ҚОҒАМДЫҚ ФОРУМ ҚҰРЫЛДЫ

ҚОҒАМДЫҚ ФОРУМ ҚҰРЫЛДЫ

ҚОҒАМДЫҚ ФОРУМ ҚҰРЫЛДЫ
ашық дереккөзі
265

ОҢТҮСТIК ҚАЗАҚСТАНДА ҚОҒАМДЫҚ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ ҚҰРУ — САЯСИ ПАРТИЯЛАРДЫҢ БАСТЫ МАҚСАТЫНА АЙНАЛДЫ

Оңтүстiк Қазақстан облысында құрылған Қоғамдық Форумның саяси салмағы арта түстi. Бұл идеяның жүзеге асуы елдегi саяси тұрақтылыққа жол ашты. Қоғамдық Форумның таяуда өткен кезектi отырысында “Жаһандық қаржы дағдарысы кезiнде экономиканы тұрақтандыру және саяси-әлеуметтiк тұрақтылықты қамтамасыз ету жолында бiр мақсатқа топтасу” мәселесiнiң қозғалуы осыған айғақ. Саяси партиялар мен үкiметтiк емес ұйымдар және ұлттық-мәдени орталықтар, мемлекеттiк органдар, сондай-ақ облыстық мәслихаттың депутаттары, кәсiподақ ұйымдары, жоғарғы оқу орындары, ардагерлер, БАҚ өкiлдерi қатысқан бұл жиыннан көп ой түйдiк. Форумның өзектi мәселесi ең алдымен, саяси партиялармен, қоғамдық ұйымдармен ынтымақтаса отырып, елдiң тыныштығы мен бiрлiгiне ұйытқы болып, қаржылық дағдарыстан шығу жолдарын қарастыру.

Қаржы дағдарысы кезiнде елдегi iшкi саяси тұрақтылықты сақтау мен қоғамның бiр мақсатқа топтасуының маңыздылығы үлкен мәнге ие. Облыстағы 10 саяси партиялар филиалдарының төрағалары барлық партиялардың Жарғыларында көрсетiлгендей мемлекеттiң дамуы мен тәуелсiздiгiн баянды ету үшiн қоғамдық ынтымақтастық жөнiнде меморандумға қол қойып, бiр бәтуаға келiп отыр. Меморандумда қаржылық дағдарыс кезiнде елдiң тыныштығын, iшкi-саяси тұрақтылығын сақтау үшiн келеңсiз жағдайлардың алдын-алу мақсатында митингiлер мен түрлi акциялар өткiзуге мораторий жариялау мәселесi талқыланды. Ел iшiнде қалыптасқан барлық проблемалық мәселелердi Қоғамдық Форумда ашық талқылау арқылы шешу басты мақсатқа айналды.

– Саяси-әлеуметтiк тұрақтылықты қамтамасыз ету басты мақсатымыз – дедi Қоғамдық Форумда алғаш боп сөз алған Оңтүстiк Қазақстан облысының әкiмi Нұрғали Әшiмов. Қоғамдық Форумның мән-жайына тоқтала келе, облыс әкiмi: “Бiз билiктiң партиясы ешқандай да жауапкершiлiктен қашқақтамаймыз. Қаржы дағдарысынан қандай қиыншылықтар болса да елдi күйзелтпей алып шығуға тырысамыз. Бiздiң нақты жоспарларымыз, нақты бағдарламаларымыз бар. Бiз осы бағытта жұмыс iстеймiз“, – дегендi алға тартты.

Форумда облыс әкiмiнiң орынбасары Елдана Сәдуақасова әлемдiк қаржы дағдарысы кезiнде облыс экономикасын тұрақтандыру бойынша атқарылып жатқан нақты iс-шараларға тоқталды.

Оңтүстiк өлкесiнде өнеркәсiптiң дамуына байланысты 2008 жылы 13 600 жұмыс орны ашылды. Оңтүстiк Қазақстан облысының экономикасын тұрақтандыру жөнiндегi 2009-2011 жылдарға арналған iс-әрекет жоспары жасалынып, оның шеңберiнде қаржы секторын тұрақтандыру, инвестициялық жобаларды iске асыру, агроөндiрiстiк кешендi дамыту, кiшi және орта бизнестi қолдау мен тұрғындарды жұмыспен қамтамасыз ету бағытында қосымша шаралар қарастырылып отыр.

2009 жылға арналған облыс бюджетiнiң көлемi 214 млрд. теңгенi құрап, 77 пайызы әлеуметтiк салаға бағытталған. Әлемде болып жатқан қаржы дағдарысына қарамастан, облыста әлеуметтiк нысандарды салуға және қайта жаңартуларға едәуiр көңiл бөлiнiп, 2009 жылы 73 бiлiм беру, 34 денсаулық сақтау нысандарын салу және 32 елдi мекендi таза ауыз сумен, 12 елдi мекендi табиғи газбен қамтамасыз ету жоспарланып отыр. Облыста ғасырлық әлеуметтiк жоба “Көксарай” су реттегiшiнiң құрылысы жүрiп жатыр. Жобаны жүзеге асыру арқылы барлық аралас салаларда 10 мыңнан астам жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкiндiк бар.

Оңтүстiк өлкесiнде экономиканы тұрақтандыру жұмыстары бес бағытта жүргiзiледi. Облыс бюджетiнен 164 млрд. теңге әлеуметтiк салаға жұмсалады. Оның iшiнде әлеуметтiк қорғауға 5,8 млрд. теңге қарастырылып отыр. Қаржы дағдарысынан шығуға байланысты экономикалық күйзелiске қарсы қор құрылып, оның мөлшерi 5 млрд. теңгенi құрап отыр. Бұл облыста астық мәселесi де шешiмiн тапқан. Ақмола, Қостанай, Шығыс Қазақстан облыстарынан 350 мың тонна астық, 30 мың тонна ұн әкелiнген.

Облыс тұрғындарын жұмыспен қамту деңгейi және әлеуметтiк бағдарламаларды орындау барысы да ойдағыдай. Бүгiнгi күннiң басты талабы – жұмыссыздықты төмендету. Облыста 2008 жылы 13 600 жұмыс орны ашылды. 50 рет жәрмеңке ұйымдастырылды. Оларға қатысқан 14,4 мың адамның әрбiр екiншiсi тұрақты жұмыс алу мүмкiндiгiне ие болған. Облыста жұмыссыздық деңгейi жыл басындағы 7 пайыздан 6,6 пайызға дейiн төмендеген. Облыста ақылы қоғамдық жұмыстар ұйымдастырылып, осындай жұмыстарға 9717 жұмыссыз жiберiлiп, аудандық, қалалық бюджеттерден 144,0 млн. теңге төленген.

Сондай-ақ облыс кәсiп орындарындағы жұмысшылар құқығының қаржы дағдарысы кезiнде сақталу жағдайы және әлеуметтiк төлемдер бойынша атқарылып жатқан жұмыстар да баршылық. Бұл жөнiнде Оңтүстiк Қазақстан облысы бойынша бақылау және әлеуметтiк қорғау департаментiнiң директоры Абдулла Ахметов жан-жақты баяндады. Мәселен, “Шалқия-Цинк-ЛТД” ЖШС-нiң Кентау филиалының қызметкерлерiне жұмыс берушiнiң бастамасы бойынша еңбек шарты бұзылған 344 қызметкерлерге жұмысынан айырылуына байланысты айлық орташа жалақысы мөлшерiнде 8 778 046 теңге өтемақы тағайындалып төлендi. Сонымен бiрге, бүгiнгiдей дағдарысты кезеңде жұмыс берушiлердiң қызметкерлердi жұмыстан заңсыз шығару оқиғалары осы департамент назарында. Оған нақты шаралар қарастырылуда.

Форумда “Ақ жол” партиясы облыстық филиалының төрағасы Алтынбек Каттебеков, “Ауыл” партиясы облыстық филиалының төрағасы Исмат Тұрсынқұлов. “Азат” партиясы облыстық филиалының төрағасы Жәнiбек Өтегенов, Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының облыстық филиалының төрағасы Нұрлан Сейтжаппаров, “Нұр Отан” ХДП партиясы облыстық филиалының төрағасы Шәрiпбек Жамалбеков және т.б қоғамдық бiрлестiктердiң жетекшiлерi жарыссөзге шығып, өздерiнiң ой-пiкiрлерiн ашық, бүкпесiз айтты. Олар облыстағы барлық саяси және қоғамдық күштердi елдегi қоғамдық-саяси тұрақтылықты, ел бiрлiгiн нығайтуға жұмылдырудың маңыздылығын атап өттi.

Жиын соңында Форум мүшелерi бүкiләлемдiк қаржы дағдарысы кезiнде экономиканы тұрақтандыру және саяси-әлеуметтiк тұрақтылықты қамтамасыз ету жолында қоғамдық ынтымақтастық құру туралы Қазақстандағы барлық қоғамдық ұйымдарға арнап үндеу қабылдады. Үндеудiң негiзгi мазмұны төмендегiдей: “Бiздер, Оңтүстiк Қазақстан облысында құрылған қоғамдық форум мүшелерi – облыстағы саяси партиялар филиалдарының жетекшiлерi мен азаматтық қоғам инстуттарының өкiлдерi әлемдiк қаржы дағдарыс кезеңiнде елдегi iшкi саяси тұрақтылықты сақтау үшiн қоғамның бiр мақсатқа топтасуының маңыздылығын терең жауапкершiлiкпен сезiне отырып, барлық күштердi, азаматтарды бiрлiкке, ынтымақтастыққа шақырамыз.

Саяси жағдайды ушықтырып, рулық, ұлтаралық, дiнаралық алауыздықты туғызуға, әлеуметтiк тұрақтылықты шайқалтуға арналған ұрандар мен iс-қимылдар сияқты келеңсiз iс-әрекеттерге баруға бiрауыздан қарсы екендiгiмiздi бiлдiремiз. Қазiргi уақытта келiспеушiлiк, дүрдараздық, ұлтаралық қақтығыс, түрлi саяси қақтығыстар жақсылыққа апармайтынын бiз жақсы түсiнемiз. Саяси тұрақтылығы жоқ, түрлi қақтығыстарды көрген елдердегi iшкi жағдайды, тұрмыс-тiршiлiгiн көрiп, естiп, бiлiп отырмыз.

Сондықтан да елдегi барлық партиялардың Жарғыларында көрсетiлгендей мемлекеттiң дамуы мен тәуелсiздiгiн баянды ету мақсатында облыстағы барлық саяси және қоғамдық күштердi елдiң iшкi саяси тұрақтылығын шайқалтуға негiзделген кез-келген iс-әрекеттердi қатаң тыйып тастауға шақырамыз. Қаржы дағдарысы кезеңiнде митингiлер мен түрлi акциялар өткiзуге мораторий жариялауды ұсынамыз және өзара ынтымастық жөнiнде меморандум қабылдаймыз.

Бiз Қазақстанның ынтымағы мен бiрлiгiнiң, саяси тұрақтылығының сақталуын қолдаймыз және барлық саяси партиялар мен қоғамдық ұйымдарды бiздiң бастамамызды қолдап, қоғамдық ынтымақтастық құруға шақырамыз.” Осылай Оңтүстiк Қазақстан облысында құрылған Қоғамдық Форум мүшелерi елдегi қаржы дағдарысы кезiнде экономиканы тұрақтандыру және саяси-әлеуметтiк тұрақтылықты қамтамасыз ету жолында қоғамдық ынтымақтастық құру туралы Қазақстандағы барлық саяси партиялармен қоғамдық ұйымдарға үн қатты. Бұл үнге Қазақстанның болашағын ойлаған кез келген азамат қолдау көрсетедi деген үмiттемiз.

Балтабек ТYЙЕТАЕВ

Серіктес жаңалықтары