МИССИОНЕРЛЕР ЕШКIМГЕ БАҒЫНҒЫСЫ ЖОҚ

МИССИОНЕРЛЕР ЕШКIМГЕ БАҒЫНҒЫСЫ ЖОҚ

МИССИОНЕРЛЕР ЕШКIМГЕ БАҒЫНҒЫСЫ ЖОҚ
ашық дереккөзі
208

Қазiргi таңда дiн мәселесi күйiп тұрған тақырып. Түйткiлдi жайттың ауаны айналып келгенде елiмiздiң төрт түстiгiне ендеп кiрiп алған жат пиғылды дiни ағымдарға келiп тiреледi. Мәселе әбден шарықтау шегiне жеткенде ел Үкiметi былтыр “Дiни сенiм бостандығы мен дiни бiрлестiктер туралы” Заңға өзгертулер мен толықтырулар жасады да. Әйтсе де, мысықтiлеулес миссонерлердiң дегенi болып, жаңа заң жобасы қабылданбай қалды. Ал, миссионерлiк қызмет дiн дегенде емешегi езiлген, қазақы қаймағы бұзылмаған, қазақтың ұйытқысына айналған өңiрдiң бiрi– Оңтүстiк Қазақстан облысына да кеңiнен тарап үлгерiптi. Жалпы, облыс төңiрiгендегi дiни мәселелер жөнiнде Оңтүстiк Қазақстан облыстық Iшкi саясат басқармасының Дiни бiрлестiктермен жұмыс жөнiндегi бөлiм бастығы Ербол Сүлейменұлы Байқонақовпен әңгiмелескен едiк.

– Оңтүстiк Қазақстан облыстық әдiлет департаментiнде бүгiнгi таңда 777 дiни бiрлестiк тiркелген. Оның 685-сi исламдық, ал 92-сi исламдық емес бағытта. Жалпы, елiмiзде 4 мыңнан астам дiни бiрлестiк бар болса және олар 46 конфессиядан тарайды десек, сол сияқты облыстағы 777 дiни бiрлестiк те 17 конфессиядан тарайды. Мұның 88 пайызы – исламдық бағыттағы дiни бiрлестiктерге кiредi. Бұдан бөлек заңды тұлға белгiсi жоқ саны аз дiни топтар бар. Олар Облыстық iшкi саясат басқармасына есептiк тiркеуге алынады. Қазiрге дейiн бұлардың 97-сi тiркелсе, оның 6-уы исламдық емес, 91-i исламдық бағытта жұмыс жүргiзетiн шағын дiни топтар. Негiзi Оңтүстiк Қазақстан облысы орналасу ерекшелiгiне сәйкес шекаралық өңiрге жатады. Өзбекстанмен және бiр шетi Қырғызстанмен түйiседi.

– Ал, шетелдiк миссионерлердiң саны қанша?

– Облыс аумағында қазiргi кезде 10 шетелдiк миссионер бар. Оның 7-уi христиандық-протестанттық бағытта жұмыс жүргiзетiн Оңтүстiк Кореяның азаматтары, екеуi христиандық-католиктiк бағыттағы аргентиналық азамат, бiреуi – Исламның ахмадиялық бағытын ұстанатын пакистандық миссионер.

– Бұл тек ресми тiркелгенi шығар, ал миссиясын заңсыз атқарып жүргендер қанша?

– Бiзде бәрi есептiк тiркеуге алынады. Тiркелмесе, қалай жұмыс iстейдi? Олардың елiмiздiң қолданыстағы заңдарын сақтауы бойынша жұмыс жүргiзетiн құқық қорғау мекемелерi бар.

– Былтыр шымкенттiк құқық қорғаушылар заңсыз үгiт-насихат жүргiзген “Иегова куәгерлерiнiң” миссионерлерiн құрықтаған едi. Және олардың Шымкенттiң қақ ортасында орналасқан зәулiм сарайы бар екенiн де бiлемiз. Жалпы, бұл дiни ағым облыста қашаннан берi жұмыс iстеп келедi?

– Бұл ағым дiни бiрлестiк ретiнде облыстық әдiлет департаментiне тiркеуге алынған. “Иегова куәгерлерi” дiни қауымдастығы облыс көлемiнде он шақты жылдан берi өз жұмысын жүргiзiлiп келедi. Яғни, бұл дiни ағым ресми түрде тiркелген. Шартты түрде алғанда дiндердiң өзi дәстүрлә және дәстүрлi емес деп бөлiнсе, “Иегова куәгерлерi” дiни қауымдастығы дәстүрлi емес дiни ағымдардың қатарына жатады.

– Есiңiзде болса, былтыр осы ағым өкiлдерiнiң бiлiм ошақтарына, оның iшiнде қаракөз қазақ балаларына, қазақ отбасына ауыз сала бастағандығы туралы бiрнеше рет көтерiлдi…

– “Иегова куәгерлерi” дiни бiрлестiгiнiң кейбiр ұстанымдарының қолданыстағы заңдылықтарға керi келiп жататын тұстары жоқ емес. Заң мәселесiнде адамның заңына емес, Библияда жазылған Құдайдың заңына бағынуымыз керек дейдi. Негiзi Ата заңымызда “Дiн – мемлекеттен бөлек” деп көрсетiлгенмен қоғам ортақ қой. Олардың қазiргi қолданыстағы заң бойынша өзiн, бала-шағасын өз наным-сенiмiнде тәрбиелеуге құқығы бар. Сол сияқты мектеп оқушыларының iшiнде де ата-анасының ұстанымы бойынша түрлi дiни ағымды мойындайтындар да бар. Жалпы, “Иегова куәгерлерi” дiни бiрлестiгiнiң өкiлдерi Құдай алдындағы ұстанымдарын көбiрек дәрiптеуге мән бередi.

– Дiни ұйымдардың тарапынан заңның сақталу мәселесi қандай деңгейде? Сондай-ақ, облыс бойынша әлгiндей дiни ағымдарға кiрiп кеткен қаракөздер қаншалықты?

– Қолданыстағы заң бойынша дiннiң мемлекеттен бөлiнуi дiни ұйымдардың кез келген заңды немесе заңсыз түрдегi iс-әрекетi жүзеге асыра беруге ерiк берiлгендiк деп ұғынылмау керек. Егер дiни ұйымдардың тарапынан заңға қайшы келетiн әрекеттер жасалып жатса, мемлекеттiк және құқық қорғау мекемелерi тиiстi жұмыстарды жүзеге асырады. Ал қазақтың қаракөздерiнiң басқа жат ағымдарға кiруi қиын мәселе. Бiрақ тiкелей заңдық тұрғыдан қарағанда, дiндi ұстану әркiмнiң өз еркi екенiн тағы айтам. Дегенмен, бiздiң ежелден келе жатқан дәстүрлi дiн бар, ол – Ислам дiнi. Мәселен, дәстүрлi дiннiң өзiнiң iшiнде бiр-бiрiнiң жолын, ұстанымдарын қолдай бермейтiн түрлi ағымдар баршылық.

– “Иегова куәгерлерiне”, жалпы кез келген дiни ағымға бас сұғып, шыға алмай жүргендер жетерлiк. Басқарманың дiни бiрлестiктермен жұмыс жөнiндегi бөлiмiне хабарласып, шағымданған адамдар бола ма?

– Кез келген адамға көмектесуге дайынбыз. Негiзгi мәселе – заңның орындалуы ғой. Қазiр экстремизм, терроризм деген мәселе бар. Бiздiң тарапымыздан осыларға қарсы тиiстi жұмыстар жүргiзiледi. Дегенмен, елiмiздiң Жоғарғы сотының, дәлiрегiнде Астана қаласы сотының шешiмiмен 14 дiни ұйымның қызметi заңсыз деп табылған. Ал, сiз айтып отырған “Иегова куәгерлерi” дiни ұйымы олардың қатарына кiрмейдi екен.

– Нелiктен?

– Өйткенi, жоғарыда айтып өткендей, бұл дiни ағым кезiнде әдiлет органдарынан ресми тiркеуден өткен. Қанша дегенмен, бұл мәселенi бiз жiтi қадағалап, тиiстi мониторинг жұмыстарын жүргiземiз. Тұрақты бақылауда ұстаймыз.

– Өзiңiз де көрiп-естiп жүрген шығарсыз, басқа дiни ағымға сендiрiп, үгiт жүргiзушiлер көшенi кезiп, тiптi үй-үйдiң есiгiн қағып та мазаны алып жатады. Осыған байланысты жергiлiктi тұрғындар арыз-шағым түсiрмей ме? Жалпы, Iшкi саясат басқармасы жат пиғылды дiни ағымдардан сақтану үшiн қандай шаралар жасап бағуда?

– Iшкi саясат басқармасында тек қана дiн мәселесi емес, басқа да көптеген салалар қамтылады. Онда саяси партиялар, үкiметтiк емес ұйымдар, жастар мәселесi, БАҚ-пен жұмыс және жалпы қоғамдық саяси ахуалға талдау жасап отыратын бөлiмдер бар. Әрине, тұрғындар телефон арқылы хабарласып немесе хат арқылы шағымдарын айтып жатады. Көбiсi кейiнгi кездерi шыққан дәстүрлi емес дiни ағымдар жөнiнде бiлгiсi келедi. Өзгенi былай қойғанда, Ислам дiнiнiң өзiнде де кейбiр мешiт имамдарына, тағы басқа дiн саласында жүрген адамдарға байланысты түрлi пiкiр түседi. Яғни, хат арқылы айғақ-дәлел ұсынады.

Iшкi саясат басқармасының тарапынан облыстық “Шымкент” телеарнасынан айына екi рет 30 минуттық “Нұр мұра” атты дiни хабары тұрақты берiледi. Бұл хабарға ЖОО оқытушылары, ғалымдар, мемлекеттiк, құқық қорғау мекеме қызметкерлерi, дәстүрлi және дәстүрлi емес дiн өкiлдерi, дiнтанушы, теолог-мамандар тұрақты қатысып отырады. Бұдан бөлек дiни экстремизмнiң алдын алуға байланысты былтырғы жылы облыстың барлық қала, аудан аумақтарында көп жұмыс жүргiзiлдi. Дiнтанушы, теолог, құқық қорғау және мемлекеттiк ұйым қызметкерлерiнен, сондай-ақ қоғамдық ұйым басшыларынан арнайы топ құрып, халықпен кездесiп дiни экстремизм жайында сұрақ-жауаптармен алмасып, түсiнiк бердiк. Бұл үрдiс биылғы жылы да жалғасын табады деп жоспарлап отырмыз. Ақпан айының басынан бұрын-соңды аяқ баспаған ауыл мен елдiмекендерге барамыз. Әлбетте, бұрын да мұндай кездесулер ұйымдастырылды. Бiрақ қазiргiдей алыс шалғайда жатқан шағын ауылдарға баруға мүмкiндiк туған жоқ. Халық дән риза. Одан бөлек былтыр қалалық әкiмдiктермен бiрлесiп облыстың тоғыз қаласы мен ауданында “Жастар дiни экстремизмге қарсы” деген үлкен акция өткiздiк.

– “Дiни сенiм бостандығы мен дiни бiрлестiктер туралы” Заңға өзгертулер мен толықтырулар ензiгiлсе де, заң қабылданбай қалды. Дегенмен осы заң жобасы төңiрегiнде қандай да бiр пiкiрталас ұйымдастырып, мамандардың, ел-жұрттың тарапынан қарама қайшы немесе құптарлық пiкiрлер айтылды ма? Заң жобасына түзету орынды енгiзiлдi ме, әлде, әлi де осал тұстары болды ма?

– Уақыт бiр орнында тұрмай, үздiксiз жылжып отырғандықтан да заң да заман талабынан қалыс қалып, ескiредi. Әрине, заңға өзгерiс пен толықтыру енгiзу қажеттiгi айдан анық. Ауыл, қала азаматтарының, жалпы тұрғындардың кейiнгi кезде дәстүрлi емес дiни ағымдардың ұстанымына (қан құймау керек, әскерге бармау керек, Әнұран айтуға тыйым салу сияқты) қарсы наразалықтарын бiлдiрiп жүр. Осының бәрiн ескере келе, заңның түбегейлi өзгертiлуi дұрыс. Аталмыш заң жобасына қатысты бiз де тиiстi ұсынысымызды жолдаған едiк. Мәселен, дiни ағым ретiнде тiркелген кезде оның мүшесiнiң 500 немесе 1000 адамнан кем болмау керектiгiн, сол сияқты дiни әдебиеттердiң таратылу мәселесi көшелерде емес, тек табыну ғимараты орналасқан аумақта ғана жүзеге асуын және дiни ұйымдардың орталықтандырылған жүйесiн құру мәселесiн ұсындық. Бұл орталықтындырылған жүйе дегенде, қазiр әкiмшiлiк жүйенi орталықсыздандыру мәселесi көтерiлiп жатыр ғой, ал бұл жерде керiсiнше, республикада бiр дiни ұйым болса, оның облыстағы, аудандағы, ауылдық жерлердегi бөлiмшелерi болса. Бұл мемлекетке, дiндi ұстанатындарға, дiни ұйымдарға да жан-жақты пайдасын тигiзетiнi сөзсiз. Осы секiлдi бiрқатар ұсынысты бердiк. Мұның көбiсi ескерiлдi. Егер бұл заң қолданысқа енгiзiлетiн болса, дiни ағымдардың жұмысы реттелiп, жақсы нәтиже беретiн шығар деп үмiттенiп отырмыз.

– Сонда, сiздiңше заң жобасындағы баптар қатаңдатылды ма? Миссионерлiк ағымға тосқауыл қоя аламыз ба?

– Әрине, бұрынғыға қарағанда бiршама қатаңдатылды. Бұрын он адам бiр дiни ағымды не ұйымды құра алатын болса, бұл сан 50-ге көтерiлдi. Дегенмен, елу деген де аздау. Егер заң қабылданса, миссионерлердiң көшеде мазаны алып, пәтер есiгiне дамыл бермеуi тыйылады. Сонымен қатар, отбасының ажырасуына жол берiлмейдi. Бұрынғы заңда бұл мәселе жоқ едi. Яғни, дiни наным-сенiмiне байланысты ерлi-зайыптының ажырасып кетпеуiне ықпал етедi. Бұл деген заңды тұлғалар заң алдында жауапты болады деген сөз.

– Десек те, заң жобасына байланысты миссионерлiк ағымдардың шашбауын көтерiп жүрген құқық қорғаушылар да өз наразылықтарын бiлдiрiп әлек. Айталық, депутаттар дiни ұйымдардың пайдасына астыртын көмек көрсетуге тыйым салып, құдайға құлшылық ететiн орындарда кассалық аппараттарды орнатуды ұсынды. Яғни, құлшылық ету орындарына қаржылай көмек тек кассалық аппарат арқылы және жергiлiктi билiк өкiлдерiнiң бақылауымен ғана көрсетiлуi керек дедi. Олар осы бапқа да шүйлiгiптi.

– Дiнде зорлық жоқ. Алайда, жаңа заң жобасының адам құқығын таптайтын жерi жоқ. Мәселен, шет мемлекеттерде, айталық, Австрия, Чехия, Швецияда дiни бiрлестiк ретiнде тiркелу кезiнде мүшесi кем дегенде он мың, он бес, он сегiз, тiптi жиырма мыңға дейiн жетуi керек. Ал бiзде бар болғаны елу-ақ адам! Салыстырмалы түрде айтатын болсақ, бiздiң елдегi басқа дiни ағым өкiлдерiнiң ешқандай да құқы тапталып жатыр деуге келмейдi.

– Аллаһқа тәубе, қазiр өз дiнiмiз — Ислам дiнiне бет бұрып жатқандар баршылық. Облыс төңiрегiнде ғибадат үйлерi — мешiттiң салынуы қалай?

