АДАМГЕРШIЛIК ҚАЙДА ЖОҒАЛЫП БАРАДЫ?

АДАМГЕРШIЛIК ҚАЙДА ЖОҒАЛЫП БАРАДЫ?

АДАМГЕРШIЛIК ҚАЙДА ЖОҒАЛЫП БАРАДЫ?
ашық дереккөзі
370

“Айтпаса сөздiң атасы өледi” деген қазекем. Қазiргi қоғам жауырды жаба тоқып, бәрiн керемет етiп көрсетуге арналғандай. Айналадағы болып жатқан әрбiр оқиғаға үн қату, ой қосу — баршамызға ортақ мiндет.

Осыдан 1 ай бұрын қасиеттi Түркiстан қаласындағы орталық “Қуаныш” базарының алдында қан-жоса болып төбелесiп жатқан бозбалаларды көрiп ерiксiз тоқтадым. Таң қаларлық жайт, ешнәрсеге қарамай бiрiн-бiрi төпелеп ұрып-соғып жатқандарды ажыратып жатқан ешкiм жоқ. 4-5 бұзақы жалғыз балаға жабылып жатыр. Жұрттың бәрi қызықты оқиғаны тамашалағандай қоршап тұр. Соншама қырылысып ата жауынан бетер жұдырықтасқан жүгермектерге не жетпедi екен. Мектеп жасындағы әлгi балалардың бұлайша төбелесуiне не себеп. Мейлi ақылды ашуға жеңдiрген олар өздерiн ұстай алмай қалсын дейiк. Ал қамалаған топ адам екеуiнiң төбелесiн тамашаламай араша түссе қайтер едi. Жұрттың жанашырлық қасиеттен жұрдай болғаны ма?

Қоғамдық көлiктерде үлкен кiсiлерге орын бермеудi ар санамайтын замандастарыма көзiм үйренiп кеткен. Ал мыны бiр оқиға арада бiршама уақыт өтсе де есiмнен кетер емес.Оқиға былай болған едi:

Автобус сырғып келедi. Күн демалыс болған соң ба жолаушылар әдеттегiден де көп. Кезектi аялдамадан үлкен жастағы әже мiндi.Отырғандардың ешқайсысы да орын беретiн емес.Шешесiнiң қасында отырған 9-10 жастағы қызға жақындаған кейуана: “Қызым-ай, орын бермейсiң ба?” — деп үмiтпен қараған едi. Орнынан тұруға әрекеттенген қызды жанындағы шешесi қайта отырғызып қойды. Көлiктегiлер шуылдап үлкен кiсiге орын беру керектiгiн ескерткенiмен оны тыңдар құлақ болмады. Қызына дұрыс тәрбие бере алмаған әлгi апайды түсiне алмадым.Өз анамның: “Қызым әрқашан да үлкендерге орын берудi ұмытпа “ деген үнi құлағыма келгендей болды.

АУРУДЫ ДА САТЫП АЛАТЫН ЕЛМIЗ

“Темекi шегу сiздiң денсаулығыңызға қауiптi, өмiрiңiздi қысқартады”. Мiне, осындай ескертпенi көрiп тұрып темекiнi пайдаланамыз.Бiр қорабының өзi екi бөлке нанның құнымен бiрдей осы зат тұрмастың ажырамас бiр бөлшегi сияқты. Кем дегенде күнiне 1 қорап шылым үшiн 80 теңге жұмсадық дегенде 365 күнде 29250 теңге жұмсайды екенбiз. Осылайша ауруды да өзiмiз сатып аламыз. Одан да осы ақшаға басқа зат алсақ болмай ма? Адам өмiрiн қысқартуға себепкер болатын темекi мен арақтың мынадай зияны бар екенiн бiлемiз бе?

1. Өңеш,тiл,өкпе рагына әкелiп соғады.

2. Ас қорытуды қиындатып, асқазанда жара пайда болуына әсер етедi.

3. Жүрек ауруларына шалдықтырады.

4. Белсiздiкке себепкер болады.

5. Ми клеткаларын жояды, тез қартайтып әжiм түсiредi.

6. Ең бастысы сырқат сәбидiң туылуына негiз болады.

Айтылып та, жазылып та жауыр болған темекi мен арақтан жұртты қалай жирендiруге болады? Кәмелеттiк жасқа толмағандарға мемлекет тарапынан қатаң тыйым салынса екен.Арақ деген атамыздан қалған ас емес қой. Денсаулық үшiн, екi жастың бақыты үшiн “алып қойғыштар” өз өмiрлерiне нұқсан келтiрiп жатқанын қашан түсiнер екен?!

Рас, соңғы кездерi сирек те болса iшiмдiксiз той-жиындар өткiзiлiп жүр. Не де болса ырымшыл халықпыз ғой,бұл жағдайды жақсылықтың бастамасы деп қабылдайықшы.

ЖАСТАР КIТАП ОҚИ МА?

Кейде үлкендер арасында “қазiргi жастар көркем әдеби кiтаптар оқымайды, саясатқа қызықпайды бәрiнiң де есiл-дертi компьютер,ермегi ұялы телефон мен атыс-шабыс сипатындағы шетелдiк фильмдер” деген пiкiрлер жиi айтылады.Шахановтың тiлiмен айтсақ,айналадағы iс-әрекетпен жұмысы жоқ “компьютер басты жарты адамдар” дегенге келiп саяды.

Шынымен де қазiргi жастар әдеби кiтаптарды оқымай ма,әлде олардың қызығушылығын оятатын көркем туындылар жоқ па?

Көшеде кетiп бара жатқан екi қарт кiсiнiң әңгiмесiн ерiксiз құлағым шалды. Олардың бiрi; “Қазiргi жастар енжар. Бiздiң кезiмiзде көркем-әдеби кiтаптарды бiр-бiрiмiзбен жарысып оқитын едiк. Қазiргiлер кiтап оқымақ түгiл, бетiн ашып та қарамайды” десе ендi бiрi: “Кiтаптың орнын интернет алмастырған заман болды ғой” — деп өз ойларын айтып жатты.

Әрине бес саусақ бiрдей емес.Жастар арасында да жас та болса бас бола алатын талантты ұл-қыздар баршылық. Өз басым жастардың барлығы бiрдей көркем әдебиет оқымайды деуден аулақпын. Көркем әдебиет оқымайтын адамның барлығын бiрдей “сауатсыз, енжар” деп айта салуға бола ма? Заман ағымына сай керектi ақпаратты бұрынғыдай сарылып iздемей-ақ интернеттен тауып ала салатын болдық.Бiрақ бұл “көркем әдебиеттi оқымай жауып таста” деген сөз емес.Сiз қалай ойлайсыз құрметтi оқырман қауым,жастар кiтап оқи ма?

Жанар БЕЙСЕНБАЕВА, ХҚТУ-нiң 4-курс студентi

Серіктес жаңалықтары