“...СҰРАУЫ БАР СУДЫҢ ДА”

“...СҰРАУЫ БАР СУДЫҢ ДА”

“...СҰРАУЫ БАР СУДЫҢ ДА”
ашық дереккөзі
329

Былдыр әрi балтiлдi балақайдың санасына бесiктен бастап сiңiретiн осы өлең жолдары әлемдiк деңгейдегi проблемаға айналмақ. Егер тез арада су дауын шешiп алмаса, Жер шары алдағы 20 жылда су тапшылығынан туындайтын тоқырауға ұшырайды. Ал көршiлес мемлекеттердiң шекарааралық өзендер суын ысырап етуi – Қазақстан үшiн үлкен қауiп.

Су қорының тапшылығы алдағы онжылдықта инвестициялық белсендiлiктiң қарқынын айқындайтын басты құралға айналмақ. Жуырда Давостағы Дүниежүзiлiк экономикалық форумда қазiргi таңда судың мұнайға деген тұтынушылық сұраныстан жоғары екендiгi айтылды. Арнайы баяндама әзiрлеген сарапшылар қауымының пiкiрiнше, суға деген сұраныс деңгейi Жер шары халқының өсу қарқынынан асып түседi. Мәселен, 2025 жылға қарай су тапшылығының кесiрiнен әлемдiк егiс алқабының көлемi дүние жүзi қолданатын астықтың 30 пайызына дейiн қысқаратын көрiнедi. Бұл – Үндiстан мен АҚШ-та жиналатын дәндi-дақылдың жалпы көлемiне тең. Есесiне, 2050 жылға қарай азық-түлiкке деген тұтынушылық сұраныс 70-90 пайызға артпақ: “Энергия өндiру үшiн қажет су қорына деген сұраныс АҚШ-та – 165 пайызға, Еуропалық Одақта 130 пайызға өседi. Ауыл шаруашылығына керектi су көлемi күрт азайып, ауыл шаруашылығы өнiмдерiне деген сұраныс керiсiнше, тым өседi”.

“Жығылғанға – жұдырық”, судың орасан зор қоры шоғырланған мұздар да еруде. Гималай мен Тибеттен бастау алатын Жер шарының ең iрi 7 өзенi дүние жүзiнiң екi миллиардтан астам адамын сумен қамтамасыз етедi. Зерттеушiлер егер су қорына көңiл бөлiнбесе, 2100 жылға қарай мұз таулар ерiп кетедi дейдi. Қазiргi таңда ауыл шаруашылығы мен өндiрiс орындарына қажеттi суды бөлiп отырған аса үлкен 70 өзенге тартылу қаупi төнген.

Күннен күнге ушығып бара жатқан қаржылық дағдарыс Орталық Азияның негiзгi “бас ауруы” – су-энергетикалық мәселелерiн, мысалы, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстанның Шардара мен Сырдарияға тиесiлi су қорын пайдалануда ортақ мәмiлеге келе алмауы, Ертiс өзенiнiң құқықтық мәртебесi, он жылдан астам уақыт бойы пiкiрталас толас таппаған су қорын тиiмдi пайдалану т.б. екiншi кезекке ысырып тастады. Бұл мәселенi кеңiнен қаузауға әсiресе, өндiрiстiк саласы суға барынша зәру аспанасты елi мүдделi емес. Сарапшылар түйiндi мәселенiң шешiмiн табуға Шанхай ынтымақтастық ұйымына сенiм артумен келедi.

Осыдан екi жыл бұрын Пекиндегi кездесуде ҚР Президентi Н.Назарбаев пен ҚХР жетекшiсi Ху Цзиньтао шекарааралық өзендерге ортақ бақылау бөлiмшелерiн орнатуға келiскен. Мұндай бөлiмшелер туындауы мүмкiн экологиялық апаттар мен төтенше жағдайлардың алдын алуға және судың босқа ысырап болуына тыйым салуға мүмкiндiк берерi анық. Осы орайда, ҚР мен ҚХР үкiметаралық келiсiмге қол қойған. Өкiнiшке қарай, екiжақты келiсiмдi қағаз жүзiнен арыға асыра алмаған келiсiмдер соңы Қытай Қара Ертiс пен Синьцзянь-Ұйғыр автономдық ауданына қарасты Қарамай қаласын жалғастыратын жиырма екi метрлiк каналды қазды. Мұнай мен газ өндiрiсi қайнаған бұл аймақ тереңдiгi үш жүз метрге жететiн каналдың нәтижесiнде, су тапшылығынан құтылды. Есесiне, Ертiстiң төменгi жағалауындағы Қазақстан мен Ресейдiң “бас ауруы” күшейдi. Осы жобаға қарсы шыққан қазақ сарапшылары су-экологиялық тепе-теңдiктi бұзатынын, жайылымдардағы және ауыл шаруашылығы өнiмдерiне арналған алқаптардағы тоқыраушылықтың орын алатынын, мұның егiн орағының көлемiне керi әсер ететiнiн, Зайсан көлi қысқа мерзiм iшiнде тартылып қалатынын, осының кесiрiнен өндiрiстiк аймақтардағы белсендiлiк күрт қысқаратынын айтып, дабыл қақты. Тығырықтан шығар жол – Қазақстан, Ресей мен Қытай арасындағы көпжақты келiсiмдердiң бекуi. Қытайдың шекарааралық өзендер мәселесiн реттеуге қатысты басты құжат – халықаралық конвенцияны (“Шекарааралық өзендер ағысы мен халықаралық көлдердi қорғау мен қолдану жөнiндегi хельсиндiк конвенция”) қабылдамауы жағдайды ушықтырып отыр. Аталған құжат белгiлi бiр шекарааралық өзендi пайдалануда тең құқыққа ие болады, сонымен қатар олардың әрқайсысының мойнына жүктелетiн мiндеттерi айқын көрсетiледi және тараптардың барлығы өз мiндеттерiн орындауға мәжбүр. Халықаралық сарапшылар аспанасты елiнiң Хельсиндiк келiсiмдi қабылдауға құлшына қоймауы өндiрiстiк белсендiлiктi төмендетiп алуға қатысты қауiптiң әсерiнен дейдi.

Орталықазиялық аймақтағы Сырдария мен Әмудария өзендерiнiң су қорын пайдалануда да тараптар пiкiр қайшылығына жиi ұрынады. Айталық, кезiнде Қазақстан мен Өзбекстан Қырғызстаннан су-энергетикалық ресурстарын сатып алудан бас тартты. Осының салдарынан қырғыздардың су қоймаларындағы ахуал күрт нашарлап, яғни, су қоры кенеттен артып, Қазақстанның оңтүстiк аймақтарына су кету қаупi төндi. Дау барысында айырқалпақтылар да қарап қалмады, Қырғызстанға тасымалданатын жанар-жағар майға жеңiлдiктер талап еттi.

Бүгiнде күн тәртiбiне шыққан Су-энергетикалық консорциумын құру мәселесi суға қатысты туындайтын мемлекетаралық дауларды реттеуге және шешуге мүмкiндiк бермек. ЕурАзЭҚ шеңберiнде осы жобаны iске асыруға Қазақстан құлшынса да, өзге серiктес мемлекеттер мүдделi емес. Өзбектердiң ЕурАзЭҚ құрамынан шығатыны туралы мәлiмдемесi де консорциум құруға деген талпыныстың күл-паршасын шығарған. Есесiне, кейбiр мәлiметтер бойынша, су тапшылығы күннен күнге артып келе жатқан Қазақстандағы су қоры соңғы 50 жылда 20 млрд. текше метрге дейiн азайған. Шешiмiн таппай келе жатқан су дауы ТМД аумағы бойынша су қоры сарқылып бара жатқан мемлекеттердiң қатарына сырғыған Қазақ елiне қиын тиюде. Қытайдың шекарааралық өзендер жағалауын шетi мен шегi көрiнбейтiн егiс алқаптарына айналдыра бастауы – елiмiз үшiн үлкен қауiп. Мысалы, қытайлар Iле өзенiнiң жағасындағы 400 гектар алқапты келешекте 600 гектарға дейiн ұлғайтуды жоспарлап отыр. Оның үстiне, шекарааралық өзендер суының сапасы туралы ақпараттар алмасу мәселесi де қанша жылдан берi кейiнге ысырылып келедi. Кенезесi кепкен Арал теңiзiндегi су қорын көбейту, сақтау және тиiмдi пайдалануға қатысты орталықазиялық 5 мемлекет арасында келiсiмдер де жасалмады. Халықаралық және отандық сарапшылар қауымы шекарааралық өзендер суын халықаралық құқық пен өзара ынтымақтастық қағидаларына сүйене отырып, пайдалану мәселесiн орталықазиялық мемлекеттер тез арада шешiп алмаса, су дауы қоздайтынын ескертедi.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары