“ҚЫСЫЛА-ҚЫСЫЛА ҚЫЗ БОЛҒАН” АЛТЫНБЕК
“ҚЫСЫЛА-ҚЫСЫЛА ҚЫЗ БОЛҒАН” АЛТЫНБЕК
“Қысыла-қысыла қыз болдық” дейтiн Сәкен Жүнiсовтың пьесасы естерiңiзде болар. Есте болса, сол пьеса ендi спектакльге айналды. Көрермен қауымға “Шаншар” театрымен белгiлi болған Уәлибек Әбдiрайымов бастаған топ өткен аптаның жексенбiсiнде Ғабит Мүсiрепов атындағы Жастар және балалар театрының сахнасында “Ауылым әнiм” атты спектакльдiң тұсауын кестi.
Осыдан бiрер жыл бұрын Оңтүстiк Қазақстан облысында “Облыстық әзiл-сықақ және сатира театры” құрылған болатын. “Ауылым әнiм” осы театрдың алғашқы жемiстерiнiң бiрi. Оңтүстiктегi жұртшылық үшiн әзiл-сықаққа толы дүниелердi ұсынып та үлгерген шығар, ал, аталмыш театрдың оңтүстiк астанаға алғаш келуi.
Екi сағаттан аса көрерменiн күлкiге көмдiрiп, ауылын тағы бiр рет еске салдырған спектакльдiң де түпкi мақсаты – ауыл мәдениетiнiң бүгiнгi жай-күйiн, болмысын ащы сарказм арқылы болса да, жұртшылыққа көрсету болған сияқты. Нарық басталып, ел-жұрттың бәрi ала дорба арқалап, базар кезiп кеткен шақта, ауылдағы мәдениет үйлерiнiң көбi қаңырап бос қалып, мал қораға айналып кеткенiн де бiлемiз. Есiк-терезелерiнен айрылып, төрт қаңқасы қалған үйлерге мал паналамағанда, не етсiн?! Кiтапханасынан бiр, мәдениет үйiнен екi айрылған ауыл тұрғындары мәдениеттiң не екенiнен де хабарсыз қалды. Мәдениет үйi болмаған соң, театр туралы не әңгiме айтарсың?
Ауылдағы мәдениеттi көтеремiз деп құрылған ансамбльде кiмдер жоқ дейсiң? Алты баланың анасы да, екi иығына шен таққан полицей де ансамбльдiң құрамында. Қолынан өнерi келген соң, бала-шағаны үйге тастап, ауыл мәдениетiн көркейтiп жүр. Ал, ансамбльдiң жетекшiсi, бүгiнгi тiлмен айтқанда, продюсерi Ыбырай-Жүсiптiң де түнде ұйқысынан, күндiз күлкiсiнен айырған нәрсе, қайтсем ауыл мәдениетiн көркейтем деген ой. Жарғақ құлағы жастыққа тимей, таңның атысы, күннiң батысы ансамбльдiң атын әлемге танытам деп шапқылап жүргенi. Сонау түкпiрдегi Ешкiқорадан шыққан ансамбль қалай әлемге тарайды? Осы жолда қандай шаралар атқару керек? Онымен ұйымдастырушының да, жетекшiнiң де басы қатып, дал боп жүр.
Спектакльдiң көтерген жүгi жеңiл емес. Қала кезiп, ауылдан безiп кетiп жатқандарды ауылға оралтудың қандай жолы бар? Оның жолы ауыл мәдениетiн көтеру. Сол арқылы ауылдағы ансамбльдi Астанаға әкелiп, байқауға қатыстырады. Бiрақ, астаналық музыкантқа “ансамбль тек қана қыздардан құралған” деп алдап қойған Жұмат-Нұржанның Алтынбек-Уәлибектi қыз қып киiндiрiп қойғаннан басқа амалы қалмайды. Оқиға одан ары осылай өрбидi. Қыздардан құралған топ, ақырында байқаудан жеңiп шығып, алдыңғы орынды иемденедi. Ауылда да мәдениеттiң барлығын, ауыл халқының өмiрiнiң ғажайыптарға толы екендiгiн тағы бiр рет дәлелдедi. Музыканттың ауыл қызынан жар iздеуi де көпшiлiкке ой салмай қоймайды. Ауыл құрып бiткен жоқ, ауылда да тiршiлiк бар. Мәдениеттiң негiзгi ошағы да ауылда. Ән мен жырдың мектебi де сонда.
Осы тұрғыдан келгенде, облыстық әзiл-сықақ және сатира театрының “Ауылым әнiм” спектаклi мюзиклге құрылған алғашқы шығармалардың бiрi. Әрине, әзiл сықаққа құрылған шығармалардың iшiнде мюзиклдiң жоқ екендiгiн де мойындауымыз қажет.
“Ауылым әнiмнiң” кемшiлiгi де жоқ емес. Тым шұбалаңқы. Музыканы көбiрек қолданғаннан кейiн бе, спектакль тым ұзарып кетiптi. Кейбiр әндердi қысқартып, жып-жинақы етiп шығарса, спектакльдiң ғұмыры ұзақ болары даусыз. Ал, актерлердiң ауыл кейiпкерлерiн сол қалпында, боямасыз сомдауы көптiң көңiлiнен шықты. Ауыл тұрғындарының риясыз болмысы, аңғал кейпi, аңқаулығы, сенгiштiгi, намысшылдығы, патриоттығы ерiксiз көз алдыңа елестейдi. Шек-сiлең қата күлiп отырып, жаның ауырады. Шек-сiлең қата отырып, ауылдасыңның аңғал кейпiне разы боласың. Күлдiрiп отырып, жылатады. Жылатып отырып, күлдiредi. Спектакльдiң ұтатын тұсы да осы болар, сiрә?! Спектакльдi көрiп отырып, тағы бiр рет ауылдастарыңды еске аласың, тағы бiр рет ауылыңды аңсайсың. Ауылға деген сағынышыңды оятады.
Гүлзина Бектасова