БЮДЖЕТ ҚАЙТА БЕКIТIЛЕДI

БЮДЖЕТ ҚАЙТА БЕКIТIЛЕДI

БЮДЖЕТ ҚАЙТА БЕКIТIЛЕДI
ашық дереккөзі
279

2009 жылға арналған бюджеттiң “көйлегiн” билiк бүгiн қайта “пiшпек”. “Қаржылық дағдарысты қайта жаңғыруға тиiмдi пайдалана бiлу керек” деп ұрандаған Үкiмет халық қазынасындағы қыруар қаржыны ысырап етпеудiң жолдарын қарастырмақшы. Жиi сан соқтыратын мемлекеттiк бақылаулар мен қадағалаулар бұл жолы да сыр бермесе игi.

Бүгiн түстен кейiн өткiзiлетiн Үкiметтiң кеңейтiлген отырысында мемлекеттiк бюджет қайта бекiтiледi. Әлемдiк қаржылық дағдарыс кезiнде халық қазынасын ысырап етпеудi әрi мемлекеттiк шығын көлемiн азайтуды көздейтiн заң жобасын билiк Мәжiлiстiң жұма күнгi талқысына ұсынбақ. “Көрпесiне қарай көсiлуге” көшкен Үкiмет биыл мемлекеттiк бюджеттен дамуға, оның iшiнде, құрылыс саласы мен жаңа нысандарды реконструкциялау, жобалық-есептiк құжаттауды дайындау, ақпараттық жүйенi құру мақсатында бөлiнуге тиiс қаражаттың 50 пайызын қысқартуға шешiм қабылдады. Бұл туралы апта басындағы үкiметтiк отырыста мәлiмдеме жасаған ҚР вице-премьерi Ербол Орынбаев iссапарлар, кәсiби бiлiктiлiктi жетiлдiру, мемлекеттiк органдар құзырындағы ғимараттар мен нысандарға күрделi жөндеу жұмыстарын жүргiзуге қатысты қаражаттың да 50 пайызға азайтылатынын жеткiздi. Есесiне, аймақтардағы азаматтарды жұмыспен қамтамасыз етуге және қайта мамандыруға бөлiнетiн қаржы көлемi 193 млрд. теңге көлемiнде. 61 мыңнан асатын әлеуметтiк жаңа жұмыс орындарын iске қосу үшiн қосымша 5,5 млрд. теңге, ал жастарды тәжiрибеден өткiзу мақсатында қосымша тағы 3,1 млрд. теңге бөлу көзделуде.

Бүгiн Үкiметке әкiмдiктер тарапынан ұсыныстар келiп түсуi тиiс, осыған орай қаражатты бөлiске салатын үкiметтiк комиссия талап етiлген қаражаттың қаншалықты қажеттi әрi шындыққа жанасымды екендiгiн сарапқа салмақ. Үкiметтiң қаулысы арқылы бағытталатын қаржы қатаң қадағалауда болуы тиiс. Әйтпесе, мемлекеттiк бюджеттi “батпанқұйрық” көретiн кейбiр шенеунiктiң “тәбетi” қаржылық дағдарыстың ауанына қарай төңкерiлмейтiнi анық. Өкiнiштiсi сол, қағаз жүзiнде кез келген қиындыққа сақадай сай отыратын билiк халық алдында берген уәдесiн iске асыруға онша құлшына бермейдi. Сондықтан Үкiмет дүниежүзiлiк экономиканы тығырыққа тiреген әлемдiк қаражат тапшылығынан Қазақ қоғамы да зардап шекпес үшiн халық қазынасындағы қаржының жiтi бақылауда болуын жан-жақты қарастырса жақсы.

Қаржылық дағдарыстың алдын алу мақсатында Ұлттық қордан бөлiнген миллиардтаған қаржыда банктер мен шағын және орта кәсiпкерлiк өкiлдерiнiң де үлесi бар. Жылдың алғашқы тоқсаны аяқталуға жақын қалса да, аталған қаржылай көмектi алуда банктер мен кәсiпкерлер кедергiлерге тап болуда. Мұны премьердiң өзi де жасырмайды. Үкiметтiк кеңесте Мәсiмов несиенiң кешiктiрiлуiн Халыққа қызмет көрсету орталықтарындағы келеңсiздiктердiң кесiрiнен көрдi. Әлбетте, әдiлеттiлiктi қадағалайтын министрлiктiң басшысы Балиева ХҚО-лардағы қолдан жасалынатын кедергiлердi жоюға қатысты премьерден тапсырма алды. Ал вице-премьерлiкке күнi кеше тағайындалған Серiк Ахметовке шағын және орта кәсiпкерлiк пен коммуналдық-тұрғын үй шаруашылығының жұмыстарын жақсартуға пәрмен бердi. “Қазiр барлығы да қарқынға байланысты. Алдағы екi аптада қаншалықты жедел қимылдасақ, Президенттiң тапсырмасын орындау да соншалықты тез жүзеге асырылмақ” деген Мәсiмовтiң сөзiне бас иземеске шараң жоқ. Бiрақ қаржылық дағдарыс басталғалы берi Үкiметтiң арқа-басты кеңге салған жайбасарлығын ескерсек, билiктiң екi аптада белсене қояры күмәндi. Оған мысал жеткiлiктi: Ұлттық қордан бөлiнген қаражаттың халыққа әлi күнге жетпеуi, жұмыссыздықпен күрес мәселесiнiң әлi де жүйелi түрде жолға қойылмауы, билiктiң инфляцияны ауыздықтауға қатысты қабылдап жатқан шараларының пәрменсiздiгi, заңды белшеден басқан монополоистердiң халықтың онсыз да тесiк қалтасына қайта-қайта қол жүгiртуi… Қазақстанның Ұлттық тұтынушылар лигасының президентi Светлана Савченко коммуналдық төлемдердiң екi есеге қымбаттағанын, әуе, темiр жол тасымалында да бағаның бiрнеше есеге өскенiн, отандық тұтынушылардың құқықтары аяққа тапталып жатқанын көлденең тартады. Ал бiздiң билiк көпшiлiктi қымбатшылықпен күрестiң мемлекет тарапынан “ойдағыдай жүргiзiлiп жатқанына” сендiргiсi келедi.

Айтпақшы, жуырда қаржылық дағдарыстың қаражатты үнемдеудi талап ететiнiн айтқан Президент қарамағындағы қызметкерлерге. “қақпаларыңнан шығатын әр көлiктiң қай ақшаға, қандай жолмен келгенiн дәлелдеп бересiңдер” деген болатын. Аулаларының “iшек-қарнын” ақтарып, барлық көлiгiн көпшiлiк назарына ұсынған шенеунiктi көрмедiк. Әлбетте, “шетелдiк көлiктен – отандық көлiкке” деген жалаң ұраннан арыға аса алмай жүрген шенеунiктер көп. Олардың “жыры” – бiр бөлек.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары