КОСОВОНЫҢ БАҒЫ МА, ӘЛДЕ СОРЫ МА?

КОСОВОНЫҢ БАҒЫ МА, ӘЛДЕ СОРЫ МА?

КОСОВОНЫҢ БАҒЫ МА, ӘЛДЕ СОРЫ МА?
ашық дереккөзі

Сербияның психолог президентi жексенбi күнгi сайлауда тағы да жеңiске жеттi. Елдi Еуроодаққа бастауға құлшынып жүрген Тадич жер дауын қалай шешерi белгiсiз. Косово екi аптадан кейiн егемендiгiн жариялауға дайындалып жатыр. Әзiрге батыстықтардың Тадичке деген көзқарасы түзу. Бiрақ ЕО-ға мүшелiкке өту үшiн қойылып отырған бiрнеше талап бар. Егер радикалдық ұлтшылдық бағыттағы Николич жеңiске жеткенде, Белградтың Мәскеумен қатынасы жақсарып, кәрi құрлықтың демократиялық қоғам орнату туралы "бас ауруы" қайта қозар едi.

Өткен жексенбiдегi Сериядағы президенттiк сайлауда 50 жастағы Борис Тадич тағы жеңiске жеттi. Дауыс беру процесiнiң алғашқы қорытындысы жарияланысымен, Тадичтiң басты қарсыласы 55 жастағы Томислав Николич өзiнiң жеңiлiсiн мойындап, жақтастарын сабырға шақырды. Елдiң орталық сайлау комиссиясы 98,8 пайыз бюллетеннiң 50,57 пайызы Тадичке, ал 47,71 пайызы Николичке тиесiлi болғанын хабарлады. Сайлаушыларды "еуропалық демократияның жеңiсiмен құттықтаған" Тадич Сербияны Еуропалық Одаққа жетелейтiнiн мәлiмдесе, Николич Ресеймен қарым-қатынас орнатуға мүдделi екендiгiн айтқан. Ол екеуi 2004 жылғы президенттiк таққа таласқа да қатар түскен болатын. Сайлау қорытындысында Тадич қарсыласынан 9 пайыз артық дауыс жинаған. Бұл жолы сайлаушылардың саяси белсендiлiгi өте жоғары болды. Сербтердiң 67 пайызы (6,7 млн. адам) елдегi аса маңызды саяси науқанға ат салысқан. Бұл бiрiншi кезеңде жеңiлiп қалған Тадичтiң екiншi кезеңде бәсекелесiнен үстем шығуына ықпал еткен. Ал көпшiлiктiң Тадичтi қолдауы оны жақсы көргендiктен емес, әсiреұлтшыл Николичтiң диктатуралық саясатынан қорыққандықтан. Негiзгi мамандығы психолог Тадич бұған дейiн Қорғаныс министрлiгi мен Телекоммуникациялар министрлiктерiн басқарған. Елдегi Демократиялық партияның жетекшiсi. Батыспен қарым-қатынасты жақсартуға ұмтылатын ол Сербиядағы еркiн сауда мен нарыққа, демократиялық реформаларға бүйрегi бұрады. Бұрынғы Югославияның әскери қылмыстарына қарсы шыққан БҰҰ Трибуналымен де тiл табысуға кетары емес. Оның қарсыласы Николич – экс-президент Слободан Милошевичтiң одақтасы әрi Сербиялық ұлттық радикалдық партияның негiзiн қалаушылардың бiрi. Радикалдардың көсемi Воислав Шешель 1990-жылдардағы әскери әрекеттерi үшiн Гаагада сотқа тартылған. Милошевичтiң өзi де 2006 жылы соттың шешiмiн күтуге үлгерместен, гаагалық түрмеде көз жұмғаны белгiлi. Қазiргi президент отандастарын "ЕО-ға мүшелiк пен Косово тәуелсiздiгiнiң арасында ешқандай байланыс жоқ" деп сендiруге тырысса, Николич керiсiнше, батыстықтармен серiктестiкке ұмтылған президенттi сынға алады. Ол тiптi, жексенбi күнi дауыс беруге де қатыспаған. Қазiргi кезде сербтiк премьер Коштуница мен Тадичтiң пiкiр қайшылығына бой алдырғанын сарапшылар сан-саққа жүгiртедi. Олардың көпшiлiгi "Ресей — премьердi, ал Америка мен ЕО президенттi жақтап отыр" деген пiкiрде.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