ЖУРНАЛИСТЕР ҚОЛДАРЫНА КИЙ АЛДЫ

ЖУРНАЛИСТЕР ҚОЛДАРЫНА КИЙ АЛДЫ

ЖУРНАЛИСТЕР ҚОЛДАРЫНА КИЙ АЛДЫ
ашық дереккөзі
390

Өткен жұма күнi Алматыдағы "Фараон" бильярд клубында бұқаралық ақпарат құралдарының арасында Республикалық турнир өттi.

Жарысты ұйымдастырған – "Қазақ газеттерi" жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiгi. Жарысқа келген бильярдшы журналистердi осы серiктестiктiң президентi белгiлi жазушы Мереке Құлкенов құттықтады. Жарысты өткiзу мақсатына тоқталды. Қаламының қуатына сүйенген журналистер қай уақытта да өз ойымен, өз қиялымен жүредi. Сондықтан да солардың басын қосып, өзара пiкiрлесiп, ой бөлiсiп, емiн-еркiн шүйiркелесiп қалуларына мүмкiндiк жасауды, сонымен бiрге қазақ баспасөзiн кеңiнен насихаттауды мақсат еткендерiн Мереке Құлкенов мырза ашып айтты. Бұл игiлiктi iске демеушi болған – "БТА-Банк". Кий ұстаған журналистердi "Қазақ газеттерiне" қарайтын "Ақиқат", "Мысль", "Ана тiлi", "Экономика", "Ұйғур авази" басылымдарының басшы¬лары құттықтады. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетi журналистика факультетiнiң деканы Бауыржан Жақып, "БТА-Банктiң" бөлiм меңгерушiсi белгiлi ақын Қасымхан Бегманов бильярдшыларға ақ жол тiледi.

Жарысқа келген 48 журналист бильярдтың "американка" түрi бойынша 8 топқа бөлiнiп сайысқа түстi. Әр топтағы алты ойыншының үздiк шыққан екеуi ғана келесi айналымдағы ойынға қатысты. Iрiктелiп шыққан 16 ойыншы ендi "москвалық пирамида" бойынша тартысқа шықты. Күнi бойы жүлделi орындар үшiн тайталасқан бильярдшылар iшiнен кешке қарай төрт ойыншы топтан озды. Бас бәйгенi "Қаламгер-А" ЖШС-нiң атқарушы директоры Жанарбек Әшiмжан жеңiп алды. Бiрiншi орынға "Жас қазақ" газетiнiң бас редакторы Талғат Ешен көтерiлдi. Белгiлi әдебиет сыншысы, ақын Әмiрхан Балқыбек екiншi орынды иелендi. Үшiншi орын "Қазақстан" ұлттық телерадио корпорациясы төрағасының кеңесшiсi Нұртiлеу Иманғалиұлының қанжығасына байланды. Жүлделi орынға ие болған барлық журналист – бильярдшылар бағалы сыйлықтарға ие болды. "Қазақ газеттерi" жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiгiнiң қарамағындағы барлық басылымдар да өз сыйлықтарын тағайындаған едi. Жарыс барысында жақсы ойындарымен көзге түскен бильярдшылар осы басылымдардың бағалы сыйлықтарына ие болды. Журналистер қауымы бiр серпiлiп қалды. Жарысты ұйымдастырған "Қазақ газеттерi" ЖШС-нiң басшылығына алғыстарын айтып жатты. Турнирге демеушi болған "БТА-Банкке" де өз ризашылықтарын бiлдiрдi.

Зейнел ЖЕКЕЙҰЛЫ

Серіктес жаңалықтары