YКIМЕТ ОТСТАВКАFА КЕТЕ МЕ?

YКIМЕТ ОТСТАВКАFА КЕТЕ МЕ?

YКIМЕТ ОТСТАВКАFА КЕТЕ МЕ?
ашық дереккөзі
274

Өткен аптаның соңынан берi Алматы мен Астанадағы саясаткерлер тек бiр мәселеге ғана бас ауыртып жүр. Ол — Мәсiмов үкiметiнiң отставкаға кетуi. Өткен аптаның сенбiсiнде “Азат” партиясының ұйымдастыруымен өткен митингiнiң негiзгi өзегi де осы болды.

Алматыдағы Сарыарқа алаңына жиналған 300-500 адамның қолындағы ұрандар мен плакаттарда “Мәсiмов үкiметiнен мән кеттi”, “Мәсiмов үкiметi отставкаға кетсiн!”, “Парламент таратылсын!” деген жалынды сөздер болды. Оппозиция өкiлдерiнiң айтуынша, “Азат” партиясы мұндай акцияны республика көлемiнде өткiзудi жоспарлаған екен. Алайда, рұқсатты тек Алматы қаласының әкiмшiлiгi ғана берiптi. Басқа облыс орталықтарының барлығы әртүрлi сылтаумен митинг өткiзуге рұқсат бермеген екен. Митингiге жиналған әртүрлi саяси және қоғамдық ұйым өкiлдерi “Мәсiмов үкiметiн отставкаға жiберiп, Парламенттi тарату” жөнiнде резолюцияға қол қойды.

Бұл шарадан кейiн бiр күн өтпей жатып, Астанада “Ақ жол” партиясы арнайы баспасөз-мәслихатын өткiзiп, бұрынғы әрiптестерiнiң мәлiмдемесiне үн қосты. Ақжолдықтар “Мәсiмов үкiметi дағдарысты ауыздықтай алмады, теңгенi құнсыздандыру арқылы халықтың ақшасын талан-таражға салып, мүдделес топтарға бөлiп берiп жатыр. Сол себептi де “Нұр Отан” партиясынан жасақталған Парламент таратылып, үкiмет оставкаға кетсiн!” дейдi олар да. Бұл мәлiмдеменi Жармахан Тұяқбай жетекшiлiк ететiн Жалпыхалықтық социал демократиялық партия, Серiкболсын Әбдiлдин төрағалық ететiн Коммунистiк партия және әлi тiркелмеген “Алға” партиясы да, “Ақ жолға” оппозиция болып жүрген “Әдiлет” партиясы да қолдаған.

Демек, қоғамдық институттар бүгiнгi дағдарысты пайдаланып, қоғамды билiкке қарсы қоюға талаптана бастады. Ал, билiк те қоғамның толқуынан сақтанбай отырған жоқ. Қолдарынан келген шараларын iстеп бағуда. Мәселен, барлық облыс орталықтарында оппозициялық күштердiң митинг өткiзуiне тыйым салса, екiншiден, Алматы қаласындағы митингiге өзге наразы топтардың қосылып кетпеуiн қадағалаған. Ең әуелi бұл жиынға қосылуды көздеген ғалымдарға шеруге шығуға рұқсат етiлмесе, жоғары оқу орындарының студенттерiн себепсiзден-себепсiз бiр аудиторияға иiрiп қойған. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетiнiң студенттерiнiң айтуына қарағанда, оқу орнына қарасты Студенттер сарайында iрi шара өтедi деген желеумен студенттердi сарайға шақырған. Әрi әрбiр студенттi тiзiмдеп, келмегендерiне қоқан-лоқы да көрсеткен. Қыздар педагогикалық университетiнiң студенттерi таңертеңгi сабақты түскi мерзiмге ауыстырып, 9-12 сағатқа дейiн әлдебiр мағынасыз жиналыс өткiзгендiгiн айтады. Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогика университетiнде пiкiрсайыс турнирi өткiзiлiп, студенттердi түскi 12.00-ге дейiн ешқайда шығармау жоспарланған. Сондай-ақ, Алматы қалалық әкiмшiлiгi үлескерлердiң де бұл қарсылық шарасына қосылып кетпеуiн қадағалап, “аталған жиында бой көрсетсе бұның соңы жақсылыққа апармайды” деп сес көрсетiптi. Бәлкiм, билiктiң осы шараларының нәтижесi болар, алаңға жиналғандардың қарасы тым мол болған жоқ.

Әрине, Мәсiмов үкiметi әлемдiк дағдарыс күш ала бастаған тұста “Қазақстанда ешқандай дағдарыс жоқ және болмайды да” деп кесiп айтқан болатын. Алайда, 2008 жылдың соңына қарай, өз мәлiмдемесiн жоққа шығарып, “дағдарыстың қоғам өмiрiне дендеп енiп кеткендiгiн мойындады. Бiрақ, теңгенiң девальвациясын жоққа шығарды. Бейқам жүрген халықты жалғыз күнде долларды шарықтату арқылы, тағы да жарға жықты. Кезiнде банкiлерден қарызды доллармен алғандардың көбiнiң дерлiк шаруасы шатқаяқтап, жiгерi құм болды. Теңге девальвациясынан жекелеген адамдар ғана пайда тапты. Қарапайым халық қан жылады. Ендiгi әңгiмелерге қарағанда, теңге тағы да девальвацияға ұшырайтын көрiнедi. Егер, сарапшылардың айтқанындай доллардың теңгеге шаққандағы бағамы — 180-ге жететiн болса, қарапайым халық тағы да екi есе сорлмақ. “Қан шығармай сойып, от жақпай пiсiру” деген осы болар, сiрә.

Қоғамдық институт өкiлдерi елдегi дағдарысқа тек Мәсiмов үкiметi кiнәлi деген пiкiрде. “Азат” партиясының лидерi Болат Әбiлов: “Елдегi орын алған жағдайдың 20%-ы сыртқы факторларға, қалған 80%-ы бiздiң шенеунiктерiмiздiң дарынсыздығы мен бiлiксiздiгiне және сараңдығына байланысты. Былтыр мұнайдың баррелi 150 долларға жетiп тұрғанда, “дағдарыс бiздi айналып өтетiн болады” деп сендiрдi. Дағдарыстың бiр ғана тиiмдi жағы — билiктегiлердiң екiжүздiлiгi мен аярлығын әшкереледi” дедi аталған жиында. “Түркiстан” газетiне сұхбат берген белгiлi экономист Қанат Берентаев та (Қанат БЕРЕНТАЕВ: “ҮКIМЕТ ҰЙЫМДАСТЫРУ ШАРАЛАРЫМЕН ҒАНА ӘЛЕК”, “Түркiстан”, 12-ақпан, 2009 ж. Әңгiмелескен Н. Жоямергенқызы) осындай пiкiрдi ұстанады.

Демек, тек оппозиция өкiлдерi ғана емес, елдегi экономистер мен сарапшылардың пiкiрi бiр жерден шығып отыр. Ендеше, елдi дағдарыс кезiнде басқаруға қабiлетсiз Үкiметтiң жұмысын одан әрi жалғастыра беруiнiң себебi неде? Бұған жауап табу қиын. Өйткенi, Мәсiмов үкiметiнен мән кетiп, доңғалағы керi айнала бастады. Алайда, оның отставкаға кету-кетпеуi әзiрге беймәлiм. Оның Премьер болуына ықпал етушi топтың қолында аса iрi билiк тұрғанға ұқсайды. Сол себептi де оның билiгi әлi де созыла тұратын секiлдi.

Есенгүл Кәпқызы

Серіктес жаңалықтары