Қанат БЕРЕНТАЕВ: ҮКIМЕТ ҰЙЫМДАСТЫРУ ШАРАЛАРЫМЕН ҒАНА ӘЛЕК

Қанат БЕРЕНТАЕВ: ҮКIМЕТ ҰЙЫМДАСТЫРУ ШАРАЛАРЫМЕН ҒАНА ӘЛЕК

Қанат БЕРЕНТАЕВ: ҮКIМЕТ ҰЙЫМДАСТЫРУ ШАРАЛАРЫМЕН ҒАНА ӘЛЕК
ашық дереккөзі
170

Екi жыл бұрын әлемдiк қаржылық дағдарыс әлемдi алқымнан ала бастағанда бiздiң билiк “Қазақстанға дағдарыстан келер қауiп жоқ” деп сендiрдi. Бiрақ араға жыл салып, Үкiметтiң дағдарысқа қарсы күрес бағдарламасы түзiлдi. Күнi кешеге дейiн отандық экономиканың жағдайы жақсы деп тамсанған билiк жуырда жағдайдың ушығып бара жатқанын, осы себептi, Ұлттық қордан 10 млрд. доллар бөлiнетiнiн айтты. Дефолт, дефляция, девальвация дегеннiң қазақстандық экономикаға жат екенiн айтудан бiр жалықпаған шенеунiктер ұлттық валютаны бiр-ақ күнде 25 пайызға құнсыздандырды. ТМД бойынша банк жүйемiз керемет деп кеуде қаққан Министрлер кабинетi қаржылық саланың да шекесi қызғаны шамалы екенiн мойындауға мәжбүр болды. Тiптi, Альянс пен ТұранӘлемдi мемлекет меншiгiне өткiзiп, ТӘБ-тiң экс-басшысы Әблязовты отставкаға жiбердi. Ұзақ уақыт бойы ТұранӘлемнiң үкiметтiк ескертулерге құлақ аспағанын айтуды да ұмытпады… Тiзе берсең, тiзiле беретiн кереғарлық. Түсiнiксiзi, бiздiң билiктiң iсi мен сөзi неге үйлеспейдi? Кеше айтқан сөзiнен бүгiн жаңылуды әдетке айналдырған Үкiметтiң осал тұсы қайсы? Баға саясатын тұрақтандыруға билiк бүгiн қауқарлы ма? Осы және басқа да сауалдарға жауап табу үшiн ҚР Бiрiншi Президентiнiң қоры жанынан құрылған Әлемдiк экономика және саясат институтының аға ғылыми қызметкерi Қанат Берентаев мырзаның пiкiрiне жүгiндiк.

ҮКIМЕТ НЕГЕ ЖИI АЛДАЙДЫ?

– Қанат Базарбайұлы, бiздiң Үкiметтiң сөзi мен iсi неге жиi үйлеспейдi? Билiктiң үнемi кереғарлыққа бой ұратыны несi?

– Өйткенi, Үкiмет өз әрекетiне тiптi, жауап бергiсi келмейдi. Керiсiнше, әрдайым кез келген нәрсенi өз атына сөз келмейтiндей етiп боямалап, тiгiсiн жатқызуға тырысады. Бiздiң Үкiмет – Президенттiң пәрменi мен шешiмдерiн жүзеге асыратын техникалық орган болып табылады, яғни, Үкiмет “Үкiмет” деген ұғымға сай емес. Жыл сайын билiк индикативтiк жоспар қабылдайды. Бiрақ ол жоспардың орындалу жауапкершiлiгiн бiрде бiр Үкiмет ешқашан мойнына алған емес. Яғни, бұл кемшiлiк Мәсiмовтiң ғана емес, оған дейiнгi барлық премьерлердiң командаларына тән. Тағы бiр маңызды жайт, Үкiмет жыл сайын алдымен өз бетiнше жоспар дайындайды, бiрақ Президенттiң халыққа Жолдауынан кейiн Елбасының нұсқауымен, мүлде басқаша сипаттағы жоспарды қайта түзiп, тек Президент тарапынан берiлген тапсырмаларды iске асыру мақсатында жұмыс iстей бастайды. Осы себептi, бiздiң билiктiң өз билiгi өзiнде емес және экономикалық ахуалға тиiмдi дербес шешiм қабылдауға қабiлетсiз. Бұл әсiресе, елiмiздегi екiншi деңгейлi банктердiң кесiрiнен туындаған ипотекалық дағдарыс ушыға бастаған 2007 жылы анық байқалды. Бастапқыда дағдарысқа қарай бет алғанымызды мәлiмдеген Үкiмет Н.Назарбаевтың Қазақстанда ешқандай дағдарыстың жоқтығын айтқан сөзiнен кейiн бiрден көпшiлiктi дағдарыс жоқ деп сендiруге тырысты. Ол кезде ипотекалық дағдарыс Құрама Штаттарда шарықтау шегiне жетiп, Англияға, Еуропалық Одаққа мүше бiрқатар елдерге кесiрiн тигiзген едi. Үкiметтiң жалған мәлiмдемесi қаржылық дағдарыс әлемдi алқымнан алған 2008 жылы да жалғасын тапты. Тек Президенттiң “дағдарыс Қазақстанға да ықпал еттi” деген мәлiмдемесiнен кейiн ғана Министрлер Кабинетi дағдарыстың бар екенiн мойындады. Осыдан соң ҚР Ұлттық банкiмен бiрлесе отырып, дағдарысқа қарсы күрес бағдарламасын әзiрлеуге кiрiстi.

– Билiк “қолын мезгiлiнен кеш сермеген” жоқ па?

– Менiң де айтпағым сол. Бiр қызығы, Президент Үкiметке дағдарыстан шығу жолдарын көрсететiн бағдарламаны дайындауға 2008 жылдың 18 қазанында тапсырма берген болатын. Осыдан кейiн түрлi мiнберлерден “қазақстандық Үкiметтiң бiр жыл бойы дағдарысқа қарсы күрес шараларын жан-жақты жүргiзгенi”, “осының нәтижесiнде, ел экономикасының дағдарыстың алғашқы соққысына төтеп беруге қауқарлы болғаны”, “Үкiметтiң қолында дағдарысқа қарсы күрес бағдарламасы әлдеқашан дайын тұрғаны” жайлы мәлiмдемелер қатары күрт артты. Соған қарамастан, Үкiмет, Ұлттық банк пен ҚР Қаржылық қадағалау және реттеу агенттiгiнiң бiрiккен жоспары 2008 жылдың 30 қарашасында ғана көпшiлiкке ұсынылды. Яғни, билiк үкiметтiк бағдарламаны 3 айға кешiктiрдi. Дағдарыстық жағдайда 3 ай – өте ұзақ мерзiм. Ал Бағдарлама шеңберiндегi шаралар жоспарын Үкiмет 2009 жылдың қаңтарының ортасында ұсынды. Үкiмет әлi күнге ұйымдастыру шараларымен әлек. Ал оның жоспары – техникалық құжат қана. “Банк есiгiнен қалай кiру керек?”, “Банктен қалай шығу қажет?”, “Қордан ақшаны қалай алған жөн?”, “Қаражат кiмге берiлуi тиiс?”, “Облигацияларды қалай iске қосу қажет?”, “Оларды қалай тiркеген дұрыс?”… деген секiлдi ұсақ-түйек мәселелердi қарастыруда. Ал қазақстандық экономиканы қолдауға қажеттi нақты шараларды жүзеге асыруға келгенде, кежегесi керi тарта бередi. Бейне дағдарысқа қарсы шаралар емес, арқа-басты кеңге салған Үкiметтiң күнделiктi шаруаларға орай қабылдайтын жай жоспары сияқты.

БIР ЖЫЛҒА СОЗЫЛҒАН КӨЗЖҰМБАЙЛЫҚ

– Былтыр сiз кейбiр коммерциялық банктердiң мемлекет меншiгiне өтетiнiн айтқан едiңiз. Сонда бұл пiкiрге күмәнмен қарағандар қатары басым болатын…

– Дағдарыс кезiнде қаржылық ұйымдар мемлекеттiң меншiгiнде болуы тиiс. Нарықтық экономика жағдайында қаражаттың мақсатты бағытқа дер кезiнде жұмсалуы және жетуi үшiн қаржылық ағынды тиiмдi басқаруға баса назар аударылады. Мұндайда маңызды рөл атқаратын – мемлекет. Осы себептi, банк жүйесiндегi мемлекеттiң ықпалын күшейтiп, олардың белгiлi бiр бөлiгiн мемлекеттiк меншiкке өткiзу қажет болатын. Былтыр Үкiмет екiншi деңгейлi 4 банктiң 25 пайыз қарапайым акцияларын – 1 млрд. долларға, ал қосымша қаражат тартуды мақсат ететiн акциялар мен облигацияларын 3 млрд. долларға сатып алу туралы мәселе көтергенде, банктердi несиелеуге қажеттi қаржымен қамтамасыз ете отырып, ел экономикасының негiзгi салаларына қаржылық тұрғыда қолдау көрсетудi көздеген. Бiрақ бәрi керiсiнше болды. “Самұрық-Қазына” ұлттық әл-ауқат қорынан бөлiнген 10 млрд. доллардың 7 млрд. доллары – банктерге, 3 млрд.-ы құрылыс компанияларына бұйырды. Басқаша айтқанда, халық қазынасынан бөлiнген қыруар қаржы билiк төңiрегiнде жүргендердiң қанжығасында кеттi.

– Демек, оппозция өкiлдерiнiң “Үкiмет шенеунiктер мен олигархтарға ғана көмектеседi, ал қарапайым халық “өз қотырын өзi қасуға” мәжбүр” деген пiкiрiн сiз де құптайсыз ғой?

– Менiң айтып отырғаным да – сол. Үкiмет бiрiншi кезекте ақшаны банктер мен құрылыс компанияларына бөлдi. Ал олар билiк басындағы элитамен тығыз байланысты. Егер үкiметтiк дағдарысқа қарсы күрес бағдарламасының шеңберiнде 19 млрд. доллар көлемiнде қаражат бөлу көзделсе, оның небары 1 млрд. доллары ғана – шағын және орта кәсiпкерлiкке, 1 млрд. доллары – ауыл шаруашылығына, ал қалған бөлiгi банктерге, құрылыс компаниялары мен iрi кәсiпорындарға тиесiлi. Дағдарыс қыспаққа алған қиын кезеңде Үкiмет кiмге көбiрек қолдау көрсетiп отыр? Елдiң басым бөлiгi тер төгетiн салаға ма, жоқ әлде Үкiметпен тығыз байланыстағы салаға ма?

– Үкiмет күнi кешеге дейiн отандық банктердiң қаржылық қауқарына күмән келтiрмейтiн. Бiрақ жуырда Г.Марченко ТұранӘлем банкiнiң ұзақ уақыт бойы дефолттық жағдайды бастан кешiрiп келгенiн мәлiмдедi. Пiкiр қайшылығы неден туындады?

– Бiз әрдайым қазақстандық қаржы жүйесiнiң мақтан тұтатынбыз. Осыдан бiрнеше жыл бұрын Ұлттық банктi басқарған Марченко да сол кезде “Бiз ТМД аумағында ең үздiк және батыстық үлгiдегi банк жүйесiн қалыптастырдық” деп жиi айтатын. Ал елiмiздегi 4 iрi банк туралы сөз қозғалғанда аталған банктердiң қазақстандық қаржы жүйесiне тиесiлi қаражаттың 80 пайызына ие екендiгi, осы себептi, оларға мемлекеттiк тұрғыда қаржылық қолдау көрсету бiрiншi кезекте ел экономикасының негiзгi салаларын қолдау болып табылатындығы анықталды. Бiрақ Альянс банкi мен ТұранӘлем банкiнiң 76-78 пайызын мемлекеттiң меншiгiне алуы көпшiлiк үшiн тосын жайт болды. Елiмiздегi ең iрi қаржылық ұйымдар қатарындағы банктер не себептi қиын жағдайда қалды? Осы мәселеде менi таңғалдырған екi мәлiмдеме бар. Бiрi– ҚР Ұлттық банкiне жетекшiлiкке қайта тағайындалған Г.Марченконың “ТұранӘлем банкi 1 жыл бойы дефолттық жағдайда тұрған. Егер Ұлттық банк тарапынан апталық несие берiлiп отырмағанда, ТұранӘлем баяғыда-ақ банкрот болатын едi” деген мәлiмдемесi. Екiншiсi, Бахмутованың “2008 жылдың қаңтарында-ақ Қаржылық нарықты қадағалау және реттеу агенттiгi ТұранӘлем жұмысында жiберiлген кемшiлiктердi анықтағанын, аталған кемшiлiктердiң бiр жыл бойы жойылмағанын көлденең тартқан мәлiмдемесi. Банк 1 жыл бойы банкротқа ұшырау қаупi төнiп тұрса да, Қаржылық қадағалау агенттiгi нелiктен ешқандай шара қолданбағаны түсiнiксiз. Бахмутова “жоғары жаққа” жақсы көрсеткiштерден тұратын жағымды ақпар беру үшiн банктегi келеңсiздiкке көзжұмбайлықпен қарауға мүдделi болды. Сонда кiмге сенемiз? Бiр жыл бойы шаруасы ақсаған банктiң саясатын өзгертуге қауқарсыз болған Бахмутоваға ма, әлде “дұшпандарым қапыда қалдырды” деген Әблязовқа ма?

– Сiздiңше, Үкiмет неге ТұранӘлем банктi таңдады?

– Жуырда “Республика” газетiнде Әблязовтың дағдарыстан шығуға қатысты ұсыныстары көрсетiлген мақаласы жарыққа шықты. Егер зер салып қарайтын болсақ, мақаланың астарынан үкiметтiк саясатты қатаң сынға алған сарынды аңғарамыз. Ол сынмен шектелген жоқ, дағдарыстан шығар басқа жолды ұсынды. Тағы бiр маңызды жайт, осы мақаладан кейiн Әблязов Президентпен кездестi. Не туралы әңгiмелескендерi белгiсiз. Бiрақ кездесуде де дағдарысқа қарсы бағдарлама төңiрегiнде, соның iшiнде, банк саласына қатысты мәселелерде пiкiр қайшылығы туындаған сияқты. Осыдан кейiн Үкiмет бiрден ТұранӘлемнiң 78 пайыз акциясын мемлекет меншiгiне алып, Әблязовты отставкаға жiбердi. Оған дейiн ТұранӘлем банкiндегi келеңсiздiктердi елден жасырып келген, ешқандай шара қолданбаған Қаржылық қадағалау агенттiгi мен Ұлттық банк екi сөзге келместен, банктегi кiнәлiлердi қатаң жазалауға көштi. Бұл жерде Әблязовтың отставкасының астарында саяси сарын басым екендiгiн айту керек.

– “Ұлт тағдыры”, “Алға, Азаттық!”, “Күретамыр” сияқты басқа да қоғамдық ұйымдар Президенттен ТұранӘлем банкiн ресейлiк Сбербанкке сатудан бас тартуды талап етуде. Олар бұл ұлттық қауiпсiздiкке қатер төндiредi деп алаңдайды. Сiздiң пiкiрiңiз?

– Мен ұлттық қауiпсiздiкке қатер төнедi деп есептемеймiн. Өйткенi, бүгiнде барлық iрi банктер трансұлттық болып табылады. Тек бiр ғана елде жұмыс жасайтын бiрде бiр iрi банк жоқ. Қазақстандық-ресейлiк банк немесе қазақстандық-қырғызстандық-ресейлiк банк пайда болып жатса, ол – заңдылық. Сондықтан ТұранӘлемдi Сбербанк не кез келген басқа банк сатып алса, дабыл қағу жөнсiз. Әрине, Үкiметтiң ТұранӘлемдi мемлекет меншiгiне өткiзуi – құптарлық қадам. Бұл дағдарыс кезiнде қаржы ағынын тиiмдi басқару үшiн қажет. Бiрақ бiреуден сатып алып, екiншi бiреуге сатуды көздейтiн билiктiң алыпсатарлыққа жол бергенi ұнамайды.

– Демек, дәл қазiр мемлекет меншiгiндегi ТұранӘлемдi өзге бiреуге сатудың қажетi жоқ қой?

– Елдегi қаржылық ахуалды реттеу мақсатында иемденген қаржылық құрылымды санаулы күн iшiнде қайта сатуға ұмтылуы ақылға қонбайды. Үкiмет банктi кiм көп ақша берсе, соған сатуға бейiл. Алыпсатардың рөлiндегi билiк мемлекеттiң мүддесiн көздеп отырған жоқ.

– Батыстық БАҚ ТұранӘлем банкiне иелiк ету жолындағы күреске Еуразиялық топқа мүше миллиардерлер қосылады деген хабар таратуда. Сiз қалай ойлайсыз?

– Олардың қызғушылық танытуы әбден мүмкiн. Бiрақ мен Үкiмет Еуразиялық топқа сатады деп ойламаймын.

БАҒА ЫРЫҚ БЕРМЕЙДI

– Экс-бас банкир Сәйденов ұлттық теңгенiң құнсызданбайтынын айтқан. Ал министр Сұлтанов 10 пайызға девальвацияланатынын ескерттi. Бiрақ доллар бiр-ақ күннiң iшiнде 25 пайызға қымбаттап шыға келдi…

– Мен Сәйденовтi қолдаймын. Ол әрдайым “теңгенi девальвациялауға ешқандай негiз жоқ. Одан қазақстандық экономика ұтпайды, керiсiнше, ұтылады” дейтiн. Менiңше, бұл – өте дұрыс. Алайда, Сәйденовке қарсы пiкiр айтуға талпынғандардың алғашқысы Сұлтанов болды. Ол әп дегеннен-ақ девальвация 10 пайызбен шектелетiнiн айтқан. Девальвация туралы жасаған соңғы мәлiмдемесiнен кейiн Сәйденовтi қызметiнен босатып, оның орнына Марченконы бекiттi. Iле-шала девальвацияның 25 пайыздың шеңберiнен асып кеткенi анықталды. Байқасаңыз, бұл жерде әңгiмемiздiң басындағы “Үкiмет кез келген мәселенiң өңiн неге терiс айналдырады?” деген сауал тағы қылаң бередi. Билiк әрдайым кез келген нәрсенiң әсiресе, жағымсыз жайттардың “тiгiсiн жатқызуға”, елге терiс ақпарат беруге әуес. Мысалы, жұрт инфляцияның 20 пайызға жеткенiн көрiп тұр, Үкiмет 7-8 пайызбен шектелдi деп бой бермейдi. Девальвацияға қатысты да солай. Мысалы, Сұлтанов құнсыздану 10 пайыздан аспайды дегенде, мен мақалаларымның бiрiнде “демек, девальвация 20-25 пайыздан кем болмайды” деп жазғам.

– Теңгенiң құнсыздануынан базардағы баға тұрақтылығы шатқаяқтады. Бұған әрине, алыпcатарлар кiнәлi. Үкiмет баға өсiмiне қарсы күреске бiлек сыбана кiрiскелi отыр. Қысқа мерзiм iшiнде баға тұрақтана ма?

– Баға қадағалау мен бақылауға ырық бермейдi. Ешқандай келiсiм не меморандумдар да көмектеспейдi. Себебi, қымбатшылықты ақтайтын себеп бар: девальвация. Бақыт Сұлтанов үстiмiздегi жылы республикалық бюджеттен қаржыландырылатындардың ақылары – 25 пайызға, зейнетақы 10-12 пайызға артқанын, сондықтан девальвация кесiрiнен туындаған инфляцияның есесi сол бюджеттiк төлемдердiң есебiнен қайтарылатынын мәлiмдедi.

– Сiз де осы пiкiрмен келiсесiз бе?

– Бiрiншiден, табысы мемлекеттiк бюджеттен бекiтiлген адамдардың кiрiсiне девальвациядан келген шығынды ескере отырып, индексация жүргiзу қажет. Екiншiден, барлық валюталық несиелер девальвациядан кейiнгi бағам бойынша өтеле ме, әлде келiсiм-шарт жасалған кездегi пайыздық көрсеткiштер бойынша өтеле ме? Қарыз алушы ағайын шығын шекпес үшiн валюталық қызмет көрсетулер осы көрсеткiштерге сәйкес көрсетiлуi тиiс. Үкiмет осындай мәселелердi тез арада шешiп алуы керек. Бiрақ ешкiм бұған бас ауыртқысы келмейдi.

– Өйткенi, мүдделi емес.

– Иә, оларға тiкелей қатысы жоқ болғандықтан, мүдделi емес.

– Әңгiмеңiзге рахмет!

Әңгiмелескен Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары