ГЕЗУЭР ПАВАРСИНЕ Е КОСОВЕС!

ГЕЗУЭР ПАВАРСИНЕ Е КОСОВЕС!

ГЕЗУЭР ПАВАРСИНЕ Е КОСОВЕС!
ашық дереккөзі
184

Косово Қазақстанның құптауына ие бола алмады

Әдетте салтанатты жиындарда айтылатын сансыз ұрандар тым әсерсiз әрi солғын болып келедi. Бiрақ сыршыл түндерде iрi жұлдыздар жарқырап жайнаған аспан астында ақырын айтылып, адамның жүрегiн өршiлдiк пен қаһармандық сезiмге жетелейтiн өмiршең ұрандар да аз емес. Алыстағы Адриатика теңiзiнiң құж-құж жартасты жағалауларына жақын маңға, табиғаты қатал да қытымыр өңiрде орналасқан Косово азаматтарының көбiсi мақтанышпен әрi толғанып айтар ұран бар. Сербияның құпия полициясының қатыгез қызметкерлерiнен жасырын түрде сан қайталаған сөз.

Албан тiлiндегi "Гезуэр паварсине е Косовес!" – "Тәуелсiз Косово мәңгi жасасын!" деген өлмес рухқа толы атой. Бейнеткеш те момын косоварлар үшiн ең қымбатты, қасиеттi сөздер!

Биылғы суық та ұзақ қыстың соңғы айының ортасында – 17 ақпанда Косово өз тәуелсiздiгiн жариялады. Косово президентi Сейдиуи, Скупщина спикерi Якуб Красничи, Үкiмет басшысы Хашим Тачи тарихи құжат – Тәуелсiздiк Декларациясына қол қойған. Осы салтанатқа Приштинаға арнайы шақыртылған ассамблеяда ел депутаттары да 17 сағат 09 минутта тарихи құжатқа өз қолдарын қоюды аяқтады. Ең ғажабы, Тәуелсiздiк Декларациясы осыдан 700 жыл бұрын жасалған папирусқа жазылды. Мәңгiлiктiң, Бостандықтың символы сияқты едi бұл папирус. Ресми Приштинаның күтпеген жерден Косовоның тәуелсiздiгiн жариялауы әлемдегi мемлекеттердi екi топқа бөлiп тастағаны мәлiм. Бiреулерi Косовоның тәуелсiздiгiн толығымен қолдайды, ендi бiреулерi – қарсылар! Қалай десек те косоварлар өздерi ғасырлар бойы аңсаған Азаттыққа қол жеткiзуге толық құқылы болатын. Косово автономиясындағы күрделi жағдай бiр жылда ғана қалыптасқан мәселе емес.

Ежелден қалыптасқан тарихи жағдайды сөз етпеген күннiң өзiнде, бұрынғы тоталитарлық мемлекет – Югославияның құрамында болған Сербия мен Черногория 2002 жылы қайтадан бiртұтас мемлекетке бiрiккен-тұғын. Балқан түбегiндегi аса қолайлы аймаққа орналасқан бұл мемлекеттiң жер көлемi 102 мың 173 шаршы километрдi алып жатыр, Шығыс және Оңтүстiк Еуропаның көптеген елдерiмен: Венгрия, Румыния, Болгария, Македония, Албания, Босния мен Герцеговина, Хорватиямен шектесетiн, халқының саны 11 млн. адамға жуық мемлекет Еуропа көлемiндегi iрi мемлекеттiң бiрi болып саналады. Ел территориясының 86 пайызын Сербия алып жатса, қалған аз бөлiгi Черногорияға тиесiлi. Басты этникалық топ – сербтер (60 пайыз), черногорлар (5 пайыз), ал албан мұсылмандары 17 пайызды құрайды. Черногория, Албания, Македониямен шектесiп жатқан Косово тұрғындарының ең көбi де осы албан мұсылмандары – косоварлар екенi белгiлi.

Қазiргi күнге дейiн Сербия Еуропадағы ең кедей елдердiң бiрi болып саналады және тұрғындардың үштен екiсi ресми өмiр сүру деңгейiнен төмен күн кешiп отыр. Қысқаша айтқанда, қара нан мен құр суды талғажау етуде. Ал Сербиядағы тұрмыстық жағдайы ең мүшкiлдердiң көбiсi Косовода тұратыны да құпия емес. Үрерге итi, сығарға битi жоқ бұл бейшара жандар, шын мәнiнде, геттоларда тұратын бейбақтарды елестетедi. Бұл косоварлардың жаппай кержалқаулығы немесе өзiнiң, балаларының тағдырына бей-жай қарайтын бойкүйездiгiнен емес, шын мәнiсiнде 1-шi Дүниежүзiлiк соғыстан кейiн ғана жасанды түрде орнатылған Югославия корольдiгi, 2-шi Дүниежүзiлiк соғыстан соң iле-шала билiкке келген қатыгез маршал Иосип Броз Тито уақытынан берi, одан кейiнгi Слободан Милошевич кезiнде де ресми Белград бұл аймақтағы халықтың мүшкiл халiне назар аударып көрген жоқ. Қаржыландырмады, әлеуметтiк жағдайды түзетуге көңiл бөлмедi. Осы өлкедегiлердiң тапқан табысын, байлығын iшкерi өңiрлерге – Сербия жерiне тасумен, халықты аяусыз тонаумен ғана айналысты. Осының нәтижесiнде Косово ең кедей, мешеу қалған аймаққа айналды. Бұл – Тәуелсiздiк алғанға дейiн Қазақстан да ұзақ жылдар бойы бастан кешкен сорақы жағдайдан айнымайды емес пе?! Азаттық жолында жүздеген, мыңдаған косоварлардың қаны төгiлiп, ондаған мың адамдар серб түрмелерiнде зарықты. Мәселен, "Косово азаттық ету армиясының" саяси кеңесшiсi Адем Мачи Тито заманында 30 жыл бойы қапасқа қамалған жан. Мұндайлар аймақта көп-ақ. 1998-1999 жылдардағы соғыс кезiнде, одан кейiнгi уақытта да аймақта хабар-ошарсыз жоғалып кеткендердiң фотосуреттерi Косово парламентiнiң қоршауында, ел арасында "зар қабырғасы" атанып кеткен жерде көптеп iлулi тұр. Үмiт пен шарасыздық, шексiз сағыныштың, аза мен амалсыздықтың кiшкентай символдары сияқты сол суреттер. Байланыс құралдары мейлiнше жетiлген қазiргi заманда еш хабарсыз жоғалып кеткен дегенiмiз не?! Ол – өлтiрiлген деген сөз!

1998-1999 жылдары Косовода қантөгiстi ұрыстар болып өттi. Ибер өзенiнiң жағасындағы титiмдей елдiң трагедиясы шектен асқан. Бiр жағында қолға түскен қарумен, аңшы мылтықтарымен қаруланған косоварлар ерлiкпен айқасса, екiншi жағында күшi басым, бақайшағына дейiн қаруланған кәсiби серб әскерлерi тұрды. 1999 жылы серб солдаттары Круши мешiтiне үш жастан асқан ұлдардан бастап, еңкейген шалға дейiнгi барлық еркектердi, бас-аяғы 119 адамды күшпен айдап келiп, мешiттi өртеп жiберген. Қазiр бұл елдi мекенде сырттан келгендер болмаса, 9 жастан асқан ұл балалар мүлдем жоқ. Осындай аянышты трагедиялар мұнда көп болған.

1998 жылы 300 мың косоварлар жандарын сақтау үшiн елдi тастай қашса, ал келесi жылы 850 мың адам босып кетуге мәжбүр болып, Косово әлемдегi ең ауыр және қанды гуманитарлық апаттың табалдырығында тұрды. Бұдан былай косоварлардың халық ретiнде тарих сахнасында қалу-қалмауы екiталай болатын. Осы қылмыстар бiр ғана ұран – қираған мешiттер мен өртенген үйлердiң қабырғасына серб жазалаушылары жиi жазуға құмар, "Косоводан Токиоға дейiнгi ұлы Сербия!" деген ұран ауқымында жасалып жатты.

ХХI ғасырдағы адамзат қауымдастығы жазықсыз, бейбiт адамдарды қорғау жолында қолына қару алып, күшi басым жаумен қанды айқасқа түскен қаһармандардың алдында тағзым етуге тиiс.

"Косовоны азат ету армиясының" қарапайым қаһармандары мен серб жазалаушыларына қарсы соғысуға өз ерiктерiмен бел буған интернационалистер болмағанда косоварлар аз ғана уақытта түгелдей қырылатын немесе туған Отандарын тастап кетуге мәжбүр болатын едi. "Косовоны азат ету армиясының" қатарында мұсылман елдерiнен келген ерiктiлер ғана емес, норвегтер, немiстер, итальяндар, хорваттар, нидерландтар, француздар, тағы басқа да ұлт өкiлдерi көптеп болды. Ерiктi жасақтар алғаш рет Кошар тауындағы Падуш деревнясының маңында бақайшағына дейiн қаруланған әрi арнайы дайындықтан өткен серб жазалаушы отрядымен айқасқа түстi. 118 адам осы жерде қаза тапты. Ал ресми Белград Кошар тауындағы ұрыста 400 серб жауынгерi қаза тауып, 500 адам жараланғанын ерiксiз мойындауға мәжбүр болды. Ендi Кошар косоварлардың ұлттық мақтанышына, елдiң ерлiк рухы қалықтаған қасиеттi орынға айналғаны бекер емес.

Сербия жерiнiң 15 пайызына жуығын алып жатқан Косово аймағы өз Тәуелсiздiгiн жариялайтын сәттi ұзақ уақыт бойы төзiмдiлiкпен тосты. Тiптi, Париждегi Сорбонна университетiнiң түлегi, Косовоның ел алғашқы президентi Ибрагим Ругова өмiр бойғы арманы жүзеге асқанын көре алмай, рак ауруынан қайтыс болды. Оның есiмi де Тәуелсiз Косовоның тарихында алтын әрiптермен жазыларына күмән жоқ.

Басқа бiр тұрғыдан алғанда, Косово өз Тәуелсiздiгiн өзгелер күтпеген жерден, тосыннан жариялады деуге де болады. Брюссельде желтоқсан айының ортасында өткен Еуропа елдерi Сыртқы iстер министрлерiнiң басқосуында Косовоға Еуроодақ миссиясын аттандыру алдын ала келiсiлген болатын. Бұл қарулы күштердiң (1800 полицей мен сот органдарының қызметкерлерi) дәл қай мерзiмде Приштинаға аттандырылатыны 18 ақпан күнi тағы да Брюссельде өткiзу жоспарланған кездесуде айқындалуы керек едi. Брюселльдегiлер Еуроодақтың миссиясы Косоводағы БҰҰ-ның әкiмшiлiгiн (UNMIK) бiртiндеп ауыстыруға тиiс деп болжамдаған. Яғни, НАТО-ның осындағы қарулы күштерi – 16 мың әскерлер белгiсiз уақытқа дейiн елде қалдырыла бермекшi. EU (Еуроодақ) және латын тiлiнен аударғанда "заң" деген мағынаны беретiн LEX сөздерiнен тұратын EULEX миссиясының бейбiтшiлiк пен қауiпсiздiктi қамтамасыз етуге тиiс бұл күштерiнiң орналасуына алғашқы 16 айда 205 млн. евро жұмсалмақшы-тұғын. Еуроодаққа кiретiн 27 елдiң арасында аймаққа қауiпсiздiк күштерiн жiберуге Кипр ғана келiспейтiндiгiн бiлдiрсе, Греция, Румыния, Испания және Словакия бұл шараның қажеттiлiгi және Косово тәуелсiздiгiне сенiмсiздiк бiлдiрген. Бiр сөзбен айтқанда, Еуроодақ елдерiнiң көбi Косово Тәуелсiздiгiн жақтайтыны әу бастан-ақ белгiлi, басы ашық жайт. Ал косоварлардың Бостандықты аңсай тосқандары соншама, бұл жоспардың жүзеге асуын күтпестен – 17 ақпан күнi өз Тәуелсiздiгiн жариялады. Олардың бойын кернеген қайталанбас қуаныш пен мақтаныш сезiмдерiн сезiну үшiн "Деловая неделя" газетiнiң тiлшiсi Ескендiр Аманжолдың "Новая страна на карте Европы" ("Деловая неделя", №7,22 ақпан, 2008 жыл.) атты көлемдi мақаласын оқу жеткiлiктi.

Косово аймағының тәуелсiздiгiн АҚШ, Еуропаның iрi державалары – Германия, Франция, Ұлыбритания, Италия, Белгия, Түркия, тағы басқа мемлекеттер сөзсiз мойындады. Ал Сербияның екiншi мәрте қайта сайланған президентi Борис Тадич сәл бұрынырақ: "Бiз Тәуелсiздiк жариялануына қарсы дипломатиялық және саяси әдiстердiң барлығын пайдаланамыз", – деп қоқан-лоққы жасағанмен, Сербия да ертелi-кеш Косовоның егемендi ел екендiгiн мойындайтынына, Еуропаның өзге елдерiмен ымыраласып кетерiне еш күмән жоқ.

Өткен аптада Белградта, дәл емес есептерге қарағанда, жүз елу мың екi жүз мың адам қатысқан митинг өткiзiлгенi мәлiм. Осыншама халықты жинау үшiн Сербия билiгi елдiң түкпiр-түкпiрiне келетiндердiң жол жүру ақысын тегiн жасады. Бiр сөзбен айтқанда, бұл митингiнi мемлекет айырықша қолдаған. Әуелi бұл бейбiт шеру болады деп жоспарланғанмен, келе-келе толқу күшейiп, соңы жаппай тәртiпсiздiкке ұласты да, басбұзарлар түрлi елшiлiктерге, БҰҰ-ның өкiлдiгiне шабул жасап, АҚШ елшiлiгi өртелдi. Кейiнiрек шабуыл жасаушылардың бiрiнiң өртенген мәйiтi осы жерден табылды. Үкiмет тәртiп бұзуды тоқтату үшiн полиция күштерiн қолдануға мәжбүр болып, 130 адам жараланды және 192 тәртiп бұзушылар тұтқындалған соң Сербия басшылары осы оқиғаның орын алғанына өз өкiнiштерiн бiлдiрдi әрi ресми кешiрiм сұрауға мәжбүр болды. Иә, бұл Еуроодаққа кiрудi түпкiлiктi мақсат етiп қойған Сербияның беделiн биiктете қоймайтын өкiнiштi жайт едi. Өйткенi, өркениеттi Еуропа елдерi бұл жағдайды болашақта қатты ескерерi сөзсiз.

Косово өз Тәуелсiздiгiн ауыр да азапты жолмен жаңа алып жатқан, алып Қазақстанға стратегиялық әрiптес болуға әзiрге қауқарсыз титiмдей мемлекет. Бiрақ Азаттықтың, оның шексiз қуанышының үлкен-кiшiсi болмайды. Косово Тәуелсiздiгiн құптамау, оны ресми түрде жариялау – Қазақстан билiгiнiң сыртқы саясаттағы солқылдақтығы. Ресми Астана БҰҰ-ның заңдылықтары сақталмаған дегендi, осыған дейiн бекiтiлген ережелердiң бұзылғанын тiлге тиек еттi. Өкiнiштi-ақ! 1991 жылы Қазақстан өз Тәуелсiздiгiн алғаш жариялағанда ешқандай БҰҰ-ның ереже – заңдарымен санаспай-ақ, мемлекетiмiздi бiрден мойындаған елдер, ең әуелi Түркияның алдында ыңғайсыз жағдайда қалғанымыз сөзсiз. Бұл күтпеген қадамның тасасында Косовоның Тәуелсiздiк алуына түбегейлi қарсы Ресейдiң ықпалы жатқанын сезiну үшiн айырықша көрегендiк қажет емес. Кремльдiң қас-қабағына қарап, соның нұсқауымен қадам басатын жалтақтығымыз тегiс жерде-ақ оңбай сүрiндiрдi. Тiптi, осыдан бiрнеше ай бұрын Франция президентi Николя Саркозидiң: "Косово мәселесi – Еуропаның iшкi мәселесi. Оған өзге елдердегi шешiмiн таппаған түрлi мәселелердi тықпалаудың еш қажетi жоқ", – деген мәнзелдегi шешiмдi сөздерiнiң ескерiлмеуi де айқын мәселенiң астарына терең үңiлмегендiктi танытқан. 2010 жылы ОБСЕ-ге төрағалық еткелi отырған Қазақстанның осынау күмәндi әрекетi Еуропаның көптеген елдерiнде сезiк туғызып, әрбiр iс-әрекетiмiзге күдiк келтiретiнi де аян. Тiптi, ондай мемлекеттер алдағы уақыта Қазақстанның аяғынан шалуды жиiлетсе ешкiмге өкпелеуге қақымыз жоқ. Тым құрығанда, осынау шетiн жағдайда мүлдем бейтарап қалған Өзбекстаннан да үлгi ала қоймадық. Өз есебi iшiндегi сыңаржақ Ресейдiң айтқанына көнiп, ықпалынан шыға алмауы өкiнiштi-ақ. "Соқыр атқа қотыр ат үйiр" деп атамыз қазақ айтқандай, әйтеуiр Мәскеудiң маңынан айналсоқтап шықпайтынымызға жүдә мәзбiз.

Бiрақ, бұл тұйықтан шығатын жол бар. Тәуелсiздiгiн жариялаған Косовоға қарсы Сербия таяуда экономикалық блокада ұйымдастыруы әбден ықтимал. Ал Косово өзiне қажеттi астықтың 30 пайызын ғана өндiредi де, қалған 70 пайызын сырттан сатып алуға мәжбүр. Кейбiр сенiмдi дереккөздерiнiң мәлiмдеуiне қарағанда, Косово жылына 500 мың тонна қатты бидай сатып алуға мүдделi. Бұл жағдайда жылына ондаған миллион тонна сапалы астық өндiретiн Қазақстан жас мемлекет Косовоға көмек қолын созса, мұсылмандық парызын атқарған болар едi. " Аштықта жеген құйқаның дәмi ауыздан кетпейдi" демекшi, Албания порттары арқылы жеткiзуге болатын астықтың дәмiн косоварлар ешқашан ұмытпайтыны сөзсiз.

Жаңабек ШАҒАТАЙ

Серіктес жаңалықтары