ЖУРНАЛДЫҢ ЖАҢА САНЫ МЕРЕКЕГЕ АРНАЛДЫ

ЖУРНАЛДЫҢ ЖАҢА САНЫ МЕРЕКЕГЕ АРНАЛДЫ

ЖУРНАЛДЫҢ ЖАҢА САНЫ МЕРЕКЕГЕ АРНАЛДЫ
ашық дереккөзі

Журналдың наурыз айындағы кезектi саны қазақтың белгiлi жазушысы, Қазақстан Республикасы Мемлекеттiк сыйлығының лауреаты Дулат Исабековтың "Париждегi "Индия" атты мақаласымен ашылған. "Бұл мақала осыдан аттай жиырма жыл бұрын жазылған едi. Индияның тәуелсiздiк алғаннан кейiнгi қым-қуыт өмiрiн көрсетуге арналған Париждегi бес сағаттық спектакль жайлы екен.

Ол кезде тәуелсiздiк деген түсiмiзге де кiрмейтiн. Ендi бiз де дербес мемлекет болдық. "Индиада" жайлы сол мақала бүгiн де оқушыға қызықты болатын сияқты", – дейдi автор. Сөйтiп француздық театрлардың озық үлгiлерiн, ондағы режиссерлық тапқырлық пен артистердiң шеберлiгi жайында тебiрене жазады. Мақалада бұдан жиырма жыл бұрын көтерiлген проблема бүгiнгi күнi де актуальдi.

Белгiлi журналист Сара Латиеваның Академиялық би театрының жетекшiсi, Қазақстанның Халық артисi, Мемлекеттiк сыйлықтың лауреаты Болат Аюхановпен жүргiзген сұхбаты "Өнерге өктемдiк жүрмейдi" деп аталады. Онда "түзелмейтiн романтик Аюханов" атанған Болат ағамыз: "Мен айтпасам кiм айтады?" деп өзi негiзiн қалаған би театры төңiрегiнде әңгiме қозғай отырып, қазақ өнерi саласындағы бiрқатар қордаланған проблемаларды көтерген.

Қазақы қалпымен-ақ әлемдi таңдандырған әншi – Әмiре Қашаубаевтың туғанына биыл – 120 жыл. Көп жылдардан берi Ә.Қашаубаевтың өмiр тарихын, өнернамасын зерттеп жүрген күйшi, белгiлi өнер қайраткерi Жарқын Шәкәрiмнiң журнал тiлшiсiне берген сұхбатында бүгiнде тасада қалған тұлға жайында бiршама мәселелер қозғалыпты.

Халық артисi Әнуар Боранбаев – қазақтың театр өнерiнде өзiндiк орны бар тұлға. Оның азаматтық келбетi, актерлық шеберлiгi, өмiрге деген өзiндiк көзқарасы жақын дос-жарандарының арасында әрдайым ерекшеленiп тұратын. Мiне, осы жайында мөлтек сыр айтқан актриса Бақыт Жанғалиеваның эссесi кiм-кiмнiң болса да жүрегiне жылы шуақ құяды.

Сонымен бiрге журналдың кезектi санынан басқа да қызықты материалдарды оқуға болады.

Ж.БАҚҚОНДЫҰЛЫ