КIМ КIНӘЛI?

КIМ КIНӘЛI?

КIМ КIНӘЛI?
ашық дереккөзі
267

Ақхалаттылар антына адал емес

Өткенде газет ақтарып отырып, бiр оқырманның хатын көзiм шалды. Тақырыбы “мен мұндалап” тұрғандықтан да шолып қана өтпей, шұқшиып оқуыма тура келдi. “Бала туу 100 доллар тұрады …” деп аталған шағын ғана сыр-хаттың астарына үңiлсем, шарасыз ана №4 перзентханадағы былық-шылықтың басын қылтитыпты. Ол өзiнiң “бастан кешкендерiн” көзбе-көз, сөзбе-сөз жеткiзе келе, акушер-дәрiгердiң қиналған сәтте көмек бермегенiн, ең сорақысы, өзi де қамкөңiл анадан ақша дәметкен дәрiгердiң шарана-нәрестенiң жарық дүниеге келер кезде акушерлiк мiндетiн атқарудан бас тартқанын ашына айтыпты. Тiптi, перзентханадан шығып бара жатқан тұста да “тым болмаса, екi-үш мың теңге тастап кетсейшi” деген ақ халаттының жиiркенiштi сөзi дәрiгерге деген сенiмсiздiктi үдете түскен. Негiзгi кейiпкердiң атын шырамытып та келтiрмеген ананың хатынан құдды екiншi мәрте перзентхана есiгiн ашқысы келмейтiндей кесiмдi шешiм жатқаны аңғарылатын сияқты.

Дәрiгер қауымына нелiктен қара күйе жағылып жүр? Олар өмiр мен өлiм арасында арпалысқан дәрменсiз жандарға неге қолұшын беруден қашады? Бұл мiндет олардың әу бастан берген гиппократтық антына жатпаушы ма едi?! Әрине, дәл осылай десек те, дәрiгерлердiң iшiнен “көпке топырақ шашуға болмайды ғой” дейтiндерi табылып жатады. Әйтсе де, бұл әңгiменiң ащы да болса шындығы…

Мысалды алыстан iздемей-ақ қояйын. Жақында көршiлес тұратын екiқабат келiншектiң аяқ астынан iшi ауырып, екi бүктетiлiп жүре алмай қалды. Сол екi арада қан кетiп, түсiк тастаудың алғышарттары бiлiне бастады. Ары-берi шарқ ұрып, жанын шүберекке түйген ол №1 перзентханаға барса, дәрiгерлер “мынау адам-ау…” деп көзiнiң қырын да салғаны былай тұрсын, қабылдамай қойыпты. Сондағы таққан сылтауы – “қалада тiркелген құжатың жоқ”. Бар пәленiң ақшаға тiрелiп тұрғанын сезген келiншек өзiнiң қауқарсыздығына налыды. Ендi не iстейдi? Өздерi болса, пәтер жалдап, күнделiктi нәпақасын анау-мынау қара жұмыстан ғана айырып жүр. Арыстанның аранындай ашылған дәрiгер-гинекологтың тәбетiн қанағаттандырмаса, дертiнiң асқынып кететiн түрi барын да ескердi. Содан не керек, туған-туыстарынан он мың теңгедей “жылу” жинап әкеп бергенде ғана әлгi парақордың екi қолы мен екi аяғы жыбырлап, бет-жүзi нұрланып кетiптi. Мiне, өзi де iштегi шаранасын сақтап, қорғай алмаған күйiнген ана ақыр соңында шетiнеген баласын ақшаның күшiмен ғана алдыруға мәжбүр болды.

Осы әңгiменi әлгi келiншектiң аузынан естiгенде қандай қоғамда өмiр сүрiп жатырмыз деп жағамды ұстадым. “Әттең, маған айтпадың ба?” деп қоямын жемқорлықты жеңе алатындай күшке мiнiп. Не деген сұмдық? Егер де саудаласып тұрған шақта, өзi де түсiк тастап қойған келiншектiң қаны мөлшерден тыс кетiп қалса, не болады? Кейде мұндай оқиғаның аяғы қайғылы жағдайға соқтырып жатады. Сонда не, қалтасына көз құрты – ақшаны салмаса, байғұс әйел көз алдында жер құша беруi керек пе? Мейлi, ол қалада тiркеуде жоқ дейiк, бiрақ екiқабат әйелге қай жерде де тегiн көмек көрсетiлуi қажет емес пе? Оның бар жазығы – отбасымен бiрге ауылдан қалаға жұмыс iздеп келгендiгi ме? Тәйiрi, өз медицинамыз өзiмiздi өзектен тепсе де, сырттан ағылған мигранттарды құшақ жая қарсы алып жатқан жоқ па? Елiмiздiң тұралаған медицина саласы жергiлiктi тұрғындарды толық қамтамасыз ете алмай тұрып, шетелдiк мигранттарға да жедел-жәрдем көрсетуге құлшына кiрiскен. Ал қазақтың келiншегi болса, “өзiн-өзi жаттай сыйламайтын” ақ халаттылардың қас-қабағын бағып, қалтасына барын салып, тастаған түсiгiн ақшаның арқасында ғана алдыруда. Бұдан артық қорлық бар ма екен, өзi?

Жасыратыны жоқ, қазiргi кезде перзентханада баланың шетiнеу оқиғасы шамадан тыс көбейiп кеткен. Мұны тiптi, дәрiгер-мамандардың өздерi де бүгiп қалып отырған жоқ. Өйткенi, ана мен бала өлiмi ең алдымен ақ халаттылардың өз iсiне немкеттi, салғырт қарауынан орын алып жатыр. Дәл осындай оқиға Алматы қаласының iргесiндегi Алғабас ауылының тұрғыны Күнсұлу Көпесованың басынан өткен. Екi қыздан кейiн ұл туамын деген Күнсұлудың денсаулығы айы, күнi жеткенше сыр бермептi. Тек пiсiп-жетiлген толғағы түнгi сағат бiр жарым шамасында мазалаған соң, дереу жедел-жәрдем шақырады. Бiрақ жедел-жәрдем көлiгi шақырған уақытта келмегендiктен, такси ұстап, үйiне жақын Қалқаман ықшамауданындағы №1 перзентханаға барады. Алайда, “тiркеу бойынша 5-шi перзентханада босануың тиiс” деген сылтау таққан ақ халаттылар толғақпен келген ананы қабылдаудан бас тартып, есiктi ашпай қойыпты. Сағат түнгi 2 шамасында барған оларды сағат 3 жарымға дейiн далада тостырып қойған. Дәрiгерлердiң адам өмiрiне қауiптi кезеңде қолұшын бермегенiне күйiнген Күнсұлудың әпкесi Райхан Әлiмбековамен тiлдескенiмiзде: “Негiзi қолында картасы бар, толғатып тұрған екiқабат әйелдi кез келген перзентхана қабылдауы керек. Дәрiгер қандай жағдай болмасын, алғашқы көмек көрсетуi тиiс. Күйеу балам ашуланып, есiктi ұрғаннан кейiн ғана сiңлiмдi iшке енгiзiптi. Ол кезде суы кетiп қалыпты. “Өзiң туып ал” дептi де, төсекке жатқыза салыпты. Сiңлiм: “Бiр талып, бiр есiмдi жиып жатқанда iшiмнен басып туғызды да, “балаң өлiп қалған” деп анадай жерге тастай салды деп жылады. Ол былай тұрсын, одан кейiн сiңлiмдi тазаламапты да. Таңертеңгiсiн барсам, кiшкентай ғана жаялықтың үстiнде жалаңаш күйi жатыр. Ал нәрестенi моргке жiберiптi” дейдi. Райхан апай “Бойы 56 см, салмағы 3 келi 800 грамм сәби еш себепсiз шетiнеп кеттi. Бар кiнә – тез арада босандырмағандықтан, суының кетiп қалуында жатыр. Егер бала iште өлiп қалса, алдын-ала сездiредi, тым болмағанда iшi ауырар едi ғой. Оның үстiне iште өлiп қалған балада ешқашан толғақ болмайды. Бар болғаны тұншығып қалған. Тiптi, аппарат арқылы аман алып қалуға болар едi. Мен дәрiгер емеспiн, бiрақ анамын, өмiрге бала әкелдiм. Бiр сорақысы, сол күнi осы перзентханада 8 бала шетiнептi” дегендi ашына айтқан ол әрi қарай: “Содан моргке баланы алуға барсақ, төбесiн ойып тастапты. Iшкi құрылысының бәрi жоқ. Әп-әдемi етiп мұзға қатырып қойған. Үйге әкеп, жерлегенше ерiп, қаны ағып кеттi. Прокуратураға арыз жазам деп едiм, сiңлiм жылап-сықтаған соң өзiмдi әрең тежедiм. Жасырып жабатын ештеңе жоқ, дәрiгерлер ақша бермесең, өлiм үстiнде жатсаң да қарамайды” деп жанына батқан жарасын жеткiздi. Райхан апайдың айтуынша, сол күнгi гинеколог-дәрiгер Ақбота жұмыстан босатылыпты. Алайда, бұл жағдай екiншi бiр ақ халаттыға сабақ болып жатса жарар едi. Өкiнiшке қарай, бiз мәселенiң анығына жету үшiн №1 перзентханаға хабарласқанымызда, олар “департаменттен рұқсат болмаса, сұхбат беруге болмайды” деп бас тартты.

Ресми мәлiмет бойынша, Алматы қаласында есiгiмiзден 2009 жыл аттағалы берi 3 әйел көз жұмып, 27 сәби шетiнеген. Оның iшiнде салмағы екi жарым келiден асатын, яғни, толық өсiп-жетiлген нәрестелер де бар. Ал Алматы облысында 2008 жылдың 12 айында жаңа туған 551 нәресте шетiнеген (2007 жыл бұл 330 нәресте едi). Қаратал ауданында нәресте өлiмiн жасыру фактiсi тiркелген. Денсаулық сақтау министрлiгiнiң жауапты хатшысы Болат Садықовтың айтуынша, 2009 жылдың 2 айында Алматы облысы бойынша 50 жаңа туған нәресте шетiнеп үлгерiптi. Не деген масқара? Осыны бiле тұра, дәрiгерлердiң: “Ана мен бала өлiмiне басты себеп – әлеуметтiк жағдайдың төмендiгi мен адамдардың денсаулығына салғырт қарауы” дегендi айтудан алдына жан салмайтындығы тiптен қызық. Құдайға шүкiр, қазiр бала туу көрсеткiшi ұлғайғанмен, перзентханаларда орын жетiспеуде. Мәселенiң бұл жағына алаңдаушылық бiлдiрмейтiн министрлiк аналар өлiмiнiң көрсеткiшi 34 пайызға төмендедi десе де, бiр жасқа дейiнгi сәбилердiң шетiнеуi Оңтүстiк Қазақстан, Қызылорда, Жамбыл және Павлодар облыстарында жиi тiркелiп отыр. Тағы бiр дерек көздерi елiмiз ана өлiмi жөнiнен үшiншi, ал нәрестенiң шетiнеуiнен екiншi орында екендiгiн айғақтайды. Дәлiрегiнде, Қазақстанда жыл сайын жүктiлiк пен босанудан 100-ден астам әйел қайтыс болады. Соңғы 7 жыл iшiнде бұл көрсеткiш еш төмендемеген. Мамандардың пiкiрiне қарағанда, былтыр қайтыс болған аналардың 64 пайызы акушерлiк көмектiң дұрыс көрсетiлмеуiнен болса, шетiнеген сәбилердiң 34 пайызы педиатрлық көмектiң кешiгiп, дер уақытында жасалмауынан болған. Осының себебiн түбегейлi зерттеу үшiн Денсаулық сақтау министрлiгi үстiмiздегi жылдан бастап құпия аудит енгiзiп отыр. Бұл шара сауалнаманы анонимдiк түрде толтыру жолымен жүзеге асады. Оған ананы босандыруға қатысқан барлық дәрiгер-акушерлер, медбикелер және ананың туған-туыстары жауап бередi екен. “Статистикаға сәйкес, Еуропаның экономикалық дамыған елдерiнде 100 мың баланы дүниеге әкелген аналардың 10-ны ғана қайтыс болады. Ал, Орталық Азия елдерiнде бұл көрсеткiш 10 есе жоғары. Айта кетерлiгi сол, құпия аудиттiң нәтижесiнде ешқандай азаматтар жауапқа тартылмайды. Тек ана өлiмiнiң нақты себебiн анықтап, оны жою жолы қарастырылмақ. Қысқасы, денсаулық сақтау саласына мемлекеттен бөлiнген қаржы 2004 жылмен салыстырғанда 4 есеге артса да, “баяғы жартас сол жартас”.

Айтпақшы, көршi Ресей медицинасының таңқалдырғаны соншалық, жетiлмеген, салмағы 500 грамм сәбидi де аман алып қалып, адам қылуға өз көмегiн тигiзiп жатқанға ұқсайды. Соған қарағанда, ана мен бала денсаулығына аса көңiл бөлу үшiн әуелi көзделген қаражаттың дiттеген жерiне жетуiн қадағалау тиiс сияқты. Денсаулық сақтау министрi Ж.Досқалиевтiң сөзiне сенсек, биылғы жыл — салауатты өмiр салтын насихаттауға арналмақ. 2009 жыл — Елбасының, Үкiметтiң сын-ескертпесi мен жүктеген мiндеттерiн жүзеге асыратын және отандық медицинаны iлгерi дамытатын жыл болмақ. Егер өзi де тоқыраудың аз-ақ алдында тұрған медицинамызға дәл қазiр сiлкiнiс жасамасақ, бiр қолымен бесiктi, бiр қолымен әлемдi тербеген ананың амандығына, баланың бақытты болуына кепiлдiк бере алмайтын түрiмiз бар. Бәрiнен де осы жағын ойлайықшы…

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары