СЫРБАЗ ДА СЫПАЙЫ, БЕКЗАТ ТА ШЫНАЙЫ

СЫРБАЗ ДА СЫПАЙЫ, БЕКЗАТ ТА ШЫНАЙЫ

СЫРБАЗ ДА СЫПАЙЫ, БЕКЗАТ ТА ШЫНАЙЫ
ашық дереккөзі
217

Тура тарихи Желтоқсанның қарсаңында, яғни 1986 жылдың қараша айының соңын ала берiп, мен Жамбыл облыстық партия комитетi бюросының шешiмiмен сол кездегi Красногор аудандық “Коммунизм жолы” газетiне редактор болып бекiдiм де, “Отар қайдасың?” деп шамаданымды көтерiп, “Мәскеу-Алматы” жүрдек пойызына отыра сап, Жамбылдан гөрi Алматыға әлдеқайда жақын ең шеткi ауданнан бiр-ақ шықтым. Екi араны шаң қылып, ары-берi шапқылап жүргенде уақыт та зымырап өтiп, Желтоқсан көтерiлiсi бұрқ еттi. Мен әлi көшпегем, өзiм Отарда, отбасым Жамбылда. Жалғыз бөлмелi пәтерiм бар едi, оны да қалалық атқару комитетiне өткiзуге тура келдi.

Ол кезде облыстық партия комитетiнiң бюро мүшелерi обкомның номенклатурасындағы маманмен жеке-жеке әңгiмелесетiн дәстүр бойынша бәрiмен жүздесiп, бәрiнiң партиялық “баталарын” алып шықтым. Екiншi хатшы болып iстейтiн Клочков дейтiн таза шовинист бiреу бар-тын, ол менiң өмiрбаяным, шығармашылық мүмкiндiгiм жайлы сөз қозғамай, бiрден шаужайдан алып, жалғыз бөлмелi пәтерiмдi өткiзуiмдi талап еттi. Қадағалап, тексеретiнiн нығырлап қойды. Желтоқсаннан соң қазақтың аз-кем мысы басылып, басқалардың өктемдiгi көпе-көрiнеу сезiле бастаған шақ. Дым құрып, дiңке кетiп, шарасыздың күйiн кешкен сәт болатын. Өзiмнiң атымдағы үйiмдi үкiметтiң атына аудардым.

Мен барған аудандық газеттiң жағдайы нашар. Баспахананың материалдық-техникалық базасы жоқ. Кадр дегенiңiздi шаммен iздеп таба алмайсыз. Ешкiмнiң барғысы келмейдi. Газет жетi-сегiз нөмiрге қалып кеткен. Партияның тұсында ол өте апатты жағдай. Жыл болса аяқталып қалған, КСРО-ның күйреуi (әттең ол кезде соны бiлмедiк қой) алдындағы аласапыран. Одақтас республикалардың да ұлттық намыстарына шоқ тастап, қалың, амалсыз ұйқыда жатқан сезiмдерiне ине жүгiрткен дүниенi дүр сiлкiндiрген ызғарлы Желтоқсаннан соң барлық ұлт ауыздығын шайнаған асаудай жер тарпып, ашу-ызаға булығып тұрған едi. Оның үстiне Красногор аудандық партия комитетiнiң бiрiншi, екiншi хатшысы, аудандық атқару комитетiнiң төрағалары орыс ұлтынан болатын. Ал аудандық газетте шала сауатты, аяқталмаған орта техникалық бiлiмдi, сау жүргенiнен бұрқырап жүруi жиiрек, көлденең көк аттының бiрi жалғыз ғана орыс қызмет еттi. Оның өзi редактордың орынбасары. “Әке-көке” деп асты-үстiне түсемiз. Онымыз басы қатты ауырған күнi келмей қалады. Жанталасамыз. Орысшасын соған оқытпасақ, жайымыз белгiлi.

Керi қайтуға жол жоқ, облыстық партия комитетi де рұқсат бермейдi. Мұның алдында ғана республикалық “Ара-Шмель” журналы менi iздестiрген екен. Қызметке шақырмақ болыпты. Бiрақ аудандық газетке редактор болып кеткенiмдi естiген соң “ендi бiзге келмес” деп, iздеудi доғарыпты. Ол менiң құлағыма тидi. Жұмыс iстейтiн, жалындаған, орда бұзбаса да қақпа құлатарлықтай екпiннiң бойға сыймай тұрған шағы. Сол күндерiм аудандық газеттiң ауыр жағдайына сарп етiлгенiне әлi күнге дейiн қынжыламын.

Не керек, “Араға” шақырылдым. Көпен Әмiрбеков ұсыныс айтып, “Ара” менi қызметке алды. Бұл 1987 жылдың қазаны болатын. Келсем, мұнда да ауыс-түйiс. Менi қызметке алған Ғаббас Қабышев та орнынан босады. Ол қызметке таласқандар өте көп. Жаңадан келген маманбыз, қызметi былай тұрсын, ұжымға үйренемiз бе, бiздi қабылдай ма дейтiн күмәнмен күй кешiп жүрмiз.

Күндердiң күнiнде күптi көңiлдердiң алай-дүлей екпiнiн басып, тұтқиылдан “Араға” жаңа бас редактор келдi. Қалдарбек Найманбаев. Жазушылығын бiлемiз. Шығармаларымен таныспыз. Бiрақ өзiн сырттай көргенiм болмаса етене жақындығым жоқ. Әуелде оның “Сатираға қандай қатысы бар?” деген күңкiлдiң шыққанын да естiгенбiз. Маған бәрi бiр едi. Оспанхан ағамыз: “Бұқа болсын, шорт болсын, балаларға сүт болсын” дегендейiн өзiме тыныш болса, жарайды деп жүргем. Бойын тiп-тiк ұстайтын, сұлу арғымақтардай аяқты сiлтеп басатын кербез, сымша тартылған саптағы жауынгердей, талғап киiнiп, ұқыпты жүретiн, тәртiпке қатал, жұмысқа тиянақты кiсi екен. Сырттан қарап сүйсiнбеу мүмкiн емес. Сағат 11-ге дейiн ешкiмдi қабылдамайды. Қағаздарын реттейдi, қолжазбасын қарап шығатын болуы керек, әйтеуiр осы аралықта бiзге кiруге де, жұмыс жайын айтуға да рұқсат жоқ. Тек өзi iздестiргенде ғана алдына бара аламыз. 11-ден соң таза “Араның” шаруасына кiрiседi. Шынын айтқанда, барлығын өзiмiзге жүктедi бiрақ тiзгiндi берген жоқ. Тәртiпке үйрене бастадық.

Мен үшiн “ә” дегенде-ақ тыныш болмады. Маған бiрден қырын қарады. Онысын ашық бiлдiрдi. Өзiмнiң отбасым Отарда. Сенбi, жексенбi сайын пойызға отырып сонда шапқылаймын. Пәтердiң жайы болмай жатты. Колбиннiң дүрiлдеп тұрған кезi. Төлқұжатты Алматыға тiркеуге рұқсат жоқ. Оның үстiне сондағы үйдi бiрдеңе қып Алматыға ауыстыру әрекетiн ойластырып жүргенбiз.

Дүйсенбi күнi жұмысқа кiшкене кешiгiңкiреп келемiн. Осыны жиi-жиi, басып-басып айтатын болды. Онша жақтырыңқырамайды. Байқаймын, орынды босатуым керек сияқты. Оны босатсам далада қаламын. Мүйiз сұрап, құлағынан айырылған тоқал ешкiнiң халi басыма төнiп-ақ тұр. Маған неге бұлайша қадалғанын түсiне алмай далмын. Басқалармен күлiп-ойнап сөйлеседi. Қиналдым. Мұны жауапты хатшы әрi менi “Араға” өзi алдырған Көпен Әмiрбеков те сезiп жүр екен. “Толымбек, байқап жүрмiн сенi ұнатыңқырамайды. Бiрдеңе ойластырайық” дедi жанашырлық танытып. Оны да өзi ойластырып қойған екен. Көпекең журналдың бастауыш партия ұйымының хатшысы едi. “Жиналыс өткiзiп, хатшылықты саған жүктейiк, сонда құлағың тынышталады” дедi. Басқа айла-амал жоқ, көндiм. Дүниеде жиналысты жек көретiн адам едiм. Ендi сол жиналысты өзiм өткiзетiн болдым. Көпен де хатшылықтан құтылды, Қал-ағаңның да маған шұқшия беруi азайды. Арба да сынбады, өгiз де өлмедi. Бiртiндеп үйренiсе бастадық. Қалекең қасына аздап жақындатты. Күлiп, қалжың айтып сөйлесетiн болды. Тiптi, хатшы ретiнде ақылдасқан рай да байқатты. Қысқасы, Қалекеңнiң маған деген қабағындағы тоң жiбiдi. Көзiнде шуақ пайда бола бастады. Менiң де көңiлiм көтерiлдi. Қалжың айтсақ, “ха-ха-халап” күлгенде бүкiл болмысымен ақтарылушы едi.

Менiң “Той” деген әңгiмем қолына түсiп, әбден риза боп, нөмiрге салдырды. Кабинетiме кеп пiкiрiн бiлдiрдi. Осыдан соң-ақ арамыз жақындай түстi. Бiрде “Дайындал, Жамбыл облысына iссапарға барамыз” дедi. Қатты қуандым. Әдетте өз ауылың қай кезде де, “Өзiмiздiң бала ғой” дейтiнi белгiлi. Бұл жолы құрамында Сағи Жиенбаев, Серiк Тұрғынбеков сынды атышулы ақындар бар Қалдарбек Найманбаев бастаған қаламгерлермен Жамбыл облысына бару сәтiн ешқашан ұмыта алмаймын. Менiң олармен iлесiп келуiм бiразын таңдандырды, бiразының iшiне қызғаныштың шоғын да салып жiбергенiн аңғардым. Ол менi одан сайын қанаттандырды. Бұл Қалекеңнiң өзiнiң шығармашылық сапары болатын. Кездесу, ән тыңдау, өлең оқу сынды көңiлдi қауышулар жиiледi. Ел де ырза, қаламгерлер де ырза, мен болса-болмаса рахат сезiмге бөленiп жүрдiм.

Байқампаз екен, бәрiн де аңғарғыш. Сол сапарда Әбиiрбек Тiнәлиевтiң әнiн тыңдады. “Фаризажан” жаңа шыққан, әлi елге таралмаған. Соның жалпақ жұртқа таралуына осы Қалдарбек Найманбаев ағамыздың тiкелей септiгi тидi. “Толымбек, Алматыға барған соң менiң есiме сал, айтысқа шақырамыз” дедi. Ол кездерде Қалекең айтыста қазылар алқасының төрағасы боп жиi отыратын. Әбиiрбек келдi Алматыға. Республика сарайында әнiн шырқады, көгiлдiр экран арқылы республикаға мәлiм болды. Содан бастап Әбиiрбектiң өнердегi, әндегi тасы өрге домалады. Бұл сапар менi Қалдарбек Найманбаевпен одан да қатты жақындастырды. Бұрынғы өкпе, бұрынғы қадалу жайына қалды. Кабинетiне жиi шақыратын болды.

Кiтап шығарудың тауқыметiн кешiп жүрген кезiм. Бiр күнi баспадан келдi. “Жазушыдан”.

— Толымбек, дайын нең бар? – дедi әй-шәйсiз.

Осының алдында ғана баспаның шiреншек редакторының бiрi оқымай-ақ, оқыса да осқырына қарап “жарамайды” деген белгi соққан қалжазба дайын күйiнде қолымда тұрған.

— Бес автордың “О, несi-ей?” деген топтама жинағы шығып жатыр. Соған кiргiздiм. Ол кiтапта сенiң болуың керек, жылдам әкел! – дедi Қал-ағаң аяқ жағын бұйрыққа ұластырып.

Тез-ақ қолына ұстаттым. Жылдар бойы баспа жағалап, шығара алмаған кiтабым бiрер айдың iшiнде жарқ етсiн. Толық, қомақты болды. Қуанышта шек жоқ. Қуаныштың үлкенi содан кейiн жалғасты. 2000 сом қаламақы алдым. Едәуiр ақша.

Аудандық газетке редактор боп келгенде “бастықтың үйiнде қабырға жағалата қойылған шетелдiк жиһаз болмаса ұят” дегесiн араға адам салып бiр кiсiден 2000 сом қарыз алған едiм. Сол уақытта әйелiм ұлдың үлкенiн дүниеге әкелген. Оның алдындағы екi қыздан кейiнгi ұл шетiнеген соң ырымдап “Тұрсын” қойып едi баланың есiмiн. Сол Тұрсынды жуа-жуа құмға сiңген 2000 сом не жиһазға жетпей, не қайтарылмай оңды-солды шашылып, орны опырайып қалған едi. Әлгi қаламақы қайтарылмай жүрген қарыздың орнын толтырды. Мен мәзбiн, әйелiм тiптi қуанышты. Қалекеңнiң есiмiн қайта-қайта аузымызға аламыз.

Iле-шала сатиралық әңгiмелердiң орысша жинағын шығарды – “Когда солнце смеется”. Ол жинаққа менi де кiргiздi. “Шмельдiң” сатириктерiн де қарық қылды. Небәрi бiр-ақ жыл қызмет еткен “Арада” керемет iз қалдырды. Ұйымдастырушылық, кiсi көңiлiн табу сынды көп басшыларда жетiспейтiн қабiлеттерiн жан-жақты аңғартты. Улатпай-шулатпай бәрiн орнына қоюшы едi. “Шмель” бойынша жөйiт орынбасары бар-тын. Ол да бiр кiсi сөйлетпейтiн, бiр сұраққа қырық жауабы, қырық сылтауы бар пысықтың пысығы болатын. Апталап жұмысқа келмей қалу, жоқ боп кету сынды әрекеттерiне әбден үйренгенбiз. Соны Қалекең жымын бiлдiрмей, шу шығармай өз өтiнiшiмен жұмыстан шығарып жiбергенде сүйсiнгенiмiздi де, таңданғанымызды да жасыра алмадық. Мүмкiн емес шаруаны шалқасынан түсiрдi ғой сонда Қал-ағаң. Сөйтiп жөйiттiң өзiн жөнге салған.

Көпен Әмiрбеков Қал-ағаңның бiр әңгiмесiн кейiнiрек күлiп, сүйсiнiп жиi еске алатын. Ол жауапты хатшы болса да жұмыста онша көп отыра бермейдi және мұнда шығармашылық еркiндiк бар едi. Еркiн жүретiнбiз. Қал-ағаң ұрыспай, ренжiмей, ескерту жасамай Көпекеңдi жұмыста отырғызудың тамаша айласын ойластырған ғой.

—Айналайын Көпенжан, мен бұл “Араға” уақытша келген адаммын. Осы жердiң иесi өздерiңсiңдер. Мына көлiк те сендердiкi, өзiң мiн. Тек мен шапқылап жүрген жерлерiмнен звондай қалғанда осы мәшиненi маған жiбере салсаң – болды, – дейдi ол кiсi жауапты хатшысына.

Мәшинелi болған жауапты хатшы күнұзақ кабинетте Қал-ағаңның қоңырауын күтiп отырып қалады. Ол кезде ұялы телефон жоқ. Сөйтiп Көпекең кабинетке жiпсiз байланады. Ол әдiстiң мақсатын Көпен Әмiрбеков тым кеш түсiнедi. Оны түсiнген кезде Қалдарбек Найманбаев “Жазушы” баспасының директоры болып қойған едi.

Баспаға ауысқанда да Қалекең бiздi, “Араны” ұмытқан жоқ. Хабарласып тұрды.

— Дайындал, iссапарға барамыз, Қызылордаға. Бастықтарыңа өзiм айтам, – дедi тағы бiрде.

Қуана келiстiк. Ол құрамда Тұманбай Молдағалиев, Күләш Ахметова бар. Алматыға жаңа кеп жатқан маған ондай кiсiлермен сапарға шығу – үлкен бақыт. Жүрердiң алдында Қазыхан екеумiзге жақындап Қалекең былай дедi: “Тұмағаң “кингоны” жақсы ойнайды, ойнағанды жақсы көредi, алайда ұтылғанды жек көредi”. Құлаққағыстың астарын түсiндiк. Пойызда Жаңақорғанға жеткенше Қазыхан бiраз ұтылды, Тұмағаң бiраз қуанды. Ара-арасында Қалекең кеп тексерiп кетедi. Тұмағаңның ұтқанын көрiп ол да аз-кем қуанып қайтады.

Жаңақорған тiк тұрып қарсы алды. Аса қадiрлейдi екен. Кездесулер бiрiнен соң бiрi өтiп жатыр. Манап Көкеновтың да тiрi кезi. Қасымызға iлесiп iшектi қатыратын әңгiмелерiн айтады. Бiз де еркелегiш боп алдық. Қал-ағаңның тұңғыш баласындай бiраз шолжаңдадым. Бiр кездесуге тiптi бара алмай да қалдым. Қабақ шытпады. Жаңақорғанның қонақ үйiнен шығып екеумiз ұзақ әңгiмелескенiмiз бар. “Арадағы” жiгiттер жайында сұрады. Ақтарылып әңгiме айтты.

Сол жерде, “Араға” алғаш келгенде маған неге сонша шүйiлдiңiз?” деп сұрауға екi-үш оқталдым да ол кiсiнiң лепiрген көңiл-күйiн көрiп, өзiмдi тежеп қалдым. Сұрамағаным да дұрыс болған секiлдi. Кейiнiрек оның себебiн өзiм шамаладым. Жамбыл облыстық газетiнде жүргенiмде Қалекеңнiң шығармасы бойынша облыстық театр қойған бiр қойылымға аздап сын айтқаным бар едi. Бәлкiм, сол ма деп те ойладым. Қалай дегенде де ол өттi, кеттi, ұмытылды. Ол тақырыпқа ешкiм қайтып оралған жоқ. Ең бастысы Қал-ағаң екеумiз қатты түсiнiстiк. Көңiлiнде ешқандай кiрбiң қалмады. Кейiнiрек Одаққа басшы боп барғанда да: “Келсешi, қандай шаруа бар?” деп сұрап қоятын. Соның өзiне де риза едiк қой. Жолыққанда құшақтап көрiсiп, арқадан қағып, қарқылдай күлiп шүйiркелесетiн.

Әсiресе, күлкiсi ғажап едi. Iшiне ештеңесiн жасырмай, бүгiп қалмай, екпiндеп келген толқын-толқын, жал-жал күлкiнiң бетiн қайырмай барынша төгiп-шашып күлетiн. Сұңқардың шашып жейтiнiндей шуағы төгiлген күлкiсiн тұншықтыра алмай, жан-жағына шашудай ғып шашатын.

Ашуын да көрдiк. Ондай кезде қаһарлы. Шашыраған күлкiсi сияқты ашуы да арынды, қып-қызыл бояу түстес боп өңiне жиналатын. Ондай кезi қауiптi. Дегенмен тез қайтатын.

Жаңақорғаннан соң Шиелiге ат басын бұрдық. Онда да құрақ ұшқан күтiп алулар. Қай жерде де сыпайы, сырбаз, бекзат қалпынан айнымады. Дастарқан басында да, ресми кездесуде де, көрермендермен, оқырмандармен жүздесулерде де ұстамдылықтың үлгiсiн көрсеттi. Тұмағаң мен Күләш Ахметованы ылғи төрге оздырып, өзi төмендеп отыратын. Одан бiз үлкен дәрiс алдық, тәрбие алдық деп ойлаймын.

Қызылорда театрында Қалдарбек Найманбаевтың шығармасы бойынша қойылған спектакльдiң премьерасына қатыстық. Жалпы, бұл шығармашылық сапар iшiп-жеудiң емес, нағыз шығармашылықтың сапары болған едi. “Мен” деген мiнез байқалмады, “мен” деген бiр ауыз сөз айтылмады. Бәрi де “Сiздерге рахмет” деген шынайы сыпайылықтың тұрғысында өттi. Осының барлығы жаңадан елмен, жұртпен, үлкен қаламгерлермен ендi-ендi араласа бастаған бiздер үшiн зор өнеге, ұлағатты үлгi едi.

Мен бүгiнде үш бiрдей Қалағаңның – Қалдарбек Найманбаев пен Қалтай Мұхамеджанов, Қалаубек Тұрсынқұловтың қарамағында қызмет етiп, тәрбиесiн көргенiмдi ылғи мақтанышпен еске аламын.

Толымбек ӘЛIМБЕКҰЛЫ

Серіктес жаңалықтары