“КӨК ҚАҒАЗҒА” ТӘУЕЛДIЛIК НЕМЕСЕ ЖАҢА ҒАЛАМДЫҚ ВАЛЮТА ЖАЙЛЫ

“КӨК ҚАҒАЗҒА” ТӘУЕЛДIЛIК НЕМЕСЕ ЖАҢА ҒАЛАМДЫҚ ВАЛЮТА ЖАЙЛЫ

“КӨК ҚАҒАЗҒА” ТӘУЕЛДIЛIК НЕМЕСЕ ЖАҢА ҒАЛАМДЫҚ ВАЛЮТА ЖАЙЛЫ
ашық дереккөзі
247

Сәуiрдiң алғашқы күндерi өткiзiлген лондондық саммитте “Үлкен жиырмалық” әлемдiк экономиканы тығырықтан шығаратын жолдарды қаузады. Ресейдiң ғаламдық жаңа резервтiк валютасын енгiзуге қатысты айтылған ұсынысы саммит сахнасының сыртында қалып қойған. Аспанасты елi Халықаралық қаржы қоры арқа сүйейтiн SDR әлемге қызмет етуi тиiс деген пiкiрде. Ал ТМД шеңберiндегi кейбiр мемлекет теңге мен рубльге басымдық бергiсi келедi.

Жуырда Мәскеудегi ТМД елдерi қаржы министрлерiнiң кездесуiнде ресейлiк министр Кудрин қазақтың теңгесi мен орыстың рублiне иек артуға ұсыныс бiлдiрген. Бiрақ мұндай ұсынысты Достастықтың өзге мүшелерi қуана құптай қойған жоқ. ҚР Президентi Үндiстанға жасаған сапары барысында әлемдiк ортақ валюта қабылдау жайлы ойын ортаға салған. Iзiнше Кремльдiң қожайындары жаңа ғаламдық резервтiк валютаны енгiзу туралы бастамасын 1-2 сәуiр күнгi “Үлкен жиырмалықтың” Лондондағы саммитi барысында талқыға салуға құлшынды. Мәскеудiң бұл ұсынысын iлiп әкеткен Пекин мен Минск Жер шарын долларға деген тәуелдiлiктен бас тартуға шақыруда. “Көк қағазға” жасаған шабуылды дер кезiнде тойтарып тастауға бекiнген америкалық президент Обама доллардың әлемдiк резервтiк валюта қалпында сақталып қалатынын мәлiмдедi. Ал ағылшындардың премьерi Гордон Браун лондондық саммиттегi күн тәртiбiне шығарылатын мәселелер арасында ғаламдық жаңа резервтiк валюта туралы тақырыптың болмайтындығын жеткiздi. Еуропа мен Азияның бас қатырған басты ауруы – әлемдiк қаржылық дағдарыстың бетiн қайтару.

Обама АҚШ экономикасының рецессиядан жуық арада құтылатынын, ахуалдың жақсаратынын көлденең тартқанмен, әлемге танымал қаржыгер Джордж Сорос америкалық экономика мен доллардың жағдайы жыл соңына дейiн жақсармайтынын айтады: “Менiңше, қазiргi кезде доллардың тағдыры қыл үстiнде тұр. Сондықтан өзге елдердегiдей, АҚШ та жүйенi реформалап, бақылауда ұстауы тиiс Әлемдiк валюта саналатын долларды күштеп ұстап отырғандықтан, гиперинфляцияға емес, стагфляцияға әкеп соғады”. Сорос жаңа валюта ретiнде ұсынған Қытайдың әлемдiк деңгейдегi валюта ретiнде SDR (special drawing rights) – Халықаралық Қаржы Қоры шеңберiндегi есептiк ақша бiрлiктерiн қолдануды ұсынады.

Негiзi банк есепшоттарында жазбаша түрде сақталатын SDR әзiр банкнот күйiнде шығарылған жоқ. Сондай-ақ, ол не несиелiк мiндеттеме, не валюта емес. Қолдану аясы тар және негiзiнен резервтi толықтыру, Қордың несиесiне қатысты есептерi мен есептiк төлемдердiң қалдығы ретiнде пайдаланылады. SDR бағамы тәулiк сайын дүниежүзiндегi төрт жетекшi валюта – АҚШ доллары, еуро, иен мен фунт стерлингтiң бағамы бойынша анықталып отырады. Еуро енгiзiлгенге дейiн SDR құны бес валюта бойынша – АҚШ доллары, немiстiң маркасы, француздардың франкi, иен мен фунт стерлинг арқылы айқындалатын. Қазiргi таңда сарапшыларды толғандырған басты мәселе – халықаралық нарықта есептесудiң АҚШ долларынан басқа да жолдарын қарастыру. Ресей жағы дүние жүзiн тез арада аймақтық резервтiк валютаны қалыптастырудың механизмдерiн түзу мәселесiн талқыға салуға шақырады. Кремль Оңтүстiк Корея мен ЮАР, Үндiстан мен Қытай бұл мәселеге қырын қарамайтынын көлденең тартады.

Негiзi бiр ғана елдiң (АҚШ-тың) валютасына байланып қалмаудың жолдарын қарастыру туралы бастама бұған дейiн де бiрнеше рет көтерiлгенмен, соңы ешқандай нәтижесiз аяқталған болатын. Мысалы, 1969 жылы Халықаралық Қаржы Қоры қордың есептiк бiрлiктерi ретiнде қолданып келе жатқан SDR құрды. Аспанасты елiнiң қаржылық дағдарыс әлемдi алқымнан алғанда, қаржылық түйiндердi шешiп берсiн деп Қор бiрлiгiне үмiт артуы халықаралық нарықтағы тұрақтылықты қамтамасыз етсе деген ниетке қатысты. Ал Халықаралық Қаржы Қоры ортақ валютаның рөлiн атқаратын құнды қағаздарды ойлап табуға мүдделi. Бiрiккен Ұлттар ұйымының Комиссиясы халықаралық қаржылық жүйенi реттеу мақсатында жаңа резервтiк валюта қабылдау туралы ұсынысты әлдеқашан күн тәртiбiне шығарған көрiнедi.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары