ЖЕЛТОҚСАНШЫЛАРҒА АРНАЛҒАН ЕКIНШI МОНУМЕНТ – КЕНТАУДА

ЖЕЛТОҚСАНШЫЛАРҒА АРНАЛҒАН ЕКIНШI МОНУМЕНТ – КЕНТАУДА

ЖЕЛТОҚСАНШЫЛАРҒА АРНАЛҒАН ЕКIНШI МОНУМЕНТ – КЕНТАУДА
ашық дереккөзі
410

Бiзде айтулы мереке не елiмiздiң тәуелсiз тарихында маңызы зор ұлы күндi тек сол уақыттың ағымында ғана сөз ететiн әдет қалыптасты. Одан соң ол жайындағы әңгiмелер, ол туралы мақала, хабарлар және мәдени шаралар сап тыйылады. Бұл жәйт әсiресе, тәуелсiздiкке даңғыл жол ашып берген Желтоқсан көтерiлiсiне қатысты. Әйтсе де, батыр әрi өжет қазақ жастарының ерлiгiн жоғары жақтағылар келешек ұрпаққа үлгi етерлiктей етiп насихаттамаса да, туған жерi мен туған халқы әрқашан ақ киiзге салып, хан көтерiп келедi.

Желтоқсан көтерiлiсiнде қаншама боздақ қыршынынан қиылды. Әлi күнге дейiн өз жарасын жасырып, iшiнде сақтап жүрген желтоқсандықтар елiмiздiң түкпiр-түкпiрiнде өмiр сүрiп жатыр. Олардың саны қанша? Әлеуметтiк жағдайлары қандай? Сол көтерiлiсте үстем ұлттың езгiсiне езiлiп, табанының астында жаншылса да, отқа жанбай, суға батпай арпалысқан қазақтың өрiмдей ұл-қыздары соның зардабын қазiр тартып жүрген жоқ па?

Былтыр Тәуелсiздiк мерекесi жәй қатардағы мереке ретiнде атап өтiлдi. Тасада қалды. Желтоқсанның батырлары жайында көп айтылмады. Бұл айтулы мейрамды “Аллажар-қолдау” қоғамдық қоры жанындағы Ұлт-азаттық зерттеу мәдени орталығының жетекшiсi Шырын Өсер бастаған топ Оңтүстiк Қазақстан облысы, Кентау қаласындағы желтоқсаншылармен өткiздi. Естерiңiзге сала кетсек, 2007 жылы мұнда Желтоқсан көтерiлiсiнде тәуелсiздiк үшiн жанын қиған ер жүрек ұл-қыздарымыздың рухына тағзым ретiнде екiншi монумент бой көтерген. Бұны Алматы қаласының алаңынан ойып тұрып орын алған Тәуелсiздiк монументiнiң бел баласы десек те болады. “Жастар” саябағындағы желтоқсаншыларға арналған монумент жанында Кентау қаласында тұратын 33 желтоқсаншы бас қосып, әруақтар рухына құран бағыштап, гүл шоқтарын қойды. Оларды бiр тебiренткен жаңалықтың бiрi – “Желтоқсан алауы” энциклопедиясының төртiншi томына енуi едi. Кентау қалалық “Қазақ тiлi” қоғамының төрағасы әрi “Аллажар-қолдау” қоғамдық қорының Кентау қаласындағы “Желтоқсан-86” бөлiмшесiн басқаратын өзi желтоқсаншы, ұлтжанды азамат Бауыржан Ақылбековтiң ұйымдастыруымен әдемi басталған шара жалғасын тапты. Келешек ұрпақ үшiн тәрбиелiк мәнi зор естелiктер айтылып, батырларымыздың ұлағатты ерлiктерi жайында сыр шертiлдi. “Желтоқсан көтерiлiсi бiр Алматының алаңында ғана емес, елiмiздiң әр облысында, әр қаласында болды. Олар да – желтоқсаншы. Әр облыс өз желтоқсаншыларын түгендесе, тiзiмiн жасаса деймiз. Ертең әлеуметтiк көмек жасалып жатса, қалыс қалмауы тиiс” – дейдi, Ұлт-азаттық зерттеу мәдени орталығының жетекшiсi Шырын Өсер. “Аллажар-қолдау” қоғамдық қоры жанынан құрылған бұл орталықтың мақсаты – 16 облыс төңiрегiндегi желтоқсаншыларды iздеп-табу, кездесу ұйымдастыру. Кентау қаласына жасаған iссапардың көмегi арқылы жергiлiктi әкiмшiлiкке хат жазған олар желтоқсаншыларды баспанамен қамту мәселесiн де көлденең қойған. Нәтижесiнде мұндағы “Әрбiр желтоқсаншыға 12 сотық жер берiлсiн!” деген шешiм шығаруға атсалысқан. Құдай қаласа, аға-әпкелерiмiз жақын арада өздерiне тиесiлi жер телiмдерiн дап-дайын құжатымен алатын көрiнедi. “Аллажар-қолдау” қоғамдық қоры желтоқсаншылардың сұрауы бойынша, қиын-қыстау заманда қысқартуға ұшырап қалмас үшiн жұмыс орнының мекен-жайына “Желтоқсаншы” екенiн растайтын анықтама жiберетiндiктерiн айтады. Бұл да болса, жергiлiктi желтоқсаншылардың еңсесiн биiк ұстауына, жұмыстан бей-берекет шығып қалмауына алдын-ала жасалатын шаруа.

Айтпақшы, Кентау қаласындағы желтоқсаншылардың басқосуы деректi фильмнiң түсiрiлуiне түрткi жасапты. Жергiлiктi ұлтжанды кәсiпкер азаматтардың қолдауымен дүниеге келген қысқа метражды деректi фильмдi “Аллажар-қолдау” қоғамдық қоры қаламыздағы бейне-бильбордтардан көрсетемiз деп отыр.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары