АЛАТАУ АУДАНЫНДАҒЫ ЖЕР МӘСЕЛЕСI ҚАЛАЙ ШЕШIМIН ТАППАҚ?

АЛАТАУ АУДАНЫНДАҒЫ ЖЕР МӘСЕЛЕСI ҚАЛАЙ ШЕШIМIН ТАППАҚ?

АЛАТАУ АУДАНЫНДАҒЫ ЖЕР МӘСЕЛЕСI ҚАЛАЙ ШЕШIМIН ТАППАҚ?
ашық дереккөзі
325

Алматыдаға Алатау ауданын құрудағы мақсат – ондағы заңсыз құрылыстар мен қара күркесiн заңдастыра алмай жүргендердiң проблемасын шешу iсi болған едi. Содан берi бiр жылдай уақыт өттi. Осы ауданға қарасты 18 елдiмекенде заңсыз салынды дейтiн 5 мыңға жуық отбасының мәселесi шешiлуге жақын.

Алайда, тұрғындар Алатау ауданының әкiмшiлiгiнiң мәселенi шешу жолдарын ұсынып отырған кейбiр әдiс-тәсiлдерiн түсiнбей дал.

Алатау ауданының жалпы көлемi — 7567 гектар, бұнда негiзiнен Алматы қаласына Алматы облысынан қосылған елдiмекендер енгiзiлген. 27 мың 600 баспана тұрғызылған, соның 4805-i заңсыз деп табылған. Бүгiнгi күнгi есеппен осы үйлердiң 3500-iнiң құжаты рәсiмделiп, заңдастырылады деген жақсы лебiз естiлген едi. Бiрақ, соған қарамастан аталған аудан тұрғындарының наразылығы жиi естiле бастады. Мәселен, наурыздың 20-ында әкiмшiлiктiң заңдастырылмаған жерлердi жалға беру ұсынысына қарсы 800 адамның өтiнiшiн жинап Алматы қаласы әкiмшiлiгiнiң алдына Алатау ауданының 1 топ тұрғыны келдi. Олардың үш өкiлiн қалалық iшкi iстер департаментiнiң бастығы О.Тазабеков қабылдаған. Наурыздың 28-i күнi “Шаңырақ-1” елдiмекенiнiң тұрғындары жиналыс өткiзiп, өздерiнiң Алатау ауданы әкiмшiлiгi ұсынған хаттамаға қол қоямыз деп алданып қалғандықтарын айтқан. Ол хаттама бойынша, тұрғындар өз қолдарымен әкiмшiлiк құқық бұзушылыққа барғандығын жазып, жердi заңсыз басып алғандықтарын мойындаған. Бұл да тұрғындардың алаңдаушылығына негiз болып отыр. Бiз осы мәселелердiң анық-қанығын бiлу мақсатында Алатау ауданының әкiмi Бағдат Мәнiзоровқа хабарласқан едiк.

— Ауданымызда ресми есеп бойынша 160 мың халық тұрады, ал, тiркеуде жоқтарын қосып есептегенде олардың саны — 200 мыңнан асып жығылады. Қазiр Алатау ауданының бас жоспары жасалынды. Ондағы инфрақұрылымдар үшiн қала бюджетiнен 5 миллион 150 мың теңге бөлiндi.

Сәуiрдiң 20-сына дейiн 3523 отбасының құжатын заңдастыратын боламыз. Ал, қалған мыңын заңдастыру мүмкiн емес. Өйткенi, олар бейiт аумағында, радиация қаупi жоғары жерлерде және газға 50 метр жақын салынған. Сондықтан, бұл отбасыларға Алматы облысының Қарасай ауданы әкiмшiлiгiмен келiсiп, сол аймақтан жер беру мәселесi қарастырылып жатыр. Сондай-ақ, 870 отбасы суқорғау зонасында орналасқан. Дәл осы отбасыларға жердi жалға алуды ұсынып отырмыз. Бiздiң осы ұсынысымыздан тұрғындардың көбi үркiп отыр. Жалға алудан қорқудың қажетi жоқ. Жердi жалға алғандардың төлейтiн сомасы мен жер салығына төленетiн сома бiрдей. Әрi бұл жерде тiркеуде тұрып, үйiн салып ала беруiне мүмкiндiк бар. Оның үстiне бұл жерлердiң барлығы жеке тұрғын үй салуға рұқсат етiлген жерлер. Ертеңгi күнi оны өз жекеменшiгiне өткiзiп алудың жолдары да қарастырылған. Дегенмен, бiз осы мәселе жөнiнде Парламентке су қорғау аймағын қайта қарау жөнiнде ұсыныс енгiздiк. Парламент бұған орай алғашқы отырысын өткiздi. Егер, су қорғау аймағының территориясы қайта қаралатын болса, онда жаңағы отбасылар да бiрден өз үйлерiн жекеменшiкке заңдастыра алады. Тым құрығанда, бiз оларға жалға бергеннен кейiн, бұл жерлердi мемлекеттiң қажетiне орай босату керек болса, ол отбасыларға белгiлi деңгейде өтемақы төленедi. Не басқа ауданнан баспана берiледi. Демек, ешкiм далада қалмайтын болады.

Сондай-ақ, Бағдат Сайланбайұлы “Жердi заңсыз басып алғанымды мойындаймын” деген мойындау хаты проблеманы шешудiң басы екендiгiн айтады.

— Бұл отбасыларға жердi заңдастырып берудiң негiзi болуы керек қой. Өйткенi, Алматы қаласында Қазақстан үкiметiнiң арнайы Қаулысы бойынша тегiн 10 сотық жерге иелiк ету мақсатында 91 мың адамның өтiнiшi жатыр. Егер, бiз бұл отбасыларға сол Қаулы негiзiнде жер бере салсақ, заңды белiнен басқан боламыз. Сол себептi де, олар бұл жерлердi заңсыз басып алып, 10-20 жыл бойына тұрып келе жатқандықтарын мойындап, 12500 теңге көлемiнде әкiмшiлiк айыппұл төлеуi қажет. Содан кейiн барып менiң атыма өз баспаналарын заңдастырып беру жөнiнде өтiнiш жазады. Ол өтiнiштiң негiзiнде бiз қала әкiмi Ахметжан Есiмовке ұсыныс хат енгiземiз. Содан кейiн ғана аталған зеңсыз құрылыстар салынған жерлер заңдастырыла бастайды. Онсыз 3500 отбасын заңдастыру мүмкiн емес. Қазiрге дейiн 698 отбасы әкiмшiлiк құқық бұзғандықтарын мойындап, айыппұл төлеп үлгердi. Олардың 200-дейi заңдастырылды. Осы бейсенбiде тағы 230 отбасын заңдастыру көзделiп отыр. Мақсат — сәуiрдiң 20-сына дейiн құжаттары реттелген отбасылардың үйлерiн заңдастыру, — дейдi ол.

Алатау ауданындағы заңсыз құрылыс проблемаларымен бүгiнде онға жуық қоғамдық ұйым айналысады екен. Олар — “Шаңырақ”, “Ар. Рух. Хақ”, “Орта Азиялық институт”, “Алға. Азаттық”, Жер және баспанаға конституциялық құқық жөнiндегi халықтық комитетi және “Талмас” қоғамдық ұйымдары, т. б. Бұлардың алғашқы үшеуi бiрлесiп жұмыс iстей бастағандықтарын мәлiмдеген. Дәл осы проблеманы шешу үшiн оларға Еурокомиссиядан 296 мың еуро бөлiнген екен. Ал, “Алға. Азаттық” қоғамдық ұйымының жетекшiсi Жасарал Қуанышәлi “Шаңырақ” қоғамдық ұйымының жетекшiсi Асылбек Қожахметовтi билiкпен ымыраласты деп, Жер және баспанаға конституциялық құқық беру жөнiндегi халықтық комитетiнiң төрағасы Зәуре Нұрмұханбетованы өзiме жала жапты деп айыптайды.

Демек, бұл мәселеде де саяси ұпай жинауды көздейтiн топтардың мүддесi тоғысқан секiлдi. Қалай дегенмен де, ондағы қордаланған мәселелер шешiлiп, талай жыл бойы не анда, не мұнда жоқ сеңдей соғысқан халықтың баспана мұңы бiр жақты етiлсе, жеңiс сонда ғана халықтың қолында болар едi. Дегенмен, Зәуре Нұрмұханбетова Бағдат Мәнiзоров басқарған комиссияның сыртында өздерi инвентаризация жасағандығын айтады. Олардың өз мәлiметтерi бойынша, ондағы заңсыз салынды дейтiн құрылыстардың саны 10 мыңға таяу көрiнедi.

— Билiк проблеманы азайту үшiн заңсыз құрылыстардың санын әдейi азайтып көрсеттi немесе инвентаризация дұрыс жүргiзiлмедi, — дейдi ол.

Есенгүл Кәпқызы

Серіктес жаңалықтары