ҒАЛАМТОРДА — ҚАЗАҚ МИНИСТРЛЕРI

ҒАЛАМТОРДА — ҚАЗАҚ МИНИСТРЛЕРI

ҒАЛАМТОРДА — ҚАЗАҚ МИНИСТРЛЕРI
ашық дереккөзі
258

Қарашасы айлап-жылдап “қарасын” көрмейтiн шенеунiк мырзаларды басқа жерден емес, “әлемдiк тордан” — интернеттен ендi жиi-жиi көрiп тұратын шығармыз. Мұнда қолға түспей жүрген министрдi “көрiп” қана қоймай, онымен сәлемдесуге, тiптi көкейдi тескен сұраққа жауап алуға да болады.

Иә, сиыр жылының бастамасы – лауазымы жоғары шенеунiк мырзалардың жеке блог ашып, интернет арқылы халықпен пiкiр алмасып отыруы жайлы идея – бiртiндеп жүзеге аса бастады. Әуелi барымызды түгендеп, сапасын кейiннен тексере жататын бейғамдау халықпыз ғой, Үкiмет басшысы мен министр мырзалардың блогында бiз байқаған олқылықтар да жоқ емес. Басынан бастайықшы…

… Бәрi Кәрiм Мәсiмовтiң Қазақстан Үкiметiнiң сайтында жеке блог ашуынан басталған. Оны Кәрiм Қажымқанұлы Үкiмет жиналысында өзi хабарлап, мақтаныңқырағаны да есiмiзде. Алғашқыда қызық көрдi ме, премьер-министр жиналыс сайын өз блогына келiп түскен хабарлама-шағымдарды оқып берiп, интернет-”таныстарының” өтiнiшi бойынша қарамағындағы шенеунiктерге кезектi тапсырмасын берiп отыруды бiразға дейiн әдетке айналдырды. Обалы не керек, Кәрiм мырза аз уақытта танымал “блогшылардың” бiрiне айналды. Оның блогына күнделiктi жазба түсiп үлгiрмей жатып-ақ, интернеттi торуылдаушылар премьердiң жеке парағын түрлi ескертпе-шағымдармен “толтырып-ақ” тастайтын. Бiр рет Мәсiмов мырза “Республика-Деловое обозрение” газетiнiң кезектi санын осы газет қызметкерлерiнiң өтiнiшi бойынша өз блогына орналастырды. Кешегi аптада Степногор қаласында болған апаттың зардаптарын жоюға байланысты блог бетiнде уәде бердi. Жалпы, Кәрiм Қажымқанұлы өз кабинетiнен шықпай-ақ, блог ақтарып, халқымен мұңдасып отырғандай көрiнедi әзiрге…

Бiрақ… осы “бiрағымыз” бар-ау бiздiң. Бiрақ айтпасақ тағы болмайды. Бiрiншiден, Үкiметке базына айтып, назын жолдағысы келетiндердiң бәрi бiрдей блог түгiлi, интернеттiң не екенiн түсiне бермейдi. “Әлемдiк тор” көп адамдардың өмiрiнде көрген нәрсесi емес. Әлеуметтiк сауалнамалар нәтижесiнде интернеттi тұтынушылардың денi — 18 бен 35 жастың аралығындағылар екен. Ендеше, блог қарап отырғандардың көбiсi жастар, оның iшiнде, жоғары оқу орнының студенттерi, мекеме қызметкерлерi, мемлекеттiк қызметкерлер деген сөз… Яғни, Үкiметке үнiн жеткзе алмай зар болып отырған ауыл халқын қайда қоясыз?

Екiншiден, премьер-министрдiң блогы модератор мырзалардың мықты сүзгiсiнен өтетiн болуы керек. Егер сiздiң сауалыңыздағы әлдебiр сөз (яғни, пiкiр) ұнамай қалса, оны “цензура” сылтауымен блогқа түсiрмей тастауы мүмкiн. Сондықтан, блог бетiнде жарқырап шыға келген сан алуан пiкiр барша “интернет халқының” көзқарасының шарайнасы бола алмасы сөзсiз.

Сонымен, “жалғыздың үн шықпас” дедi ме, Кәрiм Қажымқанұлы кезектi бiр жиында қарамағындағы министрлерге: “Сендер де осы айдың соңына дейiн бiр-бiр блог ашатын болыңдар!” деп тапсырма бердi. Қаңтар айының аяғына дейiн интернетте соны жаңалық бола қоймаса да, мiне, ақпанның сары аязында ақыры министр мырзалармен “торда” “бетпе-бет” жүздесiп отырмыз.

Сонымен, алғашқылардың бiрi болып, қорғаныс министрi Даниал Ахметов (http:/www.mod.kz/blog) пен көлiк және коммуникация министрi Серiк Ахметов http://blogs.e.gov.kz/blogs/ahmetov_s/) “блогқа шықты”.

Ендi “торды” шарлап жүрген шенеунктердiң денiн http://blogs.e.gov.kz/ мекен-жайынан таба аламыз. Жалпы, қазiргi таңда электронды үкiмет мүшелерi: К. Мәсiмов, Ж.Досқалиев, В.Школьник, Д.Ахметов, М.Құл-Мұхаммед, Ж.Түймебаев, Н.Ысқақов, А.Күрiшбаев, С.Ахметов, Б.Сапарбаев, Т.Досмұхамбетов, Б.Жәмiшев, Б.Сұлтанов, С.Мыңбаев, З.Балиева, И.Рогов, В.Божко, Қ.Есекеев, Н.Алдабергенов, Д.Ерғожин, М.Есенбаев, А.Мешiмбаева, Е.Бахмутова, Т.Мұсабаев, Б.Мұхамеджанов, Ө.Өзбеков.

Интернет-халқымен жүздесуге шыққан шенеунiктердiң қай тiлде “сөйлейтiнiн” байқап көрелiк. Мәсiмов 20-ақпанда блог-тұғырнамасын жаңартты. Оның сәлемдемесi екi тiлде — мемлекеттiк және орыс тiлiнде жазылған. “Жаңа блог-тұғырнамаға қош келдiңiз! Бұл жерде Сiз өз ұсынысыңыз бен пiкiрiңiздi жаза аласыз. Сондай-ақ, мемлекеттiң орган басшыларымен жеке блогтарында тiкелей ой бөлiсуге мүмкiндiк бар” дейдi премьер-министр. “Бұрынғы блог жалғасын тауып, пiкiрталас алаңына айналады деп сенемiн” деген Мәсiмов әрi қарай сөзiн орысша саптайды.

Мәдениет және ақпарат министрiнiң блогы (http://www. sana. gov.kz/blogs/index. php?lang=kaz) қазақша және орысша бөлек жасалыпты. “Блогқа қош келдiңiздер! Мәдениет және ақпарат саласын дамыту мәселелерi қашанда қоғамның назарында. Бүгiнгi күнi бiзде қосымша интерактивтi пiкiр алмасу мүмкiндiгiнiң бар екенi қуантады. Барлықтарыңызды өзектi әрi қызықты тақырыптарды талқылауға шақырамын” дейдi Құл-Мұхаммед мырза. Бiр блогта қазақшаны да, орысшаны да қойыртпақтатпай, әрқайсысына жеке парақша арнаған дұрыс, әрине.

Ауылшаруашылық министрi Ақылбек Күрiшбаев (http://www.blogs.e.gov.kz/blogs/kurishbaev_a), бiлiм және ғылым министрi Жансейiт Түймебаев (http://www. blogs. e.gov.kz/blogs/tuymebaev_zh), қорғаныс минситрi Даниал Ахметов үш тiлде “үн қатыпты”. Iшiңiз сезiп отырған болар, мемлекеттiк тiлдiң жанында орыс тiлi мен ағылшын тiлi де қосамжарланып жүр.

Абырой болғанда, Даниал Ахметовтың өмiрбаяны бастан-аяқ мемлекеттiк тiлде жазылып, блогтың “Автор жазбалары, Сұрақтар, Сұрақ қою” деген санаттарының аты да қазақша. Ахметовтың сәлемiн қабыл алыңыз.

“Қарулы Күштер мемлекеттiң егемендiгi мен тәуелсiздiгiнiң негiзi болып табылады. Мемлекеттiң Әскери доктринасына сәйкес жүргiзiлiп жатқан Қазақстан Армиясындағы трансформация шараларын жоспарлы түрде жүзеге асыру әскери құрылыстың барлық жүйесiнде сапалы өзгерiстерге жету мен Қазақстан Республикасының әскери қауiпсiздiгiн бекiтуге негiз болуға мүмкiндiк бередi”. Тап осыны ендi орысша, сосын ағылшынша оқыңыз.

Күрiшбаев пен Түймебаевтың өмiрбаяндары да қазақша. “Сәлеметсiз бе! — дейдi Жансейiт мырза – Мен сiздермен өзiмнiң жеке блогымда кездескенiме қуаныштымын. Жобаның мақсаты — Бiлiм және ғылым минстрлiгiнiң басты жұмыстарымен таныстыру, оқырман сұрақтарына жауап беру. Осы блог арқылы мен сiздермен тiкелей байланыста боламын. Сұрақтарыңыз бен сiздердi толғандырған көкейтестi мәселелерге жауап беруге, ұсыныстар мен ой-пiкiрлерiңiздi ой елегiнен өткiзiп, назар аударуға тырысамын, блог қызықты пiкiр сайыс алаңына айналатынына сенемiн” дейдi министр. Әрi қарай осы мазмұнда орысша және ағылшынша “сенiм бiлдiредi”.

Дегенмен, интернеттi торуылдаушылар әзiрге премьер-министр блогынан министрлер блогына “ауысуға” асықпайтын сияқты. Нәтижесiнде министр мырзалардың парақшалары әзiрге бос тұр, ал Кәрiм Мәсiмов барша сұрақтарға бiр өзi жауап беруге мәжбүр.

Премьер-министр блогында сан алуан пiкiр бар. Мәсiмовтi “мүйiздейтiндерi” де жеткiлiктi. Соңғы жазбалардың бiрi — “Ұлттық компания топ-менеджерлерi жалақысының мөлшерi туралы” тақырыбы бойынша бiршама өткiр пiкiрлердi топтастырып берiп отырмыз (жазбалар орысша болғандықтан, мемлекеттiк тiлге аударуға тура келдi)

К.Мәсiмов:

“О размере заработной платы топ-менеджеров национальных компаний

Азаматтардың көптеген өтiнiштерiн (менiң блогыма келгендерi де бар) ескере отырып, мен бүгiнгi Үкiмет отырысында ұлттық компания басшыларының (топ-менеджерлерiнiң) жалақысы Премьер-Министрдiң жалақысынан аспауы керек деген ұсыныс жасадым.

Жалақы мөлшерiн азайту туралы ұсыныс мемлекет акционерлiк капиталына кiрген екiншi деңгейлi банктердiң басшыларына да қатысты.

Менiң айлық жалақым мөлшермен 700 (жетi жүз) мың теңгенi құрайды.

Принимая во внимание многочисленные обращения граждан (в том числе — на мой блог), сегодня в ходе заседания Правительства РК я внёс предложение об определении размера заработной платы руководителям (топ-менеджерам) национальных компаний, на уровне не выше зарплаты Премьер-Министра. Предложение о снижении размера заработной платы также касается руководителей банков второго уровня, в акционерный капитал которых вошло государство.

Моя ежемесячная зарплата составляет около 700 (семисот) тысяч тенге.

10 ақпан, 2009 жыл 13:19:00”.

Осы жазбаға 38 пiкiр келiп түсiптi.

“Сiздiң шешiмiңiз бiржақты әрi шикi. Кәрiм Қажымқанұлы, айтыңызшы, үкiметтегi сiздiң қарамағыңыздағы шенеунiктер басқа мемлекеттердiң жемқорлықпен және пара алумен күресiн зерттеп көрдi ме? Сiз жалпы осы мәселе жөнiнде, осы мәселенi шешу үшiн не iстелiп жатқаны туралы ойланып көрдiңiз бе? Сингапурдың негiзiн салған Ли Кан Ю айтқан екен: “Жемқорлық – азиялық өмiр сүрудiң бiр сипаты. Адамдар сыйақыны еш қысылмай-ақ ала берген, бұл олардың өмiрiнiң бiр бөлiгi” деп. Бұл алпысыншы жылдардың басы едi, ал қазiр Сингапур әлемдегi жемқорлыққа ең белшесiнен батқан мемлекет. Менiңше, жоғарыдағыдай популистiк мәлiдеме жасаудың орнына: 1. Барлық мемлекеттiк қызметкерлер (жоғарғы лауазым иелерi, бұл Президентке де қатысты) жыл сайын өз табыстары жайлы есеп берiп отыруы керек. 2. Жемқорлықпен, әсiресе, оның билiктiң жоғарғы эшелонында күресетiн ТӘУЕЛСIЗ орган болуы керек. 3. Сот институтының табысы жақсы болуы керек, ал сот қызметiне тек жақсы мамандар алынуы керек. 4. Жемқорлықпен күрес туралы нақты жұмыс iстейтiн заңдар керек. Ал қазiр кiнәлiлер тек айыппұл төлеумен немесе жұмыстан қуылумен ғана жазаланады. Жалпы, айтқанда, демагогия емес, жүйе керек… 11.02.2009 11:49:10. rock”.

“Одан да мына жерде дағдарыс кесiрiнен жұмысынан айрылған 72 мыңнан астам жұмыссыздар қоғамдық жұмыстар негiзiнде қанша алатынын жазбадыңыз ба? Ал ұлттық компанияларда жалақыны пирамиданың астыңғы жағынан бастап қысқартып жатыр — көк жағалылар мен клерктердың табысы азайды… Тереңiрек қазу керек, мәселеге кеңiнен қарау керек! 11.02.2009 10:32:46. Zhanbig”.

“Топ-менеджер де, қарапайым адам да Құдай алдында бiрдей жауап бередi. Бiрақ топ-менеджерлер әмияндарынан бiр-екi жүздiктi жоғалтқаннан қатты қинала қоймас, мұндай дағдарыс кезiнде аштан өлмес үшiн оларда қор жеткiлiктi. Барлық кездегi сияқты мұндай жағдайда айлық табысы төмен адамдар мен жұмыссыздар қиналады. Дұрысы, осылардың табысы мен отбасылары туралы ойлау керек. Сiз олар үшiн не iстедiңiз? Кедейшiлiк басқан сайын, ауру да дендей бередi. Адамдарды құтқару керек, ал сiз топ-менеджерлердiң жалақысын айтасыз… 11.02.2009 16:44:20 жан”.

“Қайырлы күн! Банктердiң басшылар мен акционерлерi ауысты. Мемлекеттiң өз қарауына алғаны жақсы, әрине. Мен банк қызметкерiмiн. Ендi айтыңызшы, бұдан соң не болады? Бүгiнгi жағдай мынандай: банктерде заңды тұлғаларға төлем уақытша тоқтатылған. Стратегияның қандай болатынын ешкiм түсiнбейдi. Басшылықты ауыстыру мен топ-менеджерлердiң жалақысы ең маңызды мәселе емес қой. Экономикаға қанша ақшаның бөлiнгенi туралы ұрандатып жатырмыз. Бағдарламалар қайда? Механизмдерi қандай? (“Даму” қаржысын бөлгендерi механизмдер жарамайды),. Ең бастысы, шағын және орта бизнеске қатысты жоспар бар ма, бар болса, халыққа жариялаңызшы. Ал банктердiң iс-әрекетi мүлде түсiнiксiз. Банктерге берiлетiн ақшаның өзiндiк құны қанша? Бәрiнiң ашық болғанын қалаймыз. Бұла азаматтардың ақшасы ғой. Егер мемлекет банктер депозиттерiне ақша салса, жоғарғы пайыздық үстемақы алады ғой деп ойлаймын. Ипотекалар үстемақысын 9-11 пайызға төмендеткенде, ақшаның өзiндiк құны қанша болады? Егер банк дұрыс жұмыс iстесе, ол ақшаның өзiндiк құнын түсiндiрiп беру керек. Пайыздық үстемақыларды кiмнiң есебiнен түсiремiз? Тағы да салық төлеушiлер есебiнен бе? 11.02.2009 22:04:53. Қайрат”.

“Кәрiм Қажымқанұлы! Менiң өз бизнесiм бар. Табысым 70-120 мың теңге болатын. Бiрақ өткен аптада девальвация нәтидесiнде 0 теңге болды. Ал мен 2,5 жас пен 6 айлық екi қызым мен әйелiмдi асырауым керек. Бұдан соң не болады? Сiз бәрiн дағдарысқа сiлтейсiз. Ал мен бала-шағама не деймiн? Қазiр 150 мың теңге тамаққа ғана кетедi. Ұлттық компаниялар директорлары 100-150 мың теңгеге өмiр сүрiп көрсiн. Сүре алмайды! Нан бермесеңiз де, айтуға мүмкiндiк бергенiңiз үшiн рахмет. 11.02.2009 23:33:05. Дармоед”.

“Кәрiм Қажымқанұлы, сәлеметсiз бе! Өзiңiз бастаған соң, сұрайық: ал бонустармен қосқанда бәрi қанша болады (бiзде сыйақы деп аталады). Ал сыйақы әртүрлi болады: ай сайын, мереке сайын… Сыйақылар да салық төлеушiлер есебiнен төленедi ғой. Ал ұлттық компаниялар бұл сыйақыларды жоспарды асыра орындағаны үшiн алуы мүмкiн. Ол да бақылауда бола ма? Әлде мұның бәрi тек халықты алдаусырату үшiн бе? Менiңше, көптеген адамдар сiздiң жалақыңыздың көлемiн естiп, таң қалған жоқ, бiрақ сiздiң атыңызға жақсы сөз де айтпады ғой деймiн. Дағдарыс кезiнде өз жалақысы туралы ашық айтқан екiншi адам сiз болсаңыз да, мұндай кезде мұндай ақша туралы айтпай-ақ қойған жөн болар едi. 11.02.2009 23:06:19. Көке”.

Қорыта айтқанда, ендiгi уақытта “тордағы” шенеунiктердiң жеке парақшаларына қарап отырып, талай “қызыққа” кенелетiнiмiз анық. Газетiмiздiң келесi санында министрлердiң “электорнды күнделiктерiндегi” жазбаларды “сүзiп” шықпақ ойымыз бар.

Осы айда жергiлiктi әкiмдер халыққа есеп беру науқанымен алашапқын болып жатыр. Есеп беру жиналысының босағасынан сығалап қалған халық әкiмдер блог ашқан жағдайда, талай шындықты шырқыратып айтар ма едi… Бiрақ әкiм-қаралардың арасынан тым болмаса бiреуiнен “интернеттi мен де бiлушi едiм” деген тырс еткен үн жоқ, әзiрге үнсiз.

Сонда әкiмдер де Кәрiм Мәсiмовтiң тапсырмасын күтiп жүр ме?

Гүлбиғаш Омарова

Серіктес жаңалықтары