “Түркiстан” газетiнiң оқырмандары жақсы қабылдап, көптеген ой саларлық хаттар жазып, пiкiр бiлдiрiп едi. Сондықтан да, сол iздестiру жұмысының жалғасы болып табылатын 2008 жылғы экспедиция күнделiгiн тағы да сол ойлы оқырманның назарына ұсынуды парыз деп санадым.
Алматыдан ұшып Өскеменге бiр қонып, Баянөлгейге келдiк. Бұл жолы сапардың жөнi былтырғыдан басқа болды. Бiрден ғылыми-iздестiру жұмысының нәтижесiнен хабар алып, суретiмен таныстық. Баянөлгейдiң аэропортынан түсе қалғанда Жантегiн мен Жұмаш қарсы алды. Жаңалық соларда екен. Экспедицияның мүшесi болып табылатын бiзден 15 күн бұрын келген олар — ҚР ҰҒА Ә.Марғұлан атындағы археология институтының аға ғылыми қызметкерi Жұмаш Жетiбаев пен Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетiнiң түркiтану орталығының аға ғылыми қызметкерi Жантегiн Қаржаубайұлы — Бес Боғда тауының баурайындағы Шивэтi Хаиырхан тауының күнгей беткейiнен жартас бетiне қашалып салынған 1000-нан астам сурет пен үш қатар көне түрiк жазуын тауып, олардың сызба көшiрмесiн алыпты және фотоға түсiрiптi. Айтуларынша: таңбалар түскен таудың биiктiгi 3500 метрден жоғары. Ауа-райы өте қатал, үнемi ызғар соғып тұрады. Қар бар. Су 60о шамасында қайнайды. Тамақ пiспейдi. Жегендерi шикi күрiш пен макарон болыпты. Өңдерi тотығып, ерiндерi қабарып кетiптi. Жантегiн жас емес пе, екi-үш күннiң iшiнде түлеп қалыпты. Ал Жұмаштың қабарған, үсiнген, iсiнген бетi мен саусақтары.
Шиветi жотасында тұратын халық негiзiнен — тывалықтар (бiзше тобалар) екен. Олар осыдан жүз елу жыл бұрын иен жерге қоныстанып, тұрақтап қалыпты. Екi тiл туыс болғандықтан да тобалар қазақ тiлiне судай. Қарлы жотадағы жасаңға тасқаяқты құрып қойып, бiздiң жiгiттер суықтан сақылдап тұрғанда, олар тарсылдатып сақалатып жатады екен. Шетелден саяхатшылар көп келедi екен. Соларды атпен қыдыртып, тау аралатып, нәпақасын қайыратын көрiнедi.
Қуаныштысы: Жұмаш пен Жантегiннiң ашқан ғылыми жаңалықтары болды. Бiрден олардың түсiрген бейнетастпасын, суреттерiн, сызбаларын көрдiк. Табиғаты суық, жаздың екi айында ғана аттар тайғанақтамай шыға алатын аңғарлы жотаға ғалымдар ат iзiн салып үлгермептi. Сондықтан да мұндай биiктiктегi петроглифтер бұрын зерттелмеген. Петроглифтер негiзiнен қола, сақ және көне түрiктер дәуiрiнен. Мыңнан асқан тастағы суреттер мен таңбалар түркология әлемiндегi жаңалық болып табылады.
Ондағы жалпақ көк тастағы суретте қола дәуiрiндегi адамдардың саятшылығы, аңшылығы, тағылар әлемi таңбаланыпты.
Жауынгерлердiң ереуiл аттың жал-құйрығын түйiп, жаратып мiнiп, жортуылға кетiп бара жатқан бейнесi де қанық ойылып, анық көрiнедi.
Соның iшiнде ерекше көз тартатыны әрi көшпелiлердiң, оның iшiнде түркi жұртының күйменi өзге отырықшы елден бұрын игергенiн танытатын күйменiң кескiнi. Күйменiң шатыры, дөңгелегi, белтемiрi, әшекей-үшекейi сондай қанық шымқай түске боялған. Дайын тұрған этнографиялық жоба. Қиналмай қалпына келтiруге болады. Бұрын арбаның петроглифтерi кездескен, бiрақ мынадай анық түсiрiлген күйменiң бейнесi сирек.
Таңбалы суреттердiң iшiндегi ерекшесi де, айдындысы да аттың өз көлемiмен бiрдей етiп ойылған салт атты адамның суретi. Кейiнгi заманның бiр қуақысы басына “Қобылан” деп жазыпты. Зады сарлық қайырып жүрiп сызған, қазақ мектебiнде оқыған тывалық көктүйнектердiң бiрi болар. Шындығында да Қобыланды десе — дегендей алып сурет. Оның қасында бойымен түскен Жұмаш пен Жантегiннiң келбетi пәкене көрiнедi.
Ал үш қатар етiп жазылған, екi түрлi мәнерде тасқа түскен бәдiзделген жазудың әлi (сыры) ашылған жоқ. Қазiр ол жазудың сыры зерттелiп, мына суреттердiң тарихи сипаттамасы анықталып жатыр. Жаңалық та, жария ету де Қаржаудың құзырында.
Баянөлгейдiң орталығындағы түркi жазуы бар тасты кезiнде Қаржаубай Халық құрылтайының депутаты болып тұрғанда солтүстiктегi Ховскөл аймағы жағынан алып келiптi. Оратсына сызат түскен. Жазуы әлi оқылмапты. Бiз Қаржаубайға қарадық. Ол кейiн дегендей ишара жасады.
15.07.08 Ұланбатыр
Ұланбатырда бiр күн еру боп, пұтхананы, Толы өзенiнiң бойындағы монғолдың ақ ордасын, ондағы Таян ханның, керей мен қоңырат ордасын араладық. Демократтар өртеген партияның қызыл үйiнiң өртеңiн көрдiк. Ертең Құла-шордың ескерткiш жазуына бет алмақпыз.
16.07.08. Ұланбатыр — Огии көлi.
Ұланбатырдың жолы әлi жөнделмептi. Лұннан Арвайхер жолы арқылы Эрдене Сант ауылына келдiк. Одан Құла-шор ескерткiшiне бет бұрдық. Жетпiс шақырымның мөлшерiнде оңтүстiк батысқа қарай жүрiп отырып Ихе-көшетiне (Үлкен ұстын) бардық. Айналасы 60 шақырымдай таулы, шоқылы, түйетасты, қойтасты (Арқат тауы сияқты) жал-жал ғажайып сеңгiрлер. Көкжиектi көгiлдiр таулар көмкерген көкорай өлке Ақ жарғылынты ойпаты деп аталады. Солтүстiгiнде — Батхан (Бату хан) Арунге, Шығыс оңтүстiкте — Он үй (киiз үйге ұқсаған он дөңгелек шоқыға байланысты аталған) шоқысы мен Дурун тауы мұнартады, қыбыладағы Қаған — Хан тауын тура кесiп өтсеңiз ар жағы Орхон өңiрi, яғни, Қарақорым. Бұл ойпат сол ордаға тиесiлi өрiс сияқты. Бату ханның есiмiне ие болуы да сондықтан. Ақ Жарғылынтының айырында аңның неше түрi жыртылып-айырылады екен. Өйткенi бұл табиғат қорығы боп есептеледi. Ортасын қақ жарып Жарғылынты өзенiнiң жылғасы кесiп өтедi. Жусан иiсi бұрқырап, мұрныңды жарады. Бетегелi, шымқай құмды жазық. Құла шордың ескерткiшi тұрған жан-жағы таумен қоршалған жатаған кезең — Ташубел (көлденең жазық, еңiс бел) деп аталады. Бiзше айқанда, Қызбел.
Көкжиектегi таулардың басы тiгiлген үй, орнатылған мұнара, иiрiлген ұршық сияқты.
Кеудеңдi керген таза ауа, алыста мұнартқан көгiлдiр таулардың тұскиiзi сияқты көк жазықтың өзегiн тiлген жолмен Батқан (Бату хан) тауын оңға алып, Долон қыратына бет бұрдық. Қырат етегiнде мен бұрын көрмеген Хұн дәуiрiндегi обалар, қорымдар шоғыр-шоғыр боп кездестi. Таң қалғаным, олар оңтүстiгiнде төрт бұрыштан көлемдене, қабаттана бередi.
Қорымдар туралы аңыздары мен әфсаналар оқиғасы “Дулыға” атты екi кiтапта баяндалған едi.
Құла-шордың ескерткiшi тура көк жазықтың тең ортасындағы белесте Ташу бел — асу белесте орналасқан. Айнала түгел алақандағыдай көрiнедi. Долон қыратының бұлақ басының барлығы отар-отар қой. Құла-шордың да басында ешкiлер ойнақтап, қойлар үйездеп жатыр екен. Тастағы жазулардың бетi құстардың саңғырығымен айғыздалған. Қоршаған оюлы керегетастары мүжiлiп, қираған. Жерге көмiлген тұсын есептемегенде биiктiгi екi жарым метрдей болады. Жазулары танып-танымастай күйде. Айналасындағы балбалдар, қойтастар, барқының орны күтiмсiздiң күйiн кешiп тұр.
Ғылыми экспедицияның мүшелерi Меңдiгүл, Әсемғазы мен Нұржан, Еркебұлан суретке түсiрiп, мүсiндердiң көлемiн өлшеп, сызбаларын жасап қарбаласты. Қаржаубай, Хайрулла үшеумiз ескерткiш пен жазуды айналдырдық. Тарихты еске алдық.
Екiншi түркi қағанатының соңғы қолбасшысы, соңғы жауынгерi, соңғы шайқаста жетi рет шабуылға кiрген, ең соңында жетiншi аты оққа ұшқанда жаяу соғысқан, сөйтiп, Бiлге қағанның қатыны, Тоныкөктiң қызы Бүбiбегiмдi қорғаған Құла-шордың қолынан қаза тапқан дұшпандарының санына қарай қойылған балбал тастар таудың шығыс оңтүстiгiндегi көктұмсыққа барып бiр-ақ тiреледi. Демек тегiннен тегiн шор атанбаған. Бұл оқиғаны бiз “Дулыға” атты әфсанамызда жазған болатынбыз. Ендi сол Құла-шордың барығын көзбен көрдiк. Сол соңғы айқасқа түскенде Құла-шордың жасы жетпiстiң iшiнде болатын. Өйткенi ол Ел-Етмiш қағанның тұсында атқа қонып, Қапағанмен, Тоныкөкпен, Бiлге қағанмен, Күлтегiнмен, Иоллығтегiнмен үзеңгi қағыстырып, ең соңында өзi орнатысқан қағанаттың соңғы жауынгерi боп қаза тапты. Қаржаубайдың таңбаларды ажырата отырып жасаған тарихи дәлелiне жүгiнсек, бұл наймандардың қағаны екен.Ал наймандардың екiншi түрiк қағанатын құрған басты тайпаның бiрi екендiгiне кейiннен Ханүй бойындағы Ел-Етмiш қағанның ескерткiш тасынан анық көзiмiз жеттi. Шiркiн, Құла-шордың құлпытасын қоршауға алдыратын бiр ұрпағы табылар ма екен? — деп айтқан кезiмiзде, Қаржаубайдың: “Шiркiн-ай! Шiркiн-ай!” — деген жан даусын естiдiк. Мүмкiн…шығып қалар. Әй, қайдам. Осы тозып тұрған құлпытастың осы тозған күйiнше тозаласы шығып бiтпесiне кiм кепiл. Бәрiмiз де соңғы ойдың жетегiмен көлiкке беттедiк.
Жолшы (монғолша — жүргiзушi) Ақ тасты тауды, құйқалы жонды, қойтасты өзектi, селеулi белдi аралатып, асу арқылы үйiне алып келдi. Самса, қаймақ, шәй iштiк. Әке-шешесiмен, балаларымен сөйлестiк. Бәйге ат ұстайды екен. “Қырық жасымда мiнген атымды әлi ұмытпаймын”, — дедi жолшы Ганбатырдың әкесi. Өзi бөржiгеннiң iшiнде Хан тайпасынан екен. Бұрынғы егiншiлер көрiнедi. Бұл аймақты қияттың бөржiген тайпасы қоныстайтын көрiнедi. Соңғы жылдары моңғолдар өзiнiң тегiн руымен атауды заңдастырыпты. Бұл тұқымды таза сақтаудың шарасы әрi халықты оятудың амалы. Сол орайда кейбiр сырт тайпалар, мысалы, найман, қоңырат, керей, уақтың бұтақтары осы бөржiгеннiң құрамына сiңiп кетудi қалайтын сияқты. Ақ қарға сияқты көрiнгiсi келмейдi. Тәубә, бiздiң “қаратiлдiлер” ана тiлiн бiлмесе бiлмесiн, руын жатқа соғады және соларың қара қазақтан көрi, руға жүйрiк әрi қатаң ұстанады. Өйткенi олар үшiн бұл — бар-жоғы ұтымды бизнес қана.
Жолда Қарақорымды — Шыңғысханның әйгiлi астанасын жанай өттiк. Ертең күндiз келiп, асықпай араламақпыз.Қазiр оның орынында будданың атақты пұтханасы ғана қалған. Оның тарихы өткен жылғы күнделiкте толық баяндалған. Тек пұтхананың сыртында қазақтың күйеу баласы, соңғы керей ханы Уаң ханның қызын алған Шыңғыс ордасының бас ханы Угедейдiң хан тағының қасында орнатқан сынтасының тұғыры — алып тасбақаны суретке түсiрдiк. Аулақта, жалғыз, бiр кезде әлемдi тiтiркендiрген Шыңғыс хан ордасының бақыты мен қасiретiнiң куәсiндей боп Қарақорымның орынын үнсiз күзетiп тұр.
Содан Қарақорым — Қошо-цайдам арқылы Огии көлiне қоналқаға жеттiк. Түнде бiр кездерi Күлтегiн мен Бiлге қағанның ордасы қонған Огии көлiнiң жағасындағы самсаған ақ ордалардың бiрiне белiмiздi суыттық. Киiз үй. Түнемел. Жақсы демалдық. Бұл арада Орхон өзенi екi айрық боп бөлiнiп, бiрi көлге құяды, бiр арнасы солтүстiкке бет алып, Селеңгiмен түйiсiп, Байкалға барып құяды.
(жалғасы келесi нөмiрде)