Өскемендік әйел түрмеде сүйіктісімен некесін қиды

/
Өскемендік әйел түрмеде сүйіктісімен некесін қиды
Polisia.kz

Абай облысы бойынша ҚАЖ жүйесінің қауіпсіздігі барынша жоғары мекемесінде 37 жастағы сотталған азаматтың сүйіктісімен некесін тіркеу рәсімі өтті. Салтанатты шара белгіленген тәртіппен АХАТ органының қызметкерінің қатысуымен өткізілді, деп хабарлайды turkystan.kz.

Ерлі-зайыптылар үшін неке қию рәсімі олардың өміріндегі маңызды оқиғаға және отбасылық өмірінің жаңа кезеңінің басталуына айналды.

Неке қиюды тіркеу рәсімін АХАТ органының қызметкері ҚР "Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы" кодексінің талаптарына сәйкес жүргізді. Салтанатты рәсім мекеме аумағында барлық белгіленген талаптар мен осы айтулы оқиғаға тән дәстүрлер сақтала отырып өткізілді. Мекеме қызметкерлері мекеме аумағында неке қию рәсімдеріне жиі куә болып жатады. Алайда бұл жолғы салтанатты шара олардың есінде ұзақ сақталары сөзсіз. Сотталған азаматтың сүйіктісі айтулы күнге ерекше дайындалып, нағыз қалыңдықтай көрінді. Неке қию рәсімі мекеме қабырғасында өткенімен, ол Өскемен қаласынан арнайы қалыңдық көйлегін киіп, сәнді макияж жасап, әдемі шаш үлгісімен келген. Оның бейнесі ұсақ-түйегіне дейін ойластырылып, бұл күннің жас жұбайлар үшін қаншалықты ерекше әрі маңызды екенін айқындай түсті.

— Біздің тарихымыз осыдан алты жыл бұрын кездейсоқ танысудан басталды. Арамызда сегіз жас айырмашылық болғанына қарамастан, бір-бірімізге деген шынайы сезім пайда болды. Біз болашаққа бірге жоспар құра бастадық. Алайда өмір өз түзетуін енгізді. Менің сүйіктім қателік жасап, тонау қылмысын жасағаны үшін алты жылға бас бостандығынан айырылды. Осы жылдардың барлығы біздің сезімдеріміз үшін үлкен сынақ болды. Біз қысқа мерзімді кездесулер мен телефон арқылы сөйлесу арқылы қарым-қатынасымызды сақтап келдік. Арада қашықтық пен түрлі қиындықтар болғанына қарамастан, бір-бірімізге деген сезімімізді жоғалтпадық. Неке қию біз үшін — маңызды әрі саналы шешім. Сондықтан біз бұл қадамға асықпай, оның бостандыққа шығуына аз уақыт қалғанда некемізді ресми түрде тіркеуді ұйғардық. Енді бір айдан кейін ол бостандыққа шығады. Мекеме қақпасының алдында оны енді жұбайы ретінде қарсы аламын. Болашаққа жоспарымыз көп. Ең бастысы — мен оның жанынан табылып, қолдау көрсеткім келеді. Оның бұдан былай қателікке жол бермей, бұрынғы өміріне қайта оралмауы үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймын, — деді сотталған азаматтың жұбайы.

— Отбасы мен жақын адамдардың қолдауы әр адам үшін маңызды. Әсіресе жазасын өтеп жатқан және бостандыққа шығуға дайындалып жүрген азаматтар үшін оның маңызы зор. Неке қию — сотталған азаматтың өміріндегі маңызды оқиға. Бұл оның түзелуіне және алдағы уақытта заңға бағынатын өмір салтын ұстануына қосымша мотивация болуы мүмкін. Біздің міндетіміз — қажетті әлеуметтік-психологиялық қолдау көрсету және сотталған азаматтардың туған-туыстарымен, жақындарымен әлеуметтік маңызды байланыстарын сақтауға жағдай жасау, — деді сотталғандар арасында тәрбие және әлеуметтік-психологиялық жұмыстар бөлімінің бастығы Ермек Рахимов.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары