ЖАРЫЛЫСҚА МИТТАЛДЫҢ ӨЗI КIНӘЛI БIРАҚ, ҮКIМЕТ ОҒАН ЕСКЕРТУ ЖАСАУМЕН ҒАНА ШЕКТЕЛДI

ЖАРЫЛЫСҚА МИТТАЛДЫҢ ӨЗI КIНӘЛI БIРАҚ, ҮКIМЕТ ОҒАН ЕСКЕРТУ ЖАСАУМЕН ҒАНА ШЕКТЕЛДI

ЖАРЫЛЫСҚА МИТТАЛДЫҢ ӨЗI КIНӘЛI БIРАҚ, ҮКIМЕТ ОҒАН ЕСКЕРТУ ЖАСАУМЕН ҒАНА ШЕКТЕЛДI
ашық дереккөзі

«Арселор Миттал» – әлемде ең iрi металлургия компаниясы болып саналады. Ол – Қазақстандағы 15 көмiр шахтасы мен темiр кенiнiң иесi. Сондай-ақ, Украинадағы "Криворожсталь" металлургиялық зауыт та осы миллиардердiң иелiгiнде. Ол Қазақстан шахталарына иелiк еткеннен берi, 3-4 рет жарылыс болып, 100 адам о дүниелiк сапарға аттанды. Алайда Миттал бұл жарылыстардың ешқайсысына өзiн кiнәлi есептеген емес. Қазақстан үкiметi де Митталдың ығына жығылып, үнемi кiнәнi өзгелерден iздеп келген едi.

11-қаңтардағы "Абай" шахтасындағы жарылыстан кейiн құрылған Төтенше жағдайлар жөнiндегi министр Владимир Божконың басқаруындағы мемлекеттiк комиссия жарылысқа кiнәлiлердiң атын атағанда, жұмыс берушi "Арселор Темiртау" акционерлiк қоғамының қауiпсiздiк шараларын қамтамасыз ете алмағандығын көрсеткен. Яғни, жарылысқа тiкелей Митталдың өзi кiнәлi делiнген. 19-ақпандағы Үкiметтiң жиынында Төтенше жағдайлар жөнiндегi министр В. Божко: «"Абай" шахтасының иесi тезарада қауiпсiздiк шараларын қолданбайтын болса, оны жердi пайдалану құқығынан айырамыз» деп сес көрсеттi. Божконың айтуына қарағанда, қазiр шахтада қауiпсiздiк шараларын қамтамасыз ету жұмыстары жүргiзiлiп жатқан көрiнедi.

Мәселенi талқылау барысында премьер-министр Кәрiм Мәсiмов жер қойнауын пайдалану жөнiндегi келiсiм-шарттарда еңбек қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету жөнiндегi мемлекеттiң талабын ескеру қажеттiгiн айтты. "Арселор Миттал Темiртау" компаниясының бас директоры Сатиш Топариа компания еңбек қауiпсiздiгiн қамтамасыз етудiң 5 жылдық бағдарламасын дайындап жатқанын жеткiздi:

— Менiң айтарым, құрал-жабдықтарды ауыстыру аса ауыр жұмысты талап етедi. Оларды шетелдiк iрi компаниялар әкелуi қажет. Өкiнiшке қарай, ондай компаниялар жоқ, — дедi ол аталған жиында сөйлеген сөзiнде.

Демек, бұл жолғы 30 кеншiнiң қазасы мен 14 кеншiнiң жарақаты үшiн Митталға берiлген жаза ескертумен шектелiп отыр. Митталды лицензиясынан айыру үшiн келесi құрбандықты күту қажет пе?

"Бизнес и власть" газетiнiң 6-ақпандағы санында Алма Омарованың "Куда уходят деньги" атты мақаласы жарық көрдi. Мақала авторы Митталдың тек Қазақстан мен Украинаның көмiрiн ғана иеленiп қоймай, Ресей металлургиясына да ауыз сала бастағандығын айтады. Кузбасстағы "Северсталь" компаниясымен келiсiмшартқа отырған "Арселор Миттал" "Березовская" көмiр шахтасының 97,59%-ын және "Первомайская" шахтасының 99,35%-ын 650 млн. АҚШ долларына сатып алмаққа бекiнген. Бұларды сатып алу арқылы ол "Северная" көмiр байыту кенiнiң қосымша кәсiпорындардағы бақылау пакетiне және 170 млн. тонна қоры бар осы көмiр бассейнiн игеруге лицензиясы бар "Жерновский-З" ЖАҚ 100% акциясына ие болады.

Ресейлiктер Қазақстан мен Украинадағы шахтадағы жарылыстардан хабардар. Сондай-ақ, Украина мен Қазақстан шахтерлары ғана ереуiлге шығып жатқан жоқ, Шығыс Еуропаның Миттал иелiк ететiн кеншiлерi де ереуiлге жиi шығады екен. Сарапшылардың айтуына қарағанда, тегi – үндiлiк, қазiр ағылшын миллиардерi Лакшми Миттал аса үнемдеу саясатын ұстанады екен. Сондай-ақ, 2005 жылдан берi Қазақстан шахталарына иелiк еткен ол еңбек қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету үшiн ешқандай шара қолданбаған. Ресейлiк сарапшы Болдырев: «Миттал Қазақстанның салық төлеуге қатысты қойып отырған талабына мойынсұнып, оны орындауы мүмкiн, бiрақ, қауiпсiздiк шараларын күшейтемiн деген уәдесi уәде күйiнде қалар» деген сенiмсiздiк бiлдiрiптi. Демек, Сатиш Топарианың "құрал-жабдықты ауыстыру аса ауыр" деп шырылдауы осының айғағы болса керек. В. Божко тексеру қорытындылары бойынша, аталған компанияның көмiр өндiру үшiн шахтадағы лаваларға шамадан тыс күш түсiретiндiгiн айтады. "Шахтада көмiр өндiру жылына 2001 жылы 759 тоннаға жетсе, 2007 жылы бұл 1 миллион тоннаға дейiн өскен. Яғни тәулiгiне 2260 тоннадан 3763 тоннаға дейiн көтерiлген. Бұл шахтаның жұмыс иiрiмiн бұзып, ауыр салмақ түсiрген" дейдi ол.

"Арселор-Миттал" компаниясы 2006 жылы Люксембургтiң "Арселор", Үндiстанның "Миттал Стил" компанияларының бiрiгуi арқылы құрылған. Оның толық иесi — үндiлiк миллиардер Лакшми Миттал. "Арселор Митталдың" 50,6% акциясы — "Арселордың" бұрынғы иесiне, 49,4%-ы — "Миттал Стилдiң" бұрынғы иесiне тиесiлi. 2006 жылдың үш тоқсанындағы айналымы — 22,07 миллиард долларға, таза табысы — 3,44 миллиард долларға жеткен. Құрышты жылына 120 миллион тоннаға дейiн өндiредi.

Есенгүл Кәпқызы