"ҚАРА АЛТЫННЫҢ" ҚҰНЫ АРТТЫ

"ҚАРА АЛТЫННЫҢ" ҚҰНЫ АРТТЫ

"ҚАРА АЛТЫННЫҢ" ҚҰНЫ АРТТЫ
ашық дереккөзі
297

Өткен аптада Нью-Йорктегi тауарлық биржада (NYMEX) 1 баррель мұнай бағасы 100 долларға жеттi. 2008 жылғы мұнай шикiзатының құнына қатысты айтқан сарапшылар пiкiрi әртүрлi. Бұл – 2008 жылдың ақпанындағы мұнай тасымалдау жөнiндегi келiсiм-шартта көрсетiлген көрсеткiш. Ресми мәлiметтерге сүйенсек, 2007 жылы "қара алтын" 58 пайызға қымбаттаған.

Сарапшылар қауымы әлемдiк нарықтағы мұнай бағасының өсуiн дүние жүзi бойынша мұнай экспорты жағынан 8-орынды иемденетiн Нигериядағы әскери қақтығыстармен байланыстырады. Егер дамыған және дамушы елдердiң экономикасы бiрге өспесе, 100 долларлық мұнай әлемдiк экономикаға керi әсер етедi. Франс-пресс агенттiгiнiң хабарлауынша, бүгiнде Жер шарындағы ең iрi мұнай тасымалдаушы мемлекеттер қатарында Сауд Аравиясы (күнiне 10,72 млн. баррель мұнай), Ресей (9,67 баррель), АҚШ (8,36 баррель), Иран (4,12 млн. баррель), Қытай (3,84 млн. баррель) тұр. Әлемдегi мұнайды ең көп тұтынатын елдер — АҚШ (күнiне 20,59 млн. баррель), Қытай (7,27 млн. баррель), Жапония (5,22 млн. баррель), Ресей (3,10 млн. баррель), Германия (2,63 млн. баррель). "Қара алтын" құнының шарықтауына кейiнгi кездерi Жер шарындағы ауа райының күрт суытуы, доллар бағамының төменге қарай құлдырауы, сондай-ақ, нью-йорктiк биржадағы акцияларды сатып алудағы белсендiлiк әсер еткен. Әсiресе, жанар-жағар май, пештiк және дизельдiк отынға пайдаланатын мұнай шикiзатының құны артуы өндiрiстiк орындардың шығынын көбейтедi деген қауiп бар. Бұл әлемдiк нарықтағы инфляция деңгейiнiң көтерiлуiне, экономика өсiмiн тежеуге негiз болмақ. Мұнайдың 100 долларға жетуi тұтынушыларға қаржылық қана емес, психологиялық тұрғыда да керi әсер етедi. Иран мен Ирак арасындағы соғыстан кейiнгi дағдарысты еске салды. Ол кезде 36,83 доллар тұратын 1 баррель "қара алтын" 90,46 долларға бiр-ақ секiрген. Ал 1980 жылғы ирандық төңкерiстен кейiн мұнай бағасы 101,70 долларға дейiн жеткен болатын. Халықаралық сарапшылар қауымы Африка мен Таяу Шығыстағы саяси тұрақсыздық пен әлемдегi мұнай кен орындарына салынатын жаңа инвестициялардың тапшылығы кесiрiнен "қара алтынның" құны жоғарылай беретiнiн айтады. Қазақстан Республикасының Индустрия және сауда министрi былтыр жыл соңында Қазақстанның iшкi нарығындағы жанар-жағармай бағасының өсуiне делдалдар мен алыпсатарлардың кiнәлi екендiгiн және оларды жүгендеуге қатысты нақты шаралар атқарылатынын айтқан. Үкiмет мұнай мен газға бай Қазақ елiнiң iшкi нарығындағы ахуалды тез арада ретке келтiрмесе, баға саясатының солқылдақтығы Қазақстан азаматтарына зиянын тигiзетiнi анық.

ТЕГIН ҚЫЗМЕТ – "ҚАЗТЕЛЕКОМНАН"

Қазақтар ғаламторға арнайы желiссiз-ақ енетiн болды. Оған интернет жүйесiне Wi-Fi технологиясы арқылы қосылу әдiсi мүмкiндiк бермек. "Қазақтелекомның" 2007-2009 жылдарға арналған "Алматыда Wi-Fi жүйесiн құру" бағдарламасына сәйкес, Алматының халықаралық әуежайында Wi-Fi қызметi тегiн көрсетiле бастады. Үстiмiздегi жылы осы бағдарлама республикамыздың барлық облыс орталықтарына енгiзiлетiн көрiнедi.

HILTON ҚАЗАҚСТАНДЫ ТАҢДАДЫ

Әлемге әйгiлi Hilton Group қазақстандық кәсiпорынмен бiрiге отырып, Астанадан қонақ үй салуды көздейдi. "Hilton Astana" деп айдар тағылған құрылыс нысаны 2010 жылы пайдалануға берiлмек. 68 миллион еуроға бағаланған қонақ үй – Орталық Азия аймағындағы алғашқы құрылыс жобасы. Hilton Hotels жүйесiн Еуропада дамытуға жауапты Вольфганг Ньюман дамудың алғашқы сатысында тұрған қазақстандық туризм саласынан мол пайда табуға үмiттi. Hilton Group компаниясының вице-президентi Майк Коллини: "Қазақстанның жедел дамып келе жатқан экономикасы қазақ нарығына енуге қатысты қабылдаған шешiмiмiздiң дұрыстығын дәлелдейдi" дедi.

АЛЯСКА МЕН КАНАДА АРАСЫНДАҒЫ ҚҰБЫР

Энергетикалық қорды тасымалдауда баламалы жолдарды табуға мүдделiлер көп. Солардың бiрi – Канада. 2008 жылдан бастап канадалық TransCanada Corp. компаниясы ел аумағы арқылы өтетiн құбыр жобасына 26 доллар көлемiнде қаржы бөлудi жоспарлап отыр. Құбыр Аляскадағы газ кен орындары мен Канаданың батыс бөлiгiндегi Альберт провинциясын жалғастырмақ. Қазiргi кезде TransCanada Corp. өкiлдерi Аляска үкiметiмен келiссөздер жүргiзуде.

ҚАРЫЗ АЛМАЙТЫН БОЛДЫ

АҚШ-тағы ең iрi автокөлiк концернi — General Motors Corp. (GM) 4,1 миллиард доллар көлемiндегi несиенi алудан бас тартты. АҚШ-тың Құнды қағаздар мен биржа жөнiндегi комитетiне (SEC) арнайы хат жолдаған компания өкiлдерi қарызды алудан бас тарту туралы шешiм GM кәсiпорнының қаржылық жағдайының жақсаруына байланысты қабылданғанын айтады. Компания 2008 жылдың алғашқы тоқсанына тиесiлi шығынды сырттың көмегiнсiз шешуге қабiлеттi көрiнедi.

