Қарағанды қаласында техногендік сипаттағы төтенше жағдай режимі жарияланды. Тиісті қаулыға қала әкімі Мейрам Қожықов қол қойды, деп хабарлайды turkystan.kz.
«Қарағанды қаласының аумағында жергілікті ауқымдағы техногендік сипаттағы төтенше жағдай жариялансын», – делінген құжатта.
ТЖ-ны жою жөніндегі басшы болып Қарағанды қаласы әкімінің орынбасары Рүстем Қожақапанов тағайындалды.
Қарағанды әкімдігінің мәліметінше, төтенше жағдай режимі Федоров су қоймасының маңынан өтетін № 10 кәріз коллекторының учаскесін шұғыл ауыстыру жұмыстарын жүргізу үшін енгізілді. Бұл апаттың алдын алу, материалдарды жедел сатып алу және ұзақ келісімдерсіз құрылыс жұмыстарын бастауға мүмкіндік береді.
«Коллектордың бір бөлігі саяжай аумағының астынан өтеді. Сол жерде ақаулы учаске анықталды. Жарылу мен су басудың алдын алу үшін саяжайларды айналып өтетін обводной желі салу туралы шешім қабылданды. Бұл жеке меншік учаскелерге тимей-ақ жөндеу жүргізуге және кәріз жүйесінің сенімділігін арттыруға мүмкіндік береді», – делінген хабарламада.
«Қарағанды су» ЖШС дерегінше, № 145 және № 169 құдықтарының арасына 3,2 шақырым құбыр ауыстырылады.
«Кәдімгі жағдайда коллектор тұрақты жұмыс істейді, бірақ жаңбыр немесе тасқын кезінде апат қаупі артады. Қазіргі уақытта жүйе штаттық режимде жұмыс істеп тұр, ешқандай опырылу немесе төгілу жағдайы тіркелген жоқ», – делінген хабарламада.