АҚ БОЛ, СҮТ БОЛ, НАУРЫЗ! ДӘН БОЛ, ҚҰТ БОЛ, НАУРЫЗ!

АҚ БОЛ, СҮТ БОЛ, НАУРЫЗ! ДӘН БОЛ, ҚҰТ БОЛ, НАУРЫЗ!

АҚ БОЛ, СҮТ БОЛ, НАУРЫЗ! ДӘН БОЛ, ҚҰТ БОЛ, НАУРЫЗ!
ашық дереккөзі
268

(Шалқыма)

Көкте күнi күлiмдеп, жерде нұры дiрiлдеп, ырыс-бақ, құт боп, бал-уыз, сүт боп, көптен күткен көктем, жыл басы — Наурыз келдi! Тiзбек-тiзбек тырнасын тыраулатып, қырларды әнiменен бiр аунатып, қаздары қаңқылдап, үйрегi сымпылдап, гүл Наурыз тағы да күлiм қақты. Қымтанған жер жаһанды аялап-өбiп, күн нұрын сеуiп, қыстыққан кеуделерге гүлiн тақты. Жер де, көк те Көктем жырын, Көктем әнiн құйқылжыта төгiп тұр. Желектi — Наурыз, жiбектей — Наурыз жерiме байтақ, жұртыма жалпақ келiп тұр. Күн болып күлiп, самал боп майда өбiп тұр. Асыр сап бала, дел-сал боп дала көктем лебiн емiп тұр. Ойнақ сап төл де, жасанып бел де, бiр керемет болып тұр.

Бар дүние, күллi әлем тiршiлiктiң, құштарлық пен құмарлықтың мәңгi бiтпес — Ұлы жырын оқып тұр. Мүлгiген тау, қалың орман, кең дала сол бiр Ұлы әуендi, Ұлы сазды көкiрегiне, кеудесiне тоқып тұр. Аспан мен Жер, барлық ғалам осы әуенге, осы жырға ұйып тұр. Бар құдiрет, бар қасиет осы Ұлы тiршiлiктiң гимнiне сыйып тұр. Жер де,көк те, жыбыр-қыбыр бар тiршiлiк сол Гимнге, Ұлы көктем гимнiне тұнып тұр. Көктем келiп, жер-жаһанда бiр тамаша болып тұр. Қыс көрпесiн Күнге жегiзген мейiрбан ана, қасиеттi қара Жер дел-сал болып, маужырап, Қара жартас, Асқар шың мен Тау жылап, күллi дүние иiп тұр.

Кел, кел, Наурыз, көптен күткен — Ұлығым, төрге өт, Наурыз, төрлет, Наурыз — Ұлы Күн! Қадiрлiмнiң, қасиетiмнiң мың жасағыр бiрiсiң! Көптен күткен, көктен күткен нұрымсың! Жалықпастан айта берер, айтып өтер жырымсың!

Қадамың оң болсын! Жол болсын, Наурыз! Ырыс боп, құт боп, ағарған сүт боп үйiме ен!

Береке бақ бол, пейiлiме шақ бол, Наурыз! Байлығымның басы бол, қонағымның асы бол, Наурыз! Пейiлiме үйiлiп бiр, төрiме иiлiп кiр, Наурыз! Жетiмiмдi жебе, жесiрiмдi желе, Наурыз! Сөзiме салауат бер, өзiме қанағат бер, Наурыз! Ақ сақалды атамды желей бер, Наурыз, ақ жаулықты анамды жебей гөр, Наурыз, бүлдiршiн қызым, балдырған ұлымды сүйей бер, Наурыз! Барымды базарлы қыл, ұл-қызымды ажарлы қыл, Наурыз!

Елiмнiң тоны тозып, аты арымасын! Көз алартқан пыш-пыш сөзi дарымасын, Наурыз! Қотаным қойға толып, келебасы түйем көбейсiн, желiбасы бием көбейсiн, Наурыз!

Қазан аузы жоғары! Ақ бол, сүт бол, Наурыз! Дән бол, құт бол, Наурыз! Қырманым қызыл дәнге толсын, Наурыз! Кеудем қызу әнге толсын, Наурыз! Келiнiмдi кердең қылма, ибалы ет, Наурыз, Қыздарымды сырдаң қылма, сырғалы ет, Наурыз! Байларыма тойым бер, Наурыз! Балақаныма ойын бер, Наурыз! Билерiмдi салиқалы, сабырлы қыл, Наурыз! Халқыма қалқан азаматымды қарағайдай тамырлы қыл, Наурыз! Ұлықтарым кiшiк болсын, Наурыз, кiшiлiгi жоғары күшiк болсын, Наурыз! ("Ұлық болсаң кiшiк бол" деген, "кiшiк болмасаң күшiк бол" деген) . Әкiреңдеген әкiмнен сақта, Наурыз, қодыраңдаған әркiмнен сақта, Наурыз!

Патшаның тағын тиянақты, халқымның бақытын баянды ет, Наурыз!

Хош келiпсiң жыл басы — Наурыз, төл басы — Наурыз!

(Есжан АЙНАБЕКОВТIҢ «Ескерткiш» кiтабынан )

Серіктес жаңалықтары