БYЙРЕКТЕН СИРАҚ...
БYЙРЕКТЕН СИРАҚ...
Ахмет Байтұрсынов көшесiнiң бойында орналасқан Ахмет Байтұрсынов тұрған үйге студент кезiмде алғаш рет бардым. Айналасы ашық, қоршаусыз тұрған үйдiң сыртында iлiнген тақта бiрден көзге iлiнген. Алаш қайраткерлерiмен таныстығымыз ендi-ендi ғана басталып жатқан кез ғой. Алаш ардақтыларының да ақтала бастағаны сол кез едi. Қолымызға тиген азын-аулақ деректерден оқығанымыз болмаса, ол уақытта түбегейлi Алаш қайраткерлерiнiң шығармаларымен таныса қойғанымыз жоқ. Ұлт ұстазы, қазақтың ұлттық ғылымына ерекше үлес қосқан түркiтанушы, лингвист-ғалым мұражайын көру, шығармаларымен танысу – басты мақсат болды. Әрi ағаның табанының iзi қалған, қолының табы қалған жердi көру де арманымыз едi.
Мiне, сол уақыттан берi де бiрталай жыл өттi. Одан берi ол мұражайда бiрнеше рет жөндеу жұмыстарының жүргiзiлгенiн де бiлемiз. Көп жылдардан соң, халық игiлiгiне айналған әлгi мұражайға “Көпес Зубовтың үйi. ХХ ғасыр басы” деген тақтайша iлiнiп отыр. 1992 жылдан бастап, Ахаң мұражайына айналған аталмыш үйдiң аяқ астынан нелiктен “Көпес Зубовтың үйiне” айналғанына таңдандық. Бұл оқиға туралы бiрен-саран газеттерде басылып үлгергенiне қарамастан, оқиғаның мән-жайын анықтайық деп, әуелi аталмыш мұражайдың директоры Райхан Сахыбекқызымен тiлдескен едiк.
Райхан Сахыбекқызының айтуына қарағанда, бұл оқиға 14 ақпан күнi басталыпты. “Әрқайсымыз жұмысымызды бiтiрiп, үйге қайттық. Үйге кiргенiм сол едi, сағат жетiнiң кезiнде қарауыл телефон соғады. Бiреулер келiп, “Мәдениет басқармасының тапсырмасымен келдiк, мынадай тақта iлуiмiз керек” деп жатыр дедi. “Қандай тақта?” десем, “Мәдени мұраға” байланысты деп айтқан да, мәтiндi айтпаған. “Мәтiндi көрмей, iлдiрмеңдер” дедiм. Содан қарауыл мәтiндi көрсе, онда “Көпес Зубовтың үйi. ХХ ғасырдың басы” деп жазылып тұр екен. Қарауыл қайта телефон шалды. “Iлуге келген адамды телефонға шақыр” деп едiм, бiреуi келiп сөйлестi. Ол кiсiнiң аты-жөнiн бiлмедiм. Тек айтқаным, “қазiр қайта келем, сiздер iлушi болмаңыздар” дедiм. Бiз келемiз дегенше, “Ахмет Байтұрсынов мұражайы” деген тақтаның астына, одан бiр жарым есе үлкен, көкпен қанық жазылған “Көпес Зубовтың үйi. ХХ ғасырдың басы” деген тақтайшаны iлiп кетiптi. Сосын оны алып тастадым. Бұл бiздiң ашуымызды тудырды. Ахмет Байтұрсыновтың мұражайының ашылғанына – 16 жыл болады биыл. 16 жылдан берi жұмыс iстеп тұрған музейге келiп, кесе-көлденең басқанда, Ахмет Байтұрсыновтың ар-ұжданынан қорықпағаны ғой. Осы оймен бiз қарсы шықтық. Бiз болғанда, шағын ғана ұжымбыз ғой. Бiрақ артын ушықтырғымыз келмей, мәдениет басқармасына өзiмiз хабарластық. Әуелде анық-қанығын бiлемiз дегендей әңгiме айтылған. Кейiннен хат келiп тұр. Онда “бiз бұл тақтайшаны iлуге мiндеттiмiз. “Мәдени мұра” бағдарламасы аясында, тарихи ескерткiштердiң қатарында осы үй де бар. Ол Көпес Зубовтың үйi деп тiркелген. Сондықтан, бұл тақтайшаны iлемiз” дедi. Сосын 1992 жылы шыққан 413-қаулыға, яғни қала әкiмiнiң шешiмiне сiлтеме жасапты. Ол шешiм бiзде де бар. Осы мұражай ашылғалы берi, Ахаң мұрасы түбегейлi зерттелiп келе жатқандықтан, мұндай дүниенiң бәрi осында жинақталады. Сол құжатты көтерiп қарасақ, ол жерде ешқандай көпес Зубовтың үйi деген сөз атымен жоқ. Бiзде сол құжатқа қайтадан сiлтеме жасай отырып, 18 ақпан күнi мәдениет басқармасына Қуаныш Орынбасаров деген мырзаға қайта хат жолдадық. Ол кiсi жауап жазды. Ахмет Байтұрсынов 1988 жылы ақталғаннан кейiн, Ахаңның қызы Шолпан апай, Мiржақып Дулатовтың қызы Гүлнәр апай, Данабике Байқадамова апайлардың көрсетуiмен, осы үйде Ахаңның тұрғанын анықтағаннан кейiн барып, қолға алынған болатын. Бұл шара ғана емес, бұл үкiмет тарапынан бекiтiлiп, үкiметтiң қаулысымен ұйымдастырылған музей. Осыдан төрт жыл бұрын да осыған ұқсас оқиға өрiс алған едi. Ол кезде Иманғали Тасмағамбетовтың араласуымен тынышталған едi. Ендi төрт жылдан кейiн, қайта көтерiлiп отыр. Қазақ халқының қалыптасуы үшiн жұмыс жасаған Ахмет Байтұрсыновты ұлықтағанымыз дұрыс па, әлде көпес Зубовты ұлықтағанымыз дұрыс па? Өздерi де таразыға салып қараса, түсiнер едi. Ал ендi Зубовтың қайдан шыққаны туралы бiлгiмiз келiп, ақпарат жинап көрiп едiк, таба алмадық. Мұражай маңында орналасқан Никольский шiркеуiнiң маңын бұрын Зубовский алаңы деп атаған екен. Егер тақтайшаларын iлгiсi келсе, сол алаңға iле берсiн. Жалпы, Ахаң бiздiң мадақтауымызға зәру де емес. Ол өзiнiң еңбектерiмен-ақ өзiне ескерткiш қойып кеткен тұлға. Олар қаласын, қаламасын, басы ашық нәрсе”, – дейдi.
Бұл үйдi музейге айналдыруға қатысы болған жандардың бiрi ғалым Аманқос Мектептегi болатын. Ол кiсi де бұл оқиғадан хабардар екен. Аманқос ағадан:
– Шын мәнiнде, бұл үйдiң көпес Зубовтың үйi болғандығы рас па? – деп сұрадық.
– Мен мұны бiлмедiм. Әлi көрген де жоқпын, шынымды айтсам. Бұл үйге байланысты өзiмнiң көргенiмдi, бiлгенiмдi айтайын. Ахаң ақталғаннан кейiн, ол кiсiге қатысты не бар, не жоқ, соның бәрiн iздей бастадық қой. Ол кезде ғылыми қызметкер болып жұмыс iстеймiн. Ол кiсiнi ақтауға байланысты арнайы комиссия құрылды. Жан жақтан материалдар жинақтала бастады. Мәскеу мен Ленинградқа, Уфаға бару қажет болды. Ол үшiн араб графикасын бiлетiн адам қажет болды. Соның сәтiн салып, “Айқап” журналын кезiнде зерттеп, кандидаттық қорғайын деп жүргенiмде, ол болмай қалды. 1986 жылғы оқиғаға байланысты қорғатпай тастаған едi. Содан маған Мәскеуге барудың сәтi түстi. Мәскеуге барған сапарымда көп материал жинадым. Келген соң, әлгi материалдарымды жинақтап жүрiп, осы қалада Ахаңның қызы Шолпан апай тұрады дегендi естiп, ол кiсiге барып жолықтым. Содан Шолпан апаймен араласып кеттiм. Ахаң қудаланып жүргенде, ол кiсiнiң үйiн күреп жiберген ғой. Ахаңның мұражайы болса деген арман болды да, апайдан осы жөнiнде сұрап көрiп едiм, ол кiсi осы үйдi айтты. Осында екi-үш жыл тұрған екен. Содан апай екеумiз әлгi үйге бардық. Үй деген ырым-жырым. Сегiз отбасы тұрады екен. Азып-тозып кеткен адамдар, үй де күтiмсiз, адамдар да күтiмсiз. Ол кiсiлер: “Егер бұл үйдi мұражайға айналдырса, бiзге үй бере ме?” деп сұрады. Үкiмет қараусыз қалдырмас дегендi айттық. “Алматы ақшамының” қазақ тiлiнде шыққан тұңғыш санына Ғарифолла Әнес екеумiз “Алматыда бiр үй бар” деген мақала жазып жiбердiк. Ахаңның сол үйде тұрғандығын, сол үйде табанының iзi, қолының таңбасы қалғандығын, аурасы қалғандығын, сол көшеде Ахаңның ары-берi жүргендiгiн айтып, мақала жазған едiк. Әрi ол үй орналасқан көше “Космонавт” деп аталатын. Осы үйдi музейге айналдырып, көшенi Ахаң атына беру керек деген мәселенi қарастырдық. Сол жылдары жастардың рухы да мықты болатын. Барлығы бұл ұсынысымызды көтерiп әкеттi. Сөйтiп, Ахаңның рухы қалада шалқып жүрдi десек, артық айтпағандық болар едi.
– Сонша жылдан кейiн мұндай шешiм шығару не үшiн қажет болды?
– Оны әлi барып көрген жоқпын. Бiрақ, бұл шынын айтқанда рейдерлiк деп ойлаймын. Ахаң көсем ретiнде әлi өзiнiң деңгейiне көтерiлген жоқ. Егер құрмет шын мәнiнде дұрыс болатын болса, алтыннан ескерткiш қоятын едiк қой. Егер сол заманда Ахаңдар болмаса, мал бағып жүрген қазақты империя бейробот жасағысы келген жоқ па едi. Мәдени өркендеуiмiз керек деп, 96 пайыз қазақ сауатсыз болса, соның бәрiн сауаттандыруға себепкер болған сол кiсiлер емес пе? Олардың әрбiр мақаласы қанша қазақты көтердi. Мiне, сөйткен Ахаңдарды әлi күнге дейiн дұрыс көтермей отырмыз. Бiздiң рухани мұрамызға айналдырар едiк. Ол жердiң өзiн айналасын әлi де болса баққа айналдырып, Ахаңның алаңына айналдырып, Ахаңның рухы сол жердi жандандырып жiберер едi. Ахаң мың жылда бiр рет туатын тұлға. Бүкiл қазақтың мақтан тұтар тұлғасын осындай күйге ұшырату өзiмiзден де бар. Ахаң салған жоқ деп, соны бiлетiн бiреу ұйымдастырған шығар. Меншiк дегендi бiледi ғой. Бiреудiң меншiгi деген шығар. Солай жасап, тартып алайық дегенде ой жатқан шығар. Бiрақ, ол көпес болса, ол патша үкiметiнде өмiр сүрдi. Патша өкiметi құлап, Алашорда деген үкiмет орнады. Аты-жөнi де белгiсiз дегендi газеттен оқып калдым, оның бәрiн тексеру керек. Үй болғаннан кейiн, ол бiреудiң мұрасы ғой, Алашорда болды, одан кейiн кеңес үкiметi келдi, сосын тәуелсiздiк алдық. Басқа адамдар тұрды ғой. Алдында бiз барған кезде сегiз отбасы тұрды дедiк қой, солар тұра бергенде ол үйдiң не боларын кiм бiлсiн, мүмкiн өртенiп кеткен болар едi. Себебi, құлағалы тұрған болатын сол кезде. Одан берi екi рет жөндеу жұмыстары жүрдi. Қазақ болатын болса, оны көпеске де, басқаға да беруге болмайды. Егер қатты қажет десе, көпестiң аты тұрсын, расталынса. Бiрақ, ол жерде Ахаңның тұрғандығы туралы тақтайша iлiну керек. Барлығын заңды түрде жасау керек. Ахаң сияқты тұлғаны жетiмсiретуге болмайды.
P.S. Алматы қалалық мәдениет басқармасының 24-ақпандағы хаты қолымызға тидi. Онда Басқарма бастығының мiндетiн атқарушы Қуаныш Орынбасаровтың қолы қойылып: “Тарихи ғимараттағы “Көпес Зубовтың үйi. ХХ ғасыр басы ҚР-ның Мемлекет қорғауында” деген тақтайша Алматы қаласының сәулет-құрылыс саласында ерекше орын алатын тарихи сәулет ескерткiшi ретiнде заңды түрде арнайы шешiм негiзiнде iлiнген.
Сiздердiң ұсыныстарыңыздағы “Ахмет Байтұрсынұлының мұражай үйi” деген деректердi тақтайшаға қосу мәселесi бойынша басқармада жұмыс жүргiзiлетiндiгiн хабарлайды” делiнген.
Осыған орай, қалалық Мәдениет басқармасына телефон шалып едiк, ондағылар бұл мәселенiң жақын арада шешiлетiндiгiн жеткiздi. Тарихшыларды жинап, мәселенiң анық-қанығын зерттегелi жатыр екен. Бұл оқиға немен бiтедi, қалай аяқталады, оны алдағы нөмiрлерiмiзде жазатын боламыз.
Гүлзина Бектасова