БИЛIК НЕДЕН МҮЛТ КЕТТI? НЕМЕСЕ “АСЫҚҚАН – ШАЙТАННЫҢ IСI”

БИЛIК НЕДЕН МҮЛТ КЕТТI? НЕМЕСЕ “АСЫҚҚАН – ШАЙТАННЫҢ IСI”

БИЛIК НЕДЕН МҮЛТ КЕТТI? НЕМЕСЕ “АСЫҚҚАН – ШАЙТАННЫҢ IСI”
ашық дереккөзі
250

Өткен аптада ұлттық валюта бiр күннiң iшiнде 25 пайызға құнсызданды. Девальвацияға 10 пайызды межелеген билiктiң “теңге бiрден емес, бiртiндеп құнсызданады” деген сөзi тағы далада қалды. Ал кейбiр сарапшылар пiкiрiнше, теңгенi девальвациялау – жаңсақ қадам. Құны артқан “көк қағаз” базардағы бағаны құтыртты. Бiрнеше есеге қымбаттаған кейбiр тауар 50-60 пайызға бiр-ақ шығандапты. Инфляцияның “жыры” мұнымен бiтпейдi, егер билiк бағаны ауыздықтауда қауқарсыздық танытса, баға шығандай бермек.

Ұлттық Банк теңгенiң девальвацияланғаны туралы мәлiмдеменi сәрсенбi күнi (4 ақпанда) таратты, ал одан бiр күн бұрын, яғни, сейсенбiде Қазақстандық қор биржасында таңертең – 335 млн. доллар, күндiз – 1 млрд. 76 млн. доллар, ал биржа жабылуға санаулы минуттар қалған кешкi сессияда 60 млн. доллар сатылымға шығарылыпты. Кейбiреулер үшiн бұл кездейсоқтық болар. Бiрақ “көк қағаздың” қымбаттауына небары бiр-ақ тәулiк қалғанда, “кездейсоқтықтың” қалай орын алғаны жұмбақ. Оның үстiне, жыл басынан берi биржадағы сатылған доллар 5 млн. мен 400 млн.-ның шеңберiнен аса алмаған екен… “Нұротандық” депутат М.Тiнiкеев ұлттық валютаның құнсыздануына қатысты аса құпия ақпаратты қолдан шығарып алған Ұлттық банкке шүйлiгiп, тексеру жұмыстарын жүргiзуге ұсыныс жасады. Тiнiкеев Ұлттық Банктiң тiзгiнi қолында отырған төрағаның командасындағы бiр пысықай девальвация алдындағы қарбаласты ұтымды пайдаланып кеттi деген сенiмде. Оның уәжiн терiске шығарған Марченко тексеруден қашпайтындығын бiлдiрдi.

Билiк басындағылар осылайша сөз таластырып әлек болып жатса, қарапайым халық девальвацияның кесiрiнен құтырынып шыға келген инфляцияға көндiге алмай әлек. Ал айырбастау бөлiмшелерiндегi 1 доллардың бағасы 150 теңгемен шектелген жоқ, керiсiнше, 160-170 теңгеге дейiн шығандаған. Тек Ұлттық Банктiң ықпалының арқасында ғана “көк қағаздың” құны 150 теңгеден сәл төмендедi.

Апта басында Үкiмет үйiндегi жабық есiк жағдайында өткiзiлген “күлтөбедегi” жиында iрiлi-ұсақты шенеунiктердiң баға тұрақтылығын қамтамасыз ету, қымбатшылықты ауыздықтау сияқты баға саясатына қатысты күн тәртiбiне шығарылған мәселелермен бас қатырды. Бұған дейiн қазақстандық экономикада дефолт, дефляция, девальвация дегеннiң атымен болмайтынын айтып, ант-су iшкен Сәйденов отставкаға кеттi. “Девальвация деңгейi 10 пайыздан аспайды” деген бюджеттiң “құлағын” ұстаушы министр Сұлтановтың сөзiн Ұлттық Банкке күнi кеше қайта келген Марченко терiске шығарды: ұлттық валюта бiр-ақ күннiң iшiнде 25 пайызға бiр-ақ құнсызданды. Бүгiнде базардағы баға да ырыққа көнбей отыр – iшкi нарықтағы азық-түлiк – 12 пайызға, ал дәрi-дәрмек 50 пайызға қымбаттаған. ҚР Денсаулық сақтау министрi Досқалиев мұның себебiн дәрi-дәрмек бiткеннiң сырттан тасымалданатындығымен, доллар бағамының өсуi себептi қымбаттағанымен түсiндiрдi. Ал ҚР Индустрия және сауда министрi Владимир Школьник 9 ақпан күнi импортталатын тауарлардың ықпалынан Қазақстанның iшкi нарығындағы тұтынушылық тауарлар бағасы күрт өсетiнiн, қымбатшылықтың алдын алу үшiн келiсiмдерге қол қою көзделiп отырғанын айтқан. Алайда, отандық сарапшылардың басым бөлiгi ешқандай құжаттың бағаны ырықтауға көмектесе алмайтынын көлденең тартады. Елiмiздегi басылымдардың бiрiне сұхбат берген Ораз Жандосов: “Қазақстанда ұлттық валютаны девальвациялау қаупi бұрын-соңды болмаған жағдайдан жоғары. Әлемдiк нарықтағы шикiзат құны бұдан ары қарай да арзандай беретiн болса, макроэкономикалық тұрақтылықты сақтап қалу үшiн Үкiмет қолындағы жалғыз құралы – девальвацияның көмегiне жүгiнуге мәжбүр. Ұлттық банк пен Үкiмет таңдауға мәжбүр: теңгенi девальвациялай ма, әлде алтын-валюталық қорды жұмсай ма?” деген болатын. Билiк девальвацияны қалады. Бiрақ не себептi асығыстыққа бой ұрғаны түсiнiксiз.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары