ПАРЛАМЕНТТЕГI ЕКIНШI ПАРТИЯ КIМ БОЛАДЫ?

ПАРЛАМЕНТТЕГI ЕКIНШI ПАРТИЯ КIМ БОЛАДЫ?

ПАРЛАМЕНТТЕГI ЕКIНШI ПАРТИЯ КIМ БОЛАДЫ?
ашық дереккөзі
166

Оппозициялық партиялардың арасындағы алауыздықтың сыры неде?

Бұл туралы әртүрлi пiкiр айтылып жүр. Бiрқатар сарапшылар “Әдiлет” партиясын атайды. Ендi бiрi “екiншi партия оппозициялық партиялардың бiрi болады” деген пiкiрде, оның iшiнде Жармахан Тұяқбайдың партиясы – Жалпыұлттық социал-демократиялық партияны атайды. “Ақ жол” партиясы болуы мүмкiн” деген де пiкiр бар. Бiрақ неге екенi белгiсiз, ресми тiркелмеген “Азат” партиясы аталмайды. “Ымырасыз радикалды оппозиция болғандықтан, оның Парламентке өтуi мүмкiн емес” деген түсiнiк бар сияқты. Бiрақ соңғы кездегi қоғамдық-саяси оқиғалардың барысына жiтi көз тоқтатып, талдау жасар болсақ, мұның жаңсақ түсiнiк екенiн анық аңғаруға болады.

“Свобода слова” газетiнiң өткен аптадағы санында “ОСДП – молодая партия” деген мақала жарияланды. Мақаланы “Свобода слова” сараптама орталығы дайындаған, авторы белгiсiз. Iле бiрқатар газет-журнал мен интернет-форумдарда осы мақалаға қатысты қызу пiкiрталас басталды. “Жармахан Тұяқбай “Свобода словаға” неге жақпай қалды?” (“Чем Жармахан Туякбай не угодил “СС”?”, “Республика” №03 (138), 30.01.09 ж.), “Б.Әбiлов пен Ж.Тұяқбайға не жетпейдi?” (“Что не поделили Булат Мукушевич с Жармаханом Айтпаевичем?”, “Взгляд”, №3 (92), 30.01.09ж.) деген мақалалар жарияланды.

Шынында да бұл күтпеген жағдай болды. Ал Ж.Тұяқбай мен ЖСДП-шылар үшiн тiптi “төбесiнен жай түскенмен бiрдей болды” десе де болады.

Мақалада Ж.Тұяқбайдың оппозицияға қалай келгенi, ЖСДП-ның қалай құрылғаны, партияның қазiр не iстеп, не қойып жатқаны айтылады. Мақаланың аты айтып тұрғандай ЖСДП әлi буыны бекiп, бұғанасы қатып үлгермеген балаң партия ретiнде суреттеледi.

Бiр қарағанда бұған күнделiктi жазылып жатқан көп мақаланың бiрi ретiнде мән бермей-ақ қоюға да болар едi. Бiрақ гәп мақаланың басқа емес, ресми тiркелмеген “Азат” партиясына қарасты “Свобода слова” газетiнде шыққанында болып тұр.

“Республика” газетiне берген сұхбатында “Азат” партиясының төрағасы Болат Әбiлев мырза мақалаға өзiнiң еш қатысы жоқ екенiн, газеттiң iшкi жұмысына араласпайтынын айтады. “Бұл – партиялар арасындағы алауыздық, ЖСДП-ға “тиiсу” деп санамаймын. Дүрлiгетiндей ештеңе жоқ” дейдi ол.

Ал белгiлi журналист-публицист Сергей Дуванов “бұл – ашықтан ашық тиiсу”, партиялар арасындағы ақпараттық “соғыс” екенiн айтады.

ЖСДП-ның лидерi Ж.Тұяқбай мақалаға қатысты әлi өз пiкiрiн айтқан жоқ. Кеше АйтPARK-те болған оның орынбасары Әмiржан Қосанов та мардымды жауап айтпады. Ол бұған онша мән бермейтiн сыңай танытқанмен, оның айтуынша, бұл бiреулердiң жасап отырғаны. Ә.Қосанов күлбiлтелеп, Б.Әбiлев мырза қанша жерден азар-безер болып, жуып-шайса да, екi партия арасындағы тоңторыстық пен қырғиқабақтықты аңғару қиын емес. Әдетте оппозиция лагерiнде мұндай жайтты жауып-жасырмалауға тырысады. Бiрақ қанша жасырғанмен, партиялар арасында алауыздық бары анық байқалды.

Әлбетте, “осы жайттың сыры неде?” деген сауал туатыны анық. Гәп сонда.

Осы орайда көптен берi шу болып жүрген “Байсақовтардың iсiне” қайта үңiлiп қараған жөн.

“Байсақовтардың iсiне” байланысты “қылмыскерлердi жасырды” деген желеумен Б.Әбiлов, А.Қожахметов және Т.Тоқтасыновтың үстiнен сот процесi басталды. Бiрақ iсте күмән көп, көп нәрсе анық емес. Өйткенi, Байсақовтардың қылмысқа қатысы бар-жоғы толық дәлелденген жоқ. Нақты дәлел, айғақ аз. Ендеше ескi дауды қайта қоздату не үшiн керек болды?

Саясаткерлер мен саясаттанушылардың көпшiлiгi “Бұл – Ғалымжан Жақияновқа қарсы жасалып жатқан шара” дегендi айтады. Сәуiр айында оның мерзiмi бiтедi, ақталады. “Ол саясатпен айналыспас үшiн қайтадан iстi қылып, аяғына тұсау салып қоймақшы” деген пiкiрде.

Шынтуайтында, “бұл – Ғ.Жақияновқа емес, Б.Әбiловке қарсы жасалып жатқан шара” деуге болады. Өйткенi, iс қозғалғалы берi Ғ.Жақияновтан не куәгер, не күдiктi ретiнде жауап алынған жоқ. Сондай-ақ мұны кезектен тыс болатын Парламент сайлауымен қатысты қараған жөн. Бұл жұмбақтың ықтимал шешуi былай болса керек : Билiк Б.Әбiловтi “iстi” қылуы мүмкiн. Ол автоматты түрде депутат болу құқынан айрылады. Парламенттегi екiншi партия – “Азат” болады. Партиялық тiзiм бойынша Т.Жүкеев, О.Жандосов, П.Своик, т.б. өтедi. Бұлар Б.Әбiлов сияқты шырық бұзбайды, билiктiң оңтайына келедi. Сөйтiп билiк бiр оқпен екi қоян атып алады. ЕҚЫҰ-ның алдында да жүзi жарқын болады.

Ал Ғ.Жақияновты “байлап” қойғаннан келiп-кетер не бар? Ол қазiр онсыз да саяси пассив, тiптi соңғы кезде қара басын күйттеп кеткенге ұқсайды. Бiр рет мықтап аузы күйген ол ендi аяғын аңдап басатын болады.

Ал бiрқатар сарапшылар айтып жүргендей Парламентке “Әдiлет”, болмаса, ЖСДП өтсе, айғай-шу басыла ма? Әлбетте, жоқ.

Сондықтан да билiк осындай қитұрқы тәсiлге барып отырған сияқты.

“Азаттың” қысқы шабуылының мәнi, Ж.Тұяқбай мен Б.Әбiловтiң арасында неге “қара мысық” жүгiргенiнiң сыры осы болса керек.

Төлебай ДӘУЛЕТАЛЫ

Серіктес жаңалықтары