7 КЕРЕМЕТТI 7 РЕТ АНЫҚТАМАСАҚ ЖАРАДЫ

7 КЕРЕМЕТТI 7 РЕТ АНЫҚТАМАСАҚ ЖАРАДЫ

7 КЕРЕМЕТТI 7 РЕТ АНЫҚТАМАСАҚ ЖАРАДЫ
ашық дереккөзі
384

Қазақта жетi санының қасиеттi екенi белгiлi. Тiптi, аптаның өзi жетi күннен тұратыны, жетi жұртты, жетi қазынаны, жетi жетiмдi, жетi әлемдi, жетi атаны, жетi қат жердi, жетi ғашықты, жетi тозақты, жетi руды, жетi суды бiлетiнiмiз сияқты, ендi жетi кереметтi де бiлетiн боламыз. Әуелде жетi кереметтi анықтауды “Әлемарт” қоғамдық қоры бастаған болатын. “Қазақстанның жетi кереметi” интерактивтi қоғамдық жобасын қолдау мақсатында www.alemart.kz веб-порталы iске қосылады. Бұл акция жүзеге асқаны мұң екен, сайтта кереметтi анықтаушылардың саны артып, әуелдегi мөлшерлеген уақытынан кейiнге ысырылады.

Интернет порталы арқылы кереметтi анықтаушылар жетi дүниенi ғана атап емес, Қазақстандағы бар нәрсенiң бәрiн атап көрсетiп жатыр. Сенбесеңiз, www.alemart.kz мен www.7 keremet.kz сайтын ашып көруiңiзге болады. Мұндағы жетi керемет бiркелкi болмауы да мүмкiн. Бiрде Атырау көпiрi алдыңғы орынға шықса, ендi бiрде Қасиеттi Вознесенский шiркеуi бiрiншi кезекке шығады. Бұл акция қоңыр күзде, яғни қыркүйек аяғында бастау алған едi. Қазiр мұның iске қосылғанына да бiрнеше ай болды. Әуелде желтоқсанда жетi кереметтi анықтаймыз деген әлемарттықтар оның мерзiмiн 22 наурызға дейiн ұзартыпты. Бұған төрт бiрдей министрлiк қолдау көрсетiп отыр.

“Әлемарт” қоғамдық қоры бастаған бұл жобаны ұйымдастырушылардың негiзгi мақсаты — елiмiздегi тарихи мәдени, табиғаты шырайлы жерлердi елге және одан тыс шет аймақтарға таныту. Ол үшiн өзiңiз бағалайтын, өзiңiз ұнатқан шырайлы өлкелердi, шырайлы аймақты кереметтердiң қатарына қосып, дауыс беруiңiзге болады. Сол арқылы елiмiздегi жетi кереметтi анықтай аласыз. Әзiр дауыс беру процесi жүрiп жатыр. Осыдан бiрер апта бұрын дауыс жинау бағыты осылай орын алған едi:

Атырау көпiрi — (8910);

Қасиеттi Вознесенский шiркеуi —(5076)

Қожа Ахмет Яссауи кесенесi — (3581)

Балқаш — (2812)

Шеркала — (3159)

Көлсай — (2378)

Хан Тәңiрi шыңы — (2171) дауыс жинаған.

Ал, бұл тiзiмге қосымша, Алтынемел ұлттық паркiн, Көктөбенi, Михаил Архангельский шiркеуi, Көлсай өзенi, Бес шатыр, Шарын шатқалы, Қозы Көрпеш мазарын тiркептi. Бұл “Әлемарт” сайтындағы мәлiметтер, ал “7 керемет” сайтын қанша ашқымыз келгенiмен, сайт дұрыс жұмыс iстемей тұр ма, әйтеуiр бетiндегi басты жаңалықты оқудың мүмкiндiгi болмады.

Қарасаңыз, Қазақстаннан жетi кереметтi емес, одан да көп кереметтердi табуға болар едi. Жоғарыда мысалға келтiрiлген кереметтерге қарасаңыз, ылғи көл, өзен, шiркеу, тау… Бiрiнде шiркеу, бiрiнде көпiр алдыңғы орынға шығып, қатарласа көш басын бастап келедi. Кереметтi анықтаған да жөн. Қазақтың сұлу табиғаты мол сары даласынан талай-талай кереметтердi табуға да болады. Бiрақ, осы кереметтi тағы бiр рет анықтаудың қаншалықты қажетi болғандығын түсiнбеймiз. Бұлай деуiмiздiң себебi, осыдан үш жыл бұрын Бүркiт Аяған, Тұрсынбек Кәкiшев, Бақытжан Қанапиянов, Кеңес Нұрпейiсов, Зейнолла Самашев, Сұлтан Сартаев, Шот Аман Уәлиханов бастаған Қазақстанның бiр топ ғалымдары “Қазақстанның жетi кереметiн” анықтаған жоқ па едi. Жетi кереметтi анықтау үшiн идеяны ұсынған Берiк Әбдiғалиев болатын. Ғалымдарымыз анықтаған кереметтер мыналар емес пе едi?!

1. Таңбалы тастағы суреттер. Таңбалы ескерткiштер Алматы қаласынан 170 шақырым жерде, қазiргi Алматы облысының Жамбыл ауданындағы Қарабастау ауылынан әрi, Шу Iле маңында жатыр.

2. Алтын адам. Бүгiнгi таңда қанатты барыспен бiрдей үйлесiм тапқан Алтын адам мүсiнi қазақтардың ұлттық символына айналған. Астанадағы Пирамидада “Алтын адам” мүсiнi қойылған бейненi көргенде көпшiлiк таңдай қағып, таң қалысады.

3. Қазақтың киiз үйi. Көшпендi халықтың этно бейнесiн беруде киiз үйдiң орны ерекше. Қазақ киiз үйде дүниеге келiп, дүниеден өткенде де киiз үйден соңғы сапарға аттанады. Бiр кездерi Өзбекәлi Жәнiбеков ағамыздың “Алматыда қазақ киiз үйiнiң этнографиялық музейiн ұйымдастырсам” деп армандаған киiз үйi бұл.

4. Домбыра. Күмбiрлеген күмiс қоңыраудай үнiмен қара шанаққа сыйдырған заман көшi мен тарихи оқиғаларды сыйғызған құдiреттi қара домбыраны керемет демей көрiңiз.

5. Қожа Ахмет Яссауи кесенесi. Бұл кесене – ортағасырлық сәулет өнерiнiң озық болмысын көрсететiн ескерткiш. Оны парсы шеберлерi асқан ыждағаттылықпен, асқан шеберлiкпен орындап шыққан. Он төртiншi ғасырда салынған ескерткiштiң мұрты да бұзылмай, сол қалпында атадан балаға сақталып келедi. Әрi бұл күллi мұсылман баласының тәу ететiн қасиеттi мекенiне айналған ескерткiш.

6. Маңғыстау жерасты мешiттерi. Әулие әмбелерге толы қасиеттi мекенде жерасты мешiттерi көптеп саналады. Бұл мешiттердiң әрқайсысының тарих қойнауынан шерттер сыры көп.

7. Астана-Бәйтерек. Жаңа Астананың көркiне көрiк қосқан, сымбатына әр берген Алып бәйтерек бүгiнде барша қазақ баласының астанасының символына айналған. Негiзгi құрылыстың түпкi нұсқасы Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың эскиз жобасы негiзiнде дүниеге келдi.

Анықтап бекiтiп қойған жетi кереметiмiз бар екен, ендеше оны тағы бiр рет қайталаудың қаншалықты қажетi бар? Алғашында интернет порталға дауыс беру арқылы ғана жүзеге асырылып жатқан. Қазiр бұған қағаз бюллетендер де қосылыпты. Соның өзiнде кереметтi анықтауға қалалықтар ғана атсалысып жатқан сияқты. Шалғайдағы ауылдағы адамдарға ғаламтордың исi де барған жоқ. Олар интернет портал арқылы жетi кереметтi қайдан анықтасын?! Ал, бiр жағынан сол сиқырға толы кереметтiң маңында ауыл балалары жүрген жоқ па? Қолмен ұстап, көзбен көрер дүниенi ғана керемет дегенiмiз жөн шығар, әйтпесе, шiркеу мен көпiрдiң қаншалықты кереметi бар дерсiң.

Дауыс беру уақыты 22 наурызда мәресiне жетедi. Дауыс берушiлер “Табиғат кереметi”, “Халық игiлiгi”, “Осы заман қазынасы” сияқты үш номинация бойынша таңдау жасай алады. Өзi теңдессiз деп тапқан тарихи ескерткiштер мен табиғаты таңғажайып өлкелердi, Қазақстанның байлығы мен азаттығының символына лайықты өнер туындыларына дауыс бередi делiнген жоба аз уақытта аяқталатын болады. Екi бiрдей сайтта жарыса жазылып, дауыс берiлiп жатқанымен, оның бәрi ресми тiлде жүргiзiлiп жатқаны өкiнiштi. Қазақтың табиғаты ғажайып өлкесiнiң төл атауы емес, ресми атауы сайтта дауыс жинап жатқаны жанды қинайды.

Кереметтi анықтаймыз жүрiп, әлi талай кереметке куә болмасақ, жарар едi.

Гүлзина Бектасова

Серіктес жаңалықтары