USAID ҰЙЫМДАСТЫРҒАН СЕМИНАР

USAID ҰЙЫМДАСТЫРҒАН СЕМИНАР

USAID  ҰЙЫМДАСТЫРҒАН СЕМИНАР
ашық дереккөзі
261

Жылу мен жарыққа деген әлемдiк тұтынушылық сұраныс деңгейiнiң артуы тасымалдаудағы балама жолдарды барынша көбейтумен бiрге оның қауiпсiздiгiн қамтамасыз етудi талап етедi. USAID пен USEA ұйымдастырған семинарда электр жарығын тартудағы маңызды мәселелер талқыға салынды.

Кеше Алматы қаласындағы “Холидей Инн” қонақүйiнде АҚШ-тың Халықаралық даму жөнiндегi агенттiгi (USAID) мен АҚШ Энергетикалық ассоциациясы (USEA) Ауғанстан мен Орталық Азия мемлекеттерiнен электрэнергиясын тартатын операторларға арналған семинарын бастады. Үш күнге созылатын бұл шара электр жарығын беруде және төтенше жағдайлар орын алғанда қолданылуы тиiс арнаулы қорғаныс мәселелерiн талқыға салуды мақсат етедi.

Бонневильдiк энергетикалық әкiмшiлiк қызметкерлерi мұрындық болған семинарды Құрама Штаттардағы электр жарығын берушi жүйенiң ең iрi қожайыны мен операторы ұйымдастырды. Семинарға Қазақстан тарапынан электр жүйелерiн басқару жөнiндегi компания – KEGOC, Қырғызстанның электр жүйелерiн басқару жөнiндегi ұлттық компаниясы, Тәжiкстанның “Барки Тоджик” энергетикалық компаниясы, Өзбекэнерго, Тәшкендегi “Энергия” үйлестiрушi диспетчерлiк орталық пен ауғандық ДАВМ компаниясының өкiлдерi қатысуда. Олар орталықазиялық аймақтан тартылатын электр көзiн тасымалдаудағы сенiмдiлiк, жарық жүйелерiнiң сапасын жақсарту, Ауғанстанға тиесiлi энергетикалық жүйеден келетiн электр жарығының көлемiн “Солтүстiк-шығыс” бөлiгi iске қосу арқылы арттыру т.б. сарапталды. “Солтүстiк-шығыс” жүйесi Орталық Азиядан Ауғанстанға электр жарығын экспорттауға мүмкiндiк бермек. Ең бастысы, ауғандар жерiнiң солтүстiк-шығыс бөлiгiн тұрақты түрде жарықпен қамтамасыз етуге, сонымен қатар орталықазиялық аймақтағы электр жарығын өндiрушiлердiң сатылымға шығаратын нарық аумағын кеңейтуге қол жеткiзiледi. Сондай-ақ, қатысушылар АҚШ-та және Оңтүстiк Африкада қолданылатын жарық беру жүйелерiнiң қорғанысын қамтамасыз ету, төтенше жағдайлардың кесiрiнен iстен шыққан жүйеден келетiн шығын көлемiн азайту не бәсеңдетуге де баса назар аударды.

Аталған семинардағы маңызды мәселелердiң бiрi, электр жарығын беруде орын алатын келеңсiздiктер мен төтенше жағдайда қорғаныс шараларын автоматты түрде iске қосатын жүйенi қалыптастыруға көңiл бөлiндi. Ақау табылған жүйенi автоматты түрде iстен шығарумен бiрге электр жарығын берушi жүйе апатқа тап болған кезде коммуналдық мекемелер тұтынушылар сұранысын төмендетуге, энергия өндiру көлемiн арттыруға немесе жарық берудi басқа жүйелер арқылы қамтамасыз етуге қатысты шараларды қабылдауы тиiс. АҚШ-тың Халықаралық даму жөнiндегi агенттiгi арқылы көрсетiлген қаржылық қолдаудың нәтижесiнде ұйымдастырылған бұл шара халықаралық тәжiрибелерге сусап отырған Орталық Азия аймағы үшiн аса маңызды. Ресми деректерге сүйенсек, USAID тарапынан бөлiнген 1,5 млрд. АҚШ доллары Орталық Азиядағы аймақтық, экономикалық денсаулық сақтау жүйелерiн және демократиялық құрылымдарды дамытуға бағытталған.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары