Түркістан облысы индустриялық даму мен агроөнеркәсіп саласын әртараптандыруда жаңа кезеңге қадам басты. Өңірде ірі инвестициялық жобалар жүйелі түрде жүзеге асып, өндірістік әлеует күшейіп келеді. Шардара ауданындағы индустриалды аймақта салынып жатқан «Казкрахмал» крахмал-сірне зауыты – өңірдің индустриялық және аграрлық әлеуетін ұштастыратын, экономиканың жаңа драйверіне айналатын маңызды жоба, деп хабарлайды turkystan.kz.
Қазір шикізатты қабылдау, кептіру және сақтау кешендері іске қосылған. Қазір өндірістік қуаттарды енгізу және қалдықсыз өңдеу технологиясын қолдану жұмыстары жүргізілуде. Зауытта крахмал, сірне, тағамдық глюкоза, мальтоза сиропы, жүгері майы, глютен, кебек және түйіршіктелген құрамажемді қоса алғанда 20-дан астам өнім түрін шығару жоспарланған. Өндірісте тек генетикалық түрлендірілмеген жүгері пайдаланылатын болады.
Биыл толық іске қосылатын өнеркәсіптік жоба – жүгеріні терең өңдеуге бағытталған Қазақстандағы ірі бастамалардың бірі. Жоба толық аяқталған кезде кәсіпорын жылына 150 мың тонна жүгері өңдеп, 26 түрлі өнім шығаруға мүмкіндік алады. Бұл – тек өндіріс көлемін арттыру емес, ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу арқылы қосылған құнды еселеу деген сөз. Яғни, шикізатты экспорттаумен шектелмей, дайын өнім шығару арқылы өңір экономикасының тиімділігі артады. Жалпы инвестициялар көлемі 35 млрд теңгені құрайды. Кәсіпорынның өнімдері ішкі нарықта да, сондай-ақ Азия мен Еуропа елдерінде де сұранысқа ие болады. Жобаны іске асыру Қазақстанның экспорттық әлеуетін арттырып, өңірдің инвестициялық тартымдылығын жаңа деңгейге көтереді.
Түркістан облысы инвестиция тартуда республика бойынша көш бастап тұр. Бұл бағытта облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің жіті бақылауымен жүйелі жұмыстар атқарылып, ірі жобаларға қолдау көрсетілуде. Өңірде индустриалды аймақтар мен арнайы экономикалық аймақтардың әлеуеті тиімді пайдаланылып, жаңа өндіріс орындары ашылуда. «Казкрахмал» – Қазақстан ғана емес, Орталық Азиядағы жүгеріні терең өңдеу саласындағы ең ірі және қарқынды дамып келе жатқан өндірістердің біріне айналады. Кәсіпорынның өндірістік қуаттылығы болашақта 300 мың тоннаға дейін жетіп, әлемнің 100-ден астам серіктесімен жұмыс істеу жоспарлануда.
Инвестициялық жоба екі кезең бойынша іске асырылады. Бірінші кезең аясында жүгеріні қабылдау, кептіру және сақтау инфрақұрылымы қалыптастырылса, екінші кезеңде толыққанды терең өңдеу зауытының құрылысы жүргізілуде. Дегенмен, бүгінгі таңда шикізат базасын қалыптастыру – өзекті мәселенің бірі. Осыған байланысты облыста жүгері егіс алқаптарын ұлғайту бағытында нақты жұмыстар қолға алынған. Шардара, Жетісай және Мақтаарал аудандарында жаңа алқаптар игеріліп, аграрлық секторды әртараптандыруға басымдық берілуде.
«Казкрахмал» зауыты озық технологиялармен жабдықталып, өндіріс процесінің 80 пайызы автоматтандырылған. Бұл өнім сапасын тұрақты бақылауға, шығынды азайтуға және бәсекеге қабілетті өнім шығаруға мүмкіндік береді. Кәсіпорында әлемдік деңгейдегі мамандардың тәжірибесі енгізіліп, халықаралық стандарттарға сай өндіріс жүйесі қалыптастырылған.
Зауытта шығарылатын негізгі өнімдердің бірі – жоғары сапалы жүгері крахмалы мен сірне өнімдері. Бұл өнімдер тамақ, фармацевтика және басқа да өнеркәсіп салаларында кеңінен қолданылады. Кәсіпорын экологиялық талаптарды қатаң сақтай отырып, тұрақты даму қағидаттарына негізделген өндіріс жүргізуді көздейді.
Мұндай жобалар өңірдің экспорттық әлеуетін арттырып қана қоймай, жаңа жұмыс орындарын ашуға, ауыл шаруашылығын дамытуға және жалпы экономиканың тұрақты өсіміне серпін береді.