ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ "ФРАНКОФАНИЯ" МЕРЕКЕСI
ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ "ФРАНКОФАНИЯ" МЕРЕКЕСI
Елiмiзде Қазақстандағы Франция елшiлiгiнiң ұйымдастыруымен "Франкофония" мерекесi өтуде.13-рет өтiп отырған мереке наурыз айының 11-нен 20-на дейiн елiмiздiң бес қаласында: Алматы, Астана, Шымкент, Қостанай және Қызылордада аталып өтiлмек. Осы уақыт аралығында француз-қазақ комикстерiнiң көрмесi, "Францияны ашу" атты француз тiлi байқауы, француз қуыршақшыларының қойылымы ұйымдастырылып, "Арман" кинотеатрында француз және бельгиялық фильмдер тамашаланбақ.
Мерекенiң алғашқы күнi «Қазақконцерт» залында француз-қазақ квартетiне арналған концерттiк бағдарламамен ашылды. Ашылу рәсiмiне Францияның Қазақстандағы елшiсi арнайы келiп, аналар мен қыз-келiншектердi 8-наурыз мейрамымен құттықтады. Концерт барысында Франциядан арнайы келген виоленчелист Себастьян Ван Куайк, пианист Тома Вальверд және Халықаралық конкурстардың лауреаты, "Мәдениет қайраткерi" Жанат Ерманов өз шәкiрттерiмен өнер көрсеттi.
Залда ине шаншар орын болмады. Пианист Тома Вальвердтiң фортепианоға арналған екi прелюдиясы ("Көгершiн" және "Тыныштықтағы наразылық"), сондай-ақ, Францияда өткен халықаралық Анри Томази атындағы байқаудың дипломанты, үрмелi аспаптар квинтетi (жетекшiсi Жанат Ерманов) Манарбек Сәбитов (валторна), Гүлзира Дүйсембаев (флейта), Жанат Ерманов (кларнет), Малика Михлина, Алмас Әшiрбековтердiң ағаштан жасалған аспаптарымен орындаған "Ақ сиса" әнi, т.б. көпшiлiктiң көңiлiнен шықты. Бағдарламаның жабылу салтанаты "Францияны ашу" байқауының жеңiмпаздарын марапаттау рәсiмiмен қорытындыланбақ.
Балжан ҮСЕЕВА