МҰРЫН ЖЫРАУҒА АРНАЛҒАН КӨРМЕ

МҰРЫН ЖЫРАУҒА АРНАЛҒАН КӨРМЕ

МҰРЫН ЖЫРАУҒА АРНАЛҒАН КӨРМЕ
ашық дереккөзі
361

Жуырда, Қазақстан Республикасы Ұлттық кiтапханасының Мәдени бағдарламалар орталығында аса көрнектi жырау, “Қырымның қырық батыры” жырын қайта жаңғыртушы Мұрын Сеңгiрбекұлының (1859-1954) туғанына 150 жыл толуына орай көрме ұйымдастырылды, көрмеге жыраудың өмiрi мен шығармашылығына арналған кiтап пен мерзiмдi басылым беттерiндегi мақалар қойылды.

Бұл көрмедегi аса құнды мақалалардың бiрi – Н.Сауранбаевтың 1942 жылы 19 шiлдеде “Социалистiк Қазақстан” газетiнде жарияланған “Халық өнерiнiң қазынасы — Мұрын жырау” атты мақаласы. Онда Қазақ халқының қымбат қазыналарының бiрi “Қырымның қырық батыры” жырларын бiздiң дәуiрiмiзге жеткiзген аса көрнектi жырау — Мұрын Сеңгiрбекұлы екенi айтылады.

“Қырымның қырық батыры” құрамындағы жырлар әр дәуiрде туған Ел, Халық тағдыры сын тезiнен түскен елеулi оқиғалар кезiнде жыраулар сол жырларды қайта жаңғыртып, өткен дәуiр батырларын өнеге ретiнде жырлаған. “Қырық батыр” туралы жырда 15-16 ғасырларда, Алтын Орда мемлекетi ыдырай бастаған кезде, басқыншыларға қарсы күресiп, елдi, жердi азат ету жолында күрескен отаншыл батырлардың ерлiк күресi жырланады. Ол заманда батырларды елдi, жердi жаудан қорғайтын, халықты бақытты тұрмысқа жеткiзетiн адамдар деп бiлген. Сондықтан батыр ол заманның жырында тек күштiң қазынасы ғана болып айтылмайды, халықшыл, көпшiл, данышпан, ақылды саналы кейiпкер болып суреттеледi.

Мұрын жырау “Қырымның қырық батыры” секiлдi халқымыздың қымбат мұрасын жырлап насихаттаумен қатар, өз заманының жырау, жыршыларынан туысқан халықтардың ерлiк дастандарын, жыр-хикаларын үйренедi. Жырларды өрбiте, жүйелей келе, сол батырлар санын қырыққа жеткiзген. Бiздiң елiмiзде тек қана батырлар жырын ғана жаттап, бар өмiрiн талантын соған арнаған жыршы – жылғыз Мұрын жырау. “Қырық батыр” туралы жырлардың құндылығы сонда, олар – қазақ халқының мәдени тарихының таусылмас қайнар көзi, халық өмiрiнiң нағыз шежiресi. Өмiр бойы елдiк пен ерлiкке үндеп, батырлық жырлардың рухымен ерекше шабытқа бөленiп, әсем әуен, сырлы саз қанатында самғап келген Мұрын жырау өзi туып өскен Маңғыстау түбегiнде, Форт-Шевченко қаласында тоқсан бес жаста дүние салды.

Мұрын жырау шығармашылығы – халқымыздың кемел ойының жемiсi. Ол “Қырымның қырық батыры” жырларын өмiр бойы жетiлдiрiп, жаңғырта жырлап бүгiнгi ұрпаққа табыс еттi. Жыраудың осы елеулi қызметi Қ.Сыдықовтың “Ақын жыраулар” (1974), М.Хакiмжанованың “Шығармалары Естелiктер, мақалар” (2006), С.Садырбаевтың “Фольклор және эстетика” (1976), М.Ғабдуллинның “Қазақ халқының ауыз әдебеитi” (1974), Қ.Сәтбаевтың “Избранное” (2007) еңбектерiнде орынды бағаланып келедi. 1944 жылы Ташкент қаласында өткен Орта Азия фольклоры туралы Бүкiлодақтық ғылыми конференция қаулысында Мұрын Сеңгiрбекұлы (Сеңгiрбайұлы) жырлаған “Қырымның қырық батыры” эпосы дүниежүзiлiк маңызы бар еңбек ретiнде айырықша аталды. Телегей теңiздей мол қазынаны сан жылдар сақтап қаймағын бұзбай, бiздiң дәуiрiмiзге жеткiзгенiнiң өзi жыраудың баға жетпес ерекше еңбегi болып табылады.

Ботагөз Жанпейiсова

Серіктес жаңалықтары