"АҚ БОТАНЫҢ" ТҰСАУЫ КЕСIЛДI

"АҚ БОТАНЫҢ" ТҰСАУЫ КЕСIЛДI

"АҚ БОТАНЫҢ" ТҰСАУЫ КЕСIЛДI
ашық дереккөзі

Елiмiз тәуелсiздiк алғаннан бастап шетелдегi қазақтармен етене жақын байланыс жасауға барынша көңiл бөлiнiп келедi. Алыс және жақын шетелде тұратын қандас-бауырлармен мәдени-рухани байланыс жасап, бұл жөнiнен қажеттi көмек, қолдау жұмыстарына әрдайым мұрындық болып жүретiн Дүниежүзi қазақтарының қауымдастығының орны бөлек. Қауымдастық күнi бүгiнге дейiн Қазақ елiнде болып жатқан игi нышандар мен игi iстердi қандастарымызға дер кезiнде жеткiзiп отыруда үлкен жұмыстар атқаруда.

Дүниежүзi қазақтарының қауымдастығы ҚР Мәдениет және ақпарат министрлiгi Ақпарат және мұрағат комитетiнiң жоспарымен Қауымдастық кiтапханасынан 2007 жылы жарық көрген кiтаптардың тұсаукесерiн өткiздi. Тұсаукесерде қауымдастықтың "Атажұрт" баспасынан 2007 жылы шыққан Ақыт Үлiмжiұлының "Жиһаншаһ", Сейiтхан Әбiлқасымұлының "Қуғын", Зардыхан Қинаятұлының "Моңғолиядағы қазақтар", Жәди Шәкенұлының "Қытайдағы қазақтар", ұжымдық жинақтардан Қытайдағы қазақ ақындарының "Күнгей бет", Өзбекстандағы қазақ ақындарының "Жүзiм бағы", балаларға арналған "Ақбота" және "Қауымдастық – қазақтың бiр отауы" секiлдi кiтаптар оқырманға жол тартты. Соның iшiнде бiздiң қолымызға тиiп отырған Г.Қоңыратбаеваның құрастыруымен жарық көрген балаларға базарлық – "Ақ бота" кiтабы. Бұл кiтап алғашында "Атажұрт – асыл қазына" атымен жоспарланса да, нәтижесiнде балалар "Ақ бота" атымен қауышты. Кiтап атамекеннен жырақта өмiр сүрiп жатқан қазақ балаларының атажұрт – Қазақстанның рәмiздерiмен танысып, атамекен әндерiн үйренумен қатар, ойлау қабiлетi мен тапқырлығын шыңдауға, сөздердiң мән-мағынасына үңiлдiру, келешекте шешен де ұтымды сөйлеудiң негiзiн қалауды көздейдi. Көркем безендiрiлуiмен бүлдiршiндердi баурап алатын кiтапта елiмiздiң рәмiздерiнен бастап, Ата Заң, қазақтың халық ертегiлерi мен әндерi, аталы сөздер мен мақал-мәтелдер, ұлттық әдет-ғұрыптар мен ұлттық ұғымдар, даналардан жеткен сөз сынды бөлiмдерден тұрып, әрқайсысына жете тоқталған. Бұл кiтапты қолына тигiзген жырақтағы қандастарымыз тәлiм-тәрбие алумен қатар, атамекенiн сүюге, оның рәмiздерiн құрметтеуге деген махаббатын арттыра түсетiнiне дау жоқ. Жарық көрген бiрнеше кiтап жоғары оқу орындары мен қазақ мектептерiне тегiн таратылды. Тұсаукесер рәсiмiне Өзбекстанда, Моңғолияда, Ресейде, Қарақалпақстанда, Қырғызстанда, Түркияда, Қытайда, Иранда, Ауғанстанда және Еуропа елдерiнде тұратын қазақ диаспорасының өкiлдерi қатысты.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