РЕСЕЙДЕ ҚАЗАҚ ОРТАЛЫҒЫ САЛЫНА МА?

РЕСЕЙДЕ ҚАЗАҚ ОРТАЛЫҒЫ САЛЫНА МА?

РЕСЕЙДЕ ҚАЗАҚ ОРТАЛЫҒЫ САЛЫНА МА?
ашық дереккөзі
203

12-ақпанда Ақтөбе қаласындағы Қазақ-орыс халықаралық университетiнде Орыс орталығы ашылды. “Русский мир” қоры осымен Қазақстанда үшiншi орталығын ашып отыр. Бұған дейiн бұндай орталықтар 2008 жылдың жазында Астана қаласындағы Президент мәдениет орталығында және Өскемендегi филология институтында ашылған. Сондай-ақ, Алматының орталығында Орыс үйi жұмыс iстейдi.

Жақында мен Мәскеудегi Қазақ тiлi қоғамы шығаратын “Қазақ тiлi” газетiнiң редакторы Орынбасар Қуандықовпен телефон арқылы тiлдескен едiм. Ресейдегi 1 миллионнан астам қазақтың 20 мыңдайы Мәскеу қаласында тұрады екен. 2007 жылы Самарада Ресей қазақтарының федералдық ұлттық мәдени автономиясы ашылған. Орынбасар Қуандықов бұл автономияның Ресейдегi өзге диаспора өкiлдерiнiң барлығынан кешiгiп құрылғандығын айтады. Мәскеулiктер күнi бүгiнге дейiн қазақ-мәдени орталығының салынбағандығына қынжылады.

“Ескi Арбат көшесiнде Украина Мәдени орталығы орналасқан ғаламат ғимарат бар. Ал, Первопрестольныйда, Армян переулогында Арменияның Мәдени орталығы орналасқан. Мұнда Мәскеудегi Армян театры бар. Арбат көшесiндегi 42-үйде Грузияның “Мзиури” мәдени орталығы ашылған. Мәскеудiң оңтүстiк-батысында Ресей-корей мәдени орталығы салынатын болды.

Кеңес Одағы құлағаннан берi Қазақстан мен Ресейдiң өзара қарым-қатынасы посткеңестiк кеңiстiкте ғана емес, геополитика саласында да ең маңызды стратегиялық әрiптеске айналды. 1992 жылы Ресей Федерациясы мен Қазақстан Республикасы арасында дипломатиялық байланыс орнағаннан берi екi ел қарым-қатынасы тату-тәттi көршi жағдайында. Бiздiң: “Ресей астанасында Қазақстанның мәдени-iскерлiк орталығы әлi күнге дейiн неге құрылмай отыр?” деген сауал қоюымыз әбден мүмкiн.

2004 жылы “Газеты СНГ” интернет-баспасөз-мәслихатында Ресей Федерациясындағы Қазақстанның сол кездегi төтенше және өкiлеттi елшiсi Қырымбек Көшербаев: “Мәскеу қаласында “Қазақстан” мәдени-iскерлiк орталығын салу жоспарланып жатыр. Бұны бiздiң президенттер де қолдап отыр. Бұл жайында сол жылдың қаңтар айында В. Путиннiң Астанаға сапарында келiсiлген болатын. Бұған жауап ретiнде Алматыда “Россия” атты мәдени-iскерлiк орталық ашылатын болады” деген едi. Содан берi 5 жылдай уақыт өттi. 2008 жылдың мамыр айында Ресейдiң жаңа президентi Д. Медведевтiң алғашқы шетелдiк ресми сапары Қазақстанға жасалғаны белгiлi. Қазақстанмен арада бiрталай келiсiмдерге қол қойылды. Солардың iшiнде Чистопрудный бульварындағы ғимаратты Қазақстан республикасының меншiгiне беру туралы екi ел Сыртқы iстер министрлерiнiң де келiссөздерiне қол қойылды. Содан берi тағы да ешқандай iс-қимылдар байқалмайды. Ал, 2004 жылы Ресей Федерациясының Сыртқы iстер министрлiгiне қарасты халықаралық ғылыми және мәдени Ресей орталығы Астанадағы Президент Мәдениет орталығында ашылды. Онда барлық жағдай жасалынған, компьютер, интернет, спутниктiк антеннамен жасақталған. 2000-нан астам кiтап қоры бар. Ресейдiң 300 фильмi бар, ғылыми-көпшiлiк бағдарлама енгiзiлген, орыс тiлiн үйретудiң жаңа ғылыми-методикалық әдiстерi қойылған медиатека жасақталған. Бұл орталықтың мақсаты – Ресей жайындағы ақпараттармен қамтамасыз ету, орыс тiлi мен әдебиетiн, мәдениетiн насихаттауға арналған арнайы акция өткiзу. Мұндай орталық 2008 жылдың шiлдесiнде Өскеменде ашылса, бүгiн Ақтөбеде ашылып отыр.

Ал, бiзде әлi күнге дейiн мұндай орталық ашу арманға айналып келедi. Соның салдарынан Мәскеудегi қазақ диаспорасының өкiлдерi ешқайда басын қоса алмайды. Осы уақытқа дейiн бiз үшiн маңызды мереке – Наурыз мейрамын жөндi атап өте алмаймыз. Бүгiнде ана тiлiн ұмытып бара жатқан жастарымыздың тегiн ұмытып, тiлi мен дiлiнен айрылып қалмауы үшiн қандай да бiр шара өткiзуге мүмкiндiгiмiз жоқ. “Қазақ тiлi” қоғамының өз ғимараты болмағандықтан қуықтай бөлмеде барлық iс-шараларды өткiземiз. Мұнда анда-санда қазақ тiлi сабақтары өткiзiлiп тұрады. Бiрақ, онда 20 адамның басын қосып сабақ үйретудiң мүмкiндiгi жоқ.

Iргелес отырсақ та Қазақстанмен арада рухани байланыс жоқтың қасы. Бiз Қазақстан туралы қазақша ақпарат түгiлi орысша ақпаратты сараң естимiз. Мәскеуде спутниктiк табақшаларды орнату тым қымбатқа түседi. Оны қалтасы көтеретiн қазақ мұнда аз. Сол себептi де “Каспионет” секiлдi спутниктiк арналарды көрудiң де мүмкiндiгi жоқ. Қазақстан өз iргесiндегi миллиондай қазақты рухани және мәдени тұрғыдан қолдауға асығар емес. Демек, Қазақстанға қазақ қажет емес сияқты” дейдi ол.

Ресей посткеңестiк елдердегi орыс диаспоралары үшiн барын салып-ақ бағуда. Ал, халқының тең жарымына жуығы шетте жүрген Қазақстан бұл тұрғыдан мақтана алмайды. Қазақстан тым құрығанда, миллионнан астам қазақ диаспоралары шоғырланған Қытай, Ресей және Өзбекстан (шын мәнiсiнде бұл елдердегi қазақтардың бәрi өз атамекенiнде отыр. Алайда, бүгiнде өзге елдiң аумағына саналатын қайран Едiл, Алтай, Орынбор, Омбы, Iле, Тарбағатай, т.т. жерлерiмiздi өзгенiң иелiгiне бердiк. Ендi сондағы халықты сақтап қалу – басты мақсат болуы керек) елдерiндегi қазақтардың рухани сұранысын қанағаттандыруға атсалысуы тиiс.

Есенгүл Кәпқызы

Серіктес жаңалықтары