ШӨЛМЕК ПЕН ШЕР
ШӨЛМЕК ПЕН ШЕР
Iшiмдiк… Бұл сөздiң негiзiнде қаншама қисық мағына жатыр десеңiзшi. Адасқан тағдырлар, орындалмаған үмiт пен арман – осының бәрi iшiмдiкпен тiкелей байланысты.
Көшеде, саябақта өтiп бара жатып, жол жиегiнде немесе бұтаның түбiнде ес-түсi кеткенше ащы суға масайып, қисая кеткен жандарды көзiң шалады. Мұны көрiп “не себептi бұл халге душар болды екен?” деп iштей өзiңе сұрақ қоясың. Әлде оның басына қиын-қыстау күндер туды ма екен?! Бiрақ, қаншама қиындық болса да берiлмей, төзе бiлу қажет емес пе. Егер әрбiр адам басына түскен қайғыны жеңу үшiн iшкiлiкке салынса не болмақ? Жалпы адам баласы не себептi тентек суға салынып, тентiреп кетедi екен? Оның өз өмiрiне зияннан басқа ешнәрсе бермейтiнiн бiле тұра, соған әуес. Айта кетер болсақ, арақ орталық нерв жүйесiн зақымдап, iшқұрылыс органдарының қызметiне, оның iшiнде бауырға керi әсер етедi. Адамның психикасы бұзылады. Сонда ол өзiне-өзi ауру сатып ала ма?
Өйткенi, ол тегiн берiлiп жатқан дүние емес қой. 200-250 теңгесiн неге шығындайды? Бұл – ең нашар деген арақтың бағасы. Ал той-томалақта, достардың басы қосылса қымбатына жүгiредi. Әлде, қымбатын iшсек зияны жоқ дей ме? Атауы, құны өзгергенмен, оның негiзгi құрамы өзгермейдi емес пе!?
Ал iшiмдiкке бiр салынған адам көп жағдайда өзiн-өзi тежей алмайды. Соның салдарынан iстеген iсiне, қылықтарына есеп беруден қалады. Ақыр соңында бәрiнен айырылады. Жора-жолдастарының ортасында қадiрi кетiп, туған-туыстарының қайғысына, ата-ананың көз жасының төгiлуiне себепшi болады. Бастапқыда елiктеушiлiкпен дәмiн татып көрген ащы судың жетегiнде қалайша кеткенiн сезбей де қалады. Ал осындай шеше немесе әке көрген бала қандай тәрбие алмақшы! “Ұяда не көрсең, ұшқанда соны iлерсiң” дегендей, болашақта сол ұрпақтың ата-анасы қалдырған қисық жолға түспесiне кiм кепiл? Бiр өкiнiштiсi, қазiргi жастардың коктейль мен алкогольсiз сусындарға деген сұранысы артып отыр. Мүмкiн олар үшiн бұл әрекеттерi әзiрше әуестiк, елiктеу болар. Ал уақыт өте келе әбден үйренiсiп кетсе не болмақ! Мұндай сусындардың құрамында аз да болса белгiлi бiр мөлшерде алкоголь бар, бұл дегенiңiз – iшiмдiк. Қызық қуамын деп арам судың құрығына түсiп қалмас үшiн қазiрден ойланған дұрыс шығар. Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с): “Iшкiлiктен аулақ болыңдар. Өйткенi, ол – бүкiл жамандықтың көзi”, – деп айтқан екен. Яғни жамандықтан аулақ жүру – iшiмдiк атты бәледен аулақ болу.
Жақыпбек Мөлдiр,
ҚазҰПУ-дың студентi