– Құдайға шүкiр, қазiр мешiттер көптеп бой көтерiп жатыр. Қазiргi кезде бiр ауылда бiр емес, бiрнеше мешiт бар. Әрине, мешiттiң көбейгенi дұрыс. Исламның өзi бiрлiк, сенiм, ынтымақ деген мағынаны бередi десек, мешiт елдi бiрлiкке, ынтымаққа шақыруға қызмет көрсетуi керек қой. Ал, кейбiр азаматтар бiр ауылдан бiрнеше мешiттер салып, рулық негiзде, өз әулетiнiң атасының атын қойып жататындар көбейiп кеттi. Былай қарағанда, бұл ауылдағы тұрғындарды бөлiнушiлiкке апарады. Мысалы, 4-5 мың тұрғын тұратын ауылда бар-жоғы он, он бес шақты адам ғана жұма намазына барады. Негiзiнде әлгi мешiт екi жүз, үш жүз адамға арналған. Соны бiле тұра, сол ауылдан тағы бiр дәл сондай мешiттiң салынуының қажетi қаншалықты? Егер, бiрiншi салынған мешiтке адам толып, сыймай отырса немесе мешiт жарамсыз күйге түссе, екiншi, үшiншi мешiттi салуға болады. Яғни, екi жүз, үш жүз орындық мешiттiң өзiне соншалықты адам келiп жатпаса, екiншi, үшiншi мешiттiң пайдасы бар ма? Мiне, сол азаматтарға дәстүрлi дiн өкiлдерi, мешiт имамдары тиiстi түсiндiру жұмыстарын жүргiзiп отырса құба-құп. Бүгiнде ауылдарда аурухана мен емхананың, мектеп пен балабақшаның жетiспеушiлiгi көзге ұрып тұр. Әлгi ақшасы бар азаматтар жолдың жөнделуiне, көпiрлердiң салынуына, жоғарыда аталған қоғамға аса қажеттi шараларға қол ұшын тигiзсе, үлкен сауап болар едi.

– Сөзiңiздiң жаны бар. Бiрақ та мешiттердiң көптеп бой көтеруi келешек ұрпақтың жат дiннен сақтанып, мұсылманшылыққа бет бұруына септiгiн тигiзедi ғой. Түрлi жат пиғылды дiни ағымдар елiмiздiң түкпiр — түкпiрiнен ұяшықтарын көптеп ашып жатқанда, мешiттiң де көбеюi керек шығар…

– Қазiр бiзде екi-үш жыл көлемiнде тек қана дәстүрлi дiндер ғана тiркеуден өтiп, мешiттер ғана көптеп салынып, есiгiн айқара ашып жатыр. Шiркеулердiң салынуы қарқынды деуге келмейдi. Бұл жерде тағы айтам, мешiттердiң салынуынан адамдардың санының аздығын айтуымыз керек. Сенiмнiң белгiлi бiр деңгейiнде ғана жүрген адамдар бар.

– Шымкент қаласында бәзбiреудiң зираттың пәленбай жерiн сатып алып, қоршап алғандығы жөнiнде айтылып, қоғамда дүрдараздық пiкiр пайда болды. Бұл жөнiнде не айтасыз?

– Бiздегi кейбiр азаматтардың дiншiлдiгi белгiлi бiр деңгейде ғана екенiн айттым ғой. Бұл да осы мәселенiң бiр көрiнiсi. Яғни, дiннiң iшкi және сыртқы мәселесiн жiтi бiлмеуi осындай сұмдық жағдайға әкеледi.

Айталық, Ислам дiнiнiң өзi iштей түрлi бөлiнушiлiкке соқтырады. Бiреулер сопылық бағыттағы тарихатшылар немесе зiкiр салушылар тармағын құптаса, ендiгi бiреулер сол сияқты уахабилiк, салафилiк, хизбут-тахир (экстремистiк) т.б. ағымдарды жанына жақын тұтады. Осының барлығы белгiлi бiр дiннiң, оның iшiнде Ислам дiнiнiң аясында өрбiп отырса бұл дiннiң бiртұтастығына үлкен көмегiн тигiзетiнi рас. Әр елдiң әрқайсысы әр түрлi бағытты ұстанады. Мәселенки, бiздiң елден шетелге оқуға барғандар дiннiң белгiлi тармақтарын қабылдап, айналасындағыларға таратуы мүмкiн. Оны олар сауапты iс жүргiздiм деп санайды. Одан бөлек БАҚ арқылы, интернет желiсi арқылы да кез келген ақпарат оңай тамыр жаяды.

Әңгімелескен Динара Мыңжасарқызы

Серіктес жаңалықтары