“ТАҢБАЛЫТАС” – ӘРI ТАРИХ, ӘРI ӨНЕР
“ТАҢБАЛЫТАС” – ӘРI ТАРИХ, ӘРI ӨНЕР
Алматы облысы, Жамбыл ауданының батысындағы аймаққа жататын Қарабастау елдi мекенiмен шектескен Таңбалы шатқалындағы тасқа қашалған петроглифтер қазiргi кезде туризм көзiне айналып, халқымыздың тарихи мұрасы ретiнде алыс — жақыннан келгендердiң назарына ұсынылған.
Елбасының “Мәдени мұра” бағдарламасына байланысты көне жәдiгерге деген қызығушылығы осы мекенге тағы да ат басын бұрғызды.
Мұндағы петроглифтер 1957 жылы Қазақ ССР Ғылым академиясының Оңтүстiк Қазақстан экспедициясының күшiмен ашылған. Елiмiздiң тұңғыш кәсiпқой археологы Анна Максимова тарихи жәдiгердiң ашылуына бiрiншi болып үлес қосқан. Осылайша Қазақстан Республикасы Үкiметi-нiң №1052 қаулысымен 2003 жылы “Таңбалы”мемлекеттiк тарихи-мәдени және табиғи қорық-мұражайы ұйымдастырылып, содан бергi кезде алыс-жақыннан келгендер қатары көбейдi.
“Таңбалы” мемлекеттiк мекемесi Қарабастау кентiнен солтүстiк-батысқа қарай төрт шақырым жерде. Қорық-мұражай 2005 жылы ЮНЕСКО-ның штаб-пәтерiнде Бүкiл әлемдiк мұралар тiзiмiне “Таңбалы археологиялық ландшафты жартас суреттерi” Қазақстандық номинациясын енгiзу туралы сертификатты ЮНЕСКО-ның бас директоры Кончиро Мацура қорық-мұражайдың бүгiнгi директорына тапсырды.
“Таңбалы” шатқалының аумағында 100-ден астам әр уақыттағы ескерткiштер – қола дәуiрiнен б.з.д. ХIV-XIII ғасырдың ортасынан ХIХ-ХХ ғасырларға дейiнгi аралықты қамтыған қоныстар, молалар, ертедегi тас қашалған орындар, жартас суреттерi орналасса, ол елiмiздiң ертедегi және қазiргi кездегi халықтарының тарихын нақтылы көрсететiн археологиялық кешен.
Таңбалының көптеген жартас суреттерi қола дәуiрiндегi орталық Азияның жартастағы өнерiнiң бiрегейi деуге болады. Сонымен бiрге ежелгi Жiбек жолының бiр тармағы болғанын да тарихи орындар айғақтайды.
Қазiргi кезде Таңбалыда ғылыми-зерттеу жұмыстары жалғасуда. Қорық-мұражай ескерткiштерiн археологиялық құжаттандыру, картаға, суретке түсiру, тас суреттерiнiң жиынтығын жасау, консервациялық жұмыстар, геологиялық зерттеулер жүргiзiлiп, бұл жұмыс одан әрi жалғасып, сала мамандарының назарын аударуда.
Табиғи қорық – мұражайды тiкелей құзырына алған ҚР Мәдениет және ақпарат министрлiгi оның қалыптасуына көп көмек берiп, ғылыми қызметкерлермен бiрге қорықшылыр, инженерлер, экскурсоводтар және туристiк маршруттар бойынша гидтердi бiрiктiрген 29 адамнан тұратын штат бiрлiгiн бөлген. Нәтижесiнде Қарабастау елдi мекенiнiң жанынан арнайы мұражай салынып, онда тастағы суреттердiң нақты көшiрмесi мен бейiттердi қазу кезiнде табылған қыш құмыра, ыдыстар мен тұрмыстық бұйымдар, тағы басқа жәдiгерлер қойылған.
Таңбалыдағы суреттер бес топқа бөлiнiп, оны туристерге көрсету мәселесi қарастырылған. Кешеннiң негiзгi аумағында 3000-нан астам жартас суреттерi бар.
Негiзiнен суреттер ата-бабамыздың ой-санасы, тiршiлiгi, қоршаған ортамен байланысынан мағлұмат бередi.
Жадағай ғана жартастың бетiндегi аша тұяқты аңдардың бейнесiнде жан-жағына аса сақтықпен көз тiккен арқар, киiк, бұғы мен қолына садақ ұстап, аң аулауға шыққан аңшы бейнесi, тағы сол сияқты суреттер ертедегi адамдардың ұшқыр қиялына арқау болғандығы.
Қазiргi кезде 5000-нан астам (петроглиф) тастағы суреттер құжаттандырылып, көшiрмелерi жасалғаны, бұл жұмыстың бастамасы ғана.
Тастағы қосаяқты арбаға мiнген адамдар сұлбасы да көп жайды аңғартады. Аумағы 300-ден 1200 шаршы метрдi құраса, тастан салынған тұрақжай қалдығы мен керамикалық заттардың пайдалану мерзiмi б.д.д. XII-X ғасырлардан бастау алғанын ғалымдар дәлелдеген.
Таңбалытас II, IV-V бөлiгiне орналасқан бейiттер шатқалдың өн бойын алып жатыр, ол Таңбалы өзенiнiң оң және сол қапталын бойлай созылады. Тау етегiндегi жазықта Таңбалытас I және Қарақұдық II үлесiне тиетiн бейiттер бар. Олар 1957 жылы ғалым А.Максимованың жетекшiлiгiмен толығырақ зерттелген. Бейiттердегi мола саны онша көп те емес: бес-жетiден, онға дейiн. Жерлеу рәсiмi нәрестенiң құрсақтағы орналасуы бойынша жүргiзiлген деген болжам бар, әрi зерттеу кезiнде бейiттерден құмыра, тағы басқа құралдар шыққан. Рәсiм отбасы, жеке топ бойынша да жерленгенiн көресiң. Ал Таңбалытас I, IV, V, II – дегi бейiттер аумағы 250-400 шаршы метрден аспайды.
Шатқалдың оңтүстiк жағында Таңбалытас VII-нiң қола дәуiрiне келетiн бейiттер орын тепкен. Жиырма-отыз моладан құралатын iрi бейiттер жота етегiндегi жазықта кездеседi, жекелеген қорғандар тобы осы аймақтан бiр шақырымдай жердегi қашықтықта. Олардың диаметрi 15-20, ал биiктiгi 1-1,5 метр болып келедi. 1957 жылы Таңбалытас II-ден табылған “мұрты қоған” да бар.
Ал 1957 жылы А. Максимованың зертеуiндегi қорытындыға сүйенсек, бейiттердiң бiрнешеуi бiздiн дәуiрiмiзге дейiнгi III ғасырға және бiздiң дәуiрiмiздегi I ғасырға қатысты болып келедi де, сақтар мен үйсiндердiң мәдениетiн көрсетедi. Қарақұдық I учаскесiнде, яғни Қарабастау ауылының терiстiк батысында мұсылмандар бейiтi зерттелген, оны Максимова XIV-XV ғасырлардың еншiсiне жатқызып бағалайды. Мүмкiн осы бейiт Моғолстан мен Қазақ хандығының құрылу кезеңiне қатысты болар деген болжам бар.
Қазiргi кезде Таңбалы аумағында 3800 гектар жер Үкiметтiң қаулысымен визит – орталығы, мұражай салу мақсатында 24 гектар жердi пайдалану үшiн заңдастырылған. Бас кеңсе Ұзынағаш ауылы Абай атындағы көшедегi көп қабатты үйден берiлген.
Қорық-мұражайдағы суреттер бес топқа бөлiнсе, оны көруге келгендердi шағын топпен апаруға арнайы автокөлiк бөлiнген.
Таңбалыдағы мұражай ғимаратында спутниктiк байланыс орнатылған. Қазiргi заман талабына сай құрал-жабдықтармен, қорықшылар дүрбiмен, мiнiс аттарымен қамтылған.
“Таңбалы” мемлекеттiк тарихи-мәдени және табиғи қорық-мұражайы Алматы қаласынан 200 шақырымға жуық. Мұражай аумағында жаяу жүретiн туристiк маршруттың ұзақтығы 900-1900 метр, ал көру мерзiмi үш жарым сағатқа жуықтайды.
Ең бастысы, үш мың жыл бойы тарихи мәнiн жоғалтпай келе жақан петроглифтер кешеннiң ең маңызды буыны болып саналады.
Таңбалытас кешенiнде Қазақстан мен Орталық Азиядағы қола дәуiрiнен белгiлi жартастық өнер туындылары шоғырланған. Негiзгi кейiпкерлердi бедерлеу тәсiлi қола дәуiрiндегi тайпалардың мифологиялық концепциясы болғандығын дәлелдей алады. Таңбалытас кешегi жастардың туған жерi мен оның тарихына деген ықыласы арттыруда тарихи маңызы зор деп бiлемiз.
Медеуов ТҰРЛЫҒАЗЫ