"ҚАРА АЛТЫН" ТАҒЫ ҚЫМБАТТАДЫ

"ҚАРА АЛТЫН" ТАҒЫ ҚЫМБАТТАДЫ

"ҚАРА АЛТЫН" ТАҒЫ ҚЫМБАТТАДЫ
ашық дереккөзі
133

"Қара алтынның" құны тағы артты. Биржалардағы абыр-сабыр қайта басталды. ОРЕС өкiлдерi баға тұрақсыздығы сұраныс пен тұтыну көлемiнiң өсуiнен емес, шикiзатты өңдейтiн кәсiпорындардың аздығынан дейдi.

Әлемдiк нарықтағы "қара алтын" құны уақыт өткен сайын артып келедi. Дүйсенбi күнi Нью-Йорк биржасында мұнайдың 1 баррелi 108 долларға сатылды. Мұнайдың қымбаттауынан жапа шегетiн кiм? Тұтынушы. Өйткенi, жанар-жағар майда ғана емес, дүкендердегi кез келген тауар бағасында сырттан тасымалданатын мұнайдың табы тұрады. Салық ретiнде өтелетiн қаржыда мұнайдың үлесi қомақты. Әсiресе, көмiрсутегiлердi шет мемлекеттерден таситын елдерге, атап айтқанда, Еуропалық Одаққа мүше елдерге қиын. Мұнайдың қымбаттауының бiрнеше себебi бар. Қаржылық дағдарыстан кейiн аяқтарын аңдап басуға көшкен әлемдiк инвесторлар ақшаларын мұнай мен газ саласына, алтынға, басқа да бағалы тастарға сала бастады. Доллар бағамы күрт төмендедi. Тұтыну нарығындағы сұраныс артты. Энергетикалық қорларды тасымалдау құбырларының баламалы жолдары әлi табылған жоқ. Мұнай шикiзатын өңдейтiн зауыттар аз. Еуропа мен АҚШ тарапынан ұсынылған құбыр желiлерiнiң жобаларын жүзеге асыруға қол қысқа. "Қара алтын" шикiзатын өндiретiн кейбiр елдi саяси тұрақсыздық жайлаған. Өткен аптада мұнайды тасымалдаушы мемлекеттерден құралған ұйым – ОPЕС мұнай бағасын арзандату үшiн мұнай шикiзатын көптеп өндiруге қатысты ұсынысты қабылдамай тастады. Ұйым мүшелерiнiң алаңдайтын жөнi бар. Жерасты және жерүстi табиғи байлықтардың түбi сарқылатыны анық. Егер қолда барды ұқсата бiлмесек, қадiрiне жетпесек, кейiн бармақ тiстеймiз. Оның үстiне, энергетикалық қорлардың орнын ауыстыратын балама жолдар әлi дұрыс жолға қойылмады. ОРЕС өкiлдерi әлемдiк нарықтағы мұнайға деген сұраныстың өсуi тапшылықтан емес, шикiзатты өңдейтiн кәсiпорындардың аздығынан дейдi. Егер мұнай шикiзатын өңдейтiн зауыттар көп болса, сапасы төмендеу шикiзаттан көпшiлiк қашпас едi. Халықаралық энергетика жөнiндегi агенттiктiң сарапшылары қазiргi баға 1980 жылғы рекордтық көрсеткiштен асып түскенiн көлденең тартады. "Қара алтынның" қымбаттауы жанар-жағармай мен электр жарығының бағасын өсiрiп, азық-түлiк пен басқа да тұтыну тауарларының құнын өсiруге, инфляция деңгейiнiң жоғарылауы¬на ықпал етедi.

Шикi мұнай – әлемдегi тез сатылатын әрi сұраныс көп өнiм. Мұнайды тасымалдауға қатысты келiсiмшарттар негiзiнен халықаралық биржалар – Лондондық, Нью-Йорктiк және сингапур¬лық биржаларда жасалады. Әрине, бұл өзге биржаларда мұнай сатылмайды деген сөз емес. Өйткенi, "қара алтын" арқылы пайда табуды көздейтiндер көп.

Жер шарының әр түкпiрiнде өндiрiлетiн мұнай шикiзатының сапасы да, бағасы да әртүрлi. Өнiмнiң құны оның тығыздығына, құрамындағы әртүрлi қоспаларына байланысты. Көбiнесе баға саясатын Солтүстiк теңiз жақта өндiрiлетiн "брент" сорты түзедi. Ал күнделiктi көрсетiлетiн бағалар сол күннiң емес, келесi айдың көрсеткiшiн анықтайды. Мысалы, бүгiнгi сатып алған өнiмге келесi айда қол жеткiзесiз. Биржалардағы келiсiмшарт 1000 баррельден жоғары көлемде жасалынады.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары