ОМАНМЕН ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ АРТАДЫ

Ықылым заманнан тәуелсiздiгiн сақтап келе жатқан Оман Сұлтандығы кезiнде Португалия мен Ұлыбританиямен Парсы шығанағына және Үндi мұхитына ықпал ету жолында бәсекелескен. Өзге араб елдерiндей "қара алтынға" бай болмаса да, экономикасын мұнайдың арқасында түзеп алған Оман бүгiнде дамыған және дамушы елдерге есiгiн айқара ашқан. ҚР Президентi Н.Назарбаевтың жексенбi күнi басталған iссапары Сұлтандықпен арадағы екiжақты қарым-қатынасты дамытуға арналған.

Әлемдiк экономиканы былтырғы қаржылық дағдарыс есеңгiретiп тастады. Дүние жүзiндегi алпауыт — Американың өзi есiн әлi жинай алмай жатыр. Сарапшылар қауымы дамыған елдердiң экономикасын дамушы елдер құтқаратынын айтады. Болжамдарға сенсек, дүниежүзiлiк қаржылық және экономикалық ахуал жыл соңына қарай түзелуi тиiс. Бiрақ америкалық экономиканың тұралап қалуы өзге мемлекеттерге керi әсер етерi анық. Бүгiнде әлем серiктестiк пен ынтымақтастық ауқымын барынша кеңейтуге мүдделi. Әсiресе, инвестициялық, сауда-саттық ахуалын жақсарту, экономиканы дербестендiру, энергетикалық қауiпсiздiк, көмiрсутегiлердi тасымалдаудың баламалы жолдарын табу сияқты басқа да мәселелер күн тәртiбiнде тұр. ҚР Президентi Н.Назарбаевтың жексенбi күнi ат басын Оман Сұлтандығына бұруының басты себебi де серiктестiк пен өзара ынтымақтастыққа арттыра отырып, өзектi мәселелердiң шешiмiн табуға қатысты болатын.

Қазақстанның араб елдерi арасындағы ең iрi әрiптесi – Оман Сұлтандығымен дипломатиялық қатынасы 1992 жылдың 27 сәуiрiнде басталды. 2006 жылы Астанада Оман Сұлтандығының елшiлiгi ашылып, 1997 жылы Н.Назарбаев алғаш рет Оманға iссапармен барды. Сапар барысында ел басшылары екiжақты түсiнiстiкке қатысты Бiрiккен меморандумға қол қойды. 2004 жылы Қазақстанға Оман Сұлтандығының сыртқы iстер министрi, 2005 жылы мұнай мен газ министрi мен сауда және өндiрiс министрi келiп қайтты. Қазақстан мен Оман арасындағы "Iнжу-маржан" учаскесiндегi мұнай өндiру жұмысы 2014 жылы қолға алынбақ. 2007 жылғы деректерге сүйенсек, екi ел арасындағы сауда айналымы 14,8 миллион долларға жеткен. Әрине, егер арабтар мен қазақтар арасындағы сауда-саттыққа баса назар аударылса, бұл көрсеткiштiң бiрнеше есеге өсерi анық. Қазiргi кезде тараптар арасында ақпараттың тапшылығы қолда бар мүмкiндiктi толық пайдалануға кедергi келтiрiп отыр. Сондықтан омандық кездесуде сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық және ғылыми-техникалық ынтымақтастық жөнiндегi екiжақты Үкiметаралық комиссия құру, қазақстандық-омандық iскерлер кеңесiнiң негiзiн қалап, кәсiпкерлердiң тәжiрибе алмасуын қамтамасыз ету, түрлi басқосулар мен көрмелер ұйымдастыру туралы мәселелердiң маңыздылығы сөз болды. Сонымен қатар Назарбаев екi елдiң келешекте Иран территориясы арқылы өтетiн көлiк жолдарын пайдалана отырып, екiжақты сауда-саттық көлемiн арттыруға мүмкiндiк барын айтты. Бұл мәселеде Қазақстан, Түркiменстан мен Иранның Парсы шығанағына қарай бiрiгiп салып жатқан темiр жолы таптырмас тасымал көзiне айналмақ. Темiр жолдың тиiмдiлiгi сол, алғашқы кезеңде 3 миллион тоннаға жуық жүктiң көлемi 10 млн. тоннаға дейiн арттырылу көзделiп отыр. Демек, түсетiн мол пайда транзиттiк қызмет көрсететiн көршi мемлекеттерге емес, темiр жол тартқандардың қалтасына құйылады. Ал Таяу Шығысты бетке алған қазақ экономикасы қарқынды дамитыны сөзсiз.

Оман Сұлтандығы республикамыздағы маңызды жобалардың бiрi – Каспийлiк құбыр арнасы консорциумының акционерi болып табылады. Сондықтан сапар барысында инвестициялық ахуалға да баса назар аударылды. Бiздiң ел Оманның экономиканы диверсификациялау мен шикiзаттық емес саланы дамытуға қатысты тәжiрибесiн зерттеуге мүдделi. Өйткенi, Оман Сұлтандығы да Қазақстан секiлдi бастапқыда экономикасын мұнай өндiру өндiрiсiнен түскен кiрiстермен жақсартып алған. Омандағы жалпы ұлттық өнiмнiң 40 пайызын, ал экспорттың 75 пайызын құрайтын "қара алтынның" қоры өзге араб елдерiндегiдей көп емес. Ресми деректердегi көрсеткiш – 4,7 млрд. баррель. Сарапшылардың есебi бойынша, егер көмiрсутегi қоры дәл осы қалыпта сақталатын болса, олардың мұнайы 15-20 жылға жететiн көрiнедi. Оман ОПЕС-ке де, Мұнай тасымалдаушы араб елдерiнiң ұйымына да мүшелiкке өтпеген. Осыдан 8 жыл бұрын омандық сұлтан Қабус бен Саид "Оман-2020" бағдарламасын әзiрлеу туралы бастама көтердi. Құжат шикiзаттық бағыттан бас тартуға, ұлттық кiрiс көзiн шикiзаттық емес салаға қарай өзгертуге және Сұлтандықтағы адам ресурстарына баса назар аударуға үндейдi. Ал екi жыл бұрын мұнай мен шетелдiк жұмыс күшiне деген тәуелдiлiктi азайтуға бағытталған 5-жылдық жоспар бекiтiлдi. Осы орайда, индустриалдық жобаларды, туризм саласын, орта және шағын кәсiпкерлiк пен банк, транспорттық және ақпараттық инфрақұрылымдарды дамытуға жұмсалатын шығындар көлемi арттырылды. Омандық ел қазынасына ауыл шаруашылығы мен балық шаруашылығынан түсетiн табыс көзi де өте қомақты. Сондай-ақ, туризм саласы жақсы жедел дамып келедi. Қазақстан көмiрсутегiлерден ғана пайда түсiруден, яғни, шикiзаттық бағыттан бас тартып, экономиканың өзге салаларын дамытуға мүдделi. Оман Сұлтандығымен тығыз қарым-қатынас жасай отырып, тәжiрибелерiн қазақ қоғамының табиғатына сәйкестендiруге ұмтылуы да сондықтан.

Ресми сапарының екiншi күнiнде Қазақ елiнiң басшысы Маскат қаласын аралады. Елiмiз үшiн бұл қаланың орны бөлек. 1998 жылы Маскат қаласы Астана құрылысын көркейтуге қосқан үлес ретiнде Қазақстанға 10 млн. АҚШ доллары көлемiнде қайтарымсыз несие берген. Қаржы Елордадағы Салтанат сарайының құрылысына жұмсалды.

Н.Назарбаев Қазақстанның тұңғыш президентi туралы араб тiлiнде алғаш шыққан кiтап – "Қазақстандағы билiк шуағы" атты еңбектiң авторы, араб саясаттанушысы, ғалым Мәжит ат-Түрiкпен кездестi. Нұрсұлтан сөзi араб тiлiнде "билiктiң шуағы" деген ұғым бередi.

Омандағы жалғыз жоғары оқу орны – Кабус Сұлтан ұлттық университетiнде, 416 шаршы метрге созылатын Кабус Сұлтан мешiтiнде, iргетасы 2003 жылы қаланған "Бiлiм алабы" технобағында болды. Ал қазақстандық делегация құрамындағы ҚР Сыртқы iстер министрi Марат Тәжин омандық әрiптесi Жүсiп бен Алауи бен Абдолламен кездесiп, дипломатиялық төлқұжат иелерiн визалық мiдеттерден босату туралы Меморандумға, Оман Сұлтандығының бiлiм министрi Рауяия бинт Сауд әл-Бусаидимен бiлiм және ғылым саласындағы ынтымақтастық туралы меморандумға, ҚР сауда-өнеркәсiптiк палатасы Оман сауда-өнеркәсiптiк палатасының арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Ең бастысы, екi ел арасындағы энергетикалық ынтымақтастықты арттыруға ден қойылады.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button