МИССИОНЕРЛЕР ДЕГЕНIНЕ ЖЕТТI

МИССИОНЕРЛЕР ДЕГЕНIНЕ ЖЕТТI

МИССИОНЕРЛЕР ДЕГЕНIНЕ ЖЕТТI
ашық дереккөзі
333

Жаңа заң жобасы қабылданбайтын болды

“Дiни сенiм бостандығы және дiни бiрлестiктер туралы” Заң жобасы былтырғы жылдың қараша айында қабылданып, Елбасының қол қоюына жiберiлген едi. Заң жобасын қолына тигiзген Нұрсұлтан Назарбаев Конституциялық кеңестен бұл құжаттың Ата заңға қаншалықты сай келетiнiн тексерудi тапсырды.

Елбасы тапсырмасымен құжатты қарап шыққан Конституциялық кеңес: “Дiни сенiм бостандығы және дiни бiрлестiктер туралы” Заң жобасына енгiзiлген өзгерiстер мен толықтырулар Ата заңға сай келмейдi” деген шешiм шығарды. Шешiмдi жария еткен Кеңестiң төрағасы Игор Рогов: “Президенттiң бұл құжатқа қол қояр алдында күмәндануы теген емес екен, құжат елiмiздiң басты заңы Конституциямызға сәйкес келмейдi”,– дедi. Демек, Кеңестiң шешiмiне орай, бұл заң қабылданбайтын болды. Конституциялық кеңестiң баспасөз хатшысы Гүлнар Байгелдiнiң айтуынша, құжат шетелдiктердiң және азаматтығы жоқ тұрғындардың құқын шектейдi-мiс. Мұнда “Наным-сенiм бостандығы” деген сөздiң мағынасы түсiндiрiлмеген. Сол себептi Конституцияның 39-бабы 3-тармағына сiлтеме жасау негiзсiз болып отыр. Оған қоса, бiр бағытта жұмыс iстеп жатқан ұйымдар арасындағы тең құқылық принципi сақталмай, дiни бiрлестiктердi тiркеу мерзiмiнде айырмашылықтар бар”, – дейдi.

Парламент депутаттарының бастамасымен дайындалған заң жобасында Республикадағы түрлi дiни бiрлестiктердiң қызметiне мемлекет тарапынан бақылау әжептәуiр күшейтiлген едi, бұған халықаралық ұйымдар қарсы шығып, сын-ескертпелерiн жаудыра жөнелдi. Тiптi, республикамыздың Сыртқы iстер министрлiгi құжат осы нұсқада қабылданса, Қазақстанның ЕҚЫҰ ұйымына төрағалық етуiне керi әсерiн тигiзедi деген мәлiмдеме жасаған болатын. Бұған Заң жобасын дайындауға тер төккен депутаттар келiспей отыр. ҚР Сенат депутаты Серiк Ақылбай: “ЕҚЫҰ, Еуропарламент көптеген жақтан, әсiресе сырттан келетiн дiндердiң итермелеуiмен Парламентке көптеген наразылықтар бiлдiруде. Әр облыстан келiп түседi. Бiрақ бәрiнiң мәтiнi бiрдей, адамдары басқа, яғни ұйымдастырылған. Бiз өз азаматтарымызды қорғамасақ, неге отырмыз?” деп өз наразылығын бiлдiрдi. Дiни басқарма өкiлдерi мен теологтар да “Құжаттың орта жолдан керi қайтуына дiни секталар әсер еттi” деген пiкiрдi бiлдiрдi. Қазақстан мұсылмандары дiни басқармасының өкiлдерi құжатқа секталардың кедергi келтiргенiн алға тартуда. “Мұндай жағдай екiншi рет қайталанып отыр. 2001 жылы ұсынған толықтырулар да қабылданбады. Қазiргi солқылдақ заңымыз елiмiзде астыртын жұмыс iстейтiн дiни ұйымдарға тиiмдi болып отыр” дейдi олар.

Егер ұсынылған құжатта қателiктер болса тездетiп түзеп, қабылдау керек. Қазақстан азаматтарын терiс пиғылды дiни ұйымдардың ықпалынан қорғап, Ұлттық қауiпсiздiктi нығайту үшiн дұрыс заң қажет. Парламент депутаттары қабылдаған нұсқаға сәйкес, елiмiздегi барлық дiни ұйымдарға жiтi сараптама жүргiзiлiп, оларды қайта тiркеуден өткiзу көзделген. Туындап отырған келiспеушiлiктер де дәл осы тiркеу мен дiни бiрлестiктердiң ұстанымдарын насихаттауды реттейтiн баптарға қатысты болуда. Депутаттардың ұсынған заң жобасы кейбiр дiни ағым өкiлдерiнiң пайымдауынша тым қатаң көрiнедi. Түрлi сыни ескертпелердiң көптiгiнен болса керек, Парламент мақұлдаған құжатты Мемлекет басшысы алдымен Конституциялық Кеңестiң талқысына, Ата-заңымызға сәйкестiгiн тексеру үшiн жiбердi. Құжат жөнiнде соңғы шешiмдi Кеңес таяу арада көп кешiктiрмей хабарлауы тиiс.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары