ҚЫЗ КIНДIГIМЕН ЕМЕС, ҚЫЛЫҒЫМЕН...

ҚЫЗ КIНДIГIМЕН ЕМЕС, ҚЫЛЫҒЫМЕН...

ҚЫЗ КIНДIГIМЕН ЕМЕС, ҚЫЛЫҒЫМЕН...
ашық дереккөзі
209

Атамыз қазақ “Адам көркi – шүберек, ағаш көркi – жапырақ” деп тектен-тек айтпаған. Киiм – адам баласының әсемдiгi, сырт сұлулығы үшiн аса керектi бұйым болып табылады. Қай кезде де болсын адамның сырт ажарын ашатын да, оны көркем келбетке бөлейтiн де оның киер киiмi.

“Елу жылда ел жаңа, жүз жылда қазан жаңа” деген де қанатты қағида бар. Сол киiм кию түрi де қоғам, заман, уақыт жаңаруына қарай өзгерiске ұшырап отырады. Қазақтың ұлттық нақыштағы киiмдерi күнделiктi тұрмыста шеттетiлiп, осы күнi кiндiктi ашып жүру шарықтап-ақ тұр. Балиғатқа әлi тола қоймаған, құлын мүшесi бұзылмаған балауса қыздардан бастап сауыс-сауыс сары қарнын салбыратып жүрген жасамыс әйелдерге дейiн кiндiгiн көрсетуге әуес-ақ. Ол жарасып тұр ма, жоқ жараспай ма, ол жағында кiндiгiн ашып қойған сәнқой сылқымдардың iсi де жоқ. Ең өкiнiштiсi, мейрамханалар мен той-жиындарда ғана емес, мемлекеттiк мекеме, оқу орындарынан да осы суреттi көргенде бетiңнен отың шыға қысыласың. Сырттан алғаш келген, Қазақ деген халықтың кiм екенiн, немен тыныстайтынын бiлмейтiн бөтен елдiң азаматтары не деп ойлайтынын еске алғанда төбе шашың тiк тұрады. Қазақта кiндiкпен ойнауға тыйым салынады. Кiндiктi жалаңаштап, көрсетiп жүрмейдi. Баланың ту сыртында көзге осал жерi қос өкпесi болса, алдындағы ең осал тұсы – кiндiгi.

Кiндiктен көз оңай өтедi, кiндiктен iшке жел де, кiрне де байланады. Ол баланың тағдырына да нашар әсерiн тигiзедi. Бұл – әсiресе қыз балаға өте зиянды. Қыз бала сезiмтал болғандықтан, кiндiгi сыртқы ортаның жағымсыз әсерiн, қадалған көздерiн тез қабылдайды.

Ата-бабаларымыз “Қыз қылығымен сүйкiмдi” дегенде, ертең адамзат негiзi – ана болатын қаракөз қарындастардың жарқыраған кiндiгi емес, сол кiндiк пен көзтартар басқа да мүшелердi сыпайылықпен көрсетпей тұрып-ақ қызықтырар, тылсымдығымен тартып, жұмбақтығымен жаныңды үйiрер тәттiлiгiн айтқанын неге бiлмейдi кейбiр қыздар. Оның iшiнде кей қыздар кiндiктерiн ашып, кеуделерiн жартылай ашып-жауып мешiтке де бара беретiн болды. Бұл имандылыққа кереғар, қайшы нәрсе екенiн ескермейдi. Елiмiз тәуелсiздiк алғаннан бастап нарықтық қатынастардың әсерiнен көпшiлiктiң киiм киiсi мүлдем өзгердi. Себебi, Батыстың сән үлгiсiне елiктеу белең алып барады. Әйелдер қауымы жаппай шалбар киюге көштi.

Шалбар емес, бүгiнде бұдан да сорақы жайт – мықыннан түскен шалбар мен белдемшелер кию сәнге айналды. Киiм кию эстетикасын, оның өлшемдерiн ұлттық деңгейде дұрыс сақтап, әр жыл мезгiлi сайын қарапайым да мәдениеттi киiне бiлгенiмiздi заман талабы деп түсiнгенiмiз жөн. Сондықтан да “Қыз кiндiгiмен емес, қылығымен сүйкiмдi”, замандастар!

Айнаш МҰХАМЕДЖАНОВА,

ҚазҰПУ-дың студентi

Серіктес жаңалықтары