АҚҚАН ЖҰЛДЫЗ

АҚҚАН ЖҰЛДЫЗ

АҚҚАН ЖҰЛДЫЗ
ашық дереккөзі
336

Ол жалғыз едi

"Жылқының жүйрiгiне, сұлудың сүйрiгiне жай түседi" дептi атам қазақ. Ораз Қаңлыбаев шолт еткен ғұмырында жанкүйерлердi ду еткiзiп таңқалдырып, тамсандырып жұлдыздай ағып жоғалды… Ерекше талант тым ерте кеттi… Ердiң жасы елуге де келмей жалғаннан озған Қаңлыбаевты бүгiнгi жас бiлмеуi де мүмкiн-ау!

Атам қазақ қай заманда аяғына коньки байлап көрiптi?! Талант көп қырлы келетiнi рас. Шаңырақтағы төрт перзенттiң бiрi, екi ұлдың үлкенi Ораз айналыспаған спорт түрi аз. Волейбол, баскетбол… осылай кете бередi. Ақыры конькиге бұғалық тастап, асау спорттың жалына қол салды. Аз жылдың iшiнде айдын төсiне бауырын төсей қалықтап жұлдыздай аққан Ораз, жұмыр жердiң сары тiс мамандарын жалт қаратты. Ол – коньки тебу спортынан Қазақстанның тұңғыш спорт шеберi. 5000 және 10000 метр қашықтықта Қазақстан мен КСРО рекордын жаңартқан спортшы. Қазақстанның 12 дүркiн чемпионы! Өзге ұлт өкiлiне есе бермейтiн КСРО-ны мойындатқан қазақ. КСРО-ның бiрнеше дүркiн чемпионы. "Қытай – КСРО" халықаралық турнирiнiң жеңiмпазы. Әлемнiң ең үздiк 25 конькишiсi арасында өткен 10000 метр қашықтықтағы жарыста 6-орынға көтерiлген даңқты спортшы. Бұл – жұмыр жердiң спортшыларын мойындату деген сөз. 1956 жылы Италияда өткен Олимпиадаға аяғының сырқатына байланысты қатыса алмады. Бiр кем дүние…

Құйын үйiрген жүйрiктер

Алатаудың баурайын дүбiрге бөлеп тағы бiр жарыс өттi. Қазақстанның жазынан қысы басым аймақтарынан келген конькишiлер екi күн бойы сайысқа түстi. Бұларға Алматының конькишiлер толқыны қосылды. Даңқты конькишi Ораз Қаңлыбаевтың мемориалына келген 120 жүйрiк "Медеу" мұз айдынына өз есiмдерiн жазып жатты. Бұғанасы бекiмеген бала да, жетпiске желiп жеткен қария да жарыс жолына шықты. "Қария" деп айтуға да қимайсың. Жетпiс жасқа еңкеймей жеткен желаяқтың қимылына қарап сүйсiнесiң.

Жарыстың алғашқы күнi күн ерекше мейiрiн төгiп тұрды. Конькишiлер жас мөлшерлерiне қарай топтарға бөлiнiп, секундтармен жарысып айдын төсiн қыздырып жатты…

Ауа райы кешкiлiк құбыла бастады. Кешкiлiк сiркiреген жауын түнi бойы толас тапқан жоқ. Таңертең қапалақтап қар жауды. "Медеуге" өрмелеген автокөлiк тайғанақтап, бұлталақтап жүре алмай-ақ қойды. Қалың жауған қардан Алатаудың баурайы ақ сүт мұнарға тұнды. Көкiректiң тынысы ашылып, ерекше күй кештiк. Бiрақ спортшылар үшiн мына қардың аяққа байлау болары сөзсiз едi.

Қар толастар емес. Жоспарлы жарысты тоқтатуға болмайды. Конькишiлер жауған қарға қарамай жарыс жолына шықты. Айнадай мұздың бетiн жылбысқы қар басқан. Жүйрiктердiң жылдамдықтарын тежеп-ақ тұр. Бiрақ ерекше қабақ шытқан спортшы көрiнбейдi. "Алланың нұры да" деймiз iштей.

Жарыстың алғашқы күнi 1996-1997 жылдары дүниеге келген ер балалар мен қыздар жарысқа түстi. Даңқты конькишi мемориалына келген ең жас топтағы балалар тартысы өте қызықты өттi. 100 және 300 метрлiк қоссайыстың қорытындысы бойынша Алматыдағы №68 мектептiң оқушысы Әдiлхан Қазыбай өз тобында дара келдi. Ең кiшi топтағы Бәтима Бәтiмбаева, Әлжан Жұмабекова, Әсел Секiрбековалардың алғашқы қадамдары қуантты. Он жастан жаңа асқан кiшкене қыздар мұз үстiнде барынша төселiп қалыпты. Жас мөлшерiне қарай 6 топқа бөлiнген конькишiлер жарыстың екi күнiнде де 500 және 1000 метр қашықтыққа жүгiрдi. Жеңiс тұғырына төрт сайыстың қорытындысында жеңiске жеткендер шықты. Ал алыс қашықтықтарда әйелдер — 3000, ерлер 5000 метрде сынға түстi.

Ардагерлер шықты айдынға

Бiр кездерi айдынға өздерiнiң iзiн қалдырған конькишiлер сайысы жиналған жұртты ду еткiздi. Олардың iшiндегi 16 конькишi спорт шеберi, екеуi халықаралық дәрежедегi спорт шеберi. Сол 18 ардагер конькишi iшiнде қарақат көзi тұнжырап халықаралық дәрежедегi спорт шеберi, қандасымыз Кенжеш Сәрсекенова жүр. Көп iшiнде — бiр жалғыз. Сонау бiр жылдары қазақ ұлтының намысын қорғап жалғыз жүрушi едi. Қазақстанның бiрнеше дүркiн жеңiмпазы, жұмыр жердiң небiр жүйрiктерiмен сайысқан саңлақ. Екi бiрдей Олимпиадада бақ сынаған қазақтың қайсар қызы. Кенжештiң мұз айдынынан алыстағанына да 10 жыл болыпты. Қазiр тiптен басқа салада еңбек етедi екен. "Коньки кимегелi он жыл болды, тосырқап қалған шығармын", — дейдi жымиып. Шамалы уақыттан кейiн-ақ кәнiгi шебер көсiлiп сала бердi. Ардагер деп айтуға қимайсың. Бiрақ шындық солай, Кенжеш коньки кимегелi де бiраз жыл болыпты. Ал ардагердiң ардагерi – Василий Яковенко болды. Сексеннен асқан қарияның жүзiн әжiм торлағанмен, жанары шуақ шашып тұр. Сонау Солтүстiк Қазақстаннан жетпiске иек артқан Константин Костусенко мен Александр Суровяткин келiптi. 500 метрлiк қашықтықта жарыс жолына шықты. Шiркiн, көңiл дегендi қойсаңызшы.

Түйiн

Даңқты спортшыны еске алу құрметiне арналған конькишiлер мерекесi тартысты да қызықты өттi. Дүбiрлi жарыста әр қиырдан келген талай талантты жастар көзге түстi. Олардың iшiнде Қаңлыбаевтың iзiн басқан қазақ халқының үмiттерi жүр. Осы спорт мерекесiн ұйымдастыруда Алматы қалалық денешынықтыру және спорт басқармасы бiраз еңбек еттi. "Медеу" спорт кешенiнiң басшылары тер төктi. Жұмыла көтерiп жарыс жүгiн жеңiлдеттi. Демеушiлер тапты. Жарысқа қатысқан барлық ардагерлерге бағалы сыйлықтар берiлдi. Жүздерiнде шуақ ойнап, қолтықтарына сыйлықтарын қысқан ардагерлер қуанышы ерекше. Бұл да ұйымдастырушылардың еңбегiнiң арқасы. Желден озған даңқты жүйрiктiң бейнесi ойып салынған үлкен қос кубокты айтсаңызшы! Өте сәттi жасалған. Ал, жеңiмпаздар мойнына тағылған медальдарды балғын спортшылар тұмардай сақтап төрiне iлетiнi анық. Сол медальдарына қараған сәтте жалғаннан жарық жұлдыздай iз тастап аққан Ораз Қаңлыбаевты естерiне алары сөзсiз.

Зейнел ЖЕКЕЙҰЛЫ

Серіктес жаңалықтары