Қоғамдық кеңестердің парламенттік реформаларға белсенді қатысуы маңызды – Аида Балаева

/
Қоғамдық кеңестердің парламенттік реформаларға белсенді қатысуы маңызды – Аида Балаева
Мәдениет және ақпарат министрлігі

Астанада XIІ Азаматтық форум аясында Қоғамдық кеңестердің IV Республикалық мәжілісі өтті. Іс-шараға Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, өңірлік және республикалық қоғамдық кеңестердің мүшелері, сарапшылар, халықаралық серіктестер мен азаматтық сектор өкілдері қатысты, деп хабарлайды turkystan.kz.

Өз сөзінде министр қоғамдық институттардың тұрақты дамып, олардың рөлінің артып келе жатқанын атап өтті.

«Қоғамдық кеңестердің тиімді жұмысы көбіне сіздердің белсенді ұстанымдарыңыз бен бастамашылдықтарыңызға байланысты. Бұл алаңда сіздер, Ұлттық құрылтай мүшелері сияқты, жергілікті деңгейде көтерілген өзекті мәселелер мен ұсыныстарды талқылауға бастамашы бола аласыздар. Бұл азаматтардың пікірін республикалық деңгейге жеткізудің тиімді жолы», – деді Аида Балаева.

Министр халықпен кері байланысты нығайту және қоғамдық кеңестер институтын заманауи үрдістерге сай жетілдіру қажеттігін айтты. Осы мақсатта ол кеңестердің жұмысында цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект мүмкіндіктерін кеңінен қолдануды ұсынды. Сонымен қатар, Аида Балаева қоғамдық кеңестердің парламенттік реформаларға белсенді қатысуының маңыздылығын ерекше атап өтті.

«Президент атап өткендей, бұл мәселе қоғамның кеңінен қатысуын, халық пікірін жан-жақты талдау мен зерделеуді қажет етеді. Сондықтан қоғамдық кеңестердің Конституция баптарына толықтырулар мен өзгерістер енгізу жөніндегі ұсыныстарды әзірлеу процесіне тікелей араласуы маңызды деп санаймын», – деді министр.

Аида Балаева қоғамдық кеңестердің жұмыс тиімділігін арттыру және қоғамдық бақылауды күшейту мақсатында кеңестердің халық алдында ашық есеп беру тәжірибесін енгізуді ұсынды. Оның айтуынша, «Қоғамдық кеңестер туралы» Заңда бекітілген ашықтық пен айқындық қағидаттары тек қағаз жүзінде емес, іс жүзінде жүзеге асуы тиіс.

Аида Балаева қоғамдық бақылаудың тек жекелеген мәселелермен шектелмеуіне де назар аудару қажетін атап өтті. Оның пікірінше, бұл бағыт Президенттің бастамалары мен ұлттық жобаларының («Заң және тәртіп», «Таза Қазақстан», «Адал азамат» және т.б.) іске асырылуын жүйелі түрде мониторингтеу мен ілгерілетуге бағытталуы тиіс. Бұл жұмысқа қоғам өкілдерін кеңінен тарту қажет.

Бүгінде Қазақстанда 263 қоғамдық кеңес құрамында 4000-нан астам белсенді азамат еңбек етуде. Соңғы үш жылда олар азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына қатысты 9000-нан астам нормативтік-құқықтық актілер жобасын қарастырған. Сондай-ақ, 2100 мемлекеттік орган басшысының есептері тыңдалып, 820 қоғамдық тыңдау ұйымдастырылған. Бұдан бөлек, әлеуметтік қорғау, жер қатынастары, денсаулық сақтау және басқа да мәс елелер бойынша 2000-нан астам азаматтың өтініштері қаралған.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары