77 БАЛАНЫҢ 7-УI ҒАНА ҚАЗАҚ МЕКТЕБIНЕ БАРМАҚ...

77 БАЛАНЫҢ 7-УI ҒАНА ҚАЗАҚ МЕКТЕБIНЕ БАРМАҚ...

77 БАЛАНЫҢ 7-УI ҒАНА ҚАЗАҚ МЕКТЕБIНЕ БАРМАҚ...
ашық дереккөзі
207

ПАВЛОДАРДАҒЫ БАЛАЛАР ҮЙЛЕРI ДҮБӘРА ҰРПАҚ ТӘРБИЕЛЕУДЕ

Елiмiздiң қазақылана қоймаған Кереку өңiрi әлi күнге мемлекеттiк тiл – қазақ тiлiне сусап келедi. Мұнда Павлодар атауын өзгерту мәселесiнен бастап, бiлiм ұялары мен мектепке дейiнгi мекемелер мен балалар үйiндегi қазақ тiлiнiң мүшкiл халi күн тәртiбiнен түскен емес. Тiптi, қазақтiлдiсiнен гөрi орыстiлдi мен аралас бағытта тәрбие беретiн жетiмдер үйiнiң ащы да болса бүгiнгi шындығын шырқыратып жазып, дөп басқан талай мақала жарық көрдi. Неге екенiн қайдам, Кереку өңiрiн қазақыландырудан, Павлодар атауын өзгертуден қашқақтайтын билiк бұл облысқа келгенде тiлiн тiстеп қалатын сияқты. Сылтауы да белгiлi, өйткенi, мұнда қазақтардан басқа ұлт өкiлдерi әлдеқайда басым. Әйтсе де, ертеңгi шұбартiлдi ұрпақтың қасiретiн тартатын өз ұлтымыз емес пе?

“Ұлт тағдыры” қозғалысы ұлттық патриоттық қоғамдық бiрлестiгiнiң Павлодар облыстық бөлiмшесi 2008 жылдың қараша және желтоқсан айларында облыс аумағына кiретiн және қала iшiндегi балалар үйi мен әлеуметтiк жетiмдер тәрбиеленетiн мекемелердi аралап, сүйегiмiзге түскен, жарадай батқан “тiл” мәселесiн қайта қаузады. Жараның бетiн тырнаған сайын қанай беретiнi сияқты, қазақ тiлi жағдайын қозғаған сайын көлеңкелi жағы ашыла беретiндей. Айталық, қоғамдық бiрлестiктiң Павлодар қаласындағы бөлiмiн басқаратын Руза Бейсенбайтегi екi ай көлемiнде бас-аяғы алты-жетi балалар үйiнiң жай-күйiмен көзбе-көз етене танысып, бiраз жайтқа қанығыпты. Сол зерттеу жұмыстарының қорытындысына үңiлсек.

… Торайғыров көшесiндегi №70 үйде орналасқан мектеп-интернатта 2-9 сынып аралығындағы барлығы 79 бала тәрбиеленсе, оның 15-i қазақ, қалғандары өзге ұлттар екен. Негiзгi тәрбие мен оқу тiлi – орыс. Қазақ тiлi тек мемлекет бекiткен бағдарламаға сәйкес оқытылатын көрiнедi. “Отбасылық типтегi балалар үйiнiң” “қазақ тiлiсi” мәз емес. Мұнда 8 баланы құрайтын бiр ғана қазақ тобы болса, қалған топтар орыс тiлiнде. 70 бала тәрбиелейтiн 9 топтан бар-жоғы 2 бала қазақ мектебiне барады екен. “Екiбастұз” балалар үйiндегi 77 баланың 35-i қазақ. 77 баланың 70-i орыс, 7-уi қазақ мектебiне бармақ. Ақсудағы балалар үйiнде 3 жастан бастап мектеп жасына дейiн тәрбиеленетiн 40 бала да орыс тiлiнде шүлдiрлейдi. Қалқамандағы балалар үйiндегi 29 баланың 2-уi ғана қазақ мектебiне баруға ниет бiлдiрген. Ал Тереңкөлдегi балалар үйi қазақтiлдi мен орыстiлдi тәрбиенiң ортасы, яғни, аралас. Ондағы 93 баланың 53-i таза қазақы тәрбие алып жатқанға ұқсайды. Бiр өкiнiштiсi, мұндағы балалардың көпшiлiгi Мичуриндегi балалар үйiне түседi де, қазақтiлдi балалардың тәлiм-тәрбиесi аз уақытта “түзетiлiп” кетедi екен. “Неге 1-сыныпта орысша оқыған баланың болашағын ойлап, үгiттеп, 2-сыныптан бастап қазақ сыныбына бермеске?!” деген тұжырым жасауға мәжбүр болдық. Егер бұған құлақ асып жатқан басшылар болса…

Алайда, Павлодар қаласындағы Катаев көшесiнде орналасқан мектеп-интернатқа барған Руза Бейсенбайтегiне мекеменiң директоры Г.Е. Шұғабаева ханым “Мне некогда вас слушать, я очень занята” деп өзi тұрған елдiң мемлекеттiк тiлiне (мемлекеттiк мекеменi басқарып отырған қызметкер ретiнде!) немқұрайлы көзқарас танытқан. Тiптi, Шұғабаева ханым мемлекеттiк тiл – қазақ тiлi екенiн де қаперiне алмай дүрсе қойған. Қысқасы, қорытынды бойынша балалар үйi мекемелерiндегi тәрбиеленушiлердiң басым көпшiлiгi мемлекет тiлiнде өмiр сүрiп жатқан жоқ. “Балалар мемлекеттiң құзыретiнде және мемлекеттiң бюджетiне оқытылады, тәрбиеленедi. Ал мемлекет тiлi – қазақ тiлi” деп ашынып, жоғарыдағы жайттарды тiзбек-тiзбегiмен көрсете отырып, Павлодар облыстық бiлiм беру басқармасы бастығы А.Х. Марданова ханымға, Павлодар қалалық бiлiм беру бөлiмiнiң бастығы Б.М.Бексейiтова ханымға, Қала және облыс жетiмдер мекемелерiнiң басшылары С.Қ. Нұрұмов мырзаға, Н.Ж.Алибаева және Г.Е.Шұғабаева ханымға, сол сияқты аталмыш балалар үйi басшыларына тiкелей хат жолдаған “Ұлт тағдыры” қоғамдық бiрлестiгi Павлодар облысы бөлiмшесiнiң басшысына көп кешiкпей жауап та келiп түскен.

Павлодар облысы Бiлiм беру басқармасы мемлекеттiк мекемесi басқарма бастығының мiндетiн атқарушы Буханова Гүләйiм ханымның атынан келген жауапқа көз жүгiртсек, құрғақ статистикалық мәлiметтен басқа iлiп-алар дәнеңе жоқ. Тiптi, толықтай жауап деуге де келiңкiремейтiн хатта тек: “Павлодар қаласының отбасы үлгiсiндегi балалар үйiнде” 70 баланың 11-i қазақ, “Мичурин ауылының отбасы үлгiсiндегi балалар үйiнде” 93 баланың 33-i қазақ, “Качир балалар үйi” мемлекеттiк мекемесiндегi 92 баланың 18-i қазақ, “Қалқаман балалар үйiндегi” 26 баланың 1-еуi қазақ, “Ақсу қаласының балаларға арналған баспанасы” мемлекеттiк мекемесiндегi 32 баланың 16-сы қазақ, т.б…” деуден аса алмай, сандық көрсеткiштi қарша боратыпты. “Мемлекеттiк мекемесi” деудi әсте ұмыт қалдырмаған шенеунiктер сол мекемелердiң атына заты сай жұмыс iстеп жатпағандарын бiлмейдi емес, бiледi. Сөйте тұра, “ҚР “Бiлiм туралы” Заңының 5-бабы, 2-тармағына сәйкес оқу орындары меншiк нысанына қарамастан мемлекеттiк тiл ретiнде қазақ тiлiн оқытады, дамытады” дейдi де, “сондай-ақ, бiлiм берудiң әрбiр деңгейi үшiн мемлекеттiк жалпыға мiндеттi стандарттарға сәйкес орыс тiлi мен шетел тiлдерiнiң бiрiн оқытуды қамтамасыз етедi” деп баяғы сарынға басады. Яғни, бұдан басшының қазақ тiлiнiң емес, шет тiлi мен орыс тiлiнiң келешегiне қатты алаңдап жүргенi байқалатын сияқты. Ал Павлодар қаласы Бiлiм беру бөлiмiнiң бастығы Бексейiтова ханым өзiнiң берген жауабында қаладағы мектеп-интернаттары өз жұмысын “Тiлдердi қолдану мен дамытудың облыстық 2007-2008 жылдарға арналған бағдарламасына” сәйкес жүргiзiлiп жатқандығын “мақтана” айтыпты. Сонда олар Павлодар қаласындағы оқу-тәрбие жұмысы орыс және аралас тiлде жүргiзiлетiн екi мектеп-интернатын ғана арқалана ма?

“Қазақ тiлi пәнiн бiлiктi тiл мамандары жүзеге асырады. Iс жүргiзу жұмысы мемлекеттiк тiлде жүредi. Орыс және қазақ тiлiнде тәрбиеленетiн балалар оқулықпен 100 пайыз қамтылған. Катаев көшесiнде орналасқан орыс-қазақ (бiрiншi неге орыс айтылуы керек?) тiлiнде жүргiзiлетiн №2 мектеп-интернатында 93 оқушының 23-i қазақтар, соның iшiнде 8-i қазақ тiлiнде бiлiм алады” дегендi дабырайтып көрсетедi. Не деген масқара? 23 қазақ баласының тек 8-i ғана қазақша бiлетiнiне қуану керек пе? Неге сол 23-тiң бәрiн қазақ тiлiнде тәрбиелеп, қазақ мектебiне бермеске?

Сөз соңында Бексейiтова ханым: “Алдағы уақытта оқушылардың шығармашылық қабiлетiн жетiлдiру және мемлекеттiк тiлдiң өрiсiн кеңейту, қолдану аясын дамыту мақсатында қазақ тiлi пәнiнен мектепiшiлiк үйiрме жұмысы ретiнде тiл дамытуға арналған элективтi курстар желiсiн көбейтудi, мектепте бiлiм беру мазмұнын жаңарту және ауызекi тiлдесiп, қарым-қатынас жасауға мүмкiндiк беретiн қазақ тiлi пәнiнен тереңдетiлген сыныптар ашуды жоспарлаудамыз” деп жағымды жаңалығымен бөлiскендей болыпты. Бiз де қағаз жүзiндегi тiл хатпен жiтi танысқан соң, аталмыш мекемелерге тiкелей хабарласып көрдiк. Алайда, “Ауру қалса да, әдет қалмайдының” керi келiп, ә дегеннен-ақ жаттанды көрсеткiштi айта жөнелдi. Ат үстi жеңiл қаралмауы тиiс жайтқа тағы да сүлесоқ көзқарас танытқан олардан мардымды пiкiр ала алмадық.

Жергiлiктi бiлiм мекемелерiнiң кiлтiн ұстаған шенеунiктердiң көкейкестi мәселеге берген жауабына көңiл толған жоқ. Тiптi, қанағаттанарлық деуге де болмас. Әйтеуiр, “сұрақ – жауапсыз қалмасын” деген оймен ғана статистиканы көлденең тартудан жалықпай келетiн әдет бiздiң атқамiнерлерге ғана тән қасиет дерсiң. Аты аталған балалар үйiнде қанша қазақ, қанша басқа ұлт өкiлдерiнiң тәрбиеленiп жатқандығы зерттеу нәтижесiнен-ақ тайға басқан таңбадай көрiнiп тұр. Ендi оны қайталап тiзудiң қажетi қаншалықты? Одан да орыс тiлiнiң қолжаулығына айналып бара жатқан қазақ балаларын ана тiлiнде тәрбиелеп, ана тiлiнде бiлiм беру жағын неге қарастырмасқа? Әрбiрден соң қаншама баланың болашағына балта шауып, қолдан мәңгүрт етiп отырғанымыз ертең басқа емес, өзiмiздiң басымызға тиетiнiн ұмытпаған жөн.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары