АСТАНАДА САЛЫНЫП ЖАТҚАН ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ НЫСАНДАРЫНЫҢ ӨЗIНДЕ ҚҰРЫЛЫС ТАЛАПТАРЫ ОРЫНДАЛМАЙ ОТЫР
АСТАНАДА САЛЫНЫП ЖАТҚАН ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ НЫСАНДАРЫНЫҢ ӨЗIНДЕ ҚҰРЫЛЫС ТАЛАПТАРЫ ОРЫНДАЛМАЙ ОТЫР
Бұған мемлекет қаржысы мен үлескерлер салымдарын өз қалауларынша жұмсаған “шетелдiк инвестор” құрылыс компанияларының бақылаусыздығы, былықтары мен ойына келгендерiн iстеуi де — басты кiнәраттардың бiрi
Өзiмiздiң отандық және шетелдiк те БАҚ-тар беттерiнде тексерушi, қаржы және күш қолдану органдары тарапынан билiктегi беделдi (тек орынбасарлары ғана емес, тiптi министрге дейiнгi) жоғары деңгейдегi шенеунiктердiң қамауға алынғаны туралы шулы да, айқын әрi ашық ақпараттар легi қоғамымыздағы, бұған дейiн олардан кем түспеген құрылыс салаларындағы мәселелерге назарды өзге жаққа бұрып әкеткен сыңайлы. Әйтсе де, әсiресе Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жеке бастамасымен қолға алынып, жүйелi жүзеге асырыла бастаған “100 мектеп, 100 аурухана” Мемлекеттiк бағдарламасы күн тәртiбiндегi өткiрлiгiн жоғалтпақ емес. Ал оның жергiлiктi жерлердегi орындалуы еш қандай сын көтермейдi, тiптi елордамыз – Астанадағы жағдайдың өзi күрделi күйiнде қалып отыр…
Әңгiме солардың бiрi жайында өрбiмек.
Аталмыш Мемлекеттiк бағдарлама аясында салынып жатқан “сақалды” да даулы құрылыс нысандарының бiрi құрылыс жұмыстарын “Окан Констракшн” (“ОК”) ЖШС жүргiзiп жатқан 240 орындық Республикалық Жедел медициналық жәрдем көрсету ғылыми-зерттеу институты (ҒЗИ) болып табылады. “Окан” аты шындығында жиi құлаққа шалынады, әсiресе Астанаға жиi жолы түсетiндердiң оны бiлмеуi мүмкiн емес. Осындағы iргелi құрылыс ғимараттарының бiрi, айтарлықтай дәрежеде астаналық брендке айналып үлгерген (Алматыдағы “Қазақстан” қонақ үйi iспеттес), “Inter Continental” қонақ үй кешенi мен соған жапсарлас тұрғызылған бiрнеше тұрғын үйлер де осылардың қолынан шыққан “туынды”. Сондықтан да, бәлкiм, “Окан” атымен басым көпшiлiк мығым негiздiлiк, кең ауқымдылық пен шексiз мүмкiндiктердi астастырады. Түптеп келгенде, ардақты ағайын, мұндай бағалауға асықпай-ақ қойыңыз, төменде әңгiмеленер жайттардан хабардар болғасын ондай ойдан өзiңiз де безiп кетерiңiз кәдiк.
Мақтаулы түрiк компаниясы жайында тiптi өз елдерiнде (осы саладағы әрiптестер арасында құрылыстан азды-көптi хабары барлар да) ештеңе естiмеген болып шықты. Бiздiң әлдебiр құрылыс маманы – инженерiмiз Түркияға жолы түскен iс-сапары барысында өз таныстары – түрiк әрiптес-құрылысшы бiлгiштерден осылар туралы сұрастыра бастайды, сөйтсе олардың да ешқайсысы ондай компания жайлы ештеңе есiне түсiре алмапты. Бұларды, ақыр аяғында, мүлде бөлек салада жұмыс iстеп жүрген бiр таныстары құтқарады, ол осындай әлдебiр аты онша азулы дейтiн де емес, фирма бар екенiн айтады, бiрақ олар (өмiрде қаперiңiзге кiрмес едi!) қарапайым бәлiш сататын фирма екен.
“Әркiм өз iсiмен айналысып, наубайшы нанын пiсiрiп, етiкшi етiгiн тiгiп, жөнiне жүрсе ғой” деп те бекер айтылмаған-ау. Ал, бiз әңгiмелеп отырған түрiк ағайындар, айналғанда өздерi де сезбестен, қаншалықты даулы iске алып келер жұмысқа кiрiп кеткендерiн да аңдамай қалған сыңайлы. Мұны олардың атына Астанадағы құрылыс жұмыстарын бақылаушы ұйымдардың, олардың iшiнде Денсаулық сақтау саласында салынып жатқан құрылыс объектiлерi дирекциясы, сол кезде оны басқарған Демочкин және Жақиянов мырзалар кезiнде, көптеген сын-ескертпелер жасалғаны да айғақтай түссе керек. Бұл басшылар ашып көрсетуге тырысқан былықтарды шешуге талпыныс сол кездерi тiптi бiрнеше даулы сот iстерiне әкелiп соққаны да рас, кейбiр iстерде бұларды құрылыс компанияларына тым шүйлiге бердi деген кiналаулар да айтылып, жеме-жемге келгенде тексерушiлердiң өзiн айыптап, сот залында айыпталушы болып шыға келген де жайттар – бiздегi өрескел, керiсiнше шындық айғағы бола алады.
Дегенмен де…
Жедел медициналық жәрдем ҒЗИ-дың құрылысы сонау 2005 жылдан басталған көрiнедi. Құрылыстың аяқталуы келiсiм-шартпен сол кезде 2008 жылдың 1 қыркүйегi болып бекiтiледi. Сонан берi бiздiң мамыражай күнсәулелi демесек те, бiрақ жайлы, қысы қатаң болса да, адамдары ақжарқын басты қаламызда неше мәрте ежелгi Есiлден тынымсыз су ағып өтiп, қанша қыстың қары ерiп те үлгердi-ау. Алайда, нақ осы құрылыс нысаны бой көтерiп, сырт пiшiнi қомақты көрiнгенiмен, бәз баяғы күйiнде қатарға қосылып, қабылданбай-ақ келедi әлi күнге дейiн. Не себептi? Себеп жетiп артылады, ал салдары одан да көбiрек-ау, әсте. Тiптi күнсәулелi көркем Түркиядан келген пұшайман түрiк ағайындар бақылаушы органдардың маман-қызметкерлерiн көрсе, өздерiнiң кабинет, бөлмелерiне тығылып, бас сауғалап қашуға барған күйге түскен. Осылайша олар жаңағы тексерушiлердiң олардың жұмысындағы кемшiлiктерiн көрсеткен ескертпелер мен актiлер кiтапшаларына қол қоюдан қашады екен, солтүстiк астанамыздың қытымыр аязы мен дүлей дауыл-боранынан тығылып, бой тасалағандай мұндай күй — шынында кiсi күлкiсiн келтiрер қылық.
Астанаға әуежай жағынан кiреберiс жол бойынан сонадайдан әлдебiр “кептер күркелер” тәрiздi әйнек төбесiн көмкерген ғимарат көзге шалынады. Жедел жәрдем ҒЗИ дегенiңiз – осы, құрылысшы-түрiк “бiлгiштердiң” поштабай-кептерлер үшiн солардың жедел жәрдем шақыруға арнайы қонақтар орны дерсiң мұны құдды. Әлде бұл жазғандарың дамудың со-о-нау ортағасырлық деңгейiнде, көгершiндер адам баласына жағымды жаңалық жеткiзуге пайдаланылған дәуiр деңгейiнде қалып қойғаны ма?
Қалай дегенде де, жоғарыда бастаған сипаттамамызға қайта оралсақ, табиғи дүлей-дауылдардан бас сауғалауға болар да. Ал, өз қолыңнан шыққан қисынсыздықтардан оп-оңай құтылам деу, күпiрлiк. Оның үстiне, адырам қалғыр, мұндай құрылыс “қисынсыздықтары” барлық бет-бейнесiмен осы ЖМЖ ҒЗИ-ның кiреберiсiнен-ақ көзге ұрып тұрса, қайтерсiң. Бұл нысан құрылыс жұмыстары барысында айтарлықтай түбегейлi өзгерiстерге де ұшыраған, сөйтiп, түзетiлген жоба мемлекеттiк сараптамадан (құрылыс жұмыстары қызу жүрiп жатқан екi жылдан кейiн?!) 2007 жылдың желтоқсанында өтiп, ҚР Құрылыс комитетiнде бекiтiледi.
Аталмыш нысанда ұлғайтылған бағасы бекiтiлгенге дейiн құрылыс-монтаж жұмыстары iс жүзiнде тоқтатылады да, олар 2008 жылдың мамырында ғана қайта қалпына келтiрiледi. Қазақстан жағының осыншама жайлы жағдай жасауының өзi түрiк компаниясы тарапынан түсiнiстiк таппауы тiптi ақылға симайды.
Осының бәрi Тапсырыс берушi (ҚР Денсаулық сақтау министрлiгi) мен Бас мердiгер — “Окан Констракшн” арасында 2008 жылдың 2 маусымында қосымша келiсiм бекiтуге мәжбүрлейдi. Сол кезде осы нысанды “кiлтiн тапсыру” салтанатымен, бiрақ ендi өткен жылдың 1 қыркүйегiне өткiзу мерзiмi аталады. Өкiнiшке орай, соңғы жылдары әдетке айналып кеткенiндей, “ОК” компаниясы мырзаларының iстерi “о-кей” болып шыға алмай қалады тағы!
Бұлар жұмыстарын жалғастырып жатқанымен, оның бәрi қазақстандық, халықаралық стандарттар талабына қайшы күйде, құрылыс-монтаж жұмыстарының өрескел бұзылуы деңгейiнде жүрiп жатады. Бiр ғана, ғимараттың басты есiк алдындағы кiреберiс құрылыс пiшiнiнiң үлгiсiн түзетуге ескертпелер, онсыз да қайта-қайта шегерiлiп келген қабылдаудың кезектi “соңғы” күнiне – осы нысанның пайдалануға берiлуi тиiс – 2009 жылдың 15 наурызына дейiн жөнделiп үлгермейдi. Осы күндi есiңiзге мықтап сақтаңыз…
Күнтiзбенiң осы бiр күнi Қазақстанның жаңа дәуiр тарихына – “Окан Констракшн” шетелдiк құрылыс компаниясының iрi масқараға ұшыраған кезi болып енбек.
Бұл күнi онсыз да көп құрамды жұмысшы тобының қатарына Астананың қала құрылысы саласының және де басқа лауазымды өкiлдерi кiрдi, Денсаулық сақтау министрi бастаған бiрқатар ресми өкiлдер де осында едi. Түрiктер жағы да айтарлықтай биiк тұлғалармен ерекшелендi. Бiр ғана компания директоры Музаффер Юрук мырзаның өзi не тұрады десеңiзшi, қала қызметтерiнiң көптеген мамандары оның бұлар жiберген ескертпе-нұсқауларына шексiз бас алып қашқан қисынсыз жауаптары арқылы сырттай кәнiк болғанымен, ешқайсысы көзбе-көз жолығу “бақытына” осы жерде-ақ ие бопты.
Ал иерархиялық күретамырдың ең жоғарғы шенiндегi – “Окан” компаниялар тобының төрағасы Бекир Окан мырзаны осы жерден көрудi ешкiм армандамаған да болатын. Әйтсе де, бұл аса жоғары лауазымды тұлға мына шараға қатысуды жөн деп тауыпты. Ендi қайтсiн, мақтаулы (мейлi өз отаны – Түркияда болмаса да, бiздегi белгiлi бiр топтар арасында “танымал” боп қалған) “ОК” компаниясы аса беделдi қазақстандық комиссияға осыншама өмiрлiк маңызды нысанды, бәлкiм оның бұған дейiн еш жерде, ешқашан салып көрмеген ғимарат өткiзiп жатыр емес пе! Оның өзi айтуынша, “мұндай нысанға Еуропада балама жоқ” екен. Шынымен-ақ кәрi құрлық – Еуропа соншама бишара күйге жеткенi ме, егерде оның мұншалықты бар беделiн мынадай ортаңқол құрылыс мамандары саудаға салып жүрсе деген де ойға амалсыз ерiк бересiң.
Өйтпеске тағы лаж жоқ, мұны нақ осы “түркиялық масқараға” шыққыр көзiм куә, осы жолдар авторының менен де басқа талай беделдi мамандар қатысқан шарадан көңiлге түйгенiмiз солай болды.
Ғимараттың сырт пiшiнi басты кiреберiс есiгiнен, жоғарыда айтқандай, “кептер күрке” – әйнектен салынған жартылай күмбез пошымды коридордан бастап-ақ, осы ресми қабылдап алу шарасынан әлдеқашан бұрын, астаналық қалың қардың салмағынан кей тұстарында сызат түсiп, кей жерде ерiген қар мен жаңбыр суы тамшылап, көңiл құлазытар күйге бөлейдi. Ала-шапқын, ерсiлi-қарсылы ағылған адамдар арасында жұмысшылар бiр жерде керамикалық тас төсеп жатса, ендi бiр тұста линолеум жайып, тағы бiр жерде әрлеп-сырлау жұмыстарына жанталасып, әуре-сарсаңға түсуде, оларды тiптi құрылыс нысанын қабылдап алуға келген, осынша көлемдегi топтасқан ресми өкiлдер құрамы да еш қобалжытпайтын секiлдi.
Сонымен басталды!
Басталғанын қайтейiк, сәлден соң-ақ түрiк компаниясының, бұлар өздерi сырттарынан дүрдигендерiндей, соншалықты кiлтипансыз емес екендерiн аңғартар – әуел бастан бекiп үлгермеген дүдамал пiкiрiмiздi одан сайын қоюландыра бердi. Тiптi, терезелердегi әйнек-шыны iлкi баста тапсырыс берушi мен бас мердiгер арасында келiсiлген алғашқы шарттар талабына сәйкес болмай шықты.
Сондай-ақ, кейбiр кабинеттер мен палаталарда қондырылған медициналық құрал-жабдықтар да талаптарға сай емес және арнайы техникалар үшiн стандарттарға сәйкес келмейдi. Қарапайым желдеткiш қондырғылар да қалай болса солай орнатылған, сондықтан да олардың түсiнiгiнше, осылай қондырылуы керек те болар, бiрақ мұны көрген бiздiң мамандардың қайран қалып, таңдай қақпағаны қалмады…
Әдетте салқынқанды, қай жағынан алғанда да, мейлi өз әрiптестерiмен болсын, тiптi медицинаға еш қатысы жоқ адаммен де, тiл тауып, шүйiркелесе кететiн жайлы мiнездi Жақсылық Ақмырзаұлын подвалда орналасқан әжетхана суын кейiн қайтаратын септик мүлде айран-асыр еттi. Қуықтай қуыстағы мына жерден (назар аударыңыз: түрiктiң тағы бiр техникалық, құрылыс ноу-хауы) жоғары қарай шланг тартылған, онымен осында жиналған нәжiс, басқа да қойыртпақ су көшеге айдалмақ екен.
“Кез келген басқа бiреу, көлденең бiр ос сияқты нысанда кiшiгiрiм кемшiлiктерге көз жұмып қарайтын шығар, бiрақ мен олай iстей алмаймын. Менi бұлай iстейдi деп малданбаңыздар да. Менiң ешқандай моральдық та, тiптi медициналық маман ретiнде де – мынадай көпе-көрнеу өрескел кемшiлiкке мән бермеуге еш құқым жоқ. Қазiрдiң өзiнде мына жердiң бәрi лас, ал ертең бүкiл ғимаратты iске қосқанда, ауруларды қабылдай бастағанда не болмақ? Қымбатты Бекир-бей, сiз өз елiңiз Түркияда осындайға жол берер ме едiңiз, бермес едiңiз деп ойлаймын. Бiр ғана осы ескертпемiз үшiн ғана мұнан ары қарайғы танысуымызды доғарсақ та болар едi – түпкiлiктi өзгертетiндей, нақты шешiмдер қабылдаңыз, әйтпесе осы нысанды қабылдап алуға бағытталған келiсiмiмiздiң бәрi түкке тұрмайды!” – деп бiздiң министр ашығынан кеттi.
Жағдайдың мұнан әрi өрiстеуi түркиялық жоғары құзырлы тұлғаға еш абырой әпермейтiнi белгiлi болды, ол да жанында жүрген жұмысшыларына бұрылып, айтарлықтай екпiндi тiлмен түркiше жерден алып, жерге салып жатты. Сөйтiп, министрдiң бұлтартпас дәлелдi кемшiлiктермен көзге басқан қателiктерiн шұқып көрсеткен кездерiнде, онда да оның өзi тiкелей ортаға шақырған кезiнде ғана топқа жақындай бастады. Окан мырза өз жұмысшыларының, маман-инженерлерi мен техникалық қызметшiлерiнiң берекесiздiгiне шын ұятты едi. Ең сорақысы, ол бастапқы кездегiдей басын асқақ көтерiп, бiздiң басшылар мен басқа да қазақстандық мамандармен терезесi тең күйде қатар жүруге тырыспай, топтан шеттей бердi, тiптi жұмысшылары мен техникалық қызметкерлер артына тығылықтап жүргенi тым қораш көрiндi. Ұялатындай да жөнi бар едi үлкен адамның, айналаның бәрi алқа-салқа, қоқыстан аяқ алып жүргiсiз бұрыштар да бар едi.
Тағы да бiр “Turkish know-how” бұл — таза бөлмелер деп аталатындар. Ал “түрiк жаңашылдығы” ерекшелiгi канализациялық құбырлардың жоғары биiкпен өрлеп, сонау бөлмелер төбесiн жиектеп тартылуында едi! Мұндай “тапқырлыққа” қалай қарайсыз? Және бұл Окан мырзаның бекемдеуiнше, “Еуропада өзге үлгiсi жоқ, болашақтың теңдессiз медициналық орталығындағы” жай-күйдiң сиқы. Бұлай қор болған “болашаққа” жетпей-ақ желкем қиылса игi, төбемде өзгелердiң нәжiсi ойран салғанын одан да көрмей-ақ қыршын кеткенiм орынды емес пе? Түрiк ағайындар, бәлкiм, өз “еуропаларында” мұндайға үйренiп кеткен де болар, бiрақ оларды “табиғи нәжiстi” аурулардың төбесiнде ойнатуға ешкiм рұқсат ете қояды деудiң өзi қисынсыз.
Алайда, “баяғы жартас, сол жартас”. Түрiктер тiптi нақ осындай масқарадан кейiн де бiлгендерiн жалғастыруда, анығырақ айтқанда, ғимаратта көзге шұқып тұрып, көрсетiлген кемшiлiктердi жүрдiм-бардым жасап, сол күйi сапасыз орындаудан жаңылар емес.
Олар тарапынан ақылға қонар нақты жауап күтуден жалыққан бiздiң министрлiк ендi елiмiздiң тиiстi күш қолдану органдарына жүгiнуге мәжбүр болып отыр. Тек ҚР Экономикалық сыбайластыққа қарсы күрес жөнiндегi мемлекеттiк агенттiгiне (қаржы полициясы) жолданған министрдiң ресми хатында 11 нақты кемшiлiктер атап көрсетiледi. Соның iшiнде “Окан Констракшн” әлi күнге дейiн Денсаулық сақтау министрлiгiмен жедел жәрдем стансасының технологиялық құрал-жабдықтары тiзiмiн келiспеген, су және жанар-жағармай сақтауға арналған резервуарлар жобасы жасалмаған, iшкi инженерлiк жүйелердiң технологиялық құрал-жабдықтары кешендi сынақтан өткiзiлмеген, атқарушы құжаттар жоқ, т.б. ескертпелер құзырлы орган қарауына ұсынылған. “ОК” компаниясы медициналық жабдықтарды қондыруға арналған құрылыс дайындығын тиiстi талаптарға сәйкес әзiрлiктердi де осы уақытқа шейiн ұсына алмай келедi, бұл осы нысанның ең ақырғы, осы жылдың 18 мамырындағы өткiзiлу күнi тағы орындалмайтынын аңғартады.
Медициналық құрал-жабдықтарды қондыру мәселесi жайында айрықша атап айту қажет, өйткенi бұл жедел медициналық жәрдем көрсету ғылыми-зерттеу орталығы әуел бастан республикалық құзырда жобалануы тегiннен-тегiн емес. Мұнда шұғыл медициналық көмек тек Астана мен жақын төңiректер үшiн ғана емес, ауруларды елiмiздiң басқа аймақтарынан да қабылдау қарастырылған болатын. Жедел жәрдем стансасы да осы себептi ескерiлiп отыр, онда тек автокөлiктер арқылы емес, сондай-ақ ҒЗИ аумағында алыс аймақтан арнайы тiкұшақтар қабылдау да көзделген.
Мiне, сондықтан да Денсаулық саласында салынып жатқан нысандар дирекциясы бас мердiгер “Окан Констракшн” назарын арнайы медициналық жабдықтарды iске қосу-орнату және қондыру жұмыстарына мейлiнше мұқият аударуды шаршамай-ақ айтумен келедi. Өкiнiшке орай, дирекция талаптары да, тiптi арнайы мамандар — “Медициналық-инновациялық технологиялар” (МИТ) ЖШС басшылығының айтқандарын да түрiк ағайындар тиянақты жүзеге асырмай, олардың да ашу-ызасын туғызуда. Ал, мамандардың бұл кәсiби талаптарын бұлжытпай орындамайынша, өмiршең нысанды өткiзу туралы әңгiме қозғаудың өзi артық болар едi, көрер көзге қарапайым ескертпелер жүзеге аспаса, аса қымбат әрi асқан дәлдiктi қажет ететiн жабдықтардың құны – көк тиын!
– Өткiзуге “дайын” нысанға келе сала, кабинеттердегi көзделмеген “топан судан” кейiнгi (қабырғалар, төбелер, едендегi) жөндеу жұмыстары үстiнен түскенде не дей аласың? Осы жерде бөлмелердi бөлектеу қабырғасына және есiктерге орнатылар әйнек қаттамалары қондырылып, жөнделiп жатса, қалай көрер едiңiз? Кабинеттердiң бiрiнде 11,78 шаршы метр болып жобаланған көлем 8,88 ш.метрге дейiн қысқарып кеткен. Сөйтiп, бiздiң жабдығымызға қажеттi 3,8х3,1 ш.м. көлем аумағы 3,7х2,4 аумаққа жұтап шыға келдi. Ендi мен қажеттi көлемге негiзделген жабдығымды қалай орналастыруым керек? Өзiм үшiн емес, Құдай сақтасын, жабдықтардың қалыпты жұмыс iстеуi үшiн оларды қондыруға арналған бекiтiлген ереже бар ғой? Соны неге орындамайды бұлар? – деп таусылады “МИТ” ЖШС өкiлi Андрей Чуприн.
Осындай кемшiлiктерi көзге ұрып тұра және жұмысшылары тарапынан құрылыс стандарттары орындалмай келгенi даусыз болса да, белгiлi ақпараттар көзiне сәйкес, Окан мырза қарап отырмай, белден басып, бiздiң елiмiздегi билiктiң жоғары жүйелерiне дейiн жүгiнуге бел шешкен сыңайлы. Ақпарат көздерiнен белгiлi болғандай, ол өз хатында компаниясының Астанадағы 240 орындық жедел медициналық жәрдем ҒЗИ құрылысын аяқтағанын және өткiзудi жалғастырып жатқанына бөлек тоқталыпты. Сөз арасында аталмыш медициналық кешеннiң Еуропада теңдесi жоқ екенiн жариялап және оның ашылуы мамырға белгiленгенiн де айтып өтуден жаңылмапты жазғаның.
Қарап отырып қайран қаласың, кейбiр нысандарды пайдалануға беруге еңбегiн малдай отырып, ендi бiреулерiн өткiзуге салымшылардың қаражатын да жұмсауға барғанын мойындау, сөйте тұра мемлекеттен қосымша қаражаттандыруды өтiну – нақ осындай түрiк ағайындар тәрiздiлер қолынан келетiн шығар. Қалай десек те, масқара болып жатқан шетелдiк құрылыс компанияларының қатары осымен шектеле де қоймайтын сияқты, арасында өзiмiздiң отандық әрiптестер де бар. Олар туралы келесi әңгiмеде баяндамақпыз.
Баһадүр АХМЕТУЛЛИН