СОҢҒЫ ҮМIТ ЖӘНЕ ТАҒДЫР

СОҢҒЫ ҮМIТ ЖӘНЕ ТАҒДЫР

СОҢҒЫ ҮМIТ ЖӘНЕ ТАҒДЫР
ашық дереккөзі
441

ЖАЗУШЫ ЖАҚСЫЛЫҚ СӘМИТҰЛЫНЫҢ ӨМIРДЕН ӨТКЕНIНЕ 40 КҮН

1940 жылы ҚХР ШҰАР-да туған Жақсылық Сәмитұлының Қытайда көптеген кiтаптары жарық көрумен бiрге Қытай мемлекеттiк сыйлығын алған. Өмiрiнiң ең асыл жас дәуренiнiң 20 жылы (20 жасынан 40 жасына дейiн) жаланың құрбаны болып, Тарым жаза лагерiнде өттi.

Сондықтан да болар Қытай мемлекетi жоғары лауазым мен мемлекеттiк сыйлығын ұсынса да Жақаңның қызыл империяға iшi жылымады. Бала күнiнен аталары Жәке би бастап көшiп келген атажұртты аңсаумен болды. Ақыры ол арманына да жетiп, 1993 жылы Қазақстанға бiржолата оралды. Ол қазақ елiне елiм деп емiренген ет-жүрегiн, санасында сартап болып сақталған том-том кiтабын ала келдi. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетiнде 15 жыл доцент болып, ұрпақ тәрбиелей жүрiп, "Сергелдең" атты төрт томдық романын жазып, жариялады. Оның соңғы томы 2007 жылы Түркияда "Қаһарлы Алтай" деген атпен жарық көрдi. Бұл еңбектерi Өр Алтайдағы ұлт азаттық қозғалысын тақырып еткен. Оның шығармалары шұрайлы тiл мен кестелi құрылымға ие болып, қазақ тарихының ауыр кезеңдерiн, адам жанының нәзiк түйiндерiн шеберлiкпен бейнелеп бердi, әдебиетiмiзге өзiндiк айшығымен келдi. Жазушы тек қаламгерлiкпен айналысып қалмай шетелдегi қандас бауырларымыздың атамекенге оралуына, Отанына бейiмделуiне де бiр кiсiлiк еңбек етiп, қайраткерлiк танытып отырды.

Мейiрiмсiз ажал 2008 жылы 22 қаңтар күнi оны арамыздан мәңгiге алып кеттi. Ол өзiнiң атамекенiнде көз жұмғанына шүкiр десек те, көзi тiрiсiнде өз еңбегiнiң марапатын ести алмай пәни жалғанмен қимай қоштасты. Тағдыр тауқыметiн бiр кiсiдей тартқан Жақаңның өмiрiне қарап отырып, «бейнет әуелден-ақ оның пешенесiне жазылған ба едi?» деген пендешiлiк ойға барасың. Көз алдыңа Жақсылық Сәмитұлының жымиып отырған тұлғасы мен ол жасаған көп кейiпкерлер кезегiмен келедi. Жазушының жазған еңбектерi жарық көрiп, оқырманнан оң бағасын алса үлкен бақыт.

Жазушы Жақсылық Сәмитұлы Қытайдың Тарым жаза лагерiнiң жиырма жылдық тепкiсiнен құтылып, жазушылық бейнетке басын байлаған едi. Қытай елi Мемлекеттiк сыйлығын сыйласа да, қаламына еркiндiк iздеп, атажұртқа бiржола оралды, көсiле жазды… жалықпай жазды. "Сергелдең" трилогиясын бердi (жазушының жоспары 3 том едi, баспа жағдайымен 4 том болып жарық көрген). Повесть, әңгiмелер жинағынан үш том дайындап баспаларға ұсынды. Көкейiнде бiр ән үнемi толқитын едi. Ол – "Туған жер". Жақаңның өз әнi – жүрегiнiң лүпiлi, сарқылмас сағынышы. Туған жерiнiң – Алтын Алтай даласының көк зеңгiр аспаны, тәкәппар таулары, айдын-шалқар өзен-көлi, жайқалған қыр гүлi, сайраған бұлбұлы… көз алды_нан бiр кетпедi. Өзегiн өртеп, жүз емес, мың толқытты. Соның бәрiн жеңер едi-ау, алайда, жүрек қанын сарқып жазған шығармаларына әдеби қауым бiрден баға бере алмай, тосырқай қарады. Көрсек те көрмеске салдық. Бұл жаңалыққа, жақсылыққа үрке қарайтын, талантты танығымыз келмейтiн ежелгi әдетiмiз едi. Осының бәрi шер. Шер – көкiрек қуысын мекендеп, берiшке айналды, мезгiлсiз дерт сыйлады. Бiр жаз арпалысқан ауру азабы ақыры алып ұрып, арамыздан мәңгiлiкке алып кеттi. Ол тағдырға өкпелi кеттi ме екен, кiм бiлсiн?!

Жазушының соңғы үмiтi — тағы да сол шығармаларының тағдыры болды.

2008 жылдың 10 қаңтары Жақаң жұмыс орныма телефон шалды. Бiрнеше рет көңiлiн сұрап барған едiм, нашар жатқанын да бiлетiнмiн. Амандықтан кейiн:

— Қабдеш Жүмәдiлов пен Уақап Қыдырхан менi 2007 жылдың тәуелсiз "Тарлан" сыйлығына ұсынайық дедi, соған иелiк ететiн қоғамдық ұйым керек екен. Бастықтарың Талғат Мамашевқа телефонда сөйлесiп едiм, қолдап-қуаттайтындығын, хат жазатындығын айтты. Әнеу күнi кiтабымды шығарып беремiн деген. Мiне, тағы көмектесемiн деп жатыр, онысына көп рақмет. Алла разы болсын. Саған айтайын дегенiм, бiрi – қолыңда тұрған кiтабыма бас-көз болсаң. Екiншiсi – Қазақстандық меценаттар клубынадағы Естай деген жiгiтке хабарласып, "Тарланның" басқа шарттарын бiлшi. Кiтаптары мен өтiнiшiн өзi әкелiп бередi дептi. Менiң жағдайымды бiлесiңдер, Заңғар екеуiң апарып бересiңдер ғой- дегендердi айтты.

Мен ол кiсiнiң тапсырмаларын орындап, Т.Мамашевтiң қауымдастық атынан ұсынған хатын алдым. Жұмыстан түскен кешкiсiн жолай Тұрсынбек (Кәкiшев) ағамызды соғып, Жақаңның жағдайын айтып едiм, ол кiсi де "Тарланға" ұсыну туралы хат жазып бердi.

Жақаңның үйiне сәлем бере кiргенiмде ағамыз төргi бөлмеде диван үстiнде жатыр екен. Жай ғана басын көтерiп амандасты. Алдыңғы рет көңiлiн сұрай барғанымда орнынан тұрып едi. Бұл рет ондағысынан да жүдеу көрiндi. Ат арыса тулақ, ер арыса аруақ дейтiн едi, iштей аяп кеттiм. Дауысы баяғыдай, күйiнiң төмендеп бара жатқанын бiлдiрмеуге тырысады:

– Құрбан айт кезiнде балалар есiктi ашып-жауып, содан тымау тигiзiп алдым, – деп булыға жөтеледi. – Балаларымнан шығармаларыма ие болатын ешкiм жоқ, ешқайсысы жолымды қумады. Бөтен емессiңдер, сендер жүгiрмегенде кiм жүгiредi – деп бiр тыныстады. Шығармаларының тағдыры туралы бiраз әңгiмеледi.

Ертесi, 11 қаңтар түстен бұрын ұлы Заңғар екеуiмiз Қазақстандық меценаттар клубын iздеп тауып, Ж. Сәмитұлының өзiнiң өтiнiшi мен шығармаларын және Т.Мамашев, Т.Кәкiшев, Қ.Жүмадiловтердiң хаттарын тапсырып бердiк. Бiздi жылы қабылдаған Естай "комиссияның қарауынан өткен шығармалардың қорытындысы 26 қаңтар күнi белгiлi болады" дегендi айтты.

Бiрақ,… Жақаңның оны күтуге дәрменi жетпедi. Соңғы үмiтiн сөндiрмеген күйi 22 қаңтарда о дүниеге аттанып кеттi. Ал күткенде не болар едi?

26 қаңтар күнi "Тарланның" нәтижесi жарияланды. Ж. Сәмитұлының есiмi аталмапты! Жазушының жаны сезген шығар, күнәлi оймен "күтпегенi жақсы болған екен" деп, пендешiлiк қиялға барасың. Күткенде, өз есiмiнiң жоқтығын бiлгенде қасiретi қалыңдап, пәниге деген, пенделерге деген өкпе-ренiшi одан ары қалыңдар едi-ау.

Сөйтiп, шырақтай жылтыраған соңғы үмiтi өзiмен бiрге кеттi, бақиға алып кеттi. Бұл – Тағдыр. Шындығында, жазушының соңғы үмiтi бұл емес едi. Ол өзiнiң қаламынан туған көркем дүниелердiң болашағына сенiммен қарайтын. Бәрi бiр өлмес шығармалар жазғанын, ерте ме кеш пе оны ұрпақтардың, оқырмандардың ұлықтайтынын бiлдi, сендi. Бұл үмiт – жазушының көзi тiрiсiнде көре алмаған бақыты. Көзiңнен қос тамшының сырғанап бара жатқанын ғана аңғарасың.

Беу, дүние, сөйтiп Жақаң да өттi өмiрден!

Топырағыңыз торқа, жаныңыз жаннатта болсын,

Жәди ШӘКЕНҰЛЫ

Серіктес жаңалықтары