"МЕНIҢ ОТАНЫМ — ҚАЗАҚСТАН" МӘДЕНИ ЖОБАСЫ ҚОРЫТЫНДЫЛАНДЫ
"МЕНIҢ ОТАНЫМ — ҚАЗАҚСТАН" МӘДЕНИ ЖОБАСЫ ҚОРЫТЫНДЫЛАНДЫ
Апта басында "Альянс Банк" АҚ-ның бастамасымен ұйымдастырылған "Менiң Отаным – Қазақстан" атты мәдени жоба сайысының таңдаулы материалдарының тұсаукесерi болды.
Мәдени жоба 2007 жылдың мамыр айынан басталып, алты айға жуық уақытты қамтыған. Осы уақыт аралығында ұйымдастыру комитетiнiң мекенжайына 150-ден астам очерк, 33 бейне фильм келiп түсiп, фотосайысқа 37 әуесқой-фотограф қатысқан. Жобаның мақсаты – Қазақстан халықтарының ұлтаралық достастығын нығайту, Қазақстан халықтарының өз Отанына деген патриоттық сезiмдерiн ояту. Тұсаукесерде көпшiлiк назарына "Менiң тағдырым — Қазақстан" атты үздiк очерктер жинағы, "Қазақстан халықтарының салты және дәстүрi" тақырыбындағы фотокаталог және "Қазақстан елi және тұрғындары" деп аталған сайыс жеңiмпаздарының әуесқойлық фильмдерi жазылған ДВД диск ұсынылды. Тұсаукесерге "Альянс Банк" АҚ басқармасының төрағасы Дәурен Керейбаев, ұйымдастыру комитетiнiң және жобаның қазылар алқасының мүшелерi Дулат Исабеков, Ахметжан Әшiров, Лаврентий Сон, Валерия Ибраева, Әмiр Қарақұлов қатысты.
"Менiң Отаным – Қазақстан" атты мәдени жоба – 2007 жылдың айтулы мәдени жобаларының бiрi деп айтуға болады. Мұнда бiздiң отандастарымыздың зор еңбегi бар. Жоба барысында бiз өте қызықты және жоғары деңгейде жазылған көптеген шығармалар алдық. Олардың ең үздiктерi жинақта, каталогта және дискiде берiлген, – дейдi Дәурен Керейбаев.
"Қазақстан – менiң тағдырым" үздiк очерктер жинағы 245 беттiк басылымнан тұрады, оған үздiк деп танылған 37 шығарма енген. "Қазақстан халықтарының салт-дәстүрлерi" фотокаталогы А4 форматының альбомы түрiнде жасалған және құрамына 19 автордың фотожұмысы енген. Ал, бейнежинақта (диск) сайыс жеңiмпаздарының 13 әуесқойлық фильмi ұсынылған. Жиын барысында "Менiң отаным – Қазақстан" мәдени жобасының 2008 жылдағы жаңа сатысының басталатындығы жайлы да хабарланды. Дәурен Керейбаевтың айтуынша, бұл жылғы жобада бұрынғы сайыстан бiраз айырмашылықтар болады. Бiрiншiден, сайыстық бағдарлама кеңейiп, азаматтардың сұранысы бойынша балалар салған "Қарлығаш" атты суреттер сайысы қосылады. Екiншiден, мәдени жобаның дәстүрлi сайыстары "Бiздiң замандас" атты жалпы тақырыпқа бекiтiлдi. Жұмыстарды қабылдау 2008 жылдың наурыз айынан қазан айына дейiн созылады.
"Бәйге болған соң бiреу озып келедi, бiреу оған iлiкпей қалады. Сыйлық ала алмай қалған шығармалар арасында таңдаулы дүниелер де аз емес. Алдағы уақытта сайысқа қатысуға үмiттiлерге айтарым, шығарманы жазу барысында жалған урапаттриоттықтан гөрi, Отанға деген шынайы сезiмдерi, сүйiспеншiлiктерi мол болса екен деймiн" — дедi қазылар алқасының мүшесi, жазушы-драматург Дулат Исабеков.
Балжан ҮСЕЕВА