“31” АРНА ӨҢIН ӨЗГЕРТТI
“31” АРНА ӨҢIН ӨЗГЕРТТI
"31" телеарна қожайыны өзгергелi берi оның бағдарлама кестесiн мұқият қарап жүрмiз. "Апырау" дегiзетiндей селт еткiзер жаңалық күтемiз де. Бiрақ жыл басынан берi жарнамаланып келе жатқан "жаңа маусым" бар болғаны ресейлiк "СТС" телеарнасының хабарларын қайталап беру болып шықты.
Осыдан бiраз бұрын ресейлiк "СТС" телекомпаниясы қазақстандық "31" телеарнаны сатып алғаны туралы жазғанбыз. Ресми құжатта шетелдiк инвестор "31" акциясының 20 пайызын сатып алғаны айтылады. Бiрақ сөйте тұра, ол "31 телеарна" компаниялар тобындағы экономикалық мүдденiң 60 пайызын қолына алды.
"СТС Медиа" телекомпаниясы Ресейде "СТС" және "Домашний" телеарналарына қожалық етедi. Аталмыш компания 1989 жылдан берi жарнама саласында жұмыс iстейдi. Ендi басшысының айтуынша, тыңнан түрiлген рыноктарға "ауыз салмақ". Қазақстан — алғашқы тыңның бiрi ғана.
Сонымен, жаңа қожайынмен шарт жасасқан "31" телеарна наурыз айында жаңа телевизиялық маусымды бастамақ. Телеарна басшылығы таратқан мәлiмдемеде ол "жаңартылған тұжырымдамаға сәйкес…" жүзеге асады делiнген. Әзiрше, "жаңартылған тұжырымдамаға сәйкес" дегенмiз қайталап көрсетiлетiн ресейлiк "Две звезды", "Жизнь прекрасна", "6 кадров" бағдарламалары болып шықты. Бұларға қоса қазiрдiң өзiнде аталмыш телеарнада "Папины дочки", "Тайны дворцовых переворотов" сияқты ресейлiк телесериалдар жүрiп жатыр.
"31"-дiң жаңа маусымды көршi елдiң телебағдарламаларын көшiрiп таратудан бастағаны оңды болмады. "Сүйiншi" сұрап таныстыратындай олар бiзге таңсық болса бiр сәрi? "Алма-ТВ", "Секател", "Казцентр-ТВ", "Айна ТВ" эфирлi-кабельдi жүйелерiн былай қойғанда, қарапайым көрермен ресейлiк телеөнiмдермен "ОРТ-Еуразия", "Рахат", "Таң", "НТК", "КТК" телеарналары арқылы жақсы таныс. Ендеше, жаңалық қайда?
Сонда "31" телеарна ресейлiк "СТС"-тiң балама көшiрмесi болмақ па?
Арманжан Байтасовтың шарт жасасу кезiнде не дегенi есiмiзде: "СТС" бiзге жаңа ұлттық кино және телеөнiм жасауға белсендi түрде көмектеседi…". Әлде ресейлiк әрiптестер бiздiң журналистерге "ликбез" өткiзiп үлгере алмай жатыр, әлде қазақстандық кеңiстiкте бұрын-соңды болмаған соны хабарлар, мазмұнды бағдарламалар жасау олардың жоспарына кiрмей ме…
Осы жолы "СТС Медиа" компаниясының президентi Александр Роднянский: "Қазақстандағы көрерменнiң жартысына жуығы 35-тен аспаған жастар. Бұл бiзге рыноктың үлкен бөлiгiн жаулап алуға және жарнама берушiлерге үнемi алға ұмтылатын жас аудиторияны ұсынуға мүмкiндiк бередi" дедi. Роднянский көрерменнiң жас-кәрiсiне дейiн есептетiп, арнайы мониторинг қорытындысын қойын кiтапшасына түртiп алыпты. Жарнамасын өткiзу үшiн ол әуелi телеөнiмiн өткiзуi керек. Ал ол телеөнiмдер қазақстандық жастарға не бередi? Ненi үйретедi? Бұған мониторинг жасалды ма? Жоқ. Өйткенi ол жерде ешкiмнiң коммерциялық мүддесi жоқ.
Неге ресейлiк телехабарлар қазiрше өтiмдi? "Мата атымен бөз өтедiнiң" керi бұл. Шетелдiк өнiмдермен бәсекелес бола алатын сапалы, мазмұнды, қызықты хабарлар жасаудың орнына оларды қаз-қалпында көшiрiп бере салу – уақытша құбылыс. Бұл өзiңдi өзiң алдап, жұбарқатумен тең. Он алты жылдық тәжiрибесi бар телеарнаның бойына жарасатын қылық емес, әрине.
"31" телеарна бұдан кейiн көңiл көтеретiн ойын-сауық телеарнасына айналмақ. Бұған дейiн әр жылдары "Саясат", "Еркiн сөз", "Дода" хабарларын ұсынып, көзi қарақты көрерменнiң ықыласына бөленiп келген телеарнаның салиқалы хабарлар жасаудан күрт айнуы өкiнiштi-ақ. "31" телеарна өкiлдерi өздерiн республика аудиториясын қамту жағынан төртiншi орындамыз деп есептейдi. Олай болуы да мүмкiн. Өйткенi, "31" телеарнаға 11 аймақтық компаниялар мен филиалдар, сондай-ақ 60-қа жуық станциялар кiредi екен. Басқаша айтқанда, ендi ресейлiк хабарлар республиканың түкпiр-түкпiрiне кедергiсiз таратылуға жол тапты деген сөз.
Шын мәнiнде, Роднянскиймен бiр келiсетiн тұсымыз бар. Ол – Қазақ телевидениесiн әлi де дамыта түсу қажеттiлiгi. Бiрақ бұл орайда "31" телеарна дұрыс бағыт алды дей алмаймыз.
Гүлбиғаш Омарова