“БIЗ АЙТСАҚ...” БЕЛIМIЗГЕ КӨТЕРЕ АЛМАС ШОҚПАР БАЙЛАМАЙМЫЗ
“БIЗ АЙТСАҚ...” БЕЛIМIЗГЕ КӨТЕРЕ АЛМАС ШОҚПАР БАЙЛАМАЙМЫЗ
Бiрсарындылықтан жалықтық. Бәрiмiз де. Жылт еткен жаңалық, өзiмiзге беймәлiм тосындық күтетiнiмiз рас. “Хабар” агенттiгiнен кәсiби журналист Ринат Думанұлының “Әр сенбi сайын “Бiз айтсақ…” бағдарламасын көрiңiздер” деген соң, арнайы отырып, қараған едiк. Бұрынғы “Төртеу түгел болса…” бағдарламасының заңды жалғасы, өзгерiске түскен нұсқасы екен. Бағдарламаның бақылай отырып, хабар жасаушылардың бiраз ой жұмсап, тер төккенiн байқайсыз. Аталмыш бағдарламаның продюсерi әрi жүргiзушiсiн осы бағдарламаға қатысты әңгiмеге тарттық:
— Бағдарламаңыздың жарнамасы жақсы. Эфирге шығару үшiн ұзақ уақыт дайындалдыңыздар ма?
— Үш ай дайындалдық, бiрнеше концепция, бiрнеше жоба қарастырылды. Шикi болуын қаламадық, сол үшiн барымызды салдық. Тiптi, ұйықтамасақ та осы бағдарламаны қайтсек жақсы қылып шығарамыз, қайтсек ел жүрегiнен орын таба аламыз деген оймен болдық. Бағдарламаға қатысты идея да жеке бiр адамның, жеке тұлғаның ғана меншiгi емес, “Төртеу түгел болса…” бағдарламасының жұмыла кiрiскен, бiрлескен идеясы. Қазақта “Соңғы түйенiң жүгi ауыр” деген мақал бар ғой, телевизияда бұл керiсiнше, бағдарламаның алғашқысының жүгi ауыр, бiр iзге, бiр қалыпқа келтiргенше жаның да жай таппайды. Аллаға шүкiр, эфирден алғашқысы шықты, төрелiгiн көрермен айта жатар….
— “Төртеу түгел болсадан…” айырмашылығы қандай?
– “Төртеу түгел болсада” үш адам шығады ортаға. Негiзгi пiкiр-сайыс сол үш адамның, үш түрлi көзқарастың төңiрегiнде болатын. Ал, “Бiз айтсақта…” екi адамның ой таласы болады. Ортаға шығатын тұлғалар да шеттерiнен сен тұр мен атайын дейтiн танымал, бесаспап тұлғалар. Бұл бағдарламада екi түрлi көзқарас ғана емес, екi позицияның, керек десеңiз, екi тұлғаның өзара қарым-қабiлет, ой-танымының тартысы болады. Тақырыптың өзi де нақты иә немесе жоқ, дұрыс немесе бұрыс деген позицияда болады. Бiзге көрермен болып келетiн қонақтар әлдебiр университет, институттың арнайы шақырып әкеп декорация үшiн отырғызып қоятын студенттерi емес, қоғамдағы ақыл тоқтатқан, өзiндiк ой-пiкiрi қалыптасқан көзi ашық, белсендi азаматтары деп айтар едiм.
— Сiздiң ойыңызша сырт көз сарапшының рөлi ақталама?
— … Уақыт көрсетедi. Форма ретiнде тв-да болмаған құбылыс деп енгiзiп отырмыз. Телевизия деген тәжiрибе алаңы, бiрнеше уақыт өткен соң ғана ақталған-ақталмағанын айта аламыз. Жоқтан бар жасау немесе ешкiмнiң ойына келмеген тың идеяларды жүзеге асыру арқылы бағдарлама сапасын арттыруға болады. Бiздiң сырт көз сарапшымыз ортада өрбiп жатқан ой додасын екi ауыз сөзбен түйiндеп, соған қатысты өз тұжырымын бiлдiрiп отырады. Ол кiсiнiң ойы ортадағы пiкiр сайыстырып жатқан екi азаматтың екеуiмен де қабыспауы мүмкiн. Белгiлi саясаттанушы Сайполла Сапанов мырза телевизиядағы жаңа қызмет, жаңа мiндетiн қолға алып жатыр.
— Әдетте, бiзде бiр бағдарлама шықса, Ресей арналарынан соған ұқсас бiр бағдарламының аты аталып, көшiрмесi ғой деп жатады… Сұрақтың астарын түсiнген боларсыз?
— Бiрiншiден, әлемдiк телевизияда ұқсас бағдарлама өте көп, ол заңды да. Телеарнада жаңадан велосипед табудың қажетi жоқ. Мәселе — бағдарлама мәнiнде. Бiз бұл бағдарламаның таза өзiмiздiң өнiм деп айта алмаймыз. Ұқсаса ұқсап жататын шығар кей элементтерi. Бұрын “Төртеу түгел болса…” бағдарламасының форматындағыдай бiрде-бiр бағдарлама болған жоқ, кейiн ғой қаптап кеткенi. Сол кезде телевизияға қатысты журналистердiң бiр де бiрi бұл ерекшелiк жайлы жазған жоқ. Кiм айтқаны есiмде жоқ “Кiм ненi көргiсi келсе, соны көредi” деген екен бiр ұлы. Сол кiсi айтпақшы, ұқсастық iздеген адам ұқсастық табады, ерекшелiк iздеген адам ерекшелiк табады. Жаңа шыққан бағдарламаны да қай бағдарламадан көшiрiлген деп емес, қоғамдағы актуалды мәселелердi қаншалықты орынды көтерiп, жоғарыға жеткiзе алады, ұлттық болмасы қанық па, — сол тұрғыдан қарау керек болар. Екiншiден, көңiл көтеру бағытындағы ток-шоу жасау оңай, ал саяси ток-шоу оңай шағылатын жаңғақ емес. Оны да ескеру қажет.
— “Төртеу түгел болса…”, “Бiз айтсақ…” бағдарлама атауы неге көп нүктемен аяқталады? Әлде бұл сән бе? Ненi айта алмай жүрсiздер?
– Айтылмай жүрген мәселе шаш-етектен. Қай саланы қарамаңыз, мәселесiз бiреуi жоқ. “Айта-айта Алтайды, Жамал апай қартайды” дегендей, бiр мәселенi қаузай-қаузай елдi шаршатқымыз келмейдi, қоғамдағы бар мәселенiң барлығына ой жүгiртiп, салмақтап қарағымыз келедi. Ал, көп нүкте мәселесiне келсек… Көп нүктенiң астарында кө-ө-өп сыр жатыр. Жалпы, тыныс белгiсiнiң рөлi зор, бiз аңғара бермеймiз көп жағдайда. Жақында бiр досымнан мынандай бiр әңгiме естiдiм. Баяғыда бiр сот қылмыскер деп танылған адам ақталған соң: “Асуға болмайды босатуға!” — деп леп белгiсiн қойып, үтiр қоюды ұмытып кетiптi. Нақтысы, хатшысы ұмытып кеткен ғой. Ал, орындаушы ешнәрсе ұқпаған қалпы бiраз аңырап отырады да, бiр уақта өзi қалаған жерiне үтiр қойып, жендетке жөнелтедi. Әлгi үтiр “асуға” деген сөзден кейiн қойылыпты. Сөйтiп, кiнәсiз адам бiр үтiрдiң кесiрiнен ана дүниеге аттанып кетiптi.
Бiздiң бағдарлама атауының соңғы жағында тұрған көп нүктенiң де түсiне бiлгенге айтар сөзi аз емес.
— Кей бағдарламалардың басы жақсы басталғанымен, соңғы жағы сиырқұйымшақтанып кетiп жатады. “Бiз айтсақ….” бұндай дерттен ада болады деп көрермен қауымды сендiре аласыз ба?
— Сенiм болмаса, үмiт болмаса, көрермен алдындағы, халық алдындағы мақсат болмаса, бұндай бағдарлама ашуға бел бумас едiк. “Көтере алмас шоқпарды белiңе байлама” дейдi ғой атам қазақ. Азамат ретiнде өз-өзiмiзге сене алмасақ, азаматтығымызға сын ғой.
— Рахмет! Шығармашылықтарыңыз өрлей берсiн!
Шаттық ӘБЕН