ГАЗПРОМ АФРИКАҒА АУЫЗ САЛДЫ

Ресей Орталық Азиямен бiрге Таяу Шығыс пен Африкадағы энергоқорға қожалық етуге ұмтылуда. Кремльдiң уысындағы Газпром Нигериядағы газ кен орындарын игеру мақсатында үстiмiздегi жылы 2,5 миллиард доллар көлемiнде инвестиция салмақ. Қазiргi таңда орыстар әлемдегi ең бай мұнай және газ қорына ие Нигерияның үкiметiмен келiссөздер жүргiзуде. Негiзi энергетика саласына қаржы құюға британдық BG Group пен Centrica да мүдделiлiк танытқан. Бiрақ орыстардың ұсынысы ағылшындарға қарағанда, әлдеқайда тиiмдi болған көрiнедi. 2,5 млрд. долларды "қалтасынан" суырып салуға дайын отырған Газпром "қанша жылдан берi нигериялық газды пайдаланып келе жатқан Батыстан гөрi орыстардың пайдалы екендiгiн" және "қытай, америкалық және үндiлiк энергетикалық компаниялармен күресуге дайын екендiктерiн" мәлiмдеген. РФ басшысы Путин былтыр нигериялық көсем Омар Йар’Адуаға хат жазып, энергетикалық серiктестiк орнату туралы ұсынысын бiлдiрген болатын. Алдын ала айтылған болжамдарға қарағанда, газ индустриясы өз деңгейiнде игерiлмеген Нигерия Ресейдiң ұсынысынан бас тартпауы мүмкiн. Мұндай шешiм энергоқорларға тапшы еуропалық нарықты тығырыққа тiрейдi. Өйткенi, мұнай мен газ өнiмдерiне деген сұраныс деңгейi уақыт өткен сайын өсiп келе жатқан Батыс қазiрдiң өзiнде энергетикалық қорды тасымалдауда орыстарға тәуелдi боп отыр. Дүние жүзi бойынша энергетикалық қорға монополия орнату Еуроодаққа мүше елдер үшiн экономикалық және саяси тұрғыда өте тиiмсiз болуы сондықтан. Әрине, Нигерияның газға бай аймақтарындағы әскери қақтығыстардың жиi қайталанатынын, елдегi саяси тұрақсыздықты ескерсек, орыстар газ жолындағы күресте бiрқатар қиындықтарға тап болады. Мұнда қазiр Shell, Chevron мен ExxonMobil сияқты басқа да батыстық компаниялар мұнай шикiзатын өндiрумен айналысып жатыр.

АҒЫЛШЫНДАР ДА АЛЫПСАТАРЛЫҚҚА ҰРЫНДЫ МА?

Iшкi нарықтағы газ бен жарық құнының негiзсiз өскенiне ағылшындар алаңдап отыр. Ұлыбританияның қаржы министрлiгi газ бен электр қуаты бағасының кенеттен шарықтауына наразылығын бiлдiрдi. Канцлер Алистер Дарлинг газ және энергетикалық нарыққа бақылау жасау жөнiндегi органға (Ofgem) хат жолдап, баға өсiмiнiң себебiне күмән келтiрдi. Бұған дейiн ағылшындардың энергетикалық Npower компаниясы 17,2 пайызға, ал жарықтың 12,7 пайызға қымбаттайтынын жеткiзген. Мұндай шешiм компанияның қызметiн пайдаланушылар арасында наразылық туғызды. Сарапшылар мұнай өнiмдерiнiң құны шарықтауына байланысты басқа да ағылшындық энергетикалық компаниялар газ бен жарық бағасын қымбаттатуы мүмкiн екендiгiн айтады. Қымбатшылық Ұлыбритания экономикасына керi әсер ететiнi белгiлi. Алситер Дарлинг әлемдiк нарықтағы ахуалды көлденең тарту iшкi нарықтағы қымбатшылыққа негiз болмауы керектiгiн ескерттi. Сонымен қатар Ofgem басшысына Ұлыбритания мен Еуропа нарығына сәйкестендiрiлген газ бен электр жарығының тасымалына және оның келешектегi ахуалына қатысты қортындыны тез арада табыс етуге тапсырма бердi. Канцлердiң пiкiрiнше, энергетикалық компаниялардың газды сатып алуға қатысты жасаған келiсiмдерiнiң ұзақмерзiмдiк болуы да баға өсiмiне қатысты күмәндi қоюлата түседi.

ТҮРIКТЕР АЛДАНЫП ҚАЛДЫ

Тегеран ауа райының күрт суытуына байланысты Түркияға тасымалданатын табиғи газды тоқтатты. "Көгiлдiр отынды"үздiксiз тасымалдауға бiрнеше рет уәде берген Иран қыстың көзi қырауда түрiктердi газсыз қалдырды. Сөзiне берiктiк таныта алмаған Тегеран бұған дейiн де Түркия халқын жылусыз және жарықсыз қалдырған болатын. Ол кезде Анкара iшкi нарықтағы тұтынушылық сұранысты Ресейден экспортталатын энергетикалық қор көлемiн ұлғайту арқылы қанағаттандырған. Аптаның алғашқы күнi ресми мәлiмдеме жасаған Түркияның энергетика министрi Хилми Гүлер шиеленiскен жағдайды шешу үшiн өз елiнiң премьер-министрi Реджеп Тайип Ердоғанға жүгiнетiнiн жеткiздi: "Мен орын алған ахуалға қатысты ирандық әрiптесiммен пiкiр алмастым. Алайда Иран мен Ресей президенттерiмен келiссөздер жүргiзу үшiн Үкiмет басшысына өтiнiш айтуға мәжбүрмiн". Анкара мен Тегеран арасындағы 1996 жылы қабылданған келiсiм-шартқа сәйкес, Иран екi ел арасында салынған құбыр арқылы күн сайын Түркияға 27-28 миллион текше метр "көгiлдiр отын" жеткiзуге мiндеттi.

ЖАПОНДАР – БIЗДIҢ НАРЫҚТА

Ұлттық "Қазатомпром" компаниясы мен жапондардың Kansai Eleсtric Power Co., Nuclear Fuel Industries және Sumitomo Corporation компаниялары атомдық энергетика саласындағы ынтымақтастық туралы құжатқа қол қойды. Аталған кәсiпорындар Үлбi металлургиялық зауытының мүмкiндiгiн пайдалану жөнiндегi өзара түсiнiстiк меморандумын қабылдады. Kansai Elektric Power Co. қуаттылығы жағынан алғанда, Жапониядағы екiншi энергетикалық кәсiпорын болып табылады. Осака қаласында орналасқан компания Кансай аймағындағы 133 млн. жапонды электр қуатымен қамтамасыз етiп отыр. Сонымен қатар ақпараттық технология, телекоммуникация, құрылыс пен көлiк нарығында да белсендi әрекет етедi. Nuclear Fuel Industries Ltd. (NFI) компаниясы 1972 жылы The Furukawa Electric Co. Ltd. атомдық кәсiпорны мен Sumitomo Eleсtric Industries Ltd. кәсiпорнының бiрiгуiнiң нәтижесiнде құрылған. Олардың iшiнде жоғары қызудағы газ реакторлары мен жедел нейтрондар реакторларына арналған жанар-жағармай компоненттерi де бар. NFI ядролық жанармайды өндiру, дамыту, өңдеуге көп көңiл бөледi. Sumitomo Corporation болса, металл мен көлiк нарығындағы, машина құрылысы, электроника, көмiрсутегi қорлары, энергетика мен логистика саласындағы инвестициялармен айналысатын Халықаралық сауда компаниясы.

АҒЫЛШЫНДАР АЛҒА ШЫҚТЫ

Oxford Economics ақпараттық компаниясының мәлiмдеуiнше, соңғы 15 жылда алғаш рет ағылшындардың экономикасы әлемдiк экономикадағы үздiк көрсеткiшке ие болған. АҚШ-ты басып озған Ұлыбританияның жан басына шаққандағы жалпы iшкi өнiмi бүгiнде 23,5 мың фунтты (47 мың АҚШ доллары) құрайды. Бұл көрсеткiш америкалықтармен салыстырғанда, 500 долларға артық. Ал Франция мен Германиядағы ЖIӨ көлемi 43,3 мың долларға тең. Алайда АҚШ азаматтарының сауда жасаудағы белсендiлiгi америкалық қоғамдағы тауарлар мен қызмет көрсету түрлерi бағасының төмендiгiне байланысты бәсеңдемеген көрiнедi.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары