Ермұхамет ЕРТIСБАЕВ: БIЗДЕ АЗАМАТТЫҚ ҚОҒАМ ДАМЫҒАН ЖОҚ

Ермұхамет ЕРТIСБАЕВ: БIЗДЕ АЗАМАТТЫҚ ҚОҒАМ ДАМЫҒАН ЖОҚ

Ермұхамет ЕРТIСБАЕВ: БIЗДЕ  АЗАМАТТЫҚ  ҚОҒАМ  ДАМЫҒАН  ЖОҚ
ашық дереккөзі
199

“Айтпарк” пiкiрталас клубында саясаттану ғылымдарының докторы, Президенттiң кеңесшiсi Ермұхамет Ертiсбаевпен кездесу ұйымдастырылды. Ермұхамет Қабиденұлының қай-қашанда баспасөзбен қоян-қолтық араласып, кез келген саяси процеске өз көзқарасын ашық айтып келгенi белгiлi. Атағынан ат үркетiн саясаткердiң келетiнiнен хабардар ақпарат құралдары өкiлдерi бұл жолы “Айтпарктiң” шағын залын лық толтырыпты.

ҚАЗАҚСТАННЫҢ КЕЛБЕТI — АБАЙ

Отырысты әдеттегiдей “Айтпарк” клубының жетекшiсi Нұрлан Ерiмбетов ашып, алғашқы сауалдар легiн жолдады. Ең әуелгi сауал осыдан екi жыл бұрынғы әкiмшiлiк реформаларына қатысты болды. Министрлiктерге енгiзiлген жауапты хатшы институтының өзiн өзi ақтай алмай отырғандығы және бұған Ермұхамет Ертiсбаевтың көзқарасы. Ертiсбаев мырза бұл сауалға “кадр таңдаудың қиындығы салдарынан жауапты хатшылар жиi ауысып кеттi. Әйтпесе, Германия тәжiрибесiнен алынған бұл институттың өзiндiк ерекшелiгi жеткiлiктi” деп жауап қатты.

Ал, “бiздiң билiк бүгiнде қоғамдық пiкiрге құлақ аспайды, сонау 70-шi жылдардың өзiнде Американ фильмдерiнде “Қоғам бұған не дейдi? Жұрт шулап кетедi ғой?” дейтiн тәмсiлдi жиi келтiретiн. Бiзде, Қазақстан қоғамында ел-жұрттың талқысынан қорқатын шенеунiк те, басқа да лауазымды тұлға көрiнбейдi. Бұған не дейсiз?” деген сауалға жауап та қысқа болды: “Бiзде азаматтық қоғам қалыптасқан жоқ. Азаматтық қоғам қалыптаспағаннан кейiн, қоғамдық пiкiр қалыптаспай отыр. Қоғамдық пiкiр қалыптаспағаннан соң, ақпарат құралдарының жазғанына ешкiм құлақ аспайды” дедi. “Азаматтық қоғамның қалыптаспауына кiм мүдделi, билiк пе әлде қоғам ба?” деген сауалға кеңесшi: “Өз басым Мәдениет және ақпарат министрi болған екi жарым жыл iшiнде азаматтық қоғамды дамытуға барынша күш салдым. Әрбiр шенеунiкпен жеке-жеке кездесiп отырып, азаматтық қоғамды дамыту оның жұмысын әлдеқайда жеңiлдететiндiгiн түсiндiрдiм. Сөйтiп, үкiметтiк емес ұйымдарға бөлiнетiн қаржының еселей түсуiне септiгiм тидi. Мен министрлiк басшысы болып келгенiмде үкiметтiк емес ұйымдарға небәрi 60 миллон теңге бөлiнетiн. Бұл дегенiңiз мұхитқа тамған тамшыдай ғана дүние. Батыс елдерiнде үкiметтiк емес ұйымдарға iшкi жалпы өнiмнiң әжептәуiр үлесi бөлiнедi. Сол себептi де азаматтық қоғамды дамыту үшiн үкiметтiк емес ұйымдардың жұмысын жандандыруға күш салу керек” дедi.

“Ресейде қазiр “Ресейдiң келбетi” атты акция жүрiп жатыр. Бұл акция бойынша, Ресей тарихында маңызды рөлге ие адамдарды көпшiлiк талқысына салып, сол арқылы Ресейдiң келбетiн анықтау көзделген. Сiздiңше, Қазақстанның келбетi кiм?” деген сауалға:

“Менiңше, Абай. Абай бұрын-соңды қазақ қоғамында болмаған теңдессiз биiкке жеткен тұлға және ол кiсi қазақ бойындағы кемшiлiктердi көре бiлдi, тiптi, кейде ащы мысқылдай отырып (бұған оның қақысы бар, басқа жұрт қақылы емес), өткiр сынға алады. Егер, Абай бүгiн қайта тiрiлiп келетiн болса, онда қазақтың бүгiнгi келбетi оны бұрынғыдан бетер қынжылтар едi” деген жауап қайтарды.

“ВРЕМЯ” ГАЗЕТI МЕНIҢ IЗIМЕ ТҮСIП АЛДЫ

“Қазақ” интернет газетiнiң өкiлi Болат Бөтеев мырза: “Қазақстанның болашағы – қазақ тiлiнде” деген жақсы тәмсiл бар. Бiрақ, соған қазақстандықтардың көбi сене бермейдi. Сiз бұған сенер ме едiңiз?” деген сауал қойды: “Әрине, бұл шынында қанатты сөз. Мен өз басым бұған сенемiн. Қазiр қазақ тiлi бұдан 18 жыл бұрынғы жағдаймен салыстырғанда әлдеқайда алға кеттi. Орыстар мен орыстiлдiлер қазақ тiлiн аса белсендi түрде үйренiп жатыр, демек, қазақ тiлiнiң болашағы өте зор. Дегенмен, бұл мәселеге үнемi акцент қоя бермеу керек. Мен өз басым Мәдениет және ақпарат министрi болып тұрған кезiмде қазақ тiлiн дамытуға орай, бiршама iс атқардым. Сол кезде Тiлдердi дамыту комитетiнiң (қазақ тiлi комитетi емес) бюджетi 500 миллион теңге болатын. Бiз оны 100%-ға көбейтуге қол жеткiздiк. Бұл дегенiңiз әжептәуiр iс. Егер, бюджеттi екi-үш есеге көбейтуге қол жеткiзетiн болсаң, оның өзi қыруар шаруа болар едi. Ал, бiз 100 есеге молайттық” деген кеңесшiге бiз: “Жақында, “Жас Алаш” газетiнде сол қаржының бiразы басқа мақсатқа жұмсалып кетiптi деген мәлiмет басылды. Сiз оны жоққа шығара аласыз ба?” деген сауал қойдық. Дәл осы сауалды залдан тағы бiр әрiптесiмiз орысша қайталады. Ол кiсiнiң қосқаны “Электронды кiтапханаға қатысты қаржы дауы жайындағы әңгiмелерге не дейсiз?” болып едi: “Время” газетiнiң өткен бейсенбiдегi санында Алексей Коноваловтың “Доступ за 100 миллионов” атты мақаласы жарық көрдi. Онда электронды кiтапханаға 100 миллион теңге жұмсалғандығы, электронды кiтапхананы бағдарламамен қамтамасыз ету үшiн бұл өте мол қаржы болып саналатындығы, сол себептi де қаржы полициясы тексеру жұмыстарын жүргiзiп жатқандығы айтылыпты. Биылғы жылдың наурыз айында “Время” газетiнiң менiң iзiме түскенiне 2 жыл болады. Олар аталған қаржыны қайдан алғанын айтпайды. Әшейiн, долбарлап соғып отыр. Мен оларды сотқа беруден аулақпын. Онсызда журналистер жетпiс жылдық Кеңес Үкiметi кезiнде өте қиын жағдайды басынан кешiрдi. Газеттiң жүргiзiп отырған саясатынан, журналистер жапа шектi. Алайда, мен бұның жала екенiн айтамын. Дегенмен, мен министр болған жылдары өзге мақсатқа пайдаланған қаржының болғаны рас. Мәселен, тендер бойынша басқа мақсат көрсетiлiп, ал оны министрлiктiң басқа қажеттiлiктерiне жұмсаған кезiмiз болды” дедi Ермұхамет Қабиденұлы.

БТА БАНК ТУРАЛЫ

БТА банк шетел банкiлерiне 12 миллиард доллар қарыз. Девальвациядан кейiн бұл қарыз тағы 2,4 миллард долларға өстi. Демек, билiк ТӘБ-тi сатып алу арқылы билiк оның салымшыларының қаржысын қорғап қалды. Бұл сома өте жоғары – жеке адамдардың салымы – 280 млрд. теңге болса, заңды тұлғалардың салымы – 1,3 трлн.-ға жеткен екен. Бұдан ешқандай саяси астар iздеудiң қажетi жоқ” деген кеңесшi Қазақстан экономикасының әлi күнге дейiн шикiзаттық экономикаға негiзделгенiн мойындады. Сондай-ақ, Кеңес Одағы құлағаннан бергi жиырма жылдай уақыт iшiнде машина өндiру iсi 9 есеге құлдыраған екен. Ермұхамет Қабиденұлы Индустрия және сауда министрлiгiнiң iсiне көңiлi толмайтындығын бiлдiрдi.

Сондай-ақ, Ертiсбаев мырза бүгiнгi таңда оппозицияның тым әлсiз әрi саяси айналым ала алмай жатқандығын айтты. “Ал, “Нұр Отан” партиясының барлық қоғамдық институт өкiлдерiне үндеу жариялап, дағдарыс кезiнде бiр жағадан бас, бiр қолдан жең шығаруға шақырған мәлiмдемесiне оппозиция бұл жолы да үн қатпаса, олар билiкпен өзара диалог жасауға құлықсыз деген сөз. Билiк партиясының өзге қоғамдық институттар алдында ары таза. Сонымен бiрге, рецессия 2011 жылға жалғаса беретiн болса “Нұр Отан” партиясына бұл оңай тимейдi. Өйткенi, бiрпартиялы парламенттiң жұмысы қиындай түседi. Әрi 2012 жылы Президент сайлауы мен Мәжiлiс сайлауының қатар келуi де дұрыс iс емес. Сондықтан, дағдарыстың тезiрек аяқталуы – мерзiмiнен бұрын сайлаудың болуына жетелейдi. Егер, қазiр сайлау бола қалса, билiк партиясына жеңiл тиетiн едi.. Өйткенi, оппозиция жiк-жiкке бөлiнген, ұйымдастыру шаралары тым төмен” дейдi ол.

ИДЕОЛОГИЯЛЫҚ БАҒЫТ ҚАНДАЙ БОЛУЫ КЕРЕК?

Ермұхамет Қабиденұлына: “Қазақстанның идеологиялық бағыты қандай болуы керек. Еуропалық бағытты ұстана ма, жоқ, шығыстық менталитетте қала ма? Тек Еуразиялық бағыт жайында ештеңе айтпай-ақ қойыңызшы” деген сауал қойылды.

“Қазақстан 70 жыл бойы өзге мемлекеттiң, Ресей империясының ықпалында болды. Осыдан 18 жыл бұрын бұнда басқа қоғам, басқа мемлекет болды. Тәуелсiздiгiн алғаннан берi өзге бағытты таңдап алдық. Ресей империясының қол астында болуымыздың бiзге тигiзген зияндары да болды. Алайда, тиiмдi жағы басым болды. Қоғамды отырықтандырып, қала мәдениетiн қалыптастырды. Сондықтан, бiздiң бағыт о бастан айқын – Ресей-Еуропа бағытын ұстанамыз. Кез келген елдiң саясатын оның географиясы айқындайды.

БӘРIНЕН ДЕ ШЕШIМ ҚАБЫЛДАУ ҚИЫН

Кеңесшi мырзаға тағы бiр сауал “Өз жауапкершiлiгiн сезiнгеннен гөрi Елбасын бетперде ететiн шенеунiктер молайып кеттi. Оған не дейсiз?” болды. Яғни, шенеунiктер елдiң мүддесi, халықтың ертеңi үшiн емес, Елбасының алдында жақсы көрiну үшiн жүргендей әсер қалдырады. Екi сөзiнiң бiрiнде “Елбасының тапсырмасы солай, Елбасының айтуы бойынша” деген қыстырманы жиi қолданады. Бұл кеңестiк дәуiрдегi “Партия мен Үкiметiмiздiң тапсырмасы бойынша” деген тезистi еске түсiредi екен. Бұған кеңесшiнiң жауабы дайын болды. “Бәрiнен бұрын қандай да бiр шешiм қабылдау қиын. Сол себептi де, шенеунiктер жауапкершiлiктi өздерiнен алыстатқысы келiп тұрады” дедi ол.

КИНО ТУРАЛЫ

Сауалдардың көбi Ермұхамет Қабиденұлының Мәдениет және ақпарат министрi болған кезге ойыса бердi. Соның бiрi, кеңесшi мырзаның министр болған кезiнде туындаған “Қазақфильм” киностудиясына тиесiлi жердi сату туралы бастамасына және “Кино туралы” Заңға келiп тiрелдi. Ертiсбаев мырза “Кино туралы” Заң жобасын әзiрлеп, Парламентке ұсынғанын, бiрақ оның қолдау таппағандығын айтады. Мұндай идеяларды жүзеге асыру үшiн Парламентке ықпал ететiндей күш қолыңда болуы керек” деген ол мұнай долларынсыз-ақ, киноиндустрияны дамыту арқылы да ұлттық қазынаны байытуға болады. Ол үшiн “Қазақфильмнiң” ұланғайыр территориясын аукцион арқылы сатып, Талғар маңайынан Голливуд секiлдi тамаша киностудия салуға болатын едi. Ол кезде мұнай бағасы шарықтап, жердiң құны ұшып тұрған болатын. “Қазақфильм” студиясының жерi кем дегенде 250 миллион долларға өтер едi. Бұған бүгiнгi күн талабына сай жабдықталған өте әдемi киностудия салуға болар едi. Керiсiнше, бiзде кино түсiру арзанға түседi. Сондықтан да, америкалық және ресейлiк киногерлер осында кино түсiруге асығар едi. Сол арқылы пайда табуға болатын. Оның үстiне 15 миллион халқы бар бiздiң елде “кино тауар болмайды” дейдi. Ал, 250 миллион көрерменi бар ТМД рыногын қайда қоямыз. Осы рынокты жаулап алуға ұмтылуға болатын едi ғой. “Кино туралы” Заң жобасында киногерлердi салықтан босату туралы арнайы бап енгiздiк. Бұның бәрi отандық кино өнiмiнiң дамуына септiгiн тигiзер едi. Бiрақ, оған ешкiм құлақ аспады” деп аяқтады Ермұхамет Қабиденұлы өз сөзiн.

P.S. Кездесу бастан-аяқ орыс тiлiнде жүргiзiлдi. Залдан берiлген кейбiр қазақ тiлiндегi сауалдарға да жауап орысша қайтарылды. “Неге қазақ тiлiндегi сауалдарға қазақша жауап қатпайсыз?” деген сауалға, Кеңесшi мырза: “Залда орыстiлдiлер де отыр. Солар да түсiнсiн деген мақсатта орысша жауап беремiн” дедi. Демек, бiздiң билiк өкiлдерi әлi күнге Қазақстанды қазақ мемлекетi ретiнде сезiнбейдi. Қазақ тiлiн әлi де мемлекеттiк тiл ретiнде қабылдамайды. Керiсiнше, Ресей империясының қазақ қоғамына берген жақсылықтарын санамалаумен әлек.

Есенгүл Кәпқызы

Серіктес жаңалықтары