Студент дәптерiнен

Студент дәптерiнен

Студент дәптерiнен
ашық дереккөзі
320

ЖОЛ АЗАБЫ ҚИНАЙДЫ

Қаратаудың қойнауындағы талай тарихқа куә болған Арыстанды-Қарабас маңын мекендеген ауылымның қазiргi жағдайы тым жұпыны күйде.Барып көрген сайын көңiлiме қаяу түседi.Өзiм тұратын Бәйдiбек ауданына қарасты Бестоғай елдi мекенiне бару да оңай емес.Ол жерге тiке баратын көлiк жоқ. Жолай кездескен көлiкпен сытылап баруға тура келедi. Ойдым-ойдым жолда ауылға жеткенше жаныңды шүберекке түйiп отырасың. Әбден тозығы жеткен асфальт көлiктiң жүруiне бiршама кедергi келтiредi.

Елбасы жарлығымен “2003-2005 жылдар ауыл жылы” деп жарияланып ауылға баса назар аудару көзделген едi. Алайда “жол жыры” ауыл жылында да оң шешiмiн тапқан жоқ. Ауыл жылында жөнделмеген жол қашан жөнделер екен?

Бұл жайында облыстық “Оңтүстiк Қазақстан” газетiнде 2007 жылдың қыркүйек айында мақала жарияланған едi. Тиiстi орындарға барып көмек сұраған ауыл тұрғындарының шағымын тыңдар құлақ жоқ. Бәрi де құрғақ уәдемен шығарып салады.Басшылардың мұндай сылтауынан жергiлiктi халық та мезi болғаны қашан. Ауыл биi Әлмахан Бейсенбайұлы облыстық мәслихат депутаты Асан Заманханға ауыл тұрғындары атынан жол мәселесiн айтып,үлкен сенiм артқан едi. Ақсақалдың сөзiнен кейiн шұрқ тесiк жолдың аз ғана бөлiгi тегiстелдi.Бiрақ түбегейлi шешiмiн тауып, толықтай бiткен iс жоқ. Облыс орталығынан жырақтағы жалғыз ғана телефон нүктесi бар ауылымның айтар мұңы көп.

ӘУЛИЕ ВАЛЕНТИН КIМ ЕДI?

Көпшiлiк жастар арасында 14-ақпанды дәстүрлi түрде ғашықтар күнi ретiнде тойлау үрдiске айналып барады. Христиан дiнiн ұстанған Европа халқының жастары сияқты 14 ақпанды “әулие Валентин” күнi деп Валентинге табынатындай ол кiм едi?

….Баяғы деректер бойынша 569 жылы Римде Валентин деген пiрадарды 14 ақпан күнi сол елдiң императоры Клавдия II дарға асады. Себебi ол кезде христиан дiнi Рим мемлекетi үшiн жаңа әрi бөтен дiн болған ғой. Бөтен дiндi уағыздап таратушыларға қатаң жаза қолданылған. Ал Валентин болса, жаңадан үйленбек болған жастардың некесiн сол христиан дiнiнiң шарттары бойынша қиып отырған. Христиан дiнi Европаны жаулап алған соң сол елдiң жастары пiрадар Валентиндi мадақтап, оның өлген күнiн ғашықтар мерекесiне айналдырған.

Үш қайнаса сорпасы қосылмайтын Валентиннiң бiзге қандай қатысы бар. Тiлi де,дiнi де жат өзге ұлттың мерекесiн неге тойлаймыз?!

Ал ендi бiздiң ата-бабаларымыз жас болмады ма? Олар бiр-бiрiне ғашық болмады ма? Этнолог тарихшыларымыздың айтуына қарағанда 21-наурызда қыздар өздерi ұнатқан жiгiтке арнап “ұйқыашар” деген тағам әзiрлеген. Жiгiттер жағы да сүйген қыздарына арнап,”селт еткiзер” деп аталатын айна,тарақ, беторамал сияқты сыйлық ұсынған екен. Айдаладағы әулие Валентиндi пiр тұтқанша махаббаттың қос шынары атанған “Қозы Көрпеш – Баян сұлу” немесе “Қыз Жiбек пен Төлеген” сынды ғашықтарды ардақтап жүрсек нұр үстiне нұр болар едi. Менiң құрбы-құрдастарымның үлгi тұтатын өз ғашықтарымыз тұрғанда, салт-дәстүрi бөлек, дiнi, дiлi басқаларды артық көретiнi көңiл қынжылтады.

АЯҚҚА САЛАТЫН КIСЕНДI…

Мен өзiм болашақта шындықты сүйетiн журналист болуды басты мақсатым деп санаймын. Бұл пiкiрiмдi құптамайтын замандастарым жетерлiк. Көпшiлiгi “неге бұл мамандықты таңдадың? Одан да ақшасы мол экономист, заңгер сияқты беделдi кәсiптi таңдамадың ба?” дегенге келiп саяды. Бұл жастардың ойы. Ал жөн сiлтер үлкендердiң де айтары осындай сипатта. Сонда қалай?

Өткенде үлкен қызметте iстейтiн лауазымды кiсiлердiң сөзi ерiксiз ойға батырды. Олардың бiрi:

– Шындықты айтсаң да жазықты боласың. Одан да үндемей жүру керек. Жалғыз өзiң көпшiлiкке тосқауыл бола алмайсың. Бiрдеңе десең жұмыстан алып тастайды. Сосын кемшiлiктердi көрсек те көрмеген боламыз. Әйтпесе талай нәрсенi бiлiп жүрмiз ғой, – десе, ендi бiрi;

– Жұмысқа тұру үшiн мықты “көке” керек.Болмаса қиын. Қазiр еден жуушылардың да “крышасы” бар, – деп жатты.

Әлдебiр мекемеге бара қалсақ,тек жақсы жақтарын,қол жеткен жетiстiктерiн айтып көлгiрсидi. Орын алып жатқан келеңсiз жайттар туралы айтудан қашқақтайды. Кейбiр басшылар журналист екенiңдi бiлген соң,жауап беруден бас тартады. Әрине кемшiлiксiз өмiр болмайды. Бұл табиғи заңдылық. Жауырды жаба тоқымай, кемшiлiктердi ашып көрсетсе, ол өзгелерге сабақ болып, екiншi рет қайталамауға тырысады емес пе?

Базбiреулерi “Басыңды ауыртып неғыласың. Жалғыз өзiң көпке ештеңе де iстей алмайсың. Дұрысы барлығы жақсы деп жаза салсайшы” – деп өздерiнше ақыл үйретедi. Көзiмiз көрiп жүрген кемшiлiктердi айтпай кетсек журналистiк арға сын.Көп адамдар аяққа салған кiсендi тiлге сала алмайтынын түсiнбейтiн сияқты.

Бiрақ мен турасын айтып туғанына жақпайтын кәсiптi таңдағаныма өкiнбеймiн. Белгiлi ақын, қоғам қайраткерi Ахмет Байтұрсынов:” Газет халықтың құлағы, көзi һәм үнi” – демеп пе едi?!

Жанар БЕЙСЕНБАЕВА, ХҚТУ-нiң 4-курс студентi

Серіктес жаңалықтары